Телеарнадан күн сайын көрінбесе де, көрерменнің ықыласына бөленген өнер адамдары бар. Оларға тыңдарманынан асқан құрмет жоқ. Қазақ эстрадасында өзіндік орны бар, ақылына көркі сай  әншінің бірі – Шахизада Байпатжанова. Оның әндері жүректің қылын шертіп, адам жанына тәтті мұң сыйлайды. Керемет әсерге бөлейді. Жуырда Шымкентте өнер иесімен сұхбаттасудың сәті түсті. Біздің әңгімеміз әншінің шығармашылығы жайлы өрбіді.

shakhrizada– Шахизада, Шымқалаға қош келіпсіз!

– Рахмет!

– Сізді Моңғолияға барып, бейнебаян түсірді деп естідік. Жаңа клип көрерменге қашан жол тартады?

– Бейнебаян түсіру жоспарымда болатын. Ермек Елгезековтың әні мен Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған “Бал сезім” әні репертуарымда бұрыннан бар еді. Жаңа бейнебаянның түсірілуіне моңғолиялық Тика Сати себепкер болды. Оған Ұлан-Батордағы режиссерлер ұсыныс жасайды. Бұл ән моңғолиялықтарға да ұнады. Кино түсіріп жүрген азаматтарға жоқ демедім. Жұмыстары көңілімнен шықты. Әйтпесе Алматы мен Астанада да түсіруге болады ғой. «Бал сезімге» дейін “Сағындым сені”, “Есіңде бар ма жас күнің”, “Жан жарым”, “Сүйем сені” әндеріме арналған бейнебаяндарым бар. Жаңа туынды жуырда отандық телеарналардан көрсетіледі.

– Білуімше, бүгінге дейін продюсеріңіз болған жоқ...

– Осы уақытқа дейін продюсерім болған емес. Бірақ жұмыс жасауға ұсыныстар түскен. Олардың талабы табиғатымнан, жан-дүниемнен алыстау болды. Әр әншінің өз бағыты, ұстанымы бар. Менің сахнада жүргеніме 25 жылдан асты. Өмірімде өнермен бірге өрілдім, өнеріммен бірге өмір сүріп келемін. Сондықтан қалыптасқан, өз тыңдарманы бар әншімін. Қазір моңғолиялық құрбым сазгер Тика Сатимен жұмыс істеймін. Ол менің демеушім, бағыт-бағдар беріп, кеңесін аямайды.

– Оңтүстік өңірінің тумасы болғанымен, әнші болып қалыптасуыңызға Алматы қаншалықты әсер етті?

– Сөз жоқ, Алматы әнші болып қалыптасуыма негіз болды. Солай болуы да заңдылық шығар...Ол уақытта әндеріміз тек радиодан берілетін. Сахналарда ән орындаған сәттерімді де ұмытқан жоқпын. Әндерімізді симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жазатынбыз. «Жігер» фестиваліне қатысып, лауреат атанғаным да есімде. Осы қалада өнерімді дамыттым, халыққа танылдым. Барлық шығармашылығым ару қаламен байланысты. Алматы қалай өссе, мен де сондай ізденіс үстінде болдым.

– "МузТВ-2015. Гравитация" жүлдесінің тапсырылуы жөнінде не айтасыз?

– Бұл алғаш рет болып отырған елеулі оқиға. Екі ел арасындағы мәдениет пен ынтымақтастықты нығайтатын шара. Бұрын соңды Ресей арналарында қазақ әндері тыңдалды ма? Қазақтың танымал өнер иелері ресейлік жұлдыздар бас қосуының өзі не тұрады? Бәрібір Ресей шоу бизнесінің ілгері екенін мойындауымыз керек.

– Орта буынның өкілі ретінде өнердегі жастарға нендей баға бересіз?

– Бүгіні бар, ертеңі жоқ әншілерді қабылдай алмаймын. Бұрын әнші болу үшін өнер тарландарының сүзгісінен өтетін жүйе жақсы еді. Қазір ғаламтор жақсы болды. Тегін таралып, насихатталып жатыр. Бір ән жазып, жұлдыз болғандар сының түгіл, сөзіңді тыңдамайды. Депутат та, әкім де әнші болып жүр. Бір кездері сахнадан шықпайтын жұлдыздарды қазір көрмейсің. Қайда жүргенінен хабарым жоқ. «Әсіреқызыл тез оңар» деген осы. Жасандылықпен тапқан алдамшы абыройдың ғұмыры қысқа. Халық талантты даусынан таниды.

