Шымкент қаласындағы саңырау балалардың №1 мектеп-интернатында 201 бала білім алуда. Мүмкіндігі шектеулі оқушылар интернатқа 2 сыныптан бастап қабылданады. Оқушылардың бойындағы талантын ашуға басымдық беретін білім ошағында бүгінде спорт шеберлері, қолөнерші, суретшілер аз емес. Жақында білім беру мекемесінің тыныс-тіршілігімен және дарынды балалардың жетістіктерімен танысып қайттық.

 DSC9012

Әлемдегі ең үлкен бақыт – адамдардың бір-бірімен тілдесу бақыты. Дүние жүзінде 360 миллиондай естімейтін жан бар, ал Қазақстанда олардың саны 150 мыңға жуықтайды. Өңірімізде осындай мүмкіндігі шектеулі жандардың орта білім алып, кәсіп иесі атануына даңғыл жол ашатын жарты ғасырлық тарихы бар Шымкент қалалық саңырау балалардың №1 мектебі жұмыс істейді. Мектепте есту қабілеті төмен балаларға білім берумен қатар түзету-дамыту жұмыстары, психологиялық-әлеуметтік көмек беру арқылы тұлға болып қалыптасуына, қоғамға бейімделуіне көмектеседі. 

– Жалпы білім беретін мектептерде балалардың толыққанды білім алуына мүмкіндігі мол. Олар білімін дамытуда түрлі олимпиадалар мен үйірмелерге қатысады, ата-аналардың көмегімен мектептен тыс мекемелерге баруына жағдай жасалады. Бізде оқушылардың мүмкіндігі шектеулі әрі қоғаммен байланысы аз болатынын ескере келе баланың бойындағы дарынын ашуды алдымызға міндет етіп қойдық. Осы мақсатта олардың өнері, шығармашылық талантын танытуды, интернаттың базасында қалып қоймауын ескеріп, көркемсурет мектебі, спорт мектептері, «Ақ барыс» спорт клубымен келісім-шартқа тұрдық. Қазіргі күні оқушыларымыз сабақтан тыс уақытында сол мектептердегі үйірмелерге қатысады, – дейді Шымкент қалалық саңырау балалардың №1 мектеп-интернатының директоры Айкерім Ұзақова.

 DSC8965

Мектеп басшысы Айкерім Мұсақұлқызының қолға алған бастамасы жақсы нәтижесін көрсеткен. Қазіргі таңда мектеп базасында мүмкіндігі аз балалар сурет, қолөнер, шахмат, тенниспен айналысады. Бұдан бөлек грек-рим күресі, еркін күрес, шағын футбол, жүзуге барады. Осы үйірмелерге қатысып, талмай жаттыққан балалар халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанған. Мысалы, 10 сынып оқушысы Оразбай Бақдәулет еркін күрестен спорт шебері атанса, Дінмұхамед Аманылла, Азамат Нұржанұлының салған суреттері мен жасаған қолөнер бұйымдары көрмеге қойылып, лайықты бағасын алған. Саңырау балалар мектебінде ән-биге бейім өнерпаздар республикалық деңгейдегі жарыстардың бәйгесін берген емес. Ым-ишара арқылы ән айтудан дәстүрлі «Жұлдызай» фестивалінде биыл «Бәйтерек» тобы «Атамекен» әнімен І орынға ие болған.

 DSC8971

Министр Дүйсеновадан алғыс алған

– Мектеп-интернатта білім алып жатқан оқушылар арасында белсенді, спортқа жақын, он саусағынан өнері тамған шебер жасөспірімдер баршылық. Олар қоғаммен көбірек араласып, бойындағы ерекше қасиеттерін паш еткісі келеді. Біздің де діттеген мақсатымыз осы болатын, – деді мекеме басшысы.

Жуырда Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Астана қаласында өткен әлеуметтік қызметкерлер форумында ән айтқан аталған мектептің 7 оқушысына өз қолымен алғыс хат табыстады. Министр Ерсұлтан Ұлық, Азамат Исабек, Жағаппар Мамут, Салтанат Оразбек, Шаһзат Құлтай, Сұлтанбейбарыс Сансызбай, Бану Әсілханның талантына тәнті болып, өзгелерге үлгі болуға тілектестік білдіріпті. 

 DSC8904

Айкерім Мұсалықызы мектептегі белсенді оқушылар жыл сайын «Балдәурен» сауықтыру орталығында демалып қайтатынын атап өтті.
– Биыл «Оңтүстік цирк», орыс драма театры әртістерінің өнерін тамашалауға, «Мега», «Шымкент плаза» ойын-сауық орталықтарының басшылары балаларымыздың демалуына жағдай жасап, демеушілік көрсетті. Оларға алғыс білдіреміз, – дейді мектеп директоры.

 

Өнерлінің өрісі кең

Аманылла Дінмұхамед - мектеп-интернаттың 10 сынып оқушысы. Сурет салады және бала кезінен ұлттық қолөнер бұйымдарын жасауға ынтасы болған. Еңбек пәнінің мұғалімі Сабыржан Әріпбаев баланың қасиетін ұштауға тырысады. Сондықтан көркемсурет мектебіндегі үйірмеге жазады. Бүгінде ұстаздардан тәлім алған шәкірттің қолынан шыққан бұйымдар облыс деңгейіндегі көрмелерге қойылған. Сондай көрменің бірінде Дінмұхамед ағаштан ойып жасаған қазақтың қара домбыра композициясын облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа тарту еткен.

