Шымкенттің кілті жаңартылып жатыр

Пятница, 21 Сентябрь 2018 04:15

Шымкент шаһарына Ташкент бағытынан кіретін қақпа жаңартылып жатыр. Кеңестік кезеңнен қалған бұл кілт бейнесіндегі нысан ескіріп, темірлерінің әбден тозығы жеткен.

 DSC6227

Тоғыз жолдың торабы Шымкент шаһарына оңтүстік бағытынан кіретін жалғыз жол болғандықтан қала басшылығы оны жаңартуға шешім қабылдаған.
Мамандардың айтуынша, қақпаның сәулеттік кескіндемесі өзгермейді. Тек бұрынғы темір қаптама енді гранит тастармен безендіріліп, қақпа төріндегі облыс атауы қалаға ауыстырылады. Ал, қаладан Ташкент бағытына шыққан бетте «Сәтті сапар» деп жазылады.
– Бүгінде жобалық –сметалық құжаты дайындалып жатыр. Қазір атқарылып жатқан жұмыстар «ЛТД Тұрмыс» ЖШС –нің қаржысы мен техникаларының есебінен жүргізілуде. Бұл игі іске демеушілер өз үлесін қосуда, – дейді Абай ауданының әкімі Б. Парманов.
Бұдан бөлек, қақпаның айналасын абаттандыруға тапсырма берілген. Қазір “ЛТД Тұрмыс” ЖШС қызметкерлері 1 гектар алқапқа көкмайса отырғызып, бұл маңды демалыс аймағына айналдыруға кірісіп кеткен.
– Қалаға кіреберісте жолдың жағасындағы көптеген нысандар ретсіз орналасқан. Қолдарында мемлекеттік сатып алу құжаты бар, заңсыз деп айтуға болмайды. Әйтсе де республикалық маңызы бар қаланың кіреберіс бағыты үшін бұл үлкен сын, – деді аудан әкімі.
Шымкент қаласы Жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы тарапынан Ташкент бағытынан кіретін халықаралық транзиттік жолдың қалаға кірер жер асты өткеліне дейін 54 нысанды зерттеліп, оның 25 –і заңсыз орналасқаны анықталған. Аудан әкімінің айтуынша, алдағы уақытта кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, концепциялық жоба ұсынылады.

Шаһарда жаңа Арбат ашылады

Среда, 19 Сентябрь 2018 05:38

Шымкентте биыл тағы бір Арбат ашылады. Көпшілік сейіл құратын келесі аймақ қала орталығындағы Бейбітшілік көшесінің бір бөлігі болмақ. «Қиял әлемі» саябағы жанынан орын тепкен көшені демалыс орнына айналдыру үшін қала қазынасынан 560 миллион теңге бөлінген. Қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

47

Бүгінде құрылыс алаңына айналған Бейбітшілік көшесі болашақта шаһарлықтар сейіл құратын сүйікті мекенге айналады. Ол үшін бұл жер толықтай жарықтандырылып, арнайы су бұрқақтар орнатылады. Сонымен қатар, келешекте мұнда велосипедпен серуендеу үшін арнайы вело жолақ салынбақ. Ал, көлік қатынасына шектеу қойылады. Ұзындығы 430 метрді, ені 35 метрді құрайтын демалыс аймағының құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Алайда, «Жасыл қала» ЖШС  бұл нысанды көпшіліктің қолданысына ертерек тапсырмақ ниетте.
–Бұл жұмыстардың барлығы жыл соңына дейін бітуі керек деп жоспарланған. Бірақ біз ауа райының қолайлылығын пайдаланып, одан ертерек бітірсек пе деп отырмыз, - дейді «Жасыл қала» ЖШС директорының орынбасары Назира Ибрагимқызы.
Бұл Арбат тек көркімен ғана емес, қала тұрғындарының демалуына ыңғайлы болуымен ерекшеленбек. Арбаттың бір аумағы шығармашалық иелеріне шабыт сыйлайды. Ал, суретке түсуді ұнататын жандарға арнайы селфи-аймақ жабдықталады. Демалыс орнының дəл ортасында граниттен Қазақстанның атлас-картасы жасалады.

« STEM» академиясы – Шымкентте

Среда, 19 Сентябрь 2018 05:26

«STEM»академиясы Шымкент қаласының білім басқармасымен келіссөздер жүргізуде. Тараптар ортақ мәмілеге келсе, аталған академия қала мектептерінде арнайы сыныптар ашпақ. Сөйтіп, мегаполистік талантты жасөспірімдер әлемдік деңгейдегі жаңа технологияларды меңгеріп, төл туындыларын жасайтын болады.

