Шымкент қаласында 2018 жылдың күзгі мерзімді әскерге шақыруға жататын азаматтарды іріктеу және алдын ала зерделеу жұмыстары басталды.

483f94c664456d07981a726c1b5d8ab4

Биылғы күзде Қарулы күштерге, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне әскер жиналмақ. Қорғаныс істері жөніндегі басқарма кезекті күзгі әскерге шақыру жұмыстарын сапалы өткізу мақсатында әскер қатарына шақырылатын жастармен кездесіп, патриоттық тақырып төңірегінде сұхбаттасты.
– Бүгінде қаламызда әскерге шақырылушыларды зерделеу жұмыстары басталды. Зерделеу жұмыстары 2 кезеңнен тұрады,- дейді Шымкент қаласының қорғаныс істері жөнінде басқармасының бастығы Әбдіғабит Шегебаев. Бірінші кезең – алдын ала іріктеу үшін әскерге шақырылушылардың жеке ісі тексеріледі және олардың ата-аналарымен, сондай-ақ, жұмыс жасайтын немесе оқитын оқу орындарының өкілдерімен әңгімелесу жүргізіледі. Жеке әңгімелесу барысында әскерге шақырылушының көңіл-күйі, денсаулығы, жалпы білімі мен арнайы дайындығы, отбасы жағдайы анықталады. Бұл кезеңнің жұмыстары Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер органдарының, денсаулық және халықты әлеуметтік қорғау органдарының өкілдерімен бірге жүргізіледі.
Екінші кезеңде әскерге шақырылушылар қалалық және аудандық әскери-медициналық комиссиядан өтеді. Содан кейін Қарулы күштердің қандай түріне және әскери бөлімдерге баратындығы анықталады. Айта кетейік, мерзімді әскери қызметке 10 қыркүйектен бастап алдымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне сарбаздар іріктелсе, Мемлекеттік күзет қызметінің қатары қазан айында толығады. Ал ішкі істер министрлігінің ұлттық ұланына аттану желтоқсан айында басталады.

Жуырда С.Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейде қалалық дәстүрлі тамыз педагогикалық кеңесінің секциялық отырысы өтті. Жиынға Алматы менеджемент университетінің бірінші проекторы А.Қанағатова, ҚР білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі балалық шақ республикалық орталығының бөлім басшысы Г.Князбаева, Талдықорған қаласындағы физика-математикалық бағыттағы НЗМ балабақша әдіскері А.Балшенова, білім басқармасының өкілдері мен мұғалімдер қатысты.

DSC 3316

Кездесуде «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында мектептегі білім менеджементі бойынша әдіс үйретілді. Қазіргі жаңартылған білім жүйесі Финляндияда қолданылатын ең үздік білім беру технологияларына негізделген. Осы орайда Шымкент қаласынан 2017-2018 жылдары Фин еліне «Болашақ» бағдарламасы аясында 5 мұғалім барып, іс-тәжірибемен танысып қайтты. Соның бірі – №35 орта мектеп директоры Сәуле Қалыбеков үйренген тәжірибиесін өзі басқарып отырған білім мекемесінде қалай қолданылып жатқаны жайлы тоқталып өтті.
– Мектепте математика және физика пәндерінің тұрмыстық жағдайда қолданылуы мен ағылшын тілін оқытуда үй жағдайында диалогты оқу мүмкіндіктерін пайдаландық. Бұған қоса ІТ саласын кеңінен пайдалану мақсатында мұғалімдер және оқушылармен бірге Google Drive сервері арқылы жоспар құрдық. Қазіргі таңда қашықтықтан оқыту, яғни, электронды оқытудың жетілдірілген түрі – «Смарт-оқыту» жүйесін жолға қойдық. Қашықтықтан оқытудың тағы бір тиімділігі – белгілі себептермен мектепке келмеген, сабақты толық меңгермеген оқушылар қашықтықтан сабақты шектеусіз уақытқа дейін қайта оқып шыға алады, – деді Сәуле Жантөреқызы.
Финляндиядағы білім беру жүйесінің тағы бір ерекшелігі - оқушының мектеп партасында ұзақ отырмауы. Әлемнің озық елдері санатына кірген Жапония, Италия сынды елдердің білім беру жүйелері де теориядан практиканың басымдылығымен ерешеленеді. Ал еліміздегі жаңартылған білім жүйесінде оқушының партада отыру уақытын аптасына 14-16 сағатқа қысқартып, сабақтардың басым бөлігін практика ретінде және тақырыпты әртүрлі ойын арқылы оқушының санасына сіңдіру жолға қойылмақ.