 DSC8981

– Бойымдағы суретшілік өнер әкемнен дарыды. Ал оны дамытуға көмектескен мектеп-интернаттағы, көркемсурет мектебіндегі ұстаздарыма рахмет айтқым келеді. Болашағымды оқып-үйренген өнер саласымен байланыстырғым келеді, – дейді талантты жас.

 

Мамандық алуда қиындық бар...

Шымкентте құлағы естімейтін балаларға орта білім беретін екі ғана мекеме бар. Оның бірі – саңырау балаларға арналған №1 мектеп-интернат. Мүмкіндігі шектеулі балалар мұнда 10 сыныпқа дейін оқиды. Айкерім Мұсақұлқызы осы тұста олардың ары қарай кәсіптік немесе жоғары білім алуға мүмкіндігі бола бермейтінін айтады. Тек Шымкентте мемлекеттік грант есебінен №4, №5 колледжде ұлдар үшін – бағдарламашы, қыздар үшін – дизайнер мамандығымен білімін жалғастырады. Өзге жоғару оқу орындарында, колледждерде сурдо аудармашы маманның жоғынан кәсіп үйрене алмайды. 

 DSC8928

– Ата-аналар мүмкіндігі шектеулі балаларының мектепті тәмамдаған соң дәл қазіргі қоғамға қажетті кәсіпке баулитын мамандықта оқығанын қалайды. Әзірге, жаңа айтып кеткенімдей, бағдарламашы мен дизайнерлерді ғана дайындайды. Кондитерлік салада, шаштараз, тігінші, машығына қарай қолөнермен айналысуда мемлекеттен гранттар бөлініп, мамандар дайындап, саңырау балаларды кәсіпке баулыса деген ұсыныс бар. Қоғамнан сырт қалмай, меңгерген кәсібін кәдеге жаратса дұрыс болар еді деп сұранып келетін ата-аналар көп, – дейді мектеп басшысы. 

Тарихқа үңілсек, құлағы естімейтін жандар арасынан әлемдік деңгейде танымал тұлғалардың шыққанын білеміз. Айталық, испандық суретші Гойя, әйгілі Циолковский және құлағы естімеудің азабын тартса да ұлы сазгер Бетховен 5 симфония жазған екен. Расында, мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіпті игеруіне жағдай жасалса, олардың арасында Қазақстаннан да әлемдік деңгейдегі таланттылардың шықпасына кім кепіл?

 

Дайындаған
Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ

Опубликовано в Әлеумет
Среда, 13 Декабрь 2017 05:28

Тәртіп пен білім ұясы

«Тарихқа құрмет, болашаққа бағдар».№68 жалпы орта мектепте осындай атаумен тарих және география апталығы өтуде. 5-15 желтоқсан күндері аралығына жоспарланған шара аясында сыныптан тыс «Туған жерге туыңды тік»,«Алаш қозғалысына – 100 жыл»,«Адам және оның құқықтары», «100 кітап оқы»тақырыптарында ашық және тәрбие сабақтары, дөңгелек үстелдер, интеллектуалдық сайыстар ұйымдастырылуда.

01001

– Елбасының «Құқықтық жаппай оқытуды жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы» жарлығына орай мектебімізде тәрбие сағаттары өткізілуде. Оқушылар осы арқылы патриоттық сезімдерін қалыптастырып, құқықтық білімдерін толықтыра алады, – дейді мектептің әлеуметтік педагогы, құқық пәнінің мұғалімі Сандуғаш Сайлауқызы. 

Сонымен қатар, апталық аясында ата-аналар форумы өтті. Оған Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұркөз Жаңабаев, «Нұр Отан партиясы Шымкент қалалық филиалының мүшесі Бердіқұл Исаұлы, қалалық білім бөлімінің баспасөз хатшысы Гүлбану Әбдіғаппарқызы және ата-аналар қатысты. 

IMG 9173

Шара барысында ұстаздар оқушылардың тәртіп, тәрбиесі жөнінде және мектеп-оқушы-ата-ана арасындағы байланыс туралы мағлұмат берді. Сондай-ақ, жанұядағы зорлық-зомбылық, оқушы, мұғалім, ата-аналардың құқықтары түсіндірілді. 

– Бала тәрбиесі – барлығымызға ортақ тақырып. Олардың болашағына біз жауаптымыз. Ата-аналар, ұстаздар барынша тиімді жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда мектебімізде ешқандай оқушы құқықтық, әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған және еш жерде тіркелмеген. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуы тиіс, – деді мектеп директоры Құрбанәлі Кенжебаев. 

IMG 9184

Жалпы соңғы уақытта №68 жалпы орта мектебінде атқарылып жатқан жұмыстар көз қуантарлық. 2010 жылы пайдалануға берілген алтын ұяда 1000-нан аса оқушы тәлім алуда. Ал оларды 100-ден аса ұстаз білім нәрімен сусындатып келеді. Басым бөлігі жоғары санатты. Солардың бірі, физика пәні мұғалімі – Мырзабекова Махабат. Ол облыстық, қалалық деңгейдегі І дәрежелі алғыс хат, диплом иегері. І санаттағы ұстаз. Жуырда ғана қазақ-түрік лицей базасында білімін жетілдіріп келді. Бұдан бөлек, Жандос Әлжанов, Әсел Ноғайбайқызы, Аслыбек Батырұлы, Айдана Мейрбекқызы секілді оқытушылардың есімін ерекше атап өтуге болады. 

– Мектебімізде күрес, шахмат, робототехника, саз мектебі, бокс, дзюдо, волейбол, баскетбол, футбол үйірмелері жұмыс істейді. Оқушыларымыздың арасындахалықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп үлгергендер бар. Ал жылыжайда түрлі жемістер өсіріліп ғылыми жұмыстар қорғалады. Онда қызанақ, қияр, көкпияз, аскөк, шалғам, ақжелкен секілді көкөністер егіліп, өнім алынуда,–дейді директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Әскербекқызы. 

