«Ерлiкке тағзым!»
Среда, 17 Февраль 2016 04:09Биыл Ауған жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына – 27 жыл. Осыған орай «Абай» саябағындағы Ауғанстанда қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды.
Іс-шараға облыстық мәслихаттың хатшысы Е. Құдайберген, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қ. Нұртай, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ Ауған соғысының ардагерлері мен олардың туыстары қатысты.
– Ауған соғысының ардагерлері бүгінде жастарға үлгі болып, патриоттық тәрбие беруде белсенділік танытуда. Біздің міндетіміз – аға буынды құрметтеу. Біз әрқашанда Ауған соғысында мерт болғандар мен ардагерлердің алдында бас иеміз, – деді жиында сөз алған Е. Төлепұлы.
Іс-шарада ескерткішке гүл шоқтары қойылып, ерлікпен қаза болған жауынгерлерге арнап құран бағышталды.
Жыл жоспарын межеледi
Пятница, 12 Февраль 2016 06:55«Оңтүстік Цирк» директоры Арман Алиев өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап, есеп берді. 2016 жылдың жоспарын межеледі.
Осы орайда өнер ұжымында іс-шаралар легі толастаған емес.
А. Алиевтің айтуынша, өткен жылы 41 жаңа нөмір цирк манежінде орындалды. Сахналық цирк тобы ОҚО аудандарында өнер көрсетті. Шетелдік цирк ұжымдарымен де әріптестік байланыс нығайған. Жыл көлемінде 4 цирк ұжымы гастрольдік сапармен келіп, жаңа қойылымдарын ұсынған. Сонымен қатар,
А. Алиев цирк әртістеріне қолдау көрсету, дарынды жастарды даярлау және жаңа трюктер санын молайтуды жоспарлап отырғанын атап өтті. Баяндамадан кейін облыстық мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова соңғы жылдары өңірдегі мәдениет саласына лайықты көңіл бөлініп, ауқымды тірліктер атқарылғанына тоқталды. Өнер ұжымының басшысы А. Алиевтің жұмысын түйіндеп, бекітілген жұмыс жоспарының орындалуын қадағалауды, өңір жұртшылығының мәдени сұранысын қанағаттандыру бағытында тыңғылықты жұмыс жасауды тапсырды.
Олар – қала тазалығына жауапты
Пятница, 12 Февраль 2016 06:09Күн сайын көшеден қолына сыпырғы, күрек ұстаған тазалық жанашырларын көреміз. Жұмысшылар көбінесе шаң-тозаңда, шақырайған күннің, шытынаған аяздың астында жұмыс істейді. Ауа райының қолайсыздығына қарамайды. Өйткенi, олар қала тазалығына жауапты екенін сезінеді.
Тыным таппайтын
жұмысшылар
Қазір қаламызда бірнеше тазалық мекемелері бар. Соның бірі – «ЛТД Тұрмыс» ЖШС. 2006 жылы құрылған мекемеде 840 адам жұмыс істейді. Тазалық бөлімінде 7 бригада бар. Сондай-ақ, тазалық бөлімі, механикалық тазалық бөлімі, ирригация, автотранспорт, көгалдандыру бойынша 380 адам жұмыспен қамтылған. Бригада 96 көшенің тазалығын қадағалайды. Біз «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің тазалық-санитария бөлімінің жұмысымен танысып қайтқан едік.
Таң алакеуімнен тыным таппайтын тазалықшыларды Республика даңғылынан оңай таптық. Бұл бөлімнің №1 бригадасы екен. Түні бойы жауған қарды жұмысшылар жол жиегіне жинап, үйіп жатыр. Бет қаритын аяз болмаса да, суық бар. Көлікті де, жүргіншілерді де әбігерге салатын мұз екенін ескерген тазалық қызметкерлері темірмен ойып жатыр. Қар тазалау оңай дейсіз бе? Жұмыс ауыр.