Стэм фото 1

Шымкент қаласының білім басқармасы ұйымдастырған жиында кәсіптік бағдар берудің инновациялық құралы туралы сөз қозғалды. Алғашқылардың бірі болып «STEM» академиясының даму директоры Абутәліп Мүтәлі баяндама жасады. Ол академия туралы аз кем ақпарат айтып, келешекте қала мектептерінде арнайы сынып ашу туралы ойын білдірді. Өйткені бұл академия еліміздегі техникалық мамандықтардың дамуына үлес қосып жүрген бірден бір ұйым.
- Біздің балалар өте ақылды. Теория жүзінде жасаған жұмыстары таң қалдырады. Енді соны жетілдіріп, техникалық мамандықты біздің орталықтар арқылы оқыту қажет,-деді «STEM» академиясының даму директоры Абутәліп МҮТӘЛІ, Басқосуға мектеп директорлары , ұстаздар және психолог мамандар қатысты. Одан бөлек, кәсіптік бағдар беру эксперті Балсұлу Тасполатова да арнайы келді. Ол жасөспірімдер арасындағы қауіпті топты анықтау және жұмыс жүргізу туралы баяндама жасады. Ресей технологиясын меңгерген маман жергілікті ұстаздар қауымына қарапайым тестілеуді қалай жүргізу қажеттігін түсіндіріп берді. Бұл тестті жүргізу арқылы, суицидке қатысты мәселені шешу жолын іздеумен қатар, жалпы, баланың қабілетін анықтауға болады. Жиын соңында мамандар міндетті әлеуметтік сақтандыру жайында ақпарат берілді.

Өрт өтіндегі өмір

Среда, 19 Сентябрь 2018 05:18

Ғаламдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары деңгейде болуы керек. Себебі, бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмеуі мүмкін. Тәуліктің кез келген уақытында, аптап ыстық пен қақаған аязда ол отқа да, суға да түседі. Олардың санасына «құтқару» деген ұғымның сіңіп қалғаны соншалық – әрдайым тілсіз жаумен бетпе-бет келуге дайын.

 DSC5835

Бүгінгі күннің батыры

Шымкент қаласы №1 өрт сөндіру бөлімінің «Аға өрт сөндірушісі» болып қызмет ететін Абзал Жәкібаевты бейбіт күннің батыры десек артық айтпаған болармыз. Жас өрт сөндіруші жанып жатқан үйден екі адамды аман алып шықты. Басын бәйгеге тігіп, өзгенің өмірі үшін арпалысқан өрт сөндірушіге елдің айтар алғысы шексіз.
Оқиға 5-ші қыркүйек күні қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Достарына қонаққа келген Абзал түнгі сағат 22: 30 шамасында таза ауамен тыныстауға далаға шығыпты. Осы кезде әлдекімдер төртінші қабаттағы пәтерлердің бірі жанып жатқанын айтып, көмек сұраған. Тұрғындардың «Ішінде адамдар қалды!»,-деп айғайлағанда Абзал еш ойланбастан жәрдем беруге асығыпты.
– Есікті бұзып кіргенде ас бөлмесі жанып, от дәлізге өткен екен. Үстімдегі киімімді сулап алып, еңбектеп ішке кірдім. Жерде жатқан қарт ананы көріп сыртқа алып шығып, көршілеріне тапсырдым. Олар іште тағы бір адамның бар екенін айтты. Ол кезде пәтер ішін қап-қара түтін тұмшалап алған еді. Еңбектеп жүріп оны да тауып, сыртқа алып шықтым,- дейді қаһарманымыз.
Өз өмірін қатерге тігіп, өзгені өлімнен арашалап қалған өрт сөндіруші жергілікті тұрғындар үшін нағыз қаһарманға айналған.
– Өзімнің жасаған ісімді ерлікке баламаймын. Әрбір өрт сөндіруші жұмыста болсын, мейлі жұмыстан тыс уақытта болсын адам өмірін өрттен арашалауға дайын болу керек деп ойлаймын, - дейді Абзал.
Абзал – Түлкібас ауданының тумасы. Отбасындағы 6 баланың екіншісі. Әке-шешесінің қарашаңырағына ие болар жалғыз –ұл.
Ол –Шымкент аграрлы колледжінде «Салықшы» мамандығы бойынша орта білім алған. Оқуды тәмамдаған соң Отан алдындағы әскери борышын өтеген. Шымкент қалалық №1 өрт сөндіру бөлімінде 2013 жылдан бері қызмет етіп келеді. Сондай-ақ, №1 Өрт сөндіру бөлімінде қазірде 97 қызметкер қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін отқа қарсы тұруда.