Жыл сайын елімізде жаңа оқу жылының қарсаңында республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық шарасын өткізу дәстүрге айналған. Бұл акция Шымкенттегі 130 жалпы білім беру мекемесінде 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

DSC 6532

Мұндағы мақсат - аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындалуға көмек көрсету және материалдық көмек беру. Шымкент қалалық білім басқармасы өкілдерінің мәліметінше, бүгінгі таңда қала мектептерінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан балалар саны 14 654-ке жетеді.
– «Жалпыға міндетті білім қорынан» бөлінетін қаржы есебінен тегін ыстық тамақпен 11 660 оқушы қамтылған. Мектеп асханасын жалға алушылар өз есебінен демеушілік көрсетіп, 2016 оқушыны күніне бір ретті тегін тамақпен қамтып отыр, - дейді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары
Айгүл Текебаева. – 2018-2019 оқу жылының басында «Мектепке жол» акциясы аясында тамыз айында 9272 оқушыға жергілікті бюджет есебінен қаржылай көмек берілмек. Бөлінетін қаржы балаларды мектепке дайындау яғни, оқуға керекті кеңсе заттарымен алуға бағытталған.
«Мектепке жол» акциясына түрлі мекемелер үлес қосып отыр. Шымкент қаласы бойынша төтенше жағдайлар басқармасы 5 оқушыға көмек қолын созып, мектепке қажетті оқу құралдарын алғалы отыр. «Халық банкінің» Шымкент қалалық филиалы 30 оқушыға мектеп портфелі және кеңсе заттарын табыстаса, жаңадан ашылған «Алатау» әмбебап базарының басшылығы 10 оқушыға мектеп формасын әперді. Айта кетейік, акцияға кез келген заңды және жеке тұлғалар қатыса алады. Қазіргі таңда құрылыс, сауда компанияларының басшылары және жеке кәсіпкерлер, меценаттар, депутаттар қыркүйек айына дейін қала мектептеріндегі 4 мыңға жуық оқушыға көмек береді деп жоспарланып отыр.
Сондай акцияның бірін Әл-Фараби ауданының әкімдігі «Жомарт жандардың балаларға қайырымдылық іс-шарасы» атауымен ұйымдастырды. Ауданда тұратын 150 бала «Фиркан сити» сауда-ойын-сауық орталығында жиналса, тағы 150 оқушы А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияда бас қосты.
Қаладағы мүмкіндігі шектеулі, жартылай және тұл жетім, аз қамтылған отбасыларынан шыққан балаларға қолдау көрсетуге «Фиркан сити», «Mega Planet», «Шымкент плаза» сауда-ойын-сауық орталықтары, «Имран» СҮ, «Орталық қырғы базар» ЖШС, «Жайлаукөл» демалыс аймағы басшыларының демеушілік жасады. 150 балғынға жаңа оқу жылына сөмке, кеңсе заттары табысталыпп, іс-шара соңында жеткіншектер «Фиркан сити» сауда-ойын-сауық орталығында көңіл көтерді. «Funky town» алаңында ойнап, ересектер жайған дастарханнан дәм татты. Соңынан «Арсенал» кинотеатрында «Монстры на каникулах» мультфильмін тамашалады.
Ал А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияға жиналған тағы 150 балаға Шымкент қалалық мәслихат депутаттары Бауыржан Сейтжанов, Ерлан Омаров, Төрайым Сұлтанова және
«Гипер Хаус», «Керемет» сауда үйлерінің басшылары демеушілік жасады. Аға-әпкелері оқушы балақайларға сөмке, кеңсе заттарын табыстап, жомарттықтың үлгісін көрсетті. Ел ағалары балалардың сабақты үздік оқуға деген ықыласын арттырып, олардың болашағынан зор үміт күтетінін жеткізді.

Жуырда Шымкент қаласындағы «Қасиетті жол» қоғамдық қорының балаларды оңалту орталығы өзінің сегізінші маусымын салтанатты түрде қорытындылады. Мұнда ем алған церебралды сал ауруына шалдыққан балалар мен олардың ата-аналары орталық қызметкерлеріне алғысын білдіріп, балаларын емдеген мамандарға шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырып берді. Онда ем алып жатқан балалардың өздері өнер көрсетті.