Иә, қыста адамдарды түрлi жарақаттардан аман сақтап қалатын да осы адамдар. Тау болып үйiлiп жатқан қарды тазалайды, көктайғақта адамдар тайып, құламасын деп халықтың жайлы жүрiп-тұруына жағдай жасайды. Жалпы көше сыпырушылар қала көркін қалыптастыратын жандар. Егер көшелер тазаланбаса бірнеше сағатта Шымкенттің қоқыс астында қалары анық.
Көше тазалаушы – қажеттi кәсiп
Біз қызу жұмыстың қарбаласына қарамастан, бригада шебері Гүлмира Егембердиеваны сөзге тарттық. Ол бөлім құрамында 60 адамның бар екенін, тазалықшылардың барлығы жұмыс киімімен қамтылғанын, адамдардың арнайы көлікпен жеткізілетінін баяндады. Алдымен көше тазалаушы болып жұмыс істеген Гүлмира жұмыстың ауырлығын да жасырған жоқ.
– Біздің жұмысшыларымыздың еңбектері адал. Жанға бататыны, тұрғындардың тазалыққа көзқарасының төмендігі. Және қызметкерлерімізді кемсітетіні. Менің ойымша, адал еңбекпен тапқан наннан қадірлі не бар?! Біздің жұмысшыларымыздың жүрмейтін жері жоқ. Жауын-шашын, төтенше жағдай болғанда да техникамызбен аяқтан тік тұрамыз, – дейді бригада шебері.
Ал көше тазалауға қандай адамдардың келетіні айтпаса да түсінікті. Көбісі зейнет жасындағы ер кісілер мен әйелдер. Өздері көңілді. Қабақтары ашық. Кейбірі әндетіп, көше сыпырып жүр. Ауыр жұмыс үстіне күннің суытуы да дөп келген сияқты. Таңертеңгі бой қаритын ызғарды елейтін емес. Көше жинаушылардың бірі Замира Байтілеуова қолдарының бұлшық еттерінің сырқырағанын елеген де жоқ. Жұмысынан ләззат ала ма, көңілі шат.
– Туып-өскен жерім болғандықтан Шымкенттің мен үшін орны бөлек. Күн сайын көркейіп, өсіп келе жатқан қалаға өз үлесімді қосқаныма қуанамын. Бірақ қалалық тұрғындардың тазалық жөніндегі мәдениетін көтеру керек деп ойлаймын. Кейбір ата-аналар қоқыс төгуге балаларын жібереді. Арнайы жәшікке апарды ма, болмаса аулаға, көшеге қалдырып кетті ме сұрамайды. Тіпті кейбір адамдар қоқысты кез келген жерге төгеді. Еңбегiмiздi бағаламайды, – дейдi көше сыпырушы.
№1 бригаданың жетекшісі Мақсат Ермекбаевтың айтуынша, қалада бұрынғыдай емес, тазалық, көгалдандыру жұмыстарына аса көңіл бөлінеді. Ағаштарды отырғызып, гүлдерді егетін де «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің жұмысшылары.
– Соңғы кезде қаламыз көркейіп келеді. Шымкентте ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбейді. Көше бойлары түгел жарықтандырылып, қала заманауи үлгіде дамуда. Осыдан он жыл бұрынғы Шымкент пен қазіргі қаланың келбетін салыстыруға келмейді. Өйткені қала көркі ол кездегіден әлдеқайда көркейгені байқалады. Оған көше тазалаушылардың қосқан үлесі зор, – дейді бригада жетекшісі.
Көшелердi тазалауда тазалықшыларға Жол полициясы қызметкерлерi көмектеседi екен. Қарды сүретiн ауыр техникаларды үнемi солар бастап жүредi. Ал жол жиегiнде кедергi келтіретін көлiктердiң иелерiн табуға, болмаса оларды эвакуатордың көмегiмен жылжытуда да жол сақшылары жәрдем береді.
Мiнеки, осыдан-ақ көше сыпырушылардың тегiн кәсiп емес екенiн аңғаруға болады. Сондықтан, бұл кәсіп иелеріне құрметпен қараған жөн. Сонда қаламыздың тазалығы да, қауiпсiздiгi де сақталады.