Өрт сөндіруші қызметінің ерекшелігі қандай?

Өрт сөндіруші кәсібі басқа жұмыстарға қарағанда өте жылдам әрекет етуді талап етеді. Себебі, дабыл түскеннен кейін арнайы киімдерді киіп, өрт сөндіру бөлімінен оқиға орнына шығу үшін 1 минут ғана уақыты бар. Егер өрттің ішінде адамдар қалған болса, оны құтқару міндеті тұрады. Оқиға орнына келгеннен кейін өрт сөндірушілер өрт орны мен таралу аймағын анықтайды, өрт сөндіру түтік құбырларын дайындап, 1-2 минут ішінде сумен байланыстырады. Шағын өртті бірнеше минутта сөндіруге болады, ал, кей кездері сөндіру жұмысы тәулік бойына жалғасып қана қоймай өзгелерді құтқару барысында өрт сөндіруші өз өміріне де қауіп төндіреді. Әрине, физикалық дайындалған адам баспалдақты қолдануды, жүгіріп, секіруді, ауыр заттарды көтеруді үйрене алады. Бұдан бөлек өрт сөндірушілерге газ түтінінен қорғау құралдарын қолдануды, қатты түтіндеу жағдайында іс-қимыл жасауды үйретеді. Дегенмен ең қиыны – кез келген уақытта өз бойыңнан өзгенің өмірі үшін жан қиюға дайын тұратын қайсарлық пен ерлікті табу.
–Бір сәт көз алдыңызға өртке оранған үйді, жан-жағына қауіп төндіріп, алаулаған жалынды елестетіп көріңізші. Жалын ішінде балалардың қалып қойғанын ойлау өте ауыр емес пе?! Міне, біз таңдаған мамандық осындай қиыншылықтармен күнделікті бетпе-бет келіп, оқыс оқиғалардың алдын-алу мен болдырмауды мақсат етеді, - дейді Шымкент қаласы №1 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Сабит Ташимбаев
Статистика мәліметтері өрт сөндіруші мамандығы әлемдегі ең қауіпті жұмыстардың қатарына кіретінін көрсетеді. Өрт сөндіруші бұл – қаншалықты шаршаса да, көңіл-күйі болмаса да әрқашан батыл әрекетке дайын тұратын адам. Ол өрттің өшірілуі қанша уақыт алатынын еш уақытта болжап біле алмайд және келесі өртенген ғимартта оны не күтіп тұрғанынан да бейхабар.
Мұнда да әскери тәртіп. Командирдің әр сөзі – заң. Бұлжымай орындалады. Төтенше оқиға болмаса да өрт сөндірушілердің әр минуты, әр секунды санаулы. Жұмыс кестелері тығыз. Жауынгерлер әрқашан қандай жағдайға да сақадай-сай болуы керек. Бұлардың күнделікті өмірі спорт десек болады. Тәулік бойы жаттығады. Ғимараттың ішінде де, сыртында да жедел-құтқару шараларына үздіксіз дайындалады. Бұған қоса, арнайы әзірліктен өткен жетекші офицерлердің дәрістерін тыңдап, теорияны практикамен ұштастырады. Өрт қауіпсіздігі ережелері мен тәлімдерін қайта-қайта пысықтап, техникалық құрал-саймандарының толыққандығын ыждаһатты тексеріп отырады. Қысқасы, шұғыл шақыруға тап-тұйнақтай дайын жүреді.
– Алауалап тұрған жалынға әркім өз білгенінше су шашу -бұл өртті ауыздықтай алады деген сөз емес. Өрт сөндіруді ұйымдастырудың да өзіндік жүйесі бар. Қандай жағдайда көбік, қай жеріне су шашу керектігін, жанып жатқан нысанға су шашуды әуелі қай жерінен бастау қажеттігін аға өрт сөндірушілер жедел түрде кеңесіп әрекет жасайды, - деп түсіндірді Шымкент қаласы №1 өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары Азамат Қожахметов. – Қызыл жалынның ортасына кіргенде біздің бар назарымыз от ортасында қалған адамды құтқаруға, өртті сөндіруге ауады. Ал, алауды ауыздықтау – бүкіл бір команданың жұмысы. Сондықтан, біздің күшіміз – бірлікте, бір-бірімізге деген нық сенімде. Ең басты қағидат – осы. Бұған қоса, өрт сөндірушілерге шапшаңдық, жүректілік, қырағылық, әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. Жауынгерлер алғашқы медициналық көмектен де хабардар болуы керек. Улы газға тұншыққан, күйік шалған адамдарға жәрдем бере алатындай қабілеті болғаны жөн,- деді басшының орынбасары.
Өрт сөндірушілер өрт болып жатқан жерге жетіп барудағы қиындықтары жайлы да баяндап берді. Олардың айтуынша жол бойында кездесетін кейбір кедергілер нысанға жетіп баруын кешіктіреді екен.
– Жаңадан салынған тұрғын үйлердің кіреберісіне өрт сөндіру машинасының кіруіне ешқандай жағдай жасалмаған. Автокөлік иелері де машиналарын қалай болса солай қойып, жолымызға кедергі болады. Қожайыны келіп, көлігін алып болғанша техникаларымыз біраз тұрып қалады. Көшелердегі кептеліс те – көп бөгеттің бірі. Өрт сөндіру машинасы дабылдатып келе жатыр-ау деп жол бере қоятын көлік иелері де некен саяқ, - дейді Азамат Қожахметұлы.