DSC 5930

Осы іс-шараға қатысқан «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің ұжымы ата-аналарды балаларының тәй-тәй басқан қадамымен құттықтап, балғындарға тәттілер үлестірді. Көңіл толқытарлық сәтте Бахтияр Спанов бастаған облыстық қуыршақ театрының ұжымы да сахналық көрініс қойып, балаларға шаттық сыйлады. Балғындардың өздері де ертегі кейіпкерлерімен бірге ортада би билеп, тақпақ айтты. ЛФК массаж жасаушылармен бірге спорттық жаттығулар көрсетті.
Жиында сөз алған облыстық журналистер одағының төрайымы, «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Айгүл Қапбарова науқас балалармен олардың ата-аналарының көңіліне медет, болашағына үміт ұялатқан «Қасиетті жол» қоғамдық қорына алғыс айтты.

DSC 5787

Жалпы, «Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қорының оңалту орталығы «Ұлт болашағы – дені сау балалар» жобасы аясында қаламызда 2017 жылдың тамыз айында ашылған болатын. Орталыққа «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат» қоры» АҚ қолдау көрсетіп отыр. Әлеуметтік маңызды жобаны іске асыруға «Нұр Отан» партиясы да қол ұшын созған. Бұл орталықта жағдайы төмен отбасындағы сал ауруына шалдыққан балалар тегін емделеді. Бүгінге дейін орталықта 575 бала емделсе, қазір 50 бала ем алуды жалғастыруда. Орталықта балалармен жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған, тиісті салада тәжірибесі мол дәрігерлер мен педагогтар бар. Балғындар толық медициналық тексеруден және тегін оңалту курсынан өтеді. Науқас балалар әр 3-6 айда 21 күндік оңалту курсынан өте алады.
– «Қасиетті жол» қоғамдық қорының басты бағыты қайырымдылық болып табылады. Балаларды тегін емдейміз. Мұнда тек Шымкент қаласынан емес, еліміздің басқа өңірлерінен келген балғындар да ем қабылдайды. Ол үшін Астанадағы орталықтың жолдамасын алуы керек, – дейді «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының директоры, оңалту орталығының бас дәрігері
Салтанат Көшенова. – «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының оңалту орталықтарында Қазақстанның тұрмысы төмен отбасыларынан, балалар үйлерінен келген балалар ең жақсы әдістемеге негізделген сапалы ем ала алады. Соның бірі – «Kinaesthetics» бағдарламасы арқылы науқастарды емдеу,- дейді бас дәрігер.
«Kinaesthetics» емдеу тәсілі – Германиялық реабилитология саласының маманы Норберт Фельдманның білім методикасы. Оның ең негізгі тұсы адам денсаулығын дамыту үшін маңызды болып табылатын қозғалыс құзыреті болып келеді. «Kinaesthetics» концепциясының көмегімен күнделікті іс-әрекетті (баланың тамақтануы, киінуі, арбада орындыққа отыруы, аунауы, және т.б.) әрі қарай зерттеу мен емдеу жалғасады.
Орталықта ем алып, денсаулығы жақсарған, Жамбыл облысынан келген Адинаның анасымен тілдесудің сәті түсті. Айтуынша, 4 жасар қызы осында ем алған соң өздігінен отыра бастаған. Кішкентай қыздың жоғары жүйке жүйесі зақымданғанынан сал дертіне шалдыққан. Бұған дейін Алматы мен Астанадағы оңалту орталықтарында емделген екен.
– Осында алғаш келгенде Адина өздігінен отыра алмайтын. Осымен екінші рет келіп, физиотерапия, арнайы құрылғыларда жаттығу жасау, психолог, логопед, заманауи медициналық жабдықтың көмегімен қызым енді отыра алады. Бүгін 21 күндік емдік курсты алып болдық, алдағы уақытта тағы осында келіп ем қабылдауды жалғастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді анасы.
Оңалту орталығына емделуге келгендердің дені жақсы нәтиже көрсеткен. Осы күнге дейін 60 бала өздігінен отырып, 20 бала жүруге әрекет ете бастаған. Тіпті, кей балалар мұнда спортпен айналысуда, бұл үшін арнайы спорт залда арнайы жаттықтырушы жұмыс істейді. Одан бөлек педагог-психологтар, логопед кабинеттері бар.