Дерек көздеріне сүйенсек, аула, көше тазалаушылардың шетелдерде беделі жоғары. Мәселен, Лондонда өткен Олимпиада ойындарында аула сыпырушылардың көмегі зор болды. Олар туристермен дұрыс сөйлесуді, қаланың ерекшелігі жөнінде алдын ала дайындық курстарынан өткен көрінеді. Сөйтіп әлемнің түпкір-түпкірінен келген туристерге Лондонды аула сыпырушылар таныстырған. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, тіпті президенттер де аула сыпырушы болған. Мәселен, Ресей Федарациясының экс-президенті Д. Медведов те еңбек жолын аула сыпырудан бастаған. АҚШ-тың экс-президенті Б. Клинтон да көше сыпырған. Сондықтан көше тазалықшыларының қоғамда да өзіндік орны бар. Оған дәлел ретінде Ресейдің 10 қаласында аула сыпырушыларға арналған ескерткішін айтуға болады.
«Әуе толқынында – қазақ радиосы»
Среда, 10 Февраль 2016 06:55Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосы кең тынысты руханилығымен, танымдық бағдарламаларының көптігімен ерекшеленеді. Бүгінде шымкенттік тыңдармандар да әуе толқыны арқылы жағымды жаңалықтан хабардар болып, ұлттық руханиятымызбен сусындауда.
Қазақ радиосының Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Ерсұлтан Әмірбектің «Facebook» парақшасындағы жазбасы ә дегеннен-ақ, қызу қолдауға ие болды. «Оңтүстiктегi әрбiр клуб, мәдениет үйлерi маңында Қазақ радиосы әуелеп тұрса, бұл ұсынысты облыстық мәдениет басқармасының басшысы жүзеге асыруға атсалысса» деген журналистің ұсынысы көпшілікке ой салды. Осы орайда, «Біз радиомен біргеміз» атты акция аясында облыстық мәдениет басқармасы игі шараны қолға алды. Алғашқы болып, «Оңтүстік Цирктің» ғимаратының маңдайшасында Қазақ радиосы қосылды. Қазір облыстық
Ж. Шанин атындағы академиялық драма театры, облыстық қуыршақ театрында да әуе толқыны арқылы радио жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, Мақтаарал, Созақ, Шардара, Отырар аудандарындағы мәдениет үйлерінде де ұлттың үні болған Қазақ радиосы орнатылуда. Қазір мекемелер ғана емес, жолаушылар мен жүргіншілер де радиодағы хабарға сүйсініп, құлақ түре бастады.
– Сағат сайын ақпарат алып, ән тыңдап жатса қанекей! Ұсынысты құптаған Оңтүстік жұртшылығына алғыс айтамын. Алдағы уақытта автовокзал, темiржол вокзалы, әуежай, саябақ, сауда орталықтары мен базарларда да қазақ әуендерi қалықтап тұрса... Ұлттық идеологияның қайнар көзi Қазақ радиосын тыңдап, қазақша сөйлейік! – дейді Е. Әмірбек.
Шалқар радиосының 50 жылдық мерейтойы қарсаңында шымкенттіктер игі бастаманы осылай қолдауда. Шындығында шырқалған әсем ән, рухани сөз кез келген адамның жанын жадыратады. Тәулік бойы тыңдаушыларына ел жаңалықтарын, түрлі танымдық хабар, бағдарламаларын ұсынатын Қазақ радиосы серігіңізге айналсын, ағайын!
Құтқарушылардың бiр күнi
Пятница, 05 Февраль 2016 06:51Төтенше жағдай орын алғанда құтқарушылар қызметіне жүгінетініміз анық. Осындай сәтте сала басшылығы мен қызметкерлердің жұмысы сыналатыны ақиқат. Ал ержүрек жігіттер өміріне қауіп төнсе де, басын бәйгеге тігеді. Сын сағатта адамдарды өрттен де, судан да құтқарады. Ауа райына, уақытқа қарамай, тауға шығып, тасқа өрмелеуге, тіпті шыңырау құдыққа түсуге дайын. Олар үшін ашылмай жатқан есік те түк емес. Үйіңізден шыға алмай қалсаңыз немесе кіре алмаған жағдайда құтқарушылар жаныңыздан табылады.
Сегіз қырлы, бір сырлы...
ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің Шымкент қалалық жедел-құтқару жасағының құтқарушыларымен кездескенімізде кәсіпқой спортшыларды көргендей болдық. Тарамыстай тартылған жігіттер тепсе темір үзеді. Олардың сайдың тасындай іріктелген дене бітімінен кез келген сәтте байсалды әрекет ететінін аңғардық. Мұнда 100-ге жуық құтқарушы жұмыс істейді екен.
Әңгімелесе бергеніміз сол, «Құтқару қызметінің» жетекшісі Рақымжан Бекенбаевтың қолындағы рациясына хабар келіп түсті. Кезекші диспетчер Нафися Хамидова қаладағы үйлердің бірінде мектеп оқушысының құлыптанып қалғаны туралы жеткізді. Жедел тапсырма алған алған құтқарушылар дереу жолға шықты. Оқиға орнына жеткен жігіттер арнайы құралдарымен есікті ашып берді. Үйде қалған 9 жастағы Арман қосымша сабаққа жиналыпты. Киініп, сыртқа шықпақ болғанымен, есік құлпы бұзылып, ашылмайды. Анасына қоңырау шалып, шыға алмағанын айтады. Ал анасы дереу құтқарушыларға хабарласады.
Құтқару қызметінің жетекшісі Рақымжан Бекенбаев мұндай оқиғалардың күн сайын қайталанатынын айтады. Жол үстінде диспетчерден тағы да қоңырау түсті. Бұл жолы 5 жастағы баланың аяғы айналмалы ойын құрылғысына қыстырылып қалыпты. Оқиға орнына лезде жеттік. Кішкентай балақай аяқтарын шығара алмай жылап тұр. Жанындағы әжесі не істерін білмей әлек. Есі шығып, баланы айнала береді. Жігіттерді көргенде қуаныштан қатты толқыды. Жедел құтқару жасағының мамандары айналмалы құрылғыны құралмен кесіп, баланы құтқарып алды.
Рейдте жедел жасақ қызметкерлерінің күн сайын түрлі оқиғалармен бетпе-бет келетінін байқадық. Бірақ ержүрек жігіттердің жігері жасыған жоқ. Жылдам, батыл іс-әрекеттерін көріп сүйсіндік. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, құтқарушылар сан қырлы мамандықтың иесі екенін дәлелдей білді. Жұмыс барысында стропальщик те, газбен-электрмен дәнекерлеуші де, альпинис те, тіпті фельдшер де болды.
Кинологтар сайысында жүлдегер атанған
Шақырту біткен соң, жасақ бөліміне қайта оралдық. Бұл жолы құтқарушылар тренажер залында екен. Мұнда олар күн сайын жаттығады. Жылына бір рет міндетті нормативтер тапсырады.Осындай дайындықтардың арқасында Шымкент қалалық жедел құтқару жасағының жігіттері халықаралық «Қазспас» оқу-жаттығу сайысында алдыңғы қатардан көрініп жүр. Құтқарушы қызметінің жетекшісі Рақымжан Бекенбаевтың айтуынша, құтқарушының бойында жауаптылық, салқынқандылық, жанашырлық және сабырлылық болуы керек.
– Құтқарушы жұмысының тағы бір қиын тұсы – жол-көлік оқиғаларында мүрдені алып шығуға, жарақатынан қан тыйылмағандарға жедел көмек көрсетуге тиіс. Осындайда көп адамның жүрегі шыдамайды. Ал құтқарушы мұндайда сыр бермеуі тиіс, – дейді құтқару қызметінің жетекшісі.
13 жылдан бері абыройлы қызмет атқарып келе жатқан Рақымжан алуан оқиғалардың да куәсі болыпты. Талай адамды ажал аузынан арашап, талайға өмір сыйлады. Ол жасақ құрамындағы жігіттердің бәрі жұмысын адал, абыройлы атқарып жүргенін айтады. Әсіресе Рауан Дүйсенбеков, Көркем Қайратұлының жұмысын мүлтіксіз орындайтынын атап өтті.