IMG 9157

«Азат» шағынауданында осыған дейін үш мектеп болған. Кейіннен барлығын біріктіріп осы №68 мектеп салынған. Қазір шағынауданда халық саны мен тұрғынүйлер көбейіп, қалаға біршама жақындап қалған. Шағынауданда көпбалалы, жағдайы төмен отбасылар бар. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылады. Биыл 100 оқушыға қажетті көмек көрсетіліпті.

Апталық жалғасуда. «Рухани жаңғырумен» бастау алған іс-шара Тәуелсіздік күнімен қорытындыланады. Айта кетейік, жуырда мектептің 120 оқушысы облыстағы тарихи маршруттар бойынша және көне Шымкент шаһарына саяхатқа шығып қайтты.

Опубликовано в Білім
Среда, 13 Декабрь 2017 05:03

Мектепке – ашық конкурспен

Шымкентте жаңадан ашылғалы тұрған №130 жалпы орта мектептің директоры ашық конкурспен тағайындалды. Конкурсқа барлығы 12 үміткер қатысты.

asyq konkurs-2

Үміткерлердің еліміздің заңдарын қаншалықты білетіні, құқықтық нормативтік құжаттар, ұжымды басқарудағы, оқу әдістемелік процесін жақсарту жолындағы біліктілігі сарапқа салынды.

Нәтижесінде басшылық лауазымға комиссияның барлық сұрақтарынан сүрінбей өткен Нұрлан Мырзатаев лайықты деп танылды. Ол бұған дейін №51 Төлеби атындағы орта мектептің, №25 Т. Рұсқұлов атындағы мектеп-гимназиясының директоры лауазымдарын атқарған.

Опубликовано в Әлеумет

Биыл Шымкент қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы №35 жалпы орта мектеп өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы уақыт аралығында аталған білім ордасының ұстаздары қаншама шәкіртті білім нәрімен сусындатып, түрлі жетістіктерге жеткізді. Мектеп маңынан ашылған «Балапан» шағын орталығы да жемісті еңбек етіп келеді. Талапты мұғалімдер мен талантты оқушылар ордасына айналған, тарихы терең мектептің директоры Айжан Бершімбаевамен сұхбаттасқан едік.

DSC 1883

– Айжан Серікбайқызы, мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын! Сұхбатымызды мектептің тарихынан бастасақ... 

– Рахмет! Мектебіміз 1977 жылы ашылған. Өткенге үңілсек, өте тәжірибелі педагогтар еңбек еткенін байқаймыз. Мәселен Владимир Ким, Анна Кузнецова, Николай Александрович, Шахар Әбдраймова, Гүлфарида Сапарбаева және тағы басқалар. Бұл ұстаздардың осы білім ордасының имиджін қалыптастыруда атқарған еңбектері зор.

– Қазір қанша мұғалім қызмет етеді? Олардың деңгейлері қандай? 

– Мектебімізде 130 мұғалім қызмет етеді. Қазір де білікті мамандарға кенде емеспіз. Ұстаздарымыздың 70 пайызы жоғары санатты. Олар «Кембридж» бағдарламасы бойынша деңгейлік оқудан өтті. Осыған орай мектебімізге Лондоннан арнайы мамандар келіп, жұмысымызға жоғары беріп, сертификат табыстады.

DSC 1953

Қазір қалада 40-қа жуық лицей-гимназия мектеп бар. Оларда іріктелген балалар оқиды. Ұстаздарымыз қаладағы ең білікті әрі үздік мұғалімдер қатарында. Олар осындағы сабағынан бөлек мүгедек балалардың үйіне барып дәріс өтеді. Мемлекет тарапынан мұндай мұғалімдерге ешқандай қосымша көмек қарастырылмаған. Соған қарамастан олар өз ісінің нағыз патриоты.

 

– Сондай ұстаздарды атап өте аласыз ба?

– Мәселен, Ольга Николаевна. Ол қаладағы мұғалімдер арасында биологиядан ең жоғары көрсеткішке ие. 30 сұрақтан 30 ұпай жинады. Сондай-ақ, қазақ тілі пәні мұғалімі Серік Төлендиев. Ағылшын тілі ұстазы Жұбат Сахиевна.. Бұл ұстаздардың шәкірттері де өздері секілді, түрлі республикалық, халықаралық дәрежедегі білім сайыстарында жүлделі орындарға ие болуда.

IMG 4722

– Оқушыларыңыздың қандай жетістіктері бар?

– Қазір мектепте 2000 оқушы білім алады. Жыл сайын бұл көрсеткіш өсіп келеді. Саннан сапаға көшіп келеміз. Үлгілі оқушыларымызға келер болсақ, мәселен, Айбек Байдуллаев деген шәкіртіміз Францияда математика пәнінен өткен жарыста 2 орын иеленді. Ал Ораз Ақжарқын 

«Қазақстандағы уран өндірісінің қоршаған ортаға және аумақтың тіршілік қауіпсіздігіне тигізетін әсерінің экологиялық мәселелері» тақырыбында облыстық ғылыми жобада бірінші орыннан көрінді. Жуырда үш оқушымыз республикалық «Зерделі» сайысында 1 орын алды. Және қаладағы «Өнер фестивалінде» бас жүлдеге ие болды. 

DSC 1920

Сонымен қатар биылдан бастап робот техникасы үйірмесі ашылған болатын. Осы уақыт ішінде екі рет халықаралық жарыста екінші орынға қол жеткіздік. Мектептегі шаралар Елбасының «Бірлігіміз жарасқан» бағдарламасы аясында жүргізіледі. 

Бұлардан басқа 10-ға жуық спорт үйірмесі бар. Барлығы тегін. Бұл бағытта да жетістіктеріміз аз емес. Мысалы, Нұрсан Айбол дзюдодан, Данара Тұрматова аквадроннан, Динара Муминова қол добынан спорт шебері, Ли Наташа каратэден халықаралық спорт шебері.

Биыл мектебіміздің 40 жылдық мерейтойы үлкен көлемде тойланды. Оған қалалық, облыстық білім басқармаларынан, әскери бөлімшелерден, ішкі саясат, мемлекеттік емес ұйым қызметкерлері қатысып, алғыс хаттар табыстады. Осы марапаттардың астарында Мәншүк Мәметова есімі тұр. Біз осындай жетістіктеріміз бен игі істеріміз арқылы қазақтың батыр қызын әлемге таныта аламыз.

 

– Мәншүк Мәметова есімі оқушылар мен ұстаздарға қаншалықты шабыт береді?

– Мектебімізде М.Мәметоваға арналған бұрыш бар. Ондағы ақпараттарды оқушылар мен ата-аналар жинастырған. Ал «Ерлікке тағзым» деген бұрышта оқушылардың «Мәншүк апаға арнау» деген өлеңдері мен шығармалары жиналған. Сондай-ақ, «Мәншүк» деп аталатын газет және сайтымыз бар. Осылардың өзі оқушылардың қазақтың ержүрек қызына деген ерекше ықыласын көрсетеді. Жуырда ҚР білім беру ісінің үздігі, Ақтөбе педагогикалық институтының құрметті профессоры, “Қос шынар” Әлия-Мәншүк қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес мектебімізге кітабын сыйлап, алғыс хатын табыстады.

DSC 1976

Жалпы Мәншүк Мәметованың тағдыры ерекше. Оны ұрысқа Жамбыл Жабаевтың өзі Алматыдан шығарып салған. Соғыста Нұркен деген ғашығы болған. Екеуі бір уақытта қайтыс болыпты. Осының өзіне ерекше кино түсіруге де болады. Жыл сайын Әлия Молдағұлованы Ресейде де ерекше еске алады. Оның атында мектеп, көше бар. Мәншүк Мәметованың да есімін солай құрметтеп, қастерлеуіміз керек.

 

– Мектеп маңынан ашылған шағын орталық жұмысы қалай жүріп жатыр? 

– Мектебімізде «Балапан» шағын орталығы жұмыс істейді. Ашылғанына 7 жыл болды. Ондағы 4 топта 70 бала бар. Әр топта 15-20 бала тәрбиеленеді. Бірқатар мұғалімдеріміз, дәрігерлеріміз мектепте де, орталықта да қызмет етеді. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін, ән-күй, денешынықтыру сабақтарын өтеді. Бастауыш мұғалімдеріне балаларды осы орталықтан алған тиімді. Өйткені осында барлығына үйреніп қалады. Тек тамағына ғана 10 мың теңге төлейді. Ас мәзірі көрсетілген кесте бойынша беріледі.

– Рахмет!

Опубликовано в Білім
Пятница, 08 Декабрь 2017 05:04

Тіл үйренушілерге – тәлімді орда

Бүгінде Шымкент қаласындағы мемлекеттік мекемелердің барлығында іс-қағаздары толық қазақ тілінде жүргізіледі. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуімен қатар ағылшын және орыс тілін меңгеруге шымқалалықтардың сұранысы артқан. Сонымен бірге ересек жастағылар жаңа инновациялық технологияларды пайдалана отырып аз уақыт ішінде тіл білу мүмкіндігіне ие болған. Бұл нәтижелі жұмыстар Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының 20 жыл ішінде қол жеткізген жетістігі деуге болады.

Қазақстандағы тұңғыш орталыққа - 20 жыл


IMG 1502

1997 жылы «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығы» болып құрылған мекеме 20 жылдық тарихты артқа тастады. 2009 жылы «Шымкент қалалық қазақ тілін оқыту, салт-дәстүрді және өнерді насихаттау орталығы» деп атауы өзгертілсе, 2012 жылы «Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі болып қайта құрылады. Орталықтың атауы қанша рет өзгерсе де халыққа көрсететін қызметі айқын. Ол облыстық, қалалық мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің қызметкерлеріне, жеке азаматтарға қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытуды ұйымдастырып, тілдерді үйрену мен іс-қағаз жүргізуге қажетті көмекші әдістемелік оқу құралдарын әзірлеу. 

– Осы жылдар аралығында бұл орталықта 20 мыңнан астам азамат оқып шықты. Әрине, тоқсаныншы жылдардың аяғында жұртшылық тарапынан мемлекеттік тілді үйренуге деген ықыластың басымдығы байқалса, 2000 жылдан бері қазақ, орыс тілдерімен бірге ағылшын тілін меңгеруге деген қызығушылық артуда. Бүгінде орталықтың қызмет көрсету аясы кеңейді. Жекеменшік нысандар, шетелден келген саяхатшылардың сұранысына сай құжат айналымы мен қызмет көрсетуді үш тілде ұсынуда мамандардың біліктілігі жетеді. Яғни, тілдерді меңгеруге деген ниет күн санап еселеп, артып келеді, – дейді орталық директоры Нұрила Серікбайқызы.

IMG 5007

Мархабат БАЙҒҰТ, халықаралық «Алаш» және
«Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының
лауреаты, жазушы:

– Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының 20 жылдық өмірі оңай болған жоқ. Бұл мекемеде тілдерді оқытып, үйретудің өзіндік өзгешеліктері қат-қабат. Мұнда негізінен ересектер және алуан түрлі мамандықтардың иелері келеді. Қиындықтың көкесі осыдан басталады. Бәрін ежіктеп айтпай-ақ қоялық. Ойға салып байқаған адам бірталай нәрселерге көз жеткізер. Орталықта жұмыс істейтін мұғалімдердің иықтарына артылар жүк те аса ауыр.
Шымкент қалалық орталығының ізденістері мен ұмтылыстары, «Ана тілі мен отбасы», Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлері байқауын өткізудегі өзіндік өзгеше талпыныстары, тағы басқа да құлшыныстары құптарлық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы мақсаттармен үйлесім табатыны қуантады. Іс-шараларды өткізуде де ізденістер бар.
20 жылдық мерекелерімен құттықтай отырып, орталық туралы аз-кем ғана пікірімізді білдірдік. Алдағы уақытта да жоғары жауапкершілікпен, жаңашылдықпен жұмыс істей отырып, биіктерге беттей береді деген сенімдеміз. Әлбетте, орталыққа қалтқысыз қамқорлықтар да қажет екені біз айтпасақ та, аян-дүр.

IMG 9338

Бүгінде оқыту орталығын елімізде тұңғыш ашылған мамандандырылған кешен деп айтуымызға толық негіз бар. Орталықта қызмет ететін 14 оқытушының еңбегі ұшан-теңіз. Олардың міндетіне қазақ тілін оқытуға арналған типтік бағдарламаны әзірлеу, тұрғындарға тілдерді көпдеңгейлік бағдарлама негізінде тегін оқыту, тілдерді қолдану мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жоспарланған түрлі бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыру мен үйлестіру кіреді. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелерге етене таныс «Қазтест» бойынша диагностикалық және сертификаттық тестілеулер өткізу де осы орталықтың маңызды жұмыстарының бірі.

 

Жеті жұрттың тілін біл...

Дана, хакім Абай: «Басқа халықтың тілі мен мәдениетін білу адамды сол халықпен тең етеді» деген. Президент Н.Назарбаев әлем елдері қауымдастығына кіруіміз үшін біздің әрбіріміз бәсекеге қабілетті болуымыз керек екенін айта келе, «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің аса маңызды шарты – бұл әлемдік бәсекелестік үдерісінде табысқа жетуге мүмкіндік беретін күшті рух пен білім» деген болатын. Осыған орай, елімізде тіл үйренуге барлық жағдай қарастырылған. Тек ниет болса болғаны.

– Орталық қазақ, орыс, ағылшын тілдері ақысыз үйретіледі. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерден арнайы парақша ашып, тіл үйренушілермен байланысты нығайттық. Тыңдаушылардың ұсыныс-пікірлерін назарға алып, ай сайын тілдерді меңгеруге ынталы түрлі әлеуметтік топтарға кіретін тұрғындар арасында жиі іс-шаралар ұйымдастырылады. 

IMG 9212

Бір сөзбен айтқанда, тыңдаушылар санын арттыру бағытында орталық қызметінде заманауи ақпараттық технологиялар мен жарнамалық тың әдістер қолданылуда. Нәтиже әзірге жаман емес. Тіл үйренушілердің саны жылдан жылға артып отырғаны осыны дәлелдейді, – дейді мекеме директоры.

 

ҚАЗТЕСТ: мемлекеттік қызметкерлер сынағы

Орталық мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалаудың жалпыға ортақ отандық жүйесі – ҚАЗТЕСТ бағдарламасын, орыс және ағылшын тілдерін мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес бес деңгей бойынша ақысыз оқытады. 

Мұндағы мақсат – мемлекеттік тілді меңгермеген азаматтарды деңгейлік курстардан өткізіп, олардың сөйлеу, жазу, ойын жеткізу сынды өлшемдер негізінде тілдік қоры мен білімін жетілдіру. «ҚАЗТЕСТ» ұғымы мемлекеттік қызметпен тығыз байланысты. Сондықтан біздің өңірде тестілеуден өткендердің басым бөлігін мемлекеттік қызметшілер құрайды. Мәселен, өткен жылы жүйенің А2, В1 деңгейлері бойынша сертификаттық тестілеуден өткен 116 адамның 55-і сертификатқа ие болды.

1997 жылы мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығында бар-жоғы 445 тіл үйренуші мемлекеттік тілді үйренсе, 2017 жылы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген ересек азаматтар саны екі мыңнан асып, 20 жылда 20 357-ге жеткен.

Бұл тұста орталық мамандарының еңбегін айтпай кетпеуге болмас. Орталық оқытушылары М.Жолдасова Швейцарияның "Монтре" бизнес мектебінде ғылыми тағылымдамадан өтсе, Н.Амандықова Ұлыбританиядағы «Simply the Best» мектебінде екі айлық арнайы курсқа қатысып, біліктілігін арттырған.
Сонымен бірге мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетілдіру мақсатында ҚР мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті «Үздік сабақ» байқауын жариялайды. Байқауға келіп түскен 500-ге жуық материалдың 300-і ғана іріктеліп алынып, қорытындысында Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Гүлнар Қалдыбаева І орынды иеленген.

IMG 8679

Лингвистикалық орталық

Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығы шымқалалықтарға тілді үйретуде жасына қарамастан оңтайлы әдіс-тәсілдерді қолдануға тырысады. Қызметкерлерді өз ғимаратында оқытуға тапсырыс бергенде, мамандарды топқа бөліп, мейлінше қызықты да тың әдістермен үйретеді.