DSC 5935

Шымкенттің көркіне көрік қосып, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған дендросаябақ енді жаңа кейіпке енбек. Қазір мұнда күрделі жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүруде. Құрылысты бастаған екі мердігер компания «Humann» ЖШС мен «Кереге А» ЖШС барлық жұмысты қазан айының соңында аяқтауды жоспарлап отыр.

 DSC1082

Жалпы, саябақтың құрылысы мен абаттандыру жұмыстарына мемлекеттен 295 млн теңге бөлінген. «Кереге А» ЖШС негізгі кіреберіс арканы қайта жөндеп, алаңшасын заманауи үлгіде қайта жасауда, оған қоса көлік тұрағын ұлғайтады. Сонымен қатар мұнда жаңа автопаркомат пен касса бекеттері орнатылмақ. Көл жағасындағы тірек қабырғалар жаңарып, жас жұбайлар аллеясындағы субұрқақ пен сарқырама жөнделеді.
Саябақтағы тағы бір жаңалық – Бәйдібек би даңғылында негізгі кіреберіс қақпасынан бөлек тағы «Самал» шағынауданы, Қазыбек би көшесінен және Қ.Төлеметов көшелері арқылы кіретін екі қақпа пайдалануға беріледі. Бұл қақпалар алдында кіреберіс арканың шағын нұсқасы бой көтеріп, автотұрақ қарастырылған.
Айта кетейік, күрделі жөндеу жұмыстары барысында дендросаябақта абаттандыру жұмыстары да жүргізілетін болады. Бұл жұмыстарды «Humann» ЖШС атқарады. Абаттандыру барысында аяқжолдар, шахмат алаңшасы, үш жерден жаттығу алаңы салынады. Сонымен қатар саябақ телескоп, Wi-Fi секілді заманауи технологиялармен толықпақ. Бақ ішінде шағын архитектуралық мүсіндер де орналастыру қарастырылған. Саябақ басшылығының айтуынша, құрылыс пен абаттандыру жұмыстарынан бөлек ағаш-бұталарды да қайта толықтыру жоспарланып отыр.
– 1986 жылы дендросаябақ ресми түрде ашылған сәтте бес аймаққа бөлініп, бақта ағаш пен бұтаның 1360-тан астам түрі бар еді. Ал 2000 жылғы санақ кезінде ағаш пен бұтаның 560-қа жуық түрі қалған. Ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының мәліметі бойынша, қазір Шымкенттегі дендросаябақта талдың 213 түрі ғана қалған. Соңғы екі жыл ішінде қосымша ағаштар әкеліп егіліп, қосымша түгендеу арқылы бүгінде саны 253-ке жетті. Алдағы күзде ағаш-бұта түрлерін алдырып, келесі жылға 500 түптен асыруды көздеп отырмыз. Ол үшін «Сайрам-Өгем» ұлттық паркіне, Ақсу-Жабағылы қорығына,
Алматы ботаника ғылыми зерделеу институтына және Ресейдегі Кемиров ұлттық паркіне хат жазып, ағаш түрлерін сұратып жатырмыз, – дейді денросаябақ директорының міндетін атқарушы Бейбіт Нашқолов.
– Саябақтың жалпы аумағы 117 гектар болса, оның 100 гектары толық орманмен көмкерілген. Қалған 17 гектарына орталығында демалушылар үшін аяқжол мен дәмханалар кіреді. Және солай болуы да тиіс. Барлық жерге аяқжол салып, құрылыс жүргізе берсек, табиғи орманды сақтап қала алмаймыз. Табиғатқа да тыныштық керек. Сонда ғана жайқалып, табиғи қалпын сақтап қалады, – дейді маман.
Жалпы, дендросаябақ құрылған жылдары географиялық тәртіппен 5 флористикалық зонаға бөліп отырғызылған:
1. Қазақстан, Орта Азия;
2. Еуропа, Қырым, Кавказ;
3. Қиыр Шығыс, Сібір;
4. Шығыс Азия;
5. Солтүстік Америка.
– Осы зоналар бойынша ағаш-бұталардың гендік қорын көбейту қажет. Бүгінгі таңда дендросаябақтың гендік қорында 200-ден астам ағаш-бұта түрлері бар. Оның ішінде саны бір данадан қалған ағаш-бұта түрлері де кездеседі. Мысалы, отаны Оңтүстік Америка болып саналатын қызғалдақ ағашы, жылан жиде, лапина және т.б. Сондықтан, саябақ аумағында сирек кездесетін ағаш-бұта түрлеріне арнайы коллекциялық тұқымбақ жасау қажет, – дейді Бейбіт Мырзабайұлы.