– Дегенмен сіз көп көріне бермейтін әншілердің қатарынансыз. Неге?

– Менің қай кезде де сахнаға шығып, ән салуыма мүмкіндігім жеткілікті. Бірақ арзанқол ән орындауға намыстанамын. Киелі сахнаның қадірін түсінемін. Оның үстіне әнге талғамым жоғары. Көңілімнен шықпаған дүниені көрерменге ұсынбаймын. Сондықтан өз тарапымнан ән кештеріне ұсыныс та жасамаймын. Бұл менің өзімшілдігім емес. Тек кез келгенге басымды тыға беру менің болмысыма жат. Сахнаға аз шықсам да, көрермендер кезіндегі «Аққу арман», «Сағындым сені» әндерімді орындауымды сұрайды. Қазір бизнес саласында жүрмін. 6 жыл бойы қыр-сырын оқып үйрендім. Қаржы кеңесшісі ретінде адамдарға табысты болуға кеңес беремін.

– Жеке бизнесіңізбен жүріп, өнеріңіз ақсап жатқан жоқ па?

– Өнер адамы болғандықтан шығармашылығыма кедергісі жоқ. Пайдасы болмаса. Ән жаздырып, бейнебаян түсіру үшін де ақша керек. Осы мақсатыммен 5 жыл ішінде аяқтан тұрдым. Қазір өнеріме де, әніме де қаражатым жетеді.

– Киноға да түсіпсіз. Актер болу қиын болды ма?

– «Дүбәра қыз» фильміне түсіруге шақырғанда қобалжығаным рас. Шынын айтқанда, мен кәсіби актриса емеспін. Қалай болар екен деп уайымдадым. 1,5 сағаттық кинода мен басты рөлді ойнайтын болдым. Десе де, түсірілімнің алғашқы күні бойымдағы үрей сейілді. Әрине, басты рөлді сомдау қай әншіге де оңай болмасы анық. Өмірдің өзінен алған кейіпкерді шынайы көрсетуге тырыстым. Идея авторы Хамза Көксеректің айтуынша, кино жаман шықпаған сияқты. Мүмкін менің жаңа қырымның ашылатын кезі келген болар. Фильмге сондай-ақ, өнер адамдары да атсалысты.

– Қаламақы берілді ме?

– Жоқ, тегін түстім.

– Қандай енесіз?

– Ұлым жалғыз болғандықтан, қызым болса деп армандадым. Содан болар, келінімді қызымдай қабылдадым. Оны «балапаным» деп еркелетемін. Бастысы кішіпейіл, тыңдай біледі. Ең маңыздысы әже атанып, немере сүйетін күн алыс емес.

– Шығармашылық концерт беру жоспарыңызда бар ма?

– Бір емес, екі концерт беруге жететін әндерім бар. Солардың арасынан жинақтап, жаздырып жатырмын. Алдағы уақытта ән кешімді өткізуді жоспарлап отырмын. Астана, Алматы және Шымкентте концерт беру ойымда бар.

–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Чехов болмаса да...

Пятница, 12 Июнь 2015 06:05

Шымкентте  дәрігер-терапевт Ғанизат Асабаевты білмейтіндер кемде-кем. Ол өңіріміздегі денсаулық сақтау саласына өлшеусіз еңбек сіңіріп келеді. Қала тұрғындарының салауатты өмір сүруіне, сырқаттың алдын алуға үндей білген дәрігерге әр науқас өз туысындай. Себебі, ол науқас айыққанша алаңдаулы.