Кинолог қызметінің басшысы Алина Низамиовамен әңгімелескенімізде, осы кәсіптің қызығы мен қиындығына қанықтық. Кинолог Алина құтқарушы иттерді дайындайды. Мұнда Мега, Шах. Рой, Жасмин есімді екі неміс овчаркасы, екі лаврадор иті бар екен. Ол иттердің ептілігін мақтана әңгімеледі.
– Бұйрықтарымызды бұлжытпай орындайды. Адамның дауыс мәнерінен және қас қабағынан бәрін түсінеді. Иісті де сезеді, дыбысты да жақсы аңғарады. Әсіресе, Рой өте ақылды. Адамға өздігінен шабуыл жасамайды. Қар астында, ғимаратта қалып қойған адамдарға жәрдем береді. Адамды көрген жағдайда қасына барып, хал-жағдайын білдіру үшін бізге үріп, белгі береді. Оларды нағыз құтқарушылар деп айтуға болады.
Біз иттермен жаттығуларға жиі шығамыз. Жақында Тайгада болып қайттық. Онда иттердің дайындығын пысықтадық. Неміс овчаркалары із кессе, лавродалар жоғалған, қар астында қалған адамдарды іздеп табады. Құтқарушылар жасағында иттердің еңбегі ерекше, – дейді кинолог.
Шындығында иттер құтқаруды жаттығуда емес, іс жүзінде меңгерген. Олар өздеріне жүктелген міндеттерді жақсы орындайды. Жылына бірнеше рет ұйымдастырылатын сайыс-жиындарда кинолог өз иттерінің қабілетін, үйренген дағдыларын сынға салып тұрады. Оның үстіне мұндай шаралар әр жыл сайын түрлі аймақтарда жүргізіледі. Кинолог А. Низамиованың айтуынша, иттер мамыр айында Алматы қаласында сынақ тапсырады екен. Бұл ең алдымен иттердің дағдыларын мықтап қалыптастыруға, апаттық жағдайда жақсы жұмыс істеуі үшін қажет. Ал кинологтар сайысына қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінетін Зевс ит еңбек демалысында болып шықты.
«Жедел көмек көрсету – міндетіміз»
Жыл сайын құтқарушылар облыстарға жиі шақырылып тұрады. Қазақстанның әр қалаларында болады. Мәселен қалалық құтқару жасақтары Атбасар, Торғай қалаларының тұрғындарына көмектесті. Шығыс Қазақстан облысында болып, қар басқан үйлердің жолдарын тазартты. Өзен суының деңгейін бақылап, су басу қаупінің алдын алды.
– Қаланың бәрін қамтуға қол күшінің жетпейтіні рас. Оның үстіне кейбір тұрғындардың болмашы нәрсені желеу етіп, құтқару қызметін шақыратыны бар. Бірі кілтін жұмыста қалдырып кетіп, есік ашып беруін өтінеді. Бірі аулаға иттен кіре алмағанын айтып, хабарласады. Осындай сәтте өмірі қыл үстінде тұрған адамға көмегіміз қажет екенін ескермейді, – дейді Рақымжан Бекенбаев.
Осы орайда диспетчерлік бөлімнен тағы бір хабар келіп түсті. Сақадай сай тұрған жігіттер шапшаң қимылдап, тағы да дабыл бойынша жолға шықты. Бұл жолы құтқарушылардың экипажы алыс жолға шықты. Түлкібас аумағында адам жоғалған көрінеді. Міне, осылайша шымкенттік Құтқару қызметі құтқарушыларының күнді түнге жалғаған қауырт жұмысы басталып та кетті.
Айта кетерлігі, Төтенше жағдайлар министрлігінде құтқару қызметінің шегі белгіленбеген. Қызметі де қауіпті. Құтқарушының тағы бір қасиеті, жұмыстан тыс жерде де адамға араша түсуге даяр. Бұған дәлел көп. Медициналық көмектің арқасында өмірге қайта келген адамдар жеткілікті. Мұның бәрі құтқарушының күнделікті қызметінің бір көрінісі ғана. Денсаулықтарына қауіп төндіре отырып жұмыс атқарған олардың басты міндеті – апатқа жол бермей, халықтың тыныш өмірін, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Олардың қауырт, ауыр жұмыстары құтқарылған адамдардың алғысымен бағаланады.