 DSC1098

Алдағы жылы Шымкент дендрологиялық саябағының құрылғанына 40 жыл толады. Көпшіліктің көз қуанышына айналған дендросаябақ тұғырлы тұлға Асанбай Асқаровтың тікелей атсалысуымен халық игілігіне берілген. Жуырда дендросаябаққа қоғам қайраткерінің атын беру мәселесі бірауыздан оң шешімін тапқан болатын. Енді қоғам қайраткерінің атын беру жұмыстарын «Кереге А» ЖШС басшылығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде атқармақ.

Адал еңбегімен елге танылған адамдар қай салада да кездеседі. Бүкіл бір әулеттің атадан балаға берілетін кәсібі арқылы елдің ризашылығына, құрметіне бөленуі сол еңбектің ақталғанын көрсетсе керек. Сондай отбасының бірі – Шымкент қаласында тұратын Жүнісбековтер әулеті. Бұл үлкен отбасын қала тұрғындары «Ұстаздар династиясы» деп атап кеткен. Әулеттің отағасы мен отанасы Дүйсебай Жүнісбеков пен Бибіжар Әбілхайрова – бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған жандар.

l

Ерлі-зайыпты ұстаздар бүгінде зейнетке шыққанымен, олардың ізгі ісін ұл-қыздары жалғауда. Екеуінен өрбіген бір ұл және бес қыз бар. Бір қызығы алты перзенттің бесеуі әке жолын қуып, физика-математика пәнінің мұғалімі атанған. Тек кенже қыздары Дина дәрігер мамандығын таңдапты.
Дүйсебек ағай 1969-1974 жылдар аралығында Шымкент педагогика институтында «Физика және еңбек» мамандығы бойынша жоғары білім алады. Оқуды тәмамдаған жас маман Қарақалпақстанға жолдама алып, алғашқы еңбек жолын сонда бастайды. Бір жыл өткен соң ол жердің қоршаған ортасына бейімделе алмай, өзінің туып өскен ауылы - Мақтаарал ауданы, бұрынғы Ленин колхозындағы Пушкин атындағы мектепте орыс сыныптарына физика пәнінен сабақ беруді бастайды. Содан ұстаздық жолын 1999 жылға дейін жалғастырады. Кейін Шымкентке көшіп келіп, 1999-2001 жылдар аралығында №26 мектепте информатика пәнінен, 2001-2013 жылдары Спатаев атындағы № 7 мектепте физика-математика пәнінен сабақ береді. 2013-2016 жылдары Назарбаев Зияткерлік мектебінде физика-математика пәні бойынша ұстаздық еткен.
Ал жұбайы Бибіжар апай ЖенПИ-дің математика факультетін тәмамдаған. Дүйсебек ағайдың айтуынша жұбайымен қызық жағдайда танысқан екен.
– Өзім физика-математика пәні мұғалімі болсам да футбол ойнауды жаным сүйетін. Бір күні мектепте спорт алаңында футбол ойнап жүріп, тепкен добым мектеп маңындағы үйдегі бір жеңгемнің ет пісіріп жатқан қазанына барып түсті. Ашуланған жеңгей «Қап сені ме, бұлай доп тепкенше басыңды байлап қоймасам ба» деп айғайлады. Ол уақытта жасам 30-ға таяп қалған. Арадан бірнеше күн өтіп қонаққа көрші ауылдан сіңлісі келгенде таныстырды. Сөзіміз жарасып, көңіл қостық. Сол жеңгей айтпақшы, үйдегі алты баламның анасына басым осылай «байланды», - деді күліп.

«Оқушыларымды өзге ұстазға қимадым»

