Атқарылған iс те бар, жауапкершiлiк те мол
Среда, 20 Январь 2016 06:55Есепті кездесуге қала әкімінің орынбасары Б. Жанбосынов, мекеме, сала басшылары және аудан тұрғындары қатысты. Есепті кездесуде Ғ. Ильясов атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– 2015 жылы ауданымызда 10 кәсіпорын іске қосылып, 1000 жұмыс орны ашылды. 9 азамат мал бордақылау мақсатында төмендетілген пайызбен несие алып, кәсіп бастады. Сондай-ақ ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы жемісті жалғасын тапты. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыздардың қатары азайды. Жыл басынан бері 3021 азамат жұмысқа орналасты. Жастар тәжірибесі бойынша 1220 маман тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алса, 1419 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, – деді Ғ. Ильясов.
Десе де ауданда әлі де атқарылатын шаруалар жетерлік. Еңбекшіде халық тығыз орналасқандықтан көкейкесті мәселелер де бар. Кездесуде тұрғындар өздерін толғандырып жүрген ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Мәселен, кейбір тұрғын үй кешендерінің талапқа сай еместігі айтылып, «құрылыс компаниялары сыналды. Бұған қоса, балалардың ойын алаңқайларын қалпына келтірудегі кейбір жүйесіздіктер, бірқатар көшелерді тиісінше жарақтандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу, үйлер арасындағы жолдарды жөндеу, кейбір қалаішілік автобустардың жүру жиілігін үйлестіру секілді мәселелер көтерілді.
Жарыссөзге шыққан қалалық мәслихаттың депутаты Еркін Сатқанбаев өз пікір ұсынысын білдірді.
– Бұрын әр көшенің бойындағы аяқ жолда ағын сулар ағып жататын. Асфальт та жоқ. Мектепке баратын балалар жүріп өтетін жол болмайтын. Қазір ауданда ахуал жақсарды. Көшелерге жарық беріліп, асфальт, жүргіншілердің аяқ жолдары салынды. Бірақ ішкі аулаларда жарық, асфальт жолдарда ирригациялық арықтар жоқ. Қаланың кәріз жүйелері ескірген. Жаңғыртуды талап етеді, – деді халық қалаулысы. Сондай-ақ аудан тұрғындары Құралай Андасова, Фарида Ермаханқызы жол, ирригация жүйелерінің қалыпқа келтірілуін сұрады. Ғ. Ильясов көтерілген мәселелерге жауап беріп, ойын алаңқайларының көбейтіліп, аулалар жарықтандырылып, кәріз жүйелерінің жаңғыртылатынын жеткізді. Есеп беру жиынына қатысушылар Ғ. Ильясовтың жыл көлеміндегі жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.
Жүлдемен оралды
Пятница, 15 Январь 2016 06:14Халықаралық байқаудан шымкенттік «Қазына» би ансамблі жүлдемен оралды. Талай додаларда бақ сынап, облысымыздың абыройын қорғап жүрген облыстық Ш. Қалдаяқов атындағы филармонияның шығармашылық өнер ұжымы «Халық биі» бойынша өзгелерді шеберліктерімен мойындатты.
Алматы қаласында алғаш рет өткен «Қазақстанның Розасы» Халықаралық би байқауына 50-ге жуық би топтары бақ сынады. Үміткерлердің өнерін Ресей мен Болгарияның әртістері таразыға салды. Алғашқы халықаралық жоба болғандықтан толқу да, қорқу да болды. Бұл жолғы сайыста да қазыналықтардың жұлдызы жанды. Би билеу шеберлігі мен қойылымдық жұмыстары ерекше деп танылған «Қазына» би тобы үздік екендіктерін дәлелдеді. Ансамбльдің «Шаман» биі көпшіліктің көңілінен шығып, «Халық биі» номинациясы бойынша Гран-приді жеңіп алды. Ал би тобының жетекшісі Зәуре Әжібекова дипломмен марапатталды.
Өнер ұжымның топ жаруы – біріншіден үлкен дайындықтың жемісі болса, екіншіден қыз-жігіттердің жоғары талабы. Байқауда билеріміз ұлттық бояу, халықтық нақышымен ерекшеленді. Ал қазылар алқасы мүшелеріне репертуарымыз ұнады, – дейді би тобының жетекшісі – ҚР Мәдениет қайраткері Зәуре Әжібекова.