Құтқару жасағының диспетчер қызметі тәулік бойы жұмыс істейді. Төтенше оқиға болған жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.
Аялдамадағы карталар адастырмайды
Среда, 03 Февраль 2016 05:26Мұнан соң Қазыбек би көшесі мен «Теріскей» аялдамаларына және әуежайға қойылды. «Диспетчерлік орталық» ЖШС-нің директоры Самат Батырұлының айтуынша, карта жолаушыларға жолсерік болып, қажетті аялдамаларға бағыт көрсетіп тұрады.
Бұл шымкенттіктер мен қонақтарға жол табуға көмектесетін құрал болып отыр. Жаңа карталар жолаушыларға ыңғайлы. Автобустар бағыты түрлі-түспен, әртүрлі белгілермен берілген.
– Картада белгілі бағытта жүретін автобус бағдарлары көрсетілді. Сондай-ақ барлық атаулар мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылды, – дейді диспетчерлік орталықтың мамандары.
Алдағы уақытта жаңа карталар жолаушылары көп аялдамаларға да орнатылмақ.
Жарқын бейне ұмытылмайды
Пятница, 29 Январь 2016 06:39Жуырда «Оңтүстік Цирк» ғимаратында сахна саңлағы Икрам Ниязовты еске алу кеші өтті. Цирк ардагері өткен жылы 76 жасқа қараған шағында дүние салған еді.
Жиынға әртiстiң жары мен ұл-қыздары, шәкірттерi қатысып, ерекше ғұмыр иесі жайында сыр шертті. Ел біле бермейтін естеліктерімен бөлісті. Көзі тірісінде көпшілікті қызықты нөмірлерімен таңқалдырған әртісті ұмыту мүмкін бе? Күш атасы Қажымұқанның ізбасары атанған әртістің цирк өнеріне сіңірген еңбегі өлшеусіз. «Оңтүстік Цирк» ашылғанда өнерлі жігіттерді сахнаға баулуға атсалысты. Таңсық салаға дем берген тұлға тәжірибесімен бөлісіп, жастарға жол көрсетті. Жуан темірлерді шыбықша иетін, үлкен салмақтағы зілтемірлерді оп-оңай айналдырып, көлікті қиынсынбастан көтеретін балуанның өнері ел есінде қалды. Икрам Ниязовтың жары Гүлжаһан Ниязова да қазақтан шыққан акробатшы әйел. Саналы ғұмырын жолдасымен бірге цирк өнеріне арнаған.
– Мен филармониядағы алғашқы жұмысымды, арқан үстінде жүруші болып бастадым. Металлургтер мәдениет сарайында да қызмет еттім. Икрам екеуміз талай рет бір сахнада, акробатта өнер көрсеттік. Аудан-қалаларды гастрольдік сапармен бірге араладық. Жасым ұлғайған кезде иллюзия өнеріне ауыстым. Біздің циркке деген бетбұрысымыз өз биігінен танған жоқ. Зейнетке шықсақ та, цирк манежінен алыстамадық. Икрам Ниязов сахна төрінде 25 жігітті еркін көтеріп, көпшілікті тәнті етсе, мен фокус көрсеттім, – дейді Г. Ниязова.
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және «Оңтүстік цирк» мекемесінің 5 жылдығына орай өткізілген кеште әртістің жары Гүлжаһан Ниязоваға ерекше сый-сияпат көрсетілді. Цирк өнерінің негізін қалаған ардагердің жарқын бейнесі ұмытылмайды. Өнер жолының өрлеуіне үлесін қосқан азамат халық жадында мәңгілікке қалмақ.