– Мекемелерде топтар жасақтау барысында да бірқатар мәселелер кездеседі. Өйткені, түрлі кәсіп бойынша жұмыс істейтін 18-60 жас аралығындағы ересек азаматтарға тілдерді оқыту, үйрету оңай емес. Белгілі бір мекемеде қызмет атқаратын азаматтың жұмыстан түбегейлі босатылмайтыны тағы бар. Қызметкерлер кез келген уақытта іссапарға немесе еңбек демалысына шығып кетіп, сабаққа қатыспайтын кездер де жиі кездеседі. Осындай жағдайдың бәрін ескеріп, тіл үйренушілермен тығыз жұмыс істейтін оқытушыға артылар жүк пен жауапкершіліктің салмағы ауыр, – дейді орталық директоры.

agylshyn-97

Орталық ұжымы 20 жылда бағындырған белесінің өзі бір төбе екенін мақтанышпен жеткізеді. Бұлай деуіне негіз де бар. Себебі, алда латын қарпіндегі қазақ әліпбиін үйрету жұмысы күтіп тұр.

Опубликовано в Білім
Пятница, 24 Ноябрь 2017 06:39

Ұстаздар ұстаханасына – 80 жыл

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік институтына – 80 жыл. Ұстаздар ұстаханасы Оңтүстікте алғаш ашылған мұғалімдер институты. Жуырда ғана университет статусын алған жоғары білім беретін оқу ордасы 80 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде атап өтуде.

DSC 0074

Оқу ордасының үш күнге созылған (23-25 қараша) мерейтойының алғашқы күні институтта студенттердің шығармашылығын, дарынын ұштауға септігін тигізетін әдеби-мәдени бірнеше орталықтың ашылу салтанаты өтті. 

Алғашқы ашылған «Ұлттық мұра» студенттер мұражайының салтанатты лентасын институт ректоры Оңалбай Аяшев қиды. 

– Мұражайдың ашылу мақсаты – көненің көзі, ұлттық мұралар және құндылықтарымызды студенттер бойында мәңгі қалдыру. Мұнда студенттердің шығармашылық дүниелері, яғни өз қолымен дайындаған қолөнер бұйымдары қойылған. Сондай-ақ, студенттердің археологиялық қазба жұмыстары кезінде тапқан жәдігерлерін жинақтадық. Мұражайдағы ең ең құнды дүниелер – 100 жыл бұрын әжелеріміз өз қолымен тіккен ұлттық киімдер де бар. Мәселен, Орал Шағырбайқызы 1902 жылы өзі тіккен қасқыр ішікті мұражайға сыйға тартты, – дейді оқыту және бейнелеу өнері кафедрасының меңгерушісі Айдай Байбатшаева. 

DSC 0784

Жаңадан ашылған мұражайға оқытушылар мен студенттер ағаштан жасалған астау, музыкалық аспаптар, кебеже, кілем секілді өзге де 100-ге тарта көне заттар жинақтап үлгерген. Оңалбай Аяшев алдағы жылы мұражайға ауқымды орын бөлініп, онда экспонаттар саны артататын айтты. 

Бұдан кейін, ашық спорт алаңының ашылу салтанаты өтті. Бұған дейін, дене шынықтыру сабағын студенттер бас корпуста өткізіп келген. – Енді студенттер тыңғылықты спортпен айналысып, салауатты салтын ұстануына мүмкіндігі бар. Бұл жастар үшін үлкен сый болды,– деді кәсіптік шығармашылық факультетінің өкілі Шегенбай Бейсенбайұлы. 

Ал «Көркем әдебиет» орталығы өңірдегі зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен ашылды. Орталыққа институттың даму тарихында еңбегі сіңген Әзімхан Оспанұлы мен Керімбек Сыздықовтың кітаптары қойылыпты. 

Бұдан бөлек, «Сәндік өнер» орталығы, «Нұр Шаңырақ» студенттер театрының тұсауы кесілді. Сонымен қатар, білім шаңырағы ғимаратының айналасына өңірдің зиялы қауымдары, ақын-жазушылар мен оқытушылар 80 ағаш отырғызды. 

Мерейтой барысында халықаралық ғылыми-теориялық конференция, 24 қарашада сағат 15:00-де институттың мәжіліс залында «Өркендеген Оңтүстік» атты республикалық ақындар айтысы өтеді.

Опубликовано в Білім

облыстық тамыз конференциясында үш мұғалімге пәтер кілті табысталды

be1a5a2b-35bd-4845-be92-f770ff9ec19b

Ұстаз жүгі – ауыр жүк. Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген.

Ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп жүрген өңірдегі ұстаздар қауымы жылдағы дәстүрге сай облыстық педагогикалық тамыз конференциясында бас қосты.

Шараға облыс әкімі Ж.Түймебаев қатысып, облыстағы аудан, қалалардағы мектептердің жыл бойғы атқарған жұмыстары мен жетістіктері паш етілген интерактивті тақталы көрмені тамашалады.

konfe-3-840x559

Конференцияда облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов білім саласындағы жетістіктер мен алда атқарылатын жұмыстар жайын баяндады. Атап айтқанда, өңірде 2016 жылы апатты және үш ауысымды 43 мектеп болған еді.

Ағымдағы жылы 20 мектептің құрылысы тапсырылады, ал қалған 23 мектептің құрылысын 2018-2019 жылдары аяқтау жоспары іске аса бастады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары өткен оқу жылымен салыстырғанда 95 бірлікке (жекеменшік – 93 балабақша, 3 шағын орталық) артып, балабақшаға кезекке тұрған 3-6 жастағы балалар саны 43 мыңнан 28 мыңға азайды.

konfe-2-840x559

Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес мектеп оқушылары тегін оқулықтармен қамтамасыз етілуде. Облыс бойынша осы оқулықтарға жалпы 4,5 млрд. теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 1,8 млрд теңгеге өсті.

Тамыз конференциясында білім саласында талай жылдардан бері үлгілі қызмет етіп келе жатқан өңірдегі үш ұстазға – атап айтқанда, Шымкент қаласы, №39 М.Жұмабаев атындағы жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айнұр Дүйсебековаға, Шымкент қаласы, №66 Қазығұрт жалпы орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Жанат Мұсаеваға және Түркістан қаласы, №9 Некрасов атындағы гимназиясының қазақ тілі пәні мұғалімі Венера Батырқұловаға пәтер кілті табысталды. 

Айта кету керек, өңірде қазіргі таңда 69 мыңнан аса мұғалім білім береді. 2017-2018 жаңа оқу жылына 640 мыңға жуық оқушы келеді, яғни өткен жылмен салыстырғанда 28 мыңға (2016ж.-611318) өседі деген сөз. Оның ішінде, 1-сыныпқа баратын балалар саны 73691 баланы құрап отыр. Жалпы өңір бойынша 1036 мектеп бар, оның ішінде 7-еуі жеке меншік.

 

Суретті түсірген
С. МЫРЗАЛИЕВ

Опубликовано в Қоғам

Жексенбіде Шымкенттен Астана қаласына ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалау үшін 150 оқушы жолға шықты. Оқушылардың алғашқы легін темір жол вокзалынан салтанатты түрде шығарып салуға қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тəжиева қатысып, оқушыларға сəт-сапар тіледі.

6e526a90-c4b0-4853-bdd3-ade48cc8e22a

Астанада бастау алған «Болашақ Энергиясы» атты ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалау үшін тағы 1650 оқушыға қала бюджетінен қаржы бөлінген. Оқушылар мен олардың жетекші мұғалімдерін, педиатр жəне басқа да бірнеше маманды алып жүруде 2016 жылдың ең үздігі атанған «Zhana-talap» туроператоры қызмет көрсетеді. 

– Бүгін біз 150 оқушының Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне жолға шығу салтанатына куə болдық. Балаларды мектептен сайланған мұғалімдері мен біздің координатор ретінде туроператор директорының орынбасары Ғани Назарбек алып жүреді. Балаларға саяхат қызықты өтуі үшін жақсы бағдарламалар жасадық. Олар алғашқы күнін жолда өткізеді. Сондықтан жолда жалықтырмайтын түрлі ойындар ұйымдастырдық. Сайыста жеңімпаз болған оқушыларға арнайы марапаттар да дайын. Ал Астана қаласына жеткеннен кейін олар Н.Назарбаев интелектуалдық мектебінің жатақханасына жайғасады. 13 маусым күні оқушылар «Болашақ энергиясы» атты ЭКСПО-2017 көрмесін араласа, 14-іне Астана қаласының басқа да танымдық жерлерін тамашалайтын болады, – дейді «Zhana-talap» туроператорының директоры Денис Жарменов.

Шымкент қаласынан бұдан өзге тағы 1450 бала демеушілердің көмегімен бас қалаға саяхат жасайтын болады.

Опубликовано в Әлеумет

Жарқын болашаққа қадам басқалы отырған түлектердің өмірден өзіне тиесілі орнын адаспай тауып, тәуелсіз еліміздің экономикасы мен мәдениетін көтеруге үлес қосатын  білікті маман болуы - мемлекет үшін стратегиялық маңызды мәселе. 2004 жылы бастау алған Ұлттық Бірыңғай Тест 12 жыл бойында ата-аналар мен оқушылардың емтиханды қалай тапсырамыз және қайда оқуға барамыз деген мәселесін, сондай-ақ мемлекетіміздің жоғарыда айтылған стратегиялық маңызды мәселесін шешуге ат салысқан басты тетіктің бірі болып келеді.

tazhievaҰБТ-ның осы жылдар ішінде өзгерістері де болды: сұрақтар ауысып, пәндер қосылды, сұрақтар саны өзгеріп отырды. Сонымен қатар ҰБТ технологиясының өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері де болады. Осы артықшылықтарды ары қарай жетілдіріп, кемшіліктерді жөндеу масатында 2017 жылдан бастап ҰБТ форматына өзгерістер енгізілді.

Биылғы мектеп түлектері үшін ҰБТ тапсыру екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – қорытынды аттестаттау. Бұл – мемлекеттік бітіру емтиханы. Екінші кезең – ҰБТ. Бұл – жоғары оқу орындарына түсу емтиханы. 

11-сынып оқушысын қорытынды аттестаттау бітіру емтиханы нысанында мектепте 5 пәннен, оның ішінде 4 міндетті (ана тілі, екінші тіл, алгебра, және анализ бастамалары, Қазақстан тарихы) және оқыту бейіні (ҚГБ және ЖМБ) ескеріле отырып 1 таңдау бойынша пәннен өтеді. Барлық емтихандар, оның ішінде тестілеу де білім алушының өзі оқитын мектебінде өтеді. 