Бүгінде би ансамблінде 12 қыз-жігіт бар. Халықаралық, республикалық жарыстардан жүлдесіз оралған емес. Ал би тобының болашағына артылып отырған сенім жоғары. Алдағы уақытта мәдениетімізді дәріптеу бағытында жұмыс істейміз дейді өнер ұжымы.
Соғыс ардагерi – 97 жаста
Пятница, 15 Январь 2016 05:28Еңбекші ауданының әкімі Ғ. Ильясов және қалалық мәслихат депутаты Марат Сапарбаев Ұлы Отан соғысының ардагері Шушик Хачатурянды 97 жасқа толуымен үйіне құттықтап барды. Қарияның амандық – саулығын сұрап, сый – сияпат жасады.
– Біз ардагерлерімізді назардан тыс қалдырған емеспіз. Оларға әрқашан көмек қолын созуға дайынбыз. Ұлы Отан соғысына қатысушылар қатары күн санап азайып барады. Сіздердің ерліктеріңізді ешқашанда ұмытпаймыз, – деді Ғалымжан Молдабайұлы.
Ардагер Шушик Тиграновна 1919 жылы дүниеге келген. 97 жасқа толған ананың қимылы ширақ. Өзі қуатты. Ұлты армян болса да, Қазақстанды екінші отаным деп біледі.
– Менің жадымда жан түршігерлік көріністер мәңгілікке сақталып қалды. Сол кезде көптеген жауынгерлер мен жолдастарымыз неміс бомбасының астында қалды. Соған қарамастан майдангерлер бойындағы күшін сарп етіп, көптен күткен жеңісті жақындатуға үлес қосты, – деп әңгімелейді ардагер ана.
Отан үшін от кешкен майдангерлерге қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Бүгінде Еңбекші ауданында 38 Ұлы Отан соғысының ардагері бар.
Ерлiгi де, еңбегi де еселi
Отан үшін от кешіп, қаһармандық ерліктің үлгісін көрсеткен майдангерлеріміз қаншама?! Олардың әрқайсысының есімі құрметке лайық, өмір жолы – өнеге. Осы орайда Ұлы Отан соғысының ардагерлері Әбдірахман Жиренов, Несіпбай Мамытовты 94 жасқа, Тілеумбет Қожаназаровты 91 жасқа толуымен шын жүректен құттықтаймыз.
Бейбіт болашақ, азат ел үшін шайқасқан, ардагерлеріміздің ерліктеріне бас иіп, құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың парызы. Сіздер біздің тағылым мен ерлікке толы тарихымызсыздар. Себебі, отты жылдары көрсеткен ерліктеріңіз бен тылдағы ерен еңбектеріңіз қазіргі жас буынға баға жетпес тағылым. Қарияларымызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.
Абай, Еңбекші және Қаратау
аудандық ардагерлер кеңесі
Қаңтарда күн суытады
Среда, 13 Январь 2016 06:29Қыс айы басталғалы ауа райы жылы болды. Оңтүстікте жайма шуақ күндер сақталып, ауа температурасы 15-20 градусқа көтерілді. Биыл қыс бола ма, қар жауа ма деген сауал көпшіліктің көкейінде жүр. Алайда «Қазгидромет» РМК ОҚО филиалы Гидрометорталығының мамандары қыс айларының жылдағыдан суық болатынын айтады.
Ауа райын ұзақ мерзімге болжау бөлімінің мәлімдеуінше, қаңтар айының 14-нен бастап қар жауып, жауын-шашын түседі деп күтілуде. Күннің кезекті суытуы екінші онкүндіке және үшінші онкүндікте болады деп болжануда. Оңтүстікте ауа температурасы екінші
онкүндіктің жартысында түнде 15-20, кей жерлерде 25 градус аяз. Күндіз 10-15 градус аязға дейін төмендейді. Ауа температурасы түнде үшінші онкүндікте түнде 15-20 градусты көрсетсе, күндіз 5-10, кей жерлерде 15 градусқа дейін суытады.
Алдын ала болжам бойынша еліміздің басым бөлігінде ақпан айы нағыз қыс айы болады. Қазақстан аймақтарында ай бойы суықтың үш толқыны күтіледі, бұл бірінші онкүндіктің ортасында, екінші және үшінші онкүндіктің бірінші жартысында болуы мүмкін. Термометр көрсеткіштері түнде 20-25, кей жерлерде 30 градусқа дейін төмендейді.
Ел сенiмiн ақтау – парыз
Среда, 30 Декабрь 2015 05:11Төреайым Сұлтанова – қалалық мәслихаттағы белсенді депутаттардың бірі. Ол қаланың дамуына сүбелі үлес қосып, игі бастамаларды жүзеге асырып жүр. Ұлттық идеология мен жас ұрпақ тәрбиесі халық қалаулысының басты ұстанымы. Сондай-ақ, өзі сайланған округтың мәселесін де ұмытпайды. Мереке қарсаңында «Ай нұры» медициналық емханасының директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Төреайым Жолдыбайқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Төреайым Жолдыбайқызы, қаламыздың дамуына бір кісідей атсалысып жүрген азаматшалардың бірісіз. Ер азаматтармен қатар иық тіресе қызмет етудесіз. Өзіңіз басшылық ететін қоғамдық ұйымдардың жұмысы қалай жүріп жатыр?
– Адамға ел сеніміне ие болудан артық мәртебе жоқ. Бойымызда жігеріміз, күшіміз барда неге халқымызға қызмет етпеске?! Халық қалаулысы атануым – кездейсоқтық емес. 2011 жылы қарашада қалалық мәслихатта сайлау жұмыстары басталды. Облыстық icкер әйелдер қауымдастығы №11 сайлау округінен менің кандидатурамды ұсынды. Көңілімнен шыққаны, халық мені қолдады. Таңдаулары маған түсті. Сол үшін сайлаушыларыма алғысым шексіз. Әрине, қай уақытта болсын, сенім жүгі ауыр. Депутат болу абырой мен мәртебе ғана емес. Ол ел, халық алдындағы жауапкершілік. Маған сеніп, жасаған бағдарламама үміт артқан, депутат етіп сайлаған халқымның алдында міндетім биік, ұстанымым бөлек. Сондықтан қолдан келгенше кез келген саланы игеріп әкетуге барымды саламын. Мүмкіндігінше елдің ортасында болып, толғандырып жүрген мәселелерге көңіл аударамын. Негізінде ер-азаматтарымыздың атқаратын жұмысын әйелдер де орындай алады. Әйел, отбасы, қоғам – үшеуі тығыз байланысты. Отбасы мықты болса, қоғам да нығая түседі.
– Сайлаушыларыңызбен кездесіп тұрасыз ба?
– Мен үшін сайлаушыларымның ұсыныс-тілектері өте маңызды. Олардың талаптары жетіп артылады. Халық қалаулысы ел игілігі үшін жұмыс істеуі керек қой. Біз жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатып, тұрғындарды толғандырған мәселелерді шешуге талпынып келеміз. Кездесуден бөлек емханамда әр аптаның сәрсенбі күндері сағат 15.00-ден кешкі 19.00-ге дейін қабылдау жүргіземін.
– Депутат ретінде бүгінге дейін жоспарлаған міндеттеріңіз орындалды ма?
– Ел сенімін ақтадым десем, қателеспеймін. Бюджет арқылы да, өз қаржымнан да ойға алған шаруаларымның біразы жүзеге асты. Қазіргі таңда халыққа қажеттісі таза ауызсу, табиғи газ, жол, жарық, мектеп, балабақша мәселесі. Алайда, мен сайланған округте айтарлықтай өзекті проблемалар жоқ. Мәселен, табиғаттың тосын мінезінен бүлінген үй шатырлары қалпына келтірілді, спорт алаңшалары орнатылды. Шағынаудандағы жол қозғалысындағы автобус мәселелерiн шештік. Енді жолаушылар үйлеріне қиындықсыз жеткізілетін болды. Тағы бір түйткілді мәселе – шағынаудандағы жарық беретін трансформатор жекеменшікте болатын. Тұрғындар төлемақысын пайызбен төлейтін. Бүгінде трансформатор мемлекет меншігіне өтті. Сондай-ақ, шағынаудандарға жарық бағаналары орнатылды. Әлі де қолға алынатын, орындалатын жұмыстар бар. Ал қолымнан келмейтін жұмысқа уәде бермеймін.
– Қаламыздағы қандай мәселені алдыңғы кезекке қояр едіңіз?
– Түйткілді мәселелер жоқ емес. Шымкенттіктердің басым бөлігі жеке секторларда тұрады. Ал үйлер кәріз жүйелерімен толық қамтылмаған. Дегенмен Елбасы тапсырмасымен қаламыздың бас жоспары бекітілді. 2020 жылға дейін даму тұжырымдамасы жасалды. Соған сәйкес болашақта Шымкент үлкен сауда-логистикалық, мәдени-тарихи орталыққа айналмақ. Мұның бәрін қала басшылығы жеке инвесторлардың көмегімен жүзеге асырылмақ. Яғни 2 мың ғасырдан астам тарихы бар қаламыз алдағы жылдары көркейе түспек. Қаланың ұлттық сипатын көрсететін, айрықша мәнге ие боларлықтай жұмыстар қолға алынады деп ойлаймын. Сонымен қатар, біз ең бірінші кезекте үнемшіл болуымыз керек. Дағдарыс деп дағдарып отырмай, етек-жеңімізді жинап, өзімізге есеп беретін кез келді.
– Сіз кәсіпкерлікке ғылымнан келдіңіз. Өзіңіз басшылық ететін «Ай нұры» медицина орталығы заман талабына сай ма?
– Қазір жаһандық жетістіктердің озық үлгілерімен жарақтандырылған жаңа аурухана ашылса, ерекше жаңалық болмай қалды. Қаламызда озық технологиялармен жабдықталған жеке емханалар аз емес. Дәлдік диагностикамен қаруланған, дертке тиімді ем қолданатын медициналық орталықтар бой көтеріп жатыр. «Ай нұры» сондай емханалардың алғашқысы болатын. Мен «Самал» шағынауданында тұратынмын. Ол кездері тұрғындар дәрігерге көріну үшін айлап кезек күтетін. Маған «көпбалалы» отбасыларға емхана ашсам деген ой келді. Сөйтіп өз қаражатыммен емхана тұрғызылды. 5 қабатты нысан заманауи талапқа сай құрылды. Облыстық денсаулық сақтау департаментінен келген мамандар: – Жеке клиникадан гөрі, шағынаудан тұрғындарын осы емханаға әкелейік – деген ұсыныс жасады. Қазіргі таңда емхана 30 мыңға жуық тұрғынға тегін қызмет көрсетеді. 140 маман жұмыс істейді. Яғни емхана биылғы жаңа реформа бойынша қызмет көрсетеді. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында «Ай нұрында» мемлекеттік емханалармен әріптестік қатынас нығайды. Нәтижесінде медициналық қызмет көрсетудің сапасы артты. Сондықтан емханалардың аралас типте жұмыс жасауға ауысуына сенімсіздік білдірудің қажеті жоқ.
– Кәсіпкерлік пен депутаттықты қатар алып жүру оңай емес шығар?
– Адал еңбегіммен ел ықыласына бөленіп жүрсем де, әйелдік борышымды жоғары қоямын. Маған атақ пен мансаптан отбасымның міндеті маңызды. Ал халық арасында қызметтегі әйелдер үй шаруасымен айналыспайды деген пікір қалыптасқан. «Ақсаусақ» деп ойлайтындар да бар шығар... Бірақ менің қарапайым әйелдерден айырмашылығым жоқ. Мен де үй жұмысымен айналысамын. Тамақ дайындаймын. Қым-қуыт тірліктен, шаш-етек жұмыстан шаршап келгенде «кем-кетігімді» толтыратын немерелерімнің барына шүкіршілік етемін. Аналық мейірім дегеннің әйел атаулының ғұмырының мән-мағынасына татитындығын ұғынамын.
– Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз?
– Алға қойған жоспарларым жетерлік. Алдағы уақытта да сайлаушыларымның көкейіндегі мәселелерді көтеріп, облыс пен қаламыздың әрі қарай дамуына үлесімді қосқым келеді.
– Келе жатқан Жаңа жылға тілегіңіз?
– Шымкенттіктерді келе жатқан Жаңа жылдарымен құттықтаймын. Келер жыл баршаңыздың шаңырағыңызға бақ-береке, табыс, қуаныш алып келсін. Алға қойған барлық жоспарларыңыз орындалып, арман-үміттеріңіз ақталсын. Жанұяларыңызға зор денсаулық, бақыт, қызметтеріңізге шығармашылық өрлеу мен абырой тілеймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ
Балаларға базарлық
Среда, 30 Декабрь 2015 04:14Қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығында Шымкент қаласы әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтті. Қайырымдылық шараға қала мектептерінен 135 бала қатысты.
Жасыл шырша жанына жиналған балаларды құттықтауға қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, қала әкімдігінің ызметкерлері, қалалық мәслихаттың депутаттары келді.
– Қымбатты балалар, құрметті қонақтар! Сіздерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын. Өздеріңіз білесіздер, ең көп күтетін, ең керемет мереке ол жаңа жыл. Ал ел ертеңі – балаларға Елбасы ерекше көңіл бөледі. Жас өркендердің бақытты балалық шағы – бейбіт өмірдің бейнесі. Жаңа жыл барлығыңызға жаңа табыстар әкелсін! – деді
Қ. Нұртай.