Жанаттың ерлігі
Пятница, 22 Январь 2016 08:50Қазақ әйелінің циркте өнер көрсетуі некен-саяқ. Аң-құстарды да қолға үйрететіндер аз. Соған қарамастан Жанат Калметованың батылдығын ерлік санауға болады. Бүгінде өзі ғана емес, балалары да цирк қойылымдарына қатысып жүр.
Жанат Қалметова цирк әртісі болуды бала кезден армандады. Он жасынан бастап, үйірмеге жазылып, өнердің қыр-сырын үйренді. Сөйтіп қызығушылықпен өнер әлеміне еніп кетті. Сахналық цирк ұжымдарында «Моноциклде» және әуеде гимнасшы болып өнер көрсетті. Гастрольдік сапарлармен Қазақстанның қалаларында болды. Мәскеуде өткен бүкілодақтық цирк өнері фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Ол байқаудың іріктеуінен өтіп, Мәскеулік цирк колледжіне білім алуға шақырту алды. Бірақ анасы қызының білім алуына қарсылық танытты. Оның манежге шығып, өнер көрсетемін деген арманы көңіл түкпірінде қала берді. Мұғалім мамандығы бойынша білім алып, жоғары оқу орнын бітірді. Дегенмен араға 24 жыл салып, өнерге оралу Жанатқа оңай болған жоқ. Цирк ғимараты салынып, пайдалануға берілді дегенде үміт оты оянды. Әртіс боламын деген ой басынан шықпай қойды. Басшылар Жанаттың кезінде нөмірлерді орындағанын ескеріп, жұмысқа қабылдады.
Иә, цирк өнері үлкен ізденістен, ауыр еңбектен тұрады. Ауыртпалығы көп. Әртістердің сахнадағы нөмірлері жеңіл көрінгенімен, үш айдан алты айға дейін маңдай терін төгіп жаттығады. Ал аңдармен жұмыс істеу оңай емес. Көрерменнің жануарларсыз бағдарламаны көруге қызықпайтыны аян. Бүгінде Жанат Калметова «Оңтүстік Цирктің» сүйкімді күшіктері Гарри және Гердамен жұмыс істейді. Ақылды иттер бәрін қас-қабақпен ұғынып, санай алады. «Өзімді тәжірибелі баулушымын деп айта алмаймын. Әйтсе де, күшіктерді қолға үйрету оңай шаруа емес. Күн сайын тамақтандырамын, күтім жасаймын. Әрі қолға үйрету, жаттығуға баулу, үлкен жауапкершілік пен еңбекқорлықты талап етеді. Олар бағдарламада көңiл-күйiне сай өнер көрсетедi. Дрессура үшін көп еңбек керек», – дейді ол. Осыдан-ақ Жанат Калметованың өнерге берілгендігін байқауға болады. Ал анасының күн сайын дайындығын пысықтап, үздіксіз еңбектенуі балаларының да қызығушылығын арттырды.
Әрине балалар үшін циркте өнер көрсету – өте қызық. Бірақ қауіптілігі де жоғары. Алайда қызы Перизат Анарбекова үшін жылдам қозғалыс, қызықты ойындар әдеттегі жұмысқа айналды. Ағалары Жандарбек пен Санжардың шабандоздық өнері, анасының қызметі әртістік қабілетін шыңдай түсті. 1-сыныпта оқитын қаршадай қыз өнердің жанкештілігіне қараған жоқ. Алғаш рет цирктің «Джунгли» қойылымының эпизодына шықты. Өнер ұжымының жаңа жылдық бағдарламасында да қабілетімен көзге түсті. Алғашқы манеждік нөмірде күшіктермен өнер көрсетті. Қазір Перизатты анасы әуе гимнастикасына дайындап жүр. Бұл цирктегі күрделі орындаулардың қатарына жатады.
Бүгінде Жанат Калметованың үлкен ұлы Жандарбек Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде білім алады. Екінші ұлы Санжар 7 сынып оқушысы. Цирктің қойылымдарына қатысып тұрады. Жанат Калметованың арманы жыртқыш аңдарды қолға үйрету. Алдағы уақытта күшіктерді де көбейтіп, жаңа нөмірлермен шығу ойында бар.