Әрбір өрт сөндіруші – қаһарман

Өрт шыққандығы жөніндегі дабыл бірыңғай диспетчерлік орталықтан мамандандырылған өртке қарсы қызмет бөліміне келіп түседі. Біз барған күні бөлім тыныш болды. Бірақ, өртке қарсы қызметі жауынгерлердің дайындығын сынау үшін жалған дабыл аракідік қағылып тұрады екен. Бұл жолы да солай болды. Қатер дабылдың құлақ тұндырар «құлын дауысы» шырқырай салысымен өрт сөндірушілер бірден іске кірісті. Бір сәтке де қарап қалған жоқ. Олардың әр секунды есептеулі екендігін байқадық. Қимыл-қозғалыстары мұнша жылдам болар ма?! Алдында ғана менімен әңгімелескенде әр сөзін баптап, ойланып айтып тұрған Абзалдың өзін танымай қалдық. Шалт қимылдаған ол сөздің емес, істің адамы екендігін дәлелдеп берді.
Дабыл қағылған сәтте кезекші жауынгерлер 20 секундтың ішінде арнайы киімдерін киіп, белдігін тағып, көліктеріне отырып, өрт болған жерге қарай шығып үлгеруі тиіс. Ал, тұрған жерінен «ұша жөнелетін» өрт сөндіру машинасы орташа есеппен 5 минуттың ішінде тиісті нүктеге келіп жетуі керек.
Жауынгерлер ауысым жетекшісінің тактикасымен қимылдайды. Сондықтан, басшы дер кезінде дұрыс шешім қабылдай алатын қырағы болуы керек. Өртті тез ауыздықтау да ауысым жетекшісінің шеберлігіне көп байланысты.
Өрт сөндірушілердің басты міндеттерінің бірі – оқиға орнындағы адамдарды қауіпсіз жерге көшіру.
Барлау жасауға және адамдарды құтқаруға кемі үш адамнан құралған газ-түтіннен қорғау қызметі аттанады. Өрт сөндірушілер қою түтін оранған аумаққа отқа күймейтін болат арқанмен тізбектеліп кіреді. Ең алдында және соңында тәжірибелі жауынгерлер жүреді. Жалынды өшіру уақыты оттың деңгейіне, өрт шалған аумағына қарай бірнеше минуттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін.
Әрине, жауынгерлердің жұмысы өртті сөндірумен ғана шектелмейді. Олар өртке қарсы қызмет бөліміне оралғаннан кейін жалынның қалай өршігені, кімнің қай жерде қателік жібергені, қабылдаған шешімдерінің қайсысы дұ-рыс болғаны жөнінде кеңінен мәжіліс өткізеді. Мұндағы мақсат – жіберген қателіктерден қорытынды шығарып, шеберлікті одан әрі шыңдай түсу.
Иә, өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Лауазымдарының өрт сөндіруші-құтқарушы болып өзгеруі де тегін емес. Олардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. Өрт сөндіруші сөзі абырой, батырлық, өжеттілік сөздерімен қатар естіледі. Осындайда орыс жазушысы Владимир Гиляровскийдің мына сөзі тілге оралады: «Әрбір өрт сөндіруші – қаһарман, өмірі үнемі соғыстағыдай және әр минут сайын басын қатерге тігеді»
Өрт сөндірушілердің арасында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілек бар. Бұл – «өрт болмасын» деген сөз. Лайым солай болсын!

Шымкентте Алматы мен Астана қалаларындағыдай іскерлік туризм саласы дамуы мүмкін.

DSC 0128

Өңірімізде шетелдіктердің емін-еркін саяхаттауы, туристік нысандарға баратын жолдарды жөндеп, қызмет сапасын көтеру мәселелері «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында талқыланды. Жиынға «Kazakh Tourism» компаниясының басшылары мен «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ мамандары және Азия даму банкінің өкілдері қатысып, күнгей өңірде туризмді дамытудың жолы қандай деген сауалға бірлесе жауап іздеді.
Шымкент дербес қала атанғалы шаһардың сан саладағы тіршілігін түлетуге республикадағы ұлттық компаниялар бірінен кейін бірі ықылас танытуда.
Басқосуға келген туристік салада жұмыс жасайтын кәсіпкерлер «Азия Даму Банкімен» өзара әріптестік орнатуға мүмкіндік алды. Халықаралық қаржы ұйымы кәсіпкерлердің жобаларына қаржы құюға дайын. Сол себепті Түркістан облысы мен Шымкент қаласында туристік бағыттағы бірнеше инвестициялық жобалар таныстырылды. Ал «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы аймақтағы саяхатшыларды тартымды орындарға алып баратын жолдарды жөндеуге ынта білдіріп отыр. Жауаптылар осы сынды бірлесе қолға алатын шаруаларды тағы бір рет айқындап алды.
– Біз елімізде қай бағыттағы туризм шетелдіктер мен отандастарымызға өте тартымды екенін білеміз. Туристерді елге көптеп тарту мақсатында арнайы жоба да дайындадық. Өйткені еліміздің өте бай тарихы мен дәстүрі бар. Бұл өз кезегінде эко және этно туризмді жандандыруға мүмкіндік береді, - деді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы АҚ басқармасының төрағасы Р. Күзембаев
Сонымен бірге Шымкент қаласында бұдан былай Алматы мен Астана секілді іскерлік туризмді жандандыруға мүмкіндік туып отыр. Себебі, шаһардың еліміздегі ірі қалалардың үштігіне кіруі оған жол ашуда. Бүгінге дейін Шымшаһарда іскерлік туризмді дамыту үшін атқарылатын шаруалар да аз емес. Сол себепті мүдделі тараптар ертеңгі атқаратын жұмыстарды нақтылап алды.

«Ас – адамның арқауы». Дұрыс тамақтану денсаулық кепілі болса, дұрыс тамақтанбау өміріңе қауіп те төндіруі ғажап емес.

big 93d12659ef82fa90

Жуырда дәстүрлі тамыз конференциясында қала басшысы Ғ.Әбдірахымов: «Мектептердің асханасына сын көп айтылады. Бәлкім, тамақтандырудың бірыңғай стандартын қалыптастырған жөн шығар? Жалпы, білім беру саласын тексеру де қатаңдай түседі» деген болатын. Осы орайда мектептер мен бала бақшаларда тамақтың сапасын тексеру жөнінде комиссия құратынын, оған ата-аналар комитетінің мүшелері, депутаттар, «Нұр Отан» партиясы мен қала әкімдігінің өкілдері қатысатынын айтып өтті.
Бүгінде басты мәселелердің біріне айналып отырған мектеп асханаларындағы кейбір кемшіліктер қалай шешімін табады? Біз осы сауалдың жауабын іздеп Шымкент қаласы №64 мектеп –гимназиясына бас сұққанымызда, бастауыш сыныптардың тамақтану уақытына дөп түстік. Аспаз дастархан жайып, кішкентай бүлдіршіндерін күтіп отыр. Бұл мектепте әлеуметтік жағдайы төмен және аз қамтылған - 104 оқушы 359 теңгеге бір реттік тамақ ішеді.
Балғындар беті қолын жуып түскі асқа отырды. Мұнда оқушылардың ас мәзірінде бірінші тамаққа – борщ, макорон мен қуырылған ет және жеміс шырыны бар. Бұдан бөлек, оқушыларға ыстық сусын ретінде жылы сүт, витаминделген кисель, балғын және кепкен жемістер компоты, сүт қосылған какао беріледі.
– Мектеп асханасында газдалған сусындар мен фасфуд өнімдеріне орын жоқ. Алайда қоңырау арасында балалардың майға пісірілген өнімдерге қызығушылық танытатынын жасыра алмаймыз. Ал біздің басты міндетіміз – оқушылардың дұрыс әрі толыққанды тамақтануын қадағалау. Әсіресе, асханада тиым салынған тағамдардың болмауын қадағалау, -дейді №64 мектеп-гимназиясының бастауыш сыныптар бойынша директордың орынбасары Н. Жунісова.