Мемлекеттік қорытынды аттестаттаудың емтихан нысанында өткізілуі бітіруші түлектердің жан-жақты ізденуіне, білім мазмұнын тереңдетуіне, мәселенің шешімін шығармашылықпен табуға жетелеп, өз білімін терең әрі жан-жақты сауатты түрде дәлелдей алуына ықпал етеді. Мәселен, эссе жазғанда бала негізгі идеяны анықтауы, проблеманы жинақтауы, дәлелдер жазуы, тіл құралдарын және тілдік әдістерді пайдалануы, эссенің жалпы қорытындысын қалыптастыруы қажет. Бұл жұмысқа дайындалу үстінде оқушының сөздік қоры молаяды, көркем тілде сөйлеуге машықтанады, өз ойын сауатты әрі жан-жақты, терең етіп білдіруді меңгереді, ойлау қабілеті дамиды.

Алгебра және анализ бастамалары пәнінен жазбаша емтиханға дайындалу барысында оқушы математикалық фактілерді, түсініктерді және тәсілдерді меңгереді және оның логикалық тапсырмаларды шешу дағдылары қалыптасады.

263c5953cab21eec35474c7097142ed4

Екінші тіл ретінде тапсырылатын қазақ және орыс тілдерінен тестілеу үш блоктан: лексикалық-грамматикалық, тыңдалым және оқылым блогы бойынша 40 сұрақтан тұрады. таңдау бойынша бір пәннен тестілеуде 40 тест тапсырмасы болады, оның 20 сұрағы бір дұрыс жауабын табу арқылы, 20 сұрағы бірнеше дұрыс жауабын табу арқылы орындалады, жалпы 40 сұраққа 60 балл беріледі.

Бұл емтихан нысандары баланы жалаң жаттап алу дағдысынан арылтып, мәселені терең әрі жан-жақты, сауатты әрі мазмұнды түрде шешуге, яғни, шығармашылық талабын ашуға жетелейді.

Екінші тіл ретінде тапсырылатын қазақ және орыс тілдерінен тестілеу үш блоктан: лексикалық-грамматикалық, тыңдалым және оқылым блогы бойынша 40 сұрақтан тұрады. таңдау бойынша бір пәннен тестілеуде 40 тест тапсырмасы болады, оның 20 сұрағы бір дұрыс жауабын табу арқылы, 20 сұрағы бірнеше дұрыс жауабын табу арқылы орындалады, жалпы 40 сұраққа 60 балл беріледі.

Екінші кезең – ҰБТ. ҰБТ жоғары оқу орнына түсу емтиханы және мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі ретінде қолданылады. 

2017 жылғы ҰБТ форматы бойынша 120 сұрақ (20+20+20+30+30=120 тапсырма) 5 пән бойынша, оның үшеуі міндетті және талапкердің жоғары оқу орнына тапсыратын мамандығына байланысты екі бейіні бойынша қарастырылған: бірінші блок – математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы болса, екінші блокта екі бейінді пәннен тестілеуден өтеді. Тестілеу уақыты 3 сағат 30 минутты құрайды. Шекті балл 50, өзгеріссіз қалады. ЖОО-ның барлық 175 мамандығы 10 комбинацияға бейінді пәндер шегінде бөлінеді. Бейінді пәндерді бітіруші түсетін мамандығын анықтау үшін өзі таңдауы тиіс. 

Мұндай емтихан нысаны мен тестілеу оқушы үшін де, мұғалім үшін де айта қаларлықтай жаңалық емес, тапсырмалардың барлығы мектеп бағдарламасында оқытылған.
Әрине, өзгеріс болғандықтан көпшілік алаңдап отыр, бірақ 11 жыл бойы тиянақтылықпен, жауапкершілікпен, үнемі сабақ оқып жүрген оқушылардың жетістікке жетіп жүргенін ҰБТ тәжірибесі дәлелдеп, көрсетіп келе жатыр. Емтиханды қай нысанда тапсырсақ та, біздің мақсатымыз - ғылым негіздерін жоғары деңгейде меңгеріп қана қоймай, оны күнделікті өмірде қажеттілікке қарай пайдалана алатын және осы білік пен дағдыларды еліміздің даму жолында қолдана алатын Қазақстан азаматын тәрбиелеу.

 

Ж. ТӘЖИЕВА,
Шымкент қаласы білім бөлімінің басшысы

Опубликовано в Білім

Білім ордаларына, қоғамдық орындарға, көпқабатты тұрғынүйлерге бақылауды күшейту керек. Шаһар басшысы Ғ. Әбдірахымов қала мәжілісінде осылай деген еді.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Ж.Тәжиева аталған бөлімге қарасты 119 мектепке 1091 бейнебақылау камерасы орнатылғанын айтады. Оның 565-і ғимараттың ішінде болса, 416 бейнебақылау құрылғысы ғимараттың сыртында.

Қазіргі таңда бұл құрылғылардың 10-ы ескіріп, жарамсыз болып тұр. Алайда, көнерген камералар да жыл сайын жоспарға енгізіліп, жаңалануда. Бір мектепке орта есеппен 6-8 бейнекамера орнатылған.

– Қала бойынша мектептерге бейнебақылау алғаш рет 2012 жылы, екінші кезеңі 2015 жылы қойылды. Орнатылған бейнекамералар заман талабына сай және сапасы жақсы, – дейді Жанат Тәжиева. 

Мектептерден бөлек, 2016 жылы барлық балабақшаларға бейнебақылау орнатылған. Оның ішінде 12 топтан жоғары балабақшаларға 16 нүктеден, 6 топтан жоғары балабақшаларға 9 нүктеден қойылған. Сонымен қатар, балабақшадағы жалпы бейнебақылау камераларының саны – 1238. Оның 918-і ғимараттың ішінде болса, 320 камера сыртында орналасқан.

Опубликовано в Білім
Страница 1 из 3