Бүгінде күміс алқа иегері атанған Бибіжар апай отбасы тәрбиесін басты орынға қойып, мектепте дәріс бермесе де сол шәкірттерге білім беретін ұстаздарды тәрбиелеп өсірді. Ал отағасы бар ғұмырын мектепте оқушыларға білім беруге арнаған. Бүгінде ұстаздық еткеніне 42 жыл толған зейнеткер кәсіби шеберлігін ұштаған, үздіксіз ізденістегі педагогтік ұстанымы айқындалған, оқу үрдісіне жаңа оқыту технологияларын ұтымды ендіру жолдарына аса көңіл бөлетін жан. Жұмысқа деген шығармашыл көзқарасы, мұғалім әлеуетін үздіксіз көтеруге бағытталған әрекеті шәкірттері мен өз балаларының бойында физика пәніне қызығушылығын арттырады. Балалары мектепті бітіргенге дейін Дүйсебай ағай қаншама жоғары оқу орындарынан ұсыныс түссе де, оқушыларын, балаларын өзге ұстаздарға қимай, физика пәнінен өзі сабақ берген екен.
– Алты балама да мектепте физика-математика пәнінен өзім сабақ беру үшін көптеген ұсыныстарды қабыл алмадым,- деп Дүйсебек ағай әңгімесен әрі жалғастырды. - Бұл үшін өкінбеймін, есесіне балаларым ағарту саласының биігінен көрінуде. Мен оларды мектепте өзге оқушылардан артық көрмедім, өз балама артық үйреткен жайым жоқ. Олардың өзі осы пәнге ден қойды. Үйде де физика пәнінен үй тапсырмасына көмектескен емеспін. Үлкен төрт қызым қазақ әдебиеті мен әлем классиктерін көбірек оқитын. Олардың кітап сөрелерінен Абайдың қара сөздері, М.Әуезовтың «Абай жолы» және тағы басқа да әдеби кітаптары табылатын. Дәрігер қызым Дина әдебиетке немесе биологияға қызығатын.

дүйсебай ағайдың баласы

Ал ұлым Айғазы жастайынан робот-техникаға ден қойды. Қыздарымның мұғалім болуын қалағаным рас. Себебі қазақтың қыздары мұғалім болса жарасады деп ойладым, - дейді ұстаз.

Әке тілегін орындаған қыз

фото дана 2

Әке тілегі орындалып, бес перзенті ағарту жолын таңдады. Бүгінде олар Шымкенттегі мектептерде сабақ беруде. Атап айтар болсақ, Жүнісбекова Дана қаламыздағы М.Х.Дулати атындағы № 8 мектепте 15 жылдан бері физика пәнінің мұғалімі. Екінші қызы Ақмарал №26 мектепте - 13 жыл, Ұлтуар №64 мектептерде математика пәнінен сабақ беріп келеді. Тағы бір қызы Салтанат №23 мектепте жұмыс істеген. Ал ұлы Жүнісбеков Айғазы бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық ұниверситетіннің тереңдетілген ғылыми-физика факультетінің магистратурасында білімін жалғастыруда. Қыздарының ішінде Динаның ғана жастайынан биологияға пәніне қызығушылығы дәрігер мамандығына жетелепті.
Бүгінде Дана Дүйсебайқызы да, бауырлары да әкелерінің жолын қуып, қызметтерін адал атқарып келе жатқан абзал жандар. Өз шәкірттерін ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиелейтін, өміріне азық болар білім берген осы жанның алдынан қанаттанып ұшқан шәкірттері әлі күнге шейін ұлағатты ұстаздарын ұмытпайды. Олар бүгінде тәуелсіз Қазақстанның көркейіп өсіп-өнуі үшін еліміздің түкпір-түкпірінде әр түрлі салада еңбек етіп жүр.
– Біз әкемізден ең алдымен қарапайымдылықты үйрендік. Ол кісі алысты болжай алатын. Осы мамандықты таңдауыма да әкем себепші болды,- дейді Дана Дүйсебекқызы. - «Балам, болашақта менің жазған кітаптарыма сенің иелік еткеніңді қалаймын. Сен физикадан әрқашан үздік болғансың, бұл саланы игеріп кетуіңе сенемін» деген сөзінен соң ХҚТУ-дың Шымкент бөлімінің физика-математика факультетіне оқуға түстім. Мектепті бітіргенде дәрігер болуды армандаған едім, әйтсе де әкенің тілін алып, жолын қуғаныма еш өкінбеймін, қайта мақтаныш етемін. Кейде жұмыстан шаршап, өмірден жабырқаған сәттерімде дереу әкемнің алдына барамын. Ол кісі мамандығымның ғылыми жағынан да, рухани жағынан да маған жақса бағыт беріп отырады, - дейді Дана.
Бір қызығы, Дананың әкесі физик, өзі физик, тағдыры Әлжанов Нұрландай физик жігітке жолықтырыпты. Ерлі-зайыптылар бүгінде М.Х.Дулати атындағы мектепте физика пәнінің мұғалімі болып шәкірт тәрбиелеуде. Дана мен Нұрлан өмірлік серік болып қоймай, 7-11 сынып аралығындағы оқушыларға арналған оқу-әдістемелік құрал жазып шықты. Дананың айтуынша, есеп шығару барысында, сұрақтар мен үй тапсырмасы бойынша сол әдістемелік құралға сүйенеді.
– Бұл құралдардағы тапсырмалар бастапқы деңгей, орта деңгей, жеткілікті деңгей, жоғары деңгей болып бөлінеді. Мұның өзгешелігі - барлық баланы бірдей білім олимпиядасына дайындауға болады. Үй тапсырмасы немесе жаңа тақырыпты түсіндіруде, оқушының сабақта өткен білімді қабылдап алуын зерделеуге болады. Сонда баланың таңдаған деңгейіне қарай тақырыпты қаншалықты қабылдағанын білесіз. Мәселен, бастапқы мен орта деңгейдің есептерін шығара алған оқушы жеткілікті және жоғары деңгей есептеріне өтеді. Алдағы уақытта бұл құралды қолданбаны жаңа бағдарламаға сай етіп жазуды жоспарлап отырмыз ,- деді Дана Жүнісбекова.