Мектепке тамақтандыру комбинаттары қажет...

Мектеп жасындағы балалардың дұрыс тамақтануы үшін әлем елдерінде түрлі жүйелер қалыптасқан. Ал Қазақстанда мектеп оқушыларын тамақтандырудың нақты жүйесі әлі жасалып үлгермеді. Үкімет тарапынан оқушыларды ыстық тамақпен қамту үшін жыл сайын арнайы бағдарламалар қабылданып, сол бойынша қаражат бөлінеді. Бірақ мұның нәтижесі шамалы. Біздің елде жеңіл-желпі құрғақ тамақтану да, ыстық тамақ ішу де, фаст-фуд өнімдері де оқушылардың өз еркіндегі шаруа. Көрші Ресей елінде оқушыларға арналған асханалар тамақ пісірумен айналыспайды. Ресейдегі ірі тамақтандыру комбинаттары дайындаған тағамдар таңертең мектепке жеткізіледі. Ал асхана қызметкерлері тек дайын тағамдарды ысытып береді. Сондықтан, мұнда мектеп асханасы жеке кәсіпкер иелігінде емес. Мұндай ұсыныс біздің елде де жасалғанымен, ресейліктердің тәжірибесін қолдануға ешкім де құлық танытып отырмаған сыңайлы. Қазақстандағы мектеп асханалары түрлі кәсіп иелерінің құзырында. Ал олар балалардың дұрыс тамақтануынан бұрын, мол пайдаға кенелуді ойлайды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын өңірлік ата-аналар комитетінің төрағасы Әнуарбек Бейсе білім беру министрлігіне өңірдегі мектептердегі тамақтану мәселесі туралы хат жазып, оқушылар үшін тамақ дайындайтын арнайы комбинат құру идеясын айтқан болатын. Жақында ол туралы ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы А. Мырзахметов мектептегі тамақтануды бақылау кәсіпкерлік емес, әлеуметтік маңызы бар бастама екенін атап өтті.
– Мектептердегі асханаға қатысты көптеген мәселелер туындап отырғанынан хабарым бар. Сондықтан алдын ала ақылдасып, талқыға салып, бұдан былай әрбір мектепке кәсіпкерлер өз бетінше жұмыс істемегені жөн деген ұйғарымға келдік. Өйткені мектепте тамақтандырумен айналысатын компаниялардың кейбірі санитарлық нормаларды орындауға, тамақтың нәрлілігін, калориясын қамтамасыз етуге қауқарсыз. Ендеше мектеп оқушыларын тамақтандыруды арнайы зауыттың реттеуіне тапсырған жөн деп санаймыз, – деп түсіндерді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.
Мектеп жасындағы балалардың тамағын тиімді ұйымдастыру – тек ата-аналар ғана емес, қоғам болып назар аударатын түйткілді мәселе. Оқушыларды дұрыс тамақтандырудың басты талаптары сақталса, ахуал айтарлықтай түзеледі. Салауатты өмір салты орталығының бас маманы Гүлжан Әмірқұлова мектеп жасындағы балалардың тамақтану мәселесі олардың денсаулығына да әсер ететінін айтады.
– Оқушылардың дұрыс тамақтануы денсаулығының жетістігі және қалыпты дамуының кепілі болып табылады, - дейді маман. – Бір жыл бұрын Алматыдан келген әріптестерімізбен бірге қалалық мектеп директорларының қатысуымен семинар өткіздік. Басқосу барысында мектеп асханасындағы кездесетін кәмпиттер, мармелад сияқты көптеген қант пен бояғыш қосылған өнімдер – уақыт өте келе оқушылардың тістерін бұзып, семіздікке ұшырататынын және соның салдырынан ауыр салмаққа байланысты көптеген аурулар туындайтынын атап өттік. Осылайша, мектеп басшыларына дұрыс тамақтану бойынша әртүрлі кеңестер беріп келеміз, - дейді Г. Әмірқұлова.

Мектеп асханасын жалға алу процессі қалай жүргізіледі?

Орта білім беру ұйымдарында оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша конкурсты негізінде Шымкент қалалық білім басқармасы жүзеге асырады. Білім беру ұйымдарында асхана қызметкерлері (аспаздар мен асхана қызметкерлері) қаралмағандықтан басқарма тарапынан жалға алушыны тамақтандыруды ұйымдастырудағы қызметін сатып алады. Сондықтан санитариялық қағидаларға сәйкес білім беру мекемесі оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай біріңғай болжамды мәзір әзірлейді. Ал, күнделікті оқушыларға беріліп жатқан тамақ пен тағамның сапасын мектеп әкімшілігі қадағалап отырады.
–Білім беру ұйымдарында ата-аналар комитеті өкілдерінің, мектеп әкімшілігінің, білім беру ұйымдарының медициналық пункітінің медицина қызметкерінің қатысуымен тамақтандырудың сапасына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия құрылады. Комиссия жұмысының қорытындылары тоқсан сайын білім беру ұйымдарының педагогикалық кеңесінде қаралып отырады,-дейді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары А. Текебаева.
Комиссияның міндетін- жеткізілетін тамақ өнімдерінің сапасына, тағамдарды дайындау технологиясына, техникалық жабдықтардың жарамдылығына және дайын тағамдардың сақталу мерзімдеріне мән беру.
–«Жалпыға міндетті білім қорынан» бөлінетін қаражат есебінен 11 660оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Ал мектеп асханасын жалға алушылар өзінің есебінен демеушілік көрсетіп, 2016 оқушыны бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтып отыр, - дейді басшының орынбасары.

Екі апталық ас мәзірін жасап алуы керек

MAX 7732

Мектеп асханаларында ас әзірлеуге қажетті негізгі құжаттардың бірі – ас мәзірі. Оған әртүрлі тағамдар енгізілуі керек. Ең дұрысы, олар қайталанбас үшін екі апталық ас мәзірін қолдану керек және оқушылар үшін салауатты тамақтану талаптарына жауап беретін қол жетімді өнімдер мен сусындарды ұсынуы тиіс.
–Ас мәзірін құрастыруда тамақ шығымының мынадай нормалары қарастырылған: салаттар – 50 грамм, екінші тағамдар – 50 грамм, гарнирлер – 100 грамм, шырын, сүт және сұйық ашыған сүт өнімдері – 200 грамм, қара бидай аралас наны – 10 грамм. Ал жемістерді беру нормасы – 150 грамм, аптасына 2 рет берілуі керек, -дейді Қоғамдық тамақтану департаментінің маманы Бекзат Сайлауова.

Тыйым салынған тағамдар бар

Мамандардың айтуынша мектеп асханаларында тамақтан уланудың алдын-алу мақсатында мынадай тағамдарды әзірлеуге және балалар тағамына қолдануға тыйым салынады:
–Пастерленбеген сүт, жылумен өңделмеген сүзбе, қаймақ, өзі ұйып қалған сүт, саңырауқұлақтар, флотша әзірленген макарон, ет қосылған құймақ, паштет, өздері әзірлеген морс, сусындар, кремді бұйымдар, фритюрде майға қуырылған бәліш, тоқаштар, үй жағдайында жасалған консервілер мен компоттар, уылжыта пісірген және қуырылған жұмыртқа, майонез қосылған салаттар, газды және алкогольсіз энергетикалық сусындар (минералдық және ауыз суды қоспағанда), чипсы, кептірілген нан, гамбургерлер, «фаст-фуд» тағамдары,- деді Б. Сайлауова.

Жылу беру маусымына дайындық қалай?

Пятница, 07 Сентябрь 2018 05:02

Шымкент қаласында күздің алғашқы күндерінен-ақ қысқы жылу маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Жылу беру фотосы