DSC 0636Дегенмен, Чехов, Булгаков сынды медицина мамандығын бітіріп, дәрігерлік қызметін әдебиетпен ұштастырған дәрігерлер аз. Ақ халатты абзал жан қолы қалт еткенде түрлі тақырыпқа қалам тартып тұрады.
Еңбек жолындағы 38 жылына көз жүгіртсе Ғанизат аға талай қиын да, сәтті де сәттерді басынан өткерді. Дәрігер мамандығына өз таңдауымен келген жоқ. Ол уақытта еңбек өтілі болмаса оқуға түсу қиын болатын. Емтихан сынынан сүрінбей өткенімен, қабылдау байқауынан ұпайы жетпей сүрінетін. Бұл жайттан хабардар Ғанизат анасын әуреге салғысы келмеді. Ауылда жазушы бала атанған оның журналист болу арманы еді. Алайда...
– Анам аяқ астынан сырқаттанып қалды. Шымкенттің қалалық ауруханасында оған ота жасалды. Дәрігерлердің арқасында аман қалғандықтан болар, мені дәрігер болуға көндірді. Өйткені қарапайым ауыл адамдары үшін дәрігер мәртебелі мамандық болатын,-дейді Ғанизат аға. Сөйтіп, анасы ақ батасын беріп, Алматыға шығарып салады.
Ауылдан аттанған қыз-жігіттердің ішінде бағы жанып, Алматы медициналық институтына қиындықсыз түсті. Сол сәттегі анасының қуанышын көрсеңіз... Бірақ, оның бұл мамандықты қалай игеремін деген уайымы күшті болды. Орыс тіліне шорқақ. Әйткенмен оқу үлгерімі жақсы жігіт мамандықты меңгеріп кетті.
Институтты аяқтаған соң, жолдамамен алғашқы жұмысын Сайрам ауданының Ақсукент ауылдық ауруханасынан бастады. Ондағы білікті дәрігерлер оны жатырқамады. Білгенін үйретіп, біліктілігін арттыруға көмектесті. Ұжымның артқан сенімі Ғанизатты алға ұмтылдырды. Ізденісін арттырды. Қалалық жедел-жәрдем ауруханасында да жемісті еңбек етті. Науқастардан жан жылуы мен мейірімін, аялы алақанын аямады. Нәтижесінде қолы жеңіл, емі шипалы дәрігер атанды. Алғысы мен рахметін, ақ тілегін ақтарған жандар қаншама. Шымкент темір жол ауруханасында табан аудармастан 30 жылға жуық еңбек етіп келеді.
Терапевт дәрігер өзі емхананы немесе дәрігерін таңдайтынын қолдайды. Таңдау арқылы бәсекелестік болатынын, жаңа жүйенің берері көп екенін айтады. Мәселен, мемлекеттік тапсырыс алған жеке емдеу орнына азаматтар көптеп келе бастайды. Осы арқылы мемлекеттік және жеке емханалар арасында бәсекелестік орын алады. Медициналық қызметтің сапасы артады. Десе де, медицина саласында реформалардың көптігі рас. Оған Ғанизат аға күмәнмен қарайды. Реформаның көптігі қоғамға қауіпті дейді ол. Мүмкін бұрынғы жүйе енгізілсе, қазақ медицинасы биіктен көрінер еді деген ой түйеді.
– Өкінішке қарай, халық емханаға барудан қашады. Өз денсаулығын күтпейді. Ауруы асқынғанда ғана келеді. Дәрігер қанша білікті болса да, оның көрген-білгені емес, науқастың ықыласы ауруды емдеп жазуда негізгі рөлді атқарады, – дейді ол.
«Алтын кездік қын түбінде жатпайды» дегендей, қарбалас қызметте жүріп-ақ, қаламын қолынан тастаған емес. Шығармашылық жұмыстарға да уақыт табады. Ұлтжанды азаматтың тарих, тіл, діл туралы әңгімесі толас таппайды. Көкейкесті мәселелерді мөлдірете жазды. Оқырманға ой салып, орамды пікір айтады. Терапевт-дәрігердің жазылған мақалалары көпшілікті бей-жай қалдырмайды. Әсіресе, ауыл мен мектептің тыныс-тіршілігі, қызықты балалық шақ оқырманды еліктіріп әкетеді. Оқиға желісінде титтей болса да жасандылық жоқ. Қайта шынайылық пен ауыл адамдарына тән аңғалдық езуге күлкі үйіреді. Ал оның сезімге толы әйел тағдыры туралы қолжазбасына жүрегің елжіреп сала береді. Ұстазы марқұм Ерсінбек Қойбағаров та Ғанизат ағаның «Ауыл. Мектеп. Балалық» әңгімесін ұнатыпты.
Ғанизат аға үшін ең өзекті мәселе – қазақ тілі мен ұлттық болмысымызды сақтап қалу. Осы тұрғыда кезінде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Қазақ тілі үшін арнайы қоғам құрып, «Азаттық» қозғалысын ұйымдастырды. Оның 1989 жылы тіл туралы көтерген мәселесі елдің санасын сілкіндірді. Кеңестік жүйенің идеологиясына қарамастан, ой-пікірін ашық білдірді. «Егер қазақ тілін сақтай алмасақ, сіздердің шығармаларыңызды кім оқиды? Онда қазақ әдебиетін жасаймыз деп қызыл танау болудың керегі не?» деп, тайсалмастан айтқаны бар. Ұлттың өрлеуi үшiн ұлтқа күштi рух, рух болғанда да – мемлекетшіл Рух керек. Бiзде ол бар ма? Осы ой Ғанизат ағаны жиі мазалайды.
Бүгінде құрметке сай қызмет атқаруына жетелейтін, мойнындағы жауапкершілік жүгін арттыра түсетін ел құрметі деп есептейді. Он екі мүшеміздің амандығын тілеп, денсаулығымызды жақсартуға дәнекер бола білген ақ желеңді жанның еңбегі қандай құрметке де лайықты. Ғанизат аға арқылы төгілген тер, жұмсаған еңбек қашанда еленетініне риясыз көз жеткіздік.