Оқушы оқу үшін өзі ойлануы керек

Дүйсебай Жүнісбековтың оқушылары олимпиададан және ғылыми жоба сайысынан жоғары көрсеткіштер көрсетіп келеді. 2015 жылы «Астана» баспа үйінен жарық көрген «Физика пәнінен ҰБТ-ға дайындаламыз» атты кітаптың авторы да осы Дүйсебай Жүнісбеков. Ұстаз сабақты барынша оқушыларға оңтайлы жолмен түсіндіру керек дейді. «Физика сабағында сатылап оқытуды дамыту», «Күрделі есептер шығару арқылы теориялық білімді дамыту» тақырыбында әдістемелік құрал жазып шықты.
– Оқушы оқу үшін өзі ойлануы керек. Ойлану үшін арнайы сұрақтар мен эксперимент дайындау қажет. Мәселен, суды қыздырмай қайнатуға болатынын білесіз бе? Осы сұрақты оқушыға қойсаңыз, ол қызығушылық танытып ойлана бастайды. Нәтижесінде сабақты бар ықыласымен тыңдап отырады. Міне, осы сияқты басқа да тақырыптарға оқушыны қызықтыру үшін көбінесе сабақтың барысын тек теория емес, логикалық түрде қызықты суреттермен немесе практикамен түсіндірсе, әрі қарай оқушының өзі білімге ұмтыла бастайды. Ал қазір оқушылар қолданып отырған оқулықта теория көп. Ол теорияларды үйренем дегенше бала шатасып кетеді,- деп аяқтады әңгімесін қарт ұстаз.

Күнгейдің маржаны – Сайрам–Өгем

Пятница, 03 Август 2018 04:47

Оңтүстік өңірінің саяхатшыларды қызықтырып, өзіне магниттей тартатын туристік әлеуеті жоғары. Күнгейде орналасқан «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде, тау бөктерінде демалғысы келетіндердің қарасы жыл сайын көбеюде.

Сахит 2

Статистикаға назар салсақ, биылдың өзінде өңірімізге еліміздің басқа аймақтарынан және алыс-жақын шетелден 125 мыңға жуық турист келген. Соның 10 мыңнан астамы осы ұлттық паркке ат басын бұрған екен. Ал бұл былтырмен салыстырғанда 55 пайыз көп.
Табиғаттың бар кереметін бойына жинаған Сайрам-Өгем мемелекеттік ұлттық табиғи паркі 2006 жылы ұйымдастырылып, оған Түлкібас, Төле би және Қазығұрт аудандарының табиғаты көрікті жерлері енеді. Аумағы 149 мың гектар саябақты ұйымдастырудағы басты мақсат – Батыс Тянь-Шань тау жоталарындағы ғылыми тұрғыдан құнды табиғат байлықтарын қорғап қалу, қалпына келтіру және республикадағы экологиялық туризмді дамыту. Бұл парктің аумағынан Өгем, Сайрам су, Қасқасу, Біркөлік, Машат, Дәубаба және Көкбұлақ өзендері ағып өтеді.
– Бүгінде ұлттық паркке қызығушылардың саны артып, тіпті шетелдік туристтер де осында демалуға келе бастағаны біз үшін үлкен қуаныш, - дейді «Сайрам-Өгем мемелекеттік ұлттық табиғи паркі» мекемесінің директоры Сахит Қынтаев. - Ұлттық табиғи парк 2006 жылы Өгем, Төлеби және Түлкібас орман және хайуанаттар әлемін қорғау мемлекеттік мекемелерін қосу арқылы құрылған. 2006- 2008 жылдар аралығында бізге келетін қонақтардың саны мыңнан асса қуанатын едік. Қазір туристер саны анағұрлым көбейді және сапалы қызмет көрсетуде атқарылып жатқан жұмыс та орасан. Бекітілген аумақты күнде аралау, парктің табиғи байлығын сақталуын қамтамасыз ету, браконьерлерлердің алдын алу мен экскурсия барысында туристерді бастап жүру, өрт қәуіпсіздік шаралары осы парктегі инспекторлардың міндетіне кіреді. Тәжірибелі гидтеріміз жолсерік болып қана қоймай, мұндағы әр өсімдік пен ағаш жайлы көптеген мәлімет беріп, қоршаған ортамен таныстырады. Айта кетейін, парк аумағында 10 туристік соқпақ және тауда атпен серуендеймін дейтіндерге 20-ға жуық ат дайын, - дейді Сахит Жақсымбекұлы.