«Нұрлы жол» бағдарламасымен қазір қалада ескі құбырлар жаңасына ауыстырылуда. Бүгінде қалада жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын «Қуат жылу орталығы-3» мекемесі жүргізіп отыр.
Үшінші мегаполистегі жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы – 392,6 шақырым. Жылумен жабдықтау жүйесіне 1 мың 811 көп қабатты тұрғын үй, 238 бюджеттік мекеме және 845 коммерциялық құрылым қосылған. Инвестициялық бағдарлама аясында жалпы ұзындығы 11 шақырым болатын 9 нысанның жылу желілерін жаңғырту жоспарланған. Жөндеу жұмыстарына 104 миллион 610 мың теңге қаражат бөлінген.
– Құбырды жаңарту жылу жүйелеріндегі ысырапшылдық пен апаттарды азайтуға себеп болады. Әрі жылумен қамту сапасын жақсартады, – дейді «Қуат жылу орталығы-3» МКК директоры Пердебай Сәбитов. – Былтырғы жылы жаз айларында 70 шақырымдық құбыр ауысып, 42 шақырымдық құбырларымыз оқшауланған. Биыл 50 шақырымды жоспарлап отырмыз. Оның 11 шақырымы инвестициялық жобамен жасалынады. Ал қалған 39-40 шақырымы қалалық бюджеттен қаржы бөлініп игеріліп жатыр, – дейді ол.
Аталған мекеменің мәлімдеуінше, қала қысқа 85 пайыз дайын.

Елімізде «Адвокаттық қызмет туралы» заң 1997 жылы қабылданғаны белгілі. Дегенмен, қазіргі заман талабы ескеріле отырып Мемлекет басшысы 2018 жылдың 5 шілдесінде «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңға қол қойған болатын. Сонымен, жаңа заң адвокатура саласының дамуына қандай серпін береді?

Адвокаттар алқасы 4

Шымкент қаласы мен Түркістан облысында 3 миллионға жуық тұрғын бар. Осыншама тұрғындарға облыстық адвокаттар алқасының 446 адвокаты қызмет етеді. Бұл 7 мың тұрғынға 1 адвокат келетінін білдіреді. Ал жаңа заң бойынша адвокат болу мүмкіндіктері жеңілдетілді және аз қамтылған отбасылар үшін адвокаттар тегін қызмет көрсетеді. Облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Серік Баймұратовтың айтуынша, аталған заң бойынша адвокаттар алқасына мүше болуы үшін енді үміткерлер бастапқы бір реттік жарна төленбейді.
– Бұрын адвокаттар алқасына мүше болу үшін 481 мың теңге көлеміндегі бастапқы бір реттік жарна төленетін. Қазір ол жарна алынып тасталды. Осы өзгерістен кейін бізге қазіргі таңда 15 адам мүше болды,- дейді облыстық адвокаттар алқасының төрағасы. – Халықтың аз қамтылған осал топтары үшін де кешенді әлеуметтік көмек көрсету институты енгізілді. Сот процесі барысында өзіне қорғаушы жалдауға мүмкіндігі жоқ азаматтар әділет департаментіне адвокаттар алқасынан тегін қорғаушы беруіне өтініш жасай алады.
Еліміздің Ата Заңында көрсетілгендей, әрбір қазақстандық мемлекет қорғауында болады. Сондықтан, басына іс түскен азаматтар адвокат қызметін тегін алуға құқылы. Ал жаңа заңда халықтың аз қамтамасыз етілген тобына әрбір адвокат тегін қызмет көрсетуге міндетті деп көрсетілген. Тегін қызмет алатын топтарға ҰОС ардагерлері мен І, ІІ топ мүгедектері және әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар жатады.
– Әрбір адвокат, мейлі ол жоғары ақы алатын кәсіби адвокат болса да, халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына тегін қызмет көрсетуге міндетті делінген. Дегенмен, іс Жоғарғы сотқа дейін баратын жағдай болса, қызмет мемлекет тарапынан төленеді.
Жаңа заңның бұдан басқа да жаңалықтары жетерлік. Мысалы, енді адвокат қызметінің сапасы екі дәрежелі комиссия бақылауында болады. Біріншісі - облыстық адвокаттар алқасы жанынан құрылған комиссия болса, екіншісі - республикалық адвокаттар коллегиясына қарасты комиссия. Бұдан былай азаматтардың адвокаттарға қатысты шағымдары мықтап қадағаланады. Бұрынғы жүйе бойынша шағым аумақтық адвокаттар алқасында қаралып, олар тәртіптік шарамен ғана шектелуші еді. Енді тұрғындардан түскен арыз дереу республикалық адвокаттар алқасына жолданады. Нәтижесінде тәртіптік іс қозғау туралы құзыреттілік кеңейтіліп, адвокаттардың жұмысы қатаң бақылауға алынады. Азаматтар тарапынан жолданған шағымды комиссия негізді деп тапса, өз қызметіне салғырт қараған немесе біліктілігі төмен болған адвокат қызметімен қош айтысады. Жаңа заңның негізгі талаптардың бірі - осы.

Страница 21 из 24