Жедел жәрдемнің бiр күнi

Пятница, 12 Июнь 2015 05:36

Бүгінде басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде жоқ. Сырқаттанып қалсақ, алдымен жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетініміз белгілі. Дәрігердің ауырған жерімізді тәмпіштеп сұраса, айыққандай күй кешетініміз тағы бар. Десе де, көпшілік ем-дом жасауға дайын арашашы жандардың сан түрлі жағдайды бастан кешетінін біле бермейді. Бұған Шымкент қалалық Жедел жәрдем стансасының №4 бекет мамандарымен болған шақыртуларға шыққанда куә болдық.

DSC 0068

Өткен жылы Литвада өткен халықаралық жарыстан Шымкент қалалық медициналық жедел көмек көрсету стансасының дәрігерлері қатысып, жеңіспен оралғаны есімізде. Сапалы әрі тез алғашқы көмек көрсеткен ұжым қызметін мінсіз орындаған болатын. Бекеттің өнімді жұмыс жасауына  бас дәрігер Гүлнар Құрманбекованың  да еңбегі зор. Ұжым талай жанға өмір сыйлап, алғысқа бөленіп келеді.
Бізді №4 бекеттің меңгерушісі Аманкүл Сатыбалдиева жылы шыраймен қарсы алды. Жүзінен мейірім төгілген маман  стансаның жұмысын бүкпесіз жайып салды. Әңгіме арасында ол қалалық жедел жәрдем стансасының 1936 жылы құрылғанын, 9 бекет, 95 жедел жәрдем көлігі,  69 бригада  бар екенін атап өтті.
– Шымкент қалалық жедел жәрдемнің  №4 бекетінде  фельдшерлік, дәрігерлік, педиатрлық, кардио-реанимация бригадалар бар. Жансақтау бригадасы да тәулік бойы жұмыс істейді. Аурудың жағдайына қарай дәрігер кез келген бригаданы жедел көмекке шақыра алады – дейді ол.
Аға фельдшер Айсұлу Сұлтанбекованың айтуынша, қала бойынша тәулігіне 1500, №4 бекетке 260-қа дейін шақырту келіп түседі. Ал ауа райының қолайсыздығына байланысты қоңыраулар мұнан да көп түседі. Қазіргі таңда қалалық жедел жәрдем стансасы жаңа медициналық техникалармен толық жабдықталған.  Мұнда дәрігерлер орта есеппен жылына 400 мыңға жуық тұрғынның шақыртуымен шығып, талапқа сай қызмет көрсетеді.

Нөмiрсiз үй... қырағы Зарифа

DSC 0070

Қоңырау шылдыры минут сайын тоқтар емес. Қолдарына бір-бір телефон ұстаған 2 диспетчер қала бойынша шұғыл медициналық көмекке зәру тұрғындардың қоңырауларына жауап беруде. Мамандар үшін әрбір секунд маңызды. Қабылданған қоңырауды олар жедел түрде барлық бригадаларға рация арқылы хабарлайды.
Бекеттің тыныс-тіршілігінен  хабардар болған соң, №39 бригаданың интенсивті-терапия бөлімінің дәрігер-фельдшерімен науқасқа көмек көрсетуге асықтық. Жедел жәрдем көлігі дабылын іске қосып, шақырту бойынша  бірге рейдке шықтық. Бағытымыз – «Қызылжар» шағынауданы. Жүргізуші  Бақыт Өтебаев қызметіне алғыр екенін байқатты. Құс қанатындай жүйткіген көлік зулап келеді. Шұғыл көмек көрсету болғандықтан бригада жетекшісі, дәрігер Зарифа Мамырбаева рациямен шақырту берген үйді іздестіре бастады. Шындығында жекеменшік үйлердің арасынан хабар берген үйді  табу оңай болған жоқ. Көше Қозы Көрпеш аталғанымен, үйлерге нөмір берілмеген. Қызметіне ширақ Зарифа бұл тығырықтан жол тапты. Науқастың туыстарымен тілдесе отырып, мекенжайды әп-сәтте тауып алды. Есік алдына жүгіре шыққан әйел болған жайды айтып, үйіне бастай жөнелді. Дәрігерлермен ілесіп, үйге кірдік. Қою қараңғылыққа көз үйрете аз-кем тұрып қалдық. Зафира дереу терезелердегі жапқыштарды алдырып тастады. 58 жастағы Қадырхан Әбдіхалықов төсекте қимылсыз  жатыр. Есін жоғалтса керек. Ер кісі есік алдындағы байлаулы аттың шылбырына сүрініп, ат сүйреп кетіпті. Туыстары науқастың халы жақсармаған соң, екі  сағат өткенде хабарласыпты. Жедел-жәрдемнің мамандары алғашқы көмек көрсетіп, азаматты үйге қалдырмау керектігін  айтып, шұғыл түрде қалалық жедел жәрдем ауруханасына жеткізді. Біз дәрігерлер болмағанда науқастың беті бері қарамайтынын, ауруы бұрынғыдан үдейтінін түсіндік. Фельдшер Рамис Ахметгалеев мұндай оқиғалардың  жиі екенін, денсаулығына немқұрайлы қарайтындардың көп екеніне қынжылысын білдірді.
– Әсіресе, мекенжай бойынша  мәселе көп. Қоңырау шалушылар эмоциямен өзінің қайда хабарласқанын ескермейді. «Тез кел, жағдайы ауыр» деп тұтқаны қоя салады. Ол кім? Қайдан хабарласып тұр? Ал мекенжайлар шақырту бойынша дұрыс берілмейді. Талап бойынша көлік 20 минут ішінде жетуі тиіс. Әрине, жол кедергілері болмағанда, – дейді ол.
 Бекеттің қыз-жігіттері күн сайын жан шошырлық оқиғаның сан мәрте куәсі болады. Бастысы дәрігерлер әрқайсысы қайсарлық пен сабырлық танытып, ауру адамға дәрігерлік көмек көрсетуге тырысады. Себебі, тұрғындардың денсаулығына жауап беру, алғашқы медициналық көмек көрсету біздің борышымыз, – дейді Рамис. Қазақшаға жетік, жұмысына тиянақты, өз мамандығына деген сүйіспеншілігін, дәрігерлік антына адалдығы мен науқасқа деген жанашырлық ниетін көргенде Рамиске қалай сүйсінбейсің...