Сайрам-Өгем табиғи ұлттық паркке келген туристер саны:
2016 жылы – 19 780 адам
2017 жылы – 23 441 адам
2018 жылдың бес айында – 10 166 адам.

– Табиғат аясында демалғысы келген адам паркке мемлекет тарапынан белгіленген тариф бойынша ақысын төлеп кіре алады. Бұл жерде сүтқоректілердің 60-қа жуық түрі мен құстардың 300-ге жуық түрі мекендейді, олардың көбісі «Қызыл кітапқа» енгізілген. Табиғатты аялап, болашақ ұрпаққа сол күйі жеткізуіміз керек. Барлық тіршілік иесінің өсіп-өнуіне тыныштық қажет. Сондықтан туристерге ұлттық парк жерлерін ластауға, ұялар мен апандарды бүлдіруге, ағаштар мен бұталарды кесуге, сындыруға жол берілмейді. Осындау қамқорлықтың нәтижесі де жоқ емес. Мәселен, аймақта жойылып бара жатқан аңның бірі - қар барысы парк қызметшілері тарапынан қойылған фото-қақпандарда бой көрсете бастады. Бұл – біз үшін керемет жаңалық. Бастысы, демалушылар қоршаға ортасына зиян тигізбеуін қатаң қадағалаймыз, - дейді парк директоры Сахит
Жақсымбекұлы. – Айта кетейін, табиғат аясына келіп жатқан жастар өздерін қалай ұстауды біледі, зиянды әрекеттерге бармауға тырысады. Меніңше, бұл жастардың мектеп пен отбасында алған тәлім-тәрбиесі мен елімізде жүргізіп жатқан идеологияның нәтижесі деп ойлаймын.

Өгем тау жотасы – альпинизмнің бесігі

Сайрам-3

Таулы аймақта 10 туристік бағыт ұйымдастырылған, жалпы ұзындығы 701 шақырымды құрайды. Оның 250 шақырымы - жаяу, 263 шақырымы - аттылы және 186 шақырымы автомобильді бағыт. Серуендеудің түрін өзіңіз таңдайсыз. Табиғи парктің ең тамаша тұстарының бірі - теңіз деңгейінен 2300 биіктікте орналасқан Төменгі Сайрам су көлі. Оның қазаншұңқыры гитара тәріздес. Судың мөлдірлігі соншалық, тіпті, ең терең жердің өзінде көлдің түбін көруге болады. Келетін туристердің де назарын тартып тұратын осы көл.
– Мақпалкөл мен Сусіңген көліне қарағанда Сайрам су көліне бару жеңілдеу. Туристер мен демалушылар сол көлге көп келеді. Ал Өгем өзені 3000-4000 м биіктегі мәңгі қар басқан Сайрам тау жотасынан бастау алады. Сондай-ақ, өңіріміздегі ең биік шың да (биік нүктесі 4299 метрлік Сайрам шыңы) альпинисттердің сүйікті жаттығу орнына айналған. Бұл шың оңтүстік альпинизмның бесігі саналады, мұнда тауға өрмелеуге қолайлы жолдар бар. Тек техникалық дайындыққа мұқият болу керек, - дейді Сахит Жақсымбекұлы.
Сайрам-Өгем паркінде туристер үшін 6 демