ОҚМУ-да «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылады Избранное

Пятница, 23 Ноябрь 2018 05:14 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 908 раз

Орта Азия елдерінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филиалдарын ашу жоспарлануда. Бұл туралы оқу орнының ректоры Дария Қожамжарова журналистермен өткізген жиында мәлімдеді. Бұған қоса университетте ұлы тұлғаның өмірі және шығармашылығын жете тануға жетелейтін «Мұхтартану» пәні енгізілмек. Жаңа қызметке келген басшы жуырда өтетін университеттің 75 жылдық мерейтойына дайындық барысымен де бөлісті.

120

 

Оқу ордасының мерейтойы еліміздің және шетердік жоғарғы оқу орындарының ректорлары кеңесімен басталмақ.
Д.Қожамжарованың айтуынша, алғаш рет қолға алынып отырған кеңеске елімізден – 45, Орта Азия елдерінен 8 ректор қатысады деп күтілуде.
– Бұл Кеңесте оқу жүйесін жаңғырту мәселесі, академиялық ұтқырлық бағдарламасына байланысты жаңа тұжырымдама және болашақтағы жоспарлар қарастырылады. Мысалы, біздің оқу ордамызда 90 мамандық бар десек, оларды әр бағытқа бөле отырып, Орта Азия мен Қазақстанның өзге қалаларынан филиалдар ашуды жоспарлап отырмыз, – деді университет басшысы.
Ректордың қолға алған тағы бір ауқымды жаңалығы – оқу ордасында білімгерлер орталығы ашылмақ. «Бір терезе» қағидасы тәжірибесін негізге алатын бұл орталықта бір мезетте 40-50 студенттің қызмет алуға мүмкіндігі бар. Д.Қожамжарова цифрланған орталық қызметі арқылы студенттің білім алуы, сабаққа қатысуы, емтихан нәтижелері бақыланып, қажетті құжаттарына да қол жеткізуіне болатынын айтады.
Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының алдында қоғамға қажет мамандық даярлау мәселесі тұрғаны белгілі. Республикада үздік жоғары оқу орындарының қатарына енетін Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде де бұл мәселе бойынша іс-шаралар атқарылуда. Нақты айтқанда, шымкенттік оқу орнында соңғы алты айда 7 жаңа мамандық ашылды.
– Еңбек нарығын зерттей отырып кеден ісі, экономика және құқықтану тарих секілді мамандықтарға сұраныс жоқ екені зерделенді, ол мамандықтарды жауып, ауыл шарушылығы, техникалық, туризм бағытындағы және дуальды жүйеде оқытылатын мамандықтарды аштық, - дейді ректор.
Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұлтымыздың тарихын танып, мақтаныш етіп, ерлігін-өрлігін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде бірлесе жұмыс атқаруға шақырып отыр. Оқу ордасының ұжымы бұл бағыттағы тағылымды жұмыстарды бастап та кетті.
– Мемлекет басшысы ұлы, тарихи тұлғаларды мақтан тұту, дәріптеу және жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуды ұсынды. Осы мақсатта университетімізде «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Жаңадан ашылатын орталық ұлы жазушының өмірі, шығармашылығын танып-білу арқылы жастардың патриоттық сезімін арттыруды көздейді. Бүгінде университетте 20 мыңнан аса студент білім алуда. Ендеше, біздің әр студент Мұхтар Әуезовты жете тануы тиіс,-деген ректор әр факультетте «Мұхтартану» пәні енгізілетінін жеткізді.
Сонымен қатар университеттің қасбетіне таяу күндері М.Әуезовтың биіктігі 5,3 метрді құрайтын ескерткіші қойылмақ.

Последнее изменение Суббота, 24 Ноябрь 2018 13:59
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.