Қатер төндiрген көлiк оқиғасы

DSC 0078

Біз келесі сапарымызды №36 кардио-реанимация бригадасымен жолға шықтық. Бұл күн төтенше жағдайсыз өтпеді. Сағат кешкі 8-ден өткенде «Забадам» елдімекенінде 1 жастағы баласымен келіншектің жол-көлік оқиғасына ұшырғаны туралы суыт хабар жетті. Апат болған аймаққа бригаданың көлік жүргізушісі Оңғарбай Сиқымбаев шұғыл жетті.  20 жылдан бері жедел-жәрдемде қалтқысыз еңбек ететін ол қаланың қалтарысы мен ұңғыл-шұңғылын жақсы біледі. Жол-көлік оқиғасы Кристальный көшесінің қиылысында орын алған. Жүргізуші жігіт  көлігін қатты жылдамдықпен жүргізеді. Кенет көше қиылысынан шыққан машинаға тежегішін басып үлгергенімен артынан соғып өтеді. Шамадан тыс жылдамдықпен аялдамаға барып соғылады.  
Оқиға бойынша,  онда 5 адам қоғамдық көлік күтіп тұрады. 1990 жылғы туылған «Забадам» елдімекенінің тұрғыны
Ж. Жақыпова қатты зардап шегеді. Қолындағы бір жастағы бала періштесі қағып, аман қалыпты. Дәрігер
Салтанат Беспаева, Фурхат Султанбаев, фельшер Мақсат Ибрагимов қансыраған келіншекке жедел медициналық көмек көрсетті. Алған жарақаты ауыр болғандықтан жас  ана жедел жәрдем ауруханасына, кішкентай бөбек балалар емханасына жеткізілді.  
Күн сайын  бригада 20-дан астам шақыртуға барады екен. Келесі шақырту №4 шағынауданының тұрғыны 25 жастағы Алия Райымовадан түсті. Аяғы ауыр келіншек астан уланғанын аңғармай, өз бетінше екі күн  ем қолданған. Нәтиже болмағандықтан, жедел жәрдем көмегіне жүгінген. Дәрігер Салтанат науқастың қан қысымын тексеріп, алғашқы көмек көрсетті. Біз  рейдте  Салтанаттың өз жұмысына тыңғылықты, жан-тәнімен орындайтынын байқадық. Ол науқастың шағымын қабақ шытпай тыңдады. Тиісті көмегін ықыласпен көрсетті. Аяғы ауыр әйелдің астан улануы қауіпті болғандықтан, ауруханаға жеткізілді.
– Кейбір адамдар ауырса да, жарақат алса да, үй жағдайында емделеді. Араға бірнеше күн, тіпті, бір апта салып қана  жедел жәрдемге қоңырау шалатындар бар. Кейде уақытылы хабарламағанның салдарынан ауру асқынып кетеді. Салғырттықтың соңы жақсылыққа әкелмейді, – дейді Салтанат Беспаева.
Рейд барысында біз жедел жәрдем жұмысының оңай емес екеніне көз жеткіздік.
Мұнда мамандар өз қызметін жақсы біледі. Олар өздерінің білікті маман екендерін тағы да бір дәлелдеді. Тәулік бойы тыным тапқан жоқ. Түрлі жағдайлармен, оқиғалармен бетпе-бет келді. Кешке дейін бекетке 540 шақырту келіп түсті. Статистика бойынша, жедел жәрдемге түсетіндер арасында қан қысымы, жүрек  аурулары көп. Көбісі қант диабетіне, семіздікке шалдыққан. Жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер де аз емес.  Кешке қарай науқастардың саны күрт көбейеді екен.  
Күн ұясына батқанымен, жедел шақыртулар толастар емес. Жедел жәрдем қызметкерлері үшін жұмыстың қызған шағы. Бұл уақытта бригадалар жұмысқа білек сыбана кіріседі. Жедел жәрдем  қызметкерлерінің арқасында уақыт құнының алтыннан да қымбат екенін сезіндік. Сіз бен біз үшін күн мен түн деген айырма болса, олар үшін күннің 24 сағаты борыш, міндет, парызбен теңеседі.

Наурыз айынан бастап, Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен  «Таза қала» айлық акциясы өткен болатын. Қаланың экологиялық әрі эстетикалық келбетін көрікті ұстау және патриоттық сүйіспеншілікке тәрбиелеу мақсатында өткізілген шараға 10 мыңнан астам жас атсалысты.

Олар қаланың орталық көшелерінен бастап, шет аймақтардағы жолдарды тазалап, саябақтардағы тазалықты ретке келтірген еді.

Бір айлық «Таза қала»  акциясының белсенділерін қалалық ішкі саясат бөлімінің  басшысы Қанат Қалыбеков  салтанатты түрде марапаттады.

– Жалпы акция  жоғары деңгейде өтті. Оқу орындарының жастары шараға жауапкершілікпен қарап, шаһар тазалығына өз үлестерін қосты. Біз белсенділерді құттықтаймыз,  – деген Қ. Қалыбеков жастарға алғысын білдіріп, қала әкімі орынбасарының Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтарын тапсырды.   

Акцияның қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институты, №3 колледж және Парасат колледжінің ұжымы «Белсенді оқу орны» аталымымен марапатталды. Сонымен қатар, «Белсенді студент» номинациясына  жоғары және арнаулы орта оқу орындарының 11 студенті ие болды.

0000547Шымкентте алғаш рет бастауыш ардагерлер ұйымдары арасында байқау өтті. Айтулы шара «Ардагерлер жылына» және Жеңістің 70 жылдығына арналды. Қалалық бастауыш ардагерлер ұйымдарының арасында өткен байқаудың ақтық сынына 13 ұйым қатысты.

Байқау ережесі бойынша қатысушылар ардагерлер ұйымы құрылыпқалыптасуына, оның қызметiн жандандырып, беделiн көтеруге үлес қосуы, зейнеткерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауы тиіс болатын. Осы орайда, «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы Ұлттық компаниясының Шымкент аймақтық  бастауыш ардагерлер кеңесі зейнеткерлермен  тығыз қарым-қатынас орнатып, соғыс ардагерлері мен жалғызілікті қарттарға әлеуметтік көмек көрсете білді.Ұйымның атқарған жұмыстары жоғары бағаланып, 1 орынға лайық деп танылды.

Сондай-ақ, қоғамдық шараларға белсене атсалысқан Қазығұрт шағын ауданы бойынша ардагерлер ұйымына  екінші орын берілді. 3 орын Қатын көпір шағынауданы бастауыш ардагерлер ұйымына табыс етілді.

Ардагерлер ұйымықаламыздағы беделдi қоғамдық  ұйымдардың бiрi. Атқаратын жұмысы да ауқымды. Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев айтқандай, ардагерлердің бай тәжірибесі, ақыл-парасаты, ұлағатты өмірлік ұстанымы өскелең ұрпаққа үлкен тағылым емес пе?!  Қаламызда 58 мыңға жуық  зейнеткер, 183 Ұлы Отан соғысының ардагерлері бар. Олар алдағы уақытта да қоғамдық шараларға атсалысып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыра отырып, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында  келешекке ізгіліктің ізін қалдырмақ ниетте, – дейді қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сейдахмет Байдәулетов.

Судьяларға талап күшейтiлдi

Пятница, 22 Май 2015 07:28

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми іссапармен Оңтүстікке келіп, облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов бастаған судьялар корпусымен кездесті. Кеңеске Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ілияс Испанов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов қатысты.

00116Жиында Қайрат Мәми сот жүйесіндегі өзгерістер мен жоспарларға,   сондай-ақ, өзекті мәселелерге тоқталып өтті.

– Республика бойынша сот жүйесінде бірқатар кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Соның нәтижесінде сот әділдігіне қол жеткізуге, судьялар корпусының жұмысының жақсаруына мүмкіндік молайды. Жоғарғы Сотта және облыстық соттарда алқа төралқа президиумдарының жұмысы жолға қойылды. Облыстық соттар жанындағы қоғамдық кеңестердің жұмысы жанданды. Істерді медиация тәртібімен шешу де өз жемісін беруде. Жыл басынан бері соттар жаңартылған Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекспен жұмыс істеуде. Бүгінде осы бағыттағы нәтиже жаман емес. Қазіргі таңда Азаматтық-процестік кодекстің жобасы Мәжілісте мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді, – деді Қайрат Әбдіразақұлы.

Сондай-ақ, сот төрағасы бұдан былай судьяларды даярлау және іріктеу қатаң болатынын мәлім етті. Кеңесте төраға облыс судьяларына сот төрелігін жүзеге асыруда сапасын жақсартуды ескертті. Өйткені Жоғарғы Соттың төрағасына облыс тұрғындарынан бірқатар өңірлік судьяларға қатысты арыз-шағым түскен. Қ. Мәми сол арыз-шағымдарды оқып, кемшіліктерге жол берген судьялардың жұмысын  сынға алды. Судьяларға жеке және заңды тұлғалардың  азаматтық істерге қатысты арыз-шағымына жете мән беруді, созбалаңдыққа жол бермеуді қатаң тапсырды.

«Мерейлі отбасы» байқауының Шымкент қаласы бойынша бірінші кезеңінің  жеңімпаздары анықталды. Биыл екінші рет өткізілген байқауға ұлттық құндылықты сақтап, салт-дәстүрді дәріптеген 20 отбасы бақ сынаған болатын.

DSC 0009Байқау нәтижесінде жеңімпаз болып танылған зейнеткер Көпжасар Бексеитов пен №86 жалпы орта мектептің мұғалімі Сабыржан Өтемісовтер отбасы қала әкімдігінің дипломы мен бағалы сыйлығына ие болды.  

-Отбасы ең қасиетті ұғым. Екі отбасы қалалық байқаудың іріктеуінен өтіп, жеңімпаз атанды. Елбасы Өкімімен бекітіліп, бірінші рет ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» байқауында  өңіріміздің мәртебесі бір биіктеген еді. Қандай қоғам, қандай мемлекет болса да отбасылардың орны айрықша. Өйткені отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі  болып саналады.  Бауырмалдық, мейірбандық жанұяда  қалыптасады. Алдағы облыстық және республикалық байқауда жеңімпаздардың топ жаратынына сенемін,-деді қала әкімінің орынбасары Қ. Нұртай.

Қалалық мәслихат хатшысы Нұрлан Бекназаров отбасыларды құттықтап, сый-сияпат жасады.  

Жеңімпаз отбасы Көпжасар Бексеитов Оңтүстік Қазақстан облысындағы бірқатар әуе компанияларында қызмет еткен. 1982 жылы Кеңес Одағының Азаматтық авиация Министрінің «Еңбекте жоғары көрсеткіштері» үшін алғыс хатымен, 1989 жылы Қазақ авиациясы басқармасының бұйрығымен «7000 сағаттық апатсыз ұшқаны үшін» төсбелгімен марапатталған. Ал әйелі Сафура Бексеитова зейнеткер. Қазіргі таңда кәсіпкерлікпен айналысады. Алтын алқа иегері 6 қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген. Сондай-ақ, Сабыржан Өтемісовтер өнер саласында жемісті еңбек етіп келеді. Отбасы  «Дидар» вокалды инструменталды ансамблін құрған. Ата-ана – отбасы діңгегі деп білетін  олар өз міндеттерін мүлтіксіз орындап, бір-біріне деген құрметі арқылы ұл-қыздарына үлгі болып келеді. Ал, ұл-қыздары республикалық, халықаралық өнер байқауларының жүлдегерлері. Енді шымкенттік отбасылар екінші кезең бойынша облыстық  байқауда бақ сынайды.

Жеңiс сыйлаған күй

Пятница, 15 Май 2015 03:10

Қалалық Жамал Омарова атындағы №1 саз мектебінің домбыра сыныбының оқушылары жеңіспен оралды. Олар Түркия мемлекетінің Анталия қаласындағы  өнер фестиваліне қатысып қайтты. 3-10 мамыр аралығында өткен халықаралық  байқауда жерлестеріміз де бақ сынаған болатын.


20150504 1823152Оқушылар  ұлттық аспаптар бойынша халық күйлері «Кербез қыз»,  «Келіншек», «Тепеңкөк», «Кеңес» Құрманғазының «Ілме» және Қыздарбектің күйі «Сылқым қызды» қазылар алқасына ұсынды. Қазақтың қара домбырасына тіл бітірген жас өнерпаздардың өнері халықаралық сарапшылардың назарын аударды. Жібектей есілген әуен, қалықтаған саз оларды баурап алып, таң-тамаша қалдырады.  
Осыған дейін де еліміздегі республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орындарды иеленіп, жеңімпаздар қатарынан көрініп жүрген оқушылардың өнері жоғары бағаланады.
Қорытындысында Айару Жандәулетқызы (жетекшісі Күлпан Өрікбай) 1 орынды жеңіп алады. Ал, Әмірхан Нұргелді (ұстазы Балжан Сапарова), Мұхаммеджан Айдарұлы 3 дәрежелі дипломмен және ұстаздары фестиваль комитетінің Алғыс хатымен марапатталады. Түркия елінен жеңіспен оралған шәкірттер мен ұстаздарының  қуанышында шек жоқ.
– Бұл – біздің саз мектебінің үлкен жеңісі. «Астана Старс» ұйымдастыру алқасының ұйымдастыруымен оқушыларымыз Түркия мемлекетіндегі «Анталия көктемі» атты өнер фестивалінде білім ордасының абыр-ойын тағы бір асқақтатты. Осындай жас жеткіншектеріміздің жетістігін әрқашан мақтан етеміз, – дейді Жамал Омарова атындағы №1 саз мектебінің директоры Темірғали Қуандықов.

Страница 41 из 47