Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Пятница, 10 Июль 2015 06:35 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 5894 раз

Қала әкімі білім
ошақтарындағы құрылыс
жұмыстарымен танысты

Қала мектептерінде жаңа оқу жылына дайындық жаздың алғашқы күндерінен-ақ басталған. Бүгінде 6 білім ордасы мен 7 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.


 MG 7452Білім ошақтарындағы құрылыс жұмыстары қатаң бақылауға алынған. Құрылыс сапасы, барлық деңгейдегі жұмыстардың белгіленген кестеге сай жүргізілуі басты назарда. Осы орайда, Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мектептерді аралап, құрылыс жұмыстарының жай-жапсарымен танысты.
Қала әкімі алдымен А.П. Чехов атындағы №21 жалпы орта мектепте болды. Құрылысшылар қызу жұмыс үстінде. Мектептің іші мен сыртқы қабырғалары сыланып, едені мен есік-терезелері ауыстырылуда. Жөндеу жұмыстарына жауапты компания басшылығы атқарылып жатқан іс бойынша баяндап, құрылыс сапасына ерекше мән беріліп жатқанын мәлім етті. Сондай-ақ, келесі нысан – 1974 жылы  пайдалануға берілген Б. Момышұлы атындағы №44 мектепте де күрделі жөндеу жұмысы қарқын алған.
– Мектептің жөндеу жұмысына 289 миллионнан астам теңге бөлінген. Мердігер компания – «Стройсервис Ernur-К» ЖШС-і. Қазір мұнда 170 жұмысшы бар. Құрылыс жұмыстарының ауқымы үлкен. Негізі тамыздың 25-іне дейін аяқтау жоспарланған. Мердігер компания қажет болған жағдайда  жұмысшыларын түнгі ауысымға шығарып, аяқтауға уәде беріп отыр, – дейді мектеп директоры Зүлфия Серікқызы.

 MG 7462Қала әкімі сондай-ақ, Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында, Т. Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясында, А. Макаренко атындағы №41 мектеп-лицейде болып мердігер компания басшылары мен мектеп директорларына жұмысты сапалы атқарып, қажет болса жұмысшылардың санын арттыру жөнінде тапсырма берді.
– Ең бастысы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінде аяқталуына мән беру керек. Егер бұл талаптар мердігер компаниялар тарапынан орындалмайтын болса, біз түзілген келісім-шартты бұзуға мәжбүрміз, – деді Дархан Амангелдіұлы жұмыстың маңыздылығын түсіндіріп.
 Өткен жылы Шымкент қалалық білім бөліміне қарасты 29 мектеп пен 8 балабақша күрделі жөндеу жұмыстарынан өткен болатын. Биыл да мұндай жұмыстар қала әкімінің қатаң қадағалауында тұр.
– Мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүріп жатыр. Барлық мектеп пен балабақшалардағы жұмыстар 25 тамызға дейін бітіп, жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдауға дайын болуы тиіс, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мәдиев журналистерге берген сұхбатында. 

Последнее изменение Пятница, 10 Июль 2015 08:01