ҰБТ – шынайы бiлiм көрсеткiшi

Пятница, 12 Июнь 2015 05:50 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 5744 раз

Шымкент қаласы бойынша орташа балл – 81,8

"Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап" (Абай). Биылғы мектеп түлектерінің барлығы дана Абайдың тәрбиелік мәні зор өлеңдерін оқығаны анық. Алайда, өлеңнен өнеге алып, жадында сақтағандары аз секілді... Өткен жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша газетімізде жарияланған сараптамалық мақала осылай басталған екен. Арада жыл өтсе де ұлы Абайдың ұлағатты сөзін мектеп оқушыларының есіне жиі салып отыру қажет-ау, деген ойға келдік.

ubt11Өйткені, басты білім сынағы кезінде ұялы телефонның, «шпаргалка» аталатын көмекші құралдың, есептегіш, тіпті рация көмегін пайдаланғысы келгендердің әлі де көп екені мәлім болды. Дегенмен, тестілеу орталықтарындағы арнайы қондырғылар оларды қолдануға мүмкіндік бермеді. Бүгінде ҰБТ бойынша толық қорытындылар жария етіліп, оқушылардың білім деңгейі бойынша көрсеткіштер жария етілді. Мысалы, республика бойынша орташа балл-79,4 болды, яғни 2014 жылмен салыстырғанда (76,9) 2,5%-ға жоғары. Сондай-ақ, осы жылы 100 балдан жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар саны 2,4%-ға өскен, олар-14 420 (17,4%), 2014 жылы – 13 137 (15%). 50 балдық шекті деңгейлік балды жинаған түлектер саны 4,5%-ға көбейді, яғни 67 497 оқушы (81,4%), ал 2014 жылы олардың саны 67357 (76,9%) еді. ҰБТ қорытындысы бойынша ең жоғары 125 балды 5 оқушы алды. Олардың арасында Түлкібас ауданының үш тілде оқытылатын дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлегі Лаура Абдазимова да бар.
Оңтүстік Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша 604 үміткер «Алтын белгі» иегері атанды. Биылғы жылы 30982 мектеп бітірушінің 71 пайызы тест тапсырған. Орташа балл – 78,7. Оның ішінде 16924 бітіруші немесе бітірушілердің 93,5 пайызы шектік деңгейден өтіп жоғары оқу орнына түсуге толық мүмкіндік алса, 3398 бітіруші 100 балдан жоғары көрсеткішке ие болған. 124 балды - 5 оқушы, 123 балды - 22 оқушы жинапты. Облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшысы А.Елшиеваның мәлімдеуінше, ҰБТ қорытындысы бойынша Кентау, Түркістан қалалары мен Созақ ауданының түлектері жоғары нәтиже көрсетіп, үздік үштікке еніп отыр. Жалпы өңірдегі білім сапасын арттыруда ілгерілеушілік бар. Мысалы, соңғы төрт жылда облыстың орташа балы 11,8 балға жоғарылап, «Алтын белгі» саны 366-ға артқан. Тест тапсыруға ниет білдірген 18112 бітірушінің 96-сы халықаралық олимпиада мен ғылыми жобалар жарысының жеңімпаздары ретінде тест тапсырудан босатылған.
Шымкент қаласындағы мектептер де білім беру сапасын арттыруды басты міндет етіп айқындағаны анық. Әзірге бізге берілген мәліметтерге жүгінсек, Шымкент қаласы бойынша 3949 түлек бақ сынаған. «Алтын белгіге» үміткер 156 оқушының 80-і білімдерін растаған. Айта кетелік, өткен жылы Шымкент қаласы бойынша «Алтын белгіге» үміткер 213 оқушыдан өз білімін 99 оқушы дәлелдеген болатын. Сондай-ақ, биыл 41 түлек «Үздік аттестатқа» ие болды. Орташа балл – 81,8, бұл көрсеткіш өткен жылы 80,1 еді. Қала мектептерінің арасында №7, 23, 38, 47, 65, 90 білім ордалары үздік нәтиже көрсетті.