Балалар «Жібек жолының жаңа жылдық ертегісіне» саяхат жасап, «Айгөлек», «Еркетай» ансамблінің орындауындағы мерекелік бағдарламаларды тамашалады. Мереке соңында жаңа жылдық шыршаға қатысқан балаларға қала әкімінің сыйлығы таратылды.
Балаларға бақыт сыйлады
Пятница, 25 Декабрь 2015 07:50Қалалық оқушылар сарайында Әл-Фараби ауданы әкімінің шыршасы өтті. Жаңа жылдық думанға мүмкіндігі шектеулі және аз қамтамасыз етілген отбасыларынан 250 бала қатысты. Ертегі кейіпкерлерінің театрландырылған қойылымы балдырғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Аудан әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев мерекемен құттықтап, өтіп бара жатқан жылдың жалпы еліміз үшін барынша жемісті болғандығын, балалар үшін барлық жағдайлар жасалып, мектеп, балабақша, денсаулық, спорт нысандары салынып жатқандығын атап өтті.
– Игі істердің барлығы Отанымызды сүйетін, нағыз мықты азамат болып шығу үшін жасалып отыр. Баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тілеймін. Ел ертеңіне бағытталған жолдарыңыз нұрлы, болашақтарыңыз баянды болғай, – деді.
Ал жиналған өрендер Аяз ата, Ақшақар және ертегі кейіпкерлерімен бірге ән салып, би биледі. Шырша шамы жағылып, балаларға сыйлықтар үлестірілді.
Сондай-ақ оқушылар сарайында Еңбекші ауданы әкімінің аппаратының да жаңа жылдық шырша мерекесі ұйымдастырылды. Салтанатты шараға аудандағы 35 мектептен 300 бала шақырылды. Олардың басым бөлігі көпбалалы отбасының балалары. Араларында оқу озаттары да бар. Ал мереке көрігін мектеп оқушыларының өздері қыздырды. Ертегі кейіпкерлерімен бірге қиял-ғажайып әлеміне енді. Осылайша өрендер асыға күтетін мерекесін естен кетпестей тойлады.
Ардагерлерге жүктелер жауапкершiлiк жоғары
Пятница, 11 Декабрь 2015 07:26Сейсенбі күні Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің кезекті XI конференциясы өтті. Басқосуға қала әкімінің орынбасары Г. Құрманбекова, қалалық мәслихаттың хатшысы Н. Бекназаров, ардагерлер бастауыш ұйымдарының делегаттары мен мекеме басшылары қатысты.
Жиында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбаев 5 жылда атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Биылғы жыл ел үшін маңызды: Елімізде Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы сынды айтулы даталар аталып өтті. Іс-шаралар барысы мерзімді баспасөз басылымдары мен электронды ақпарат құралдарында үздіксіз беріліп, ұлы тұлғалардың есімдері ұлықталды. Аудандық, қалалық кеңестің ардагерлер ұйымы сүбелі үлестерін қосты.
И. Рысбаевтың айтуынша бұл жүйелі жұмыстың нәтижесі. Сонымен қатар төраға алдағы міндеттерді екшеді. Конференцияда ардагерлер кеңесі жанынан құрылған ревизиялық комиссия да есеп берді. Белгілі болғандай қалалық бюджеттен бөлінген қаржы толық игерілген. Жарыссөзге шыққан ардагер Айтымбек Құмарбеков, Еңбекші ауданының ардагерлер кеңесінің мүшесі Шарапат Құрманбекова қалалық кеңестің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.
– Қазір ардагерлер кеңесінің жұмысы жүйеленді. Биылғы жылға белгіленген іс-шаралар ойдағыдай орындалуда. Дегенмен әлі де қыруар істер бар. Шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Көптеген ардагерлер өз ұйымдары туралы білмейді. Есепке алынбағандар да кездеседі. Біз бірде-бір ардагердің есептен тыс қалмауын қатаң қадағалаудамыз. Сондықтан Тәуелсіздігімізді мәңгілік баянды етуде аға буынға жүктелер жауапкершілік жоғары. Ең бастысы, ардагерлеріміз осы парызды терең сезінеді – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов.
Конференцияда атқарылған жұмыстар қорытындыланып, ұсыныс-пікірлер білдірілді. Ардагерлерге көрсетілген көмектер жайы да назардан тыс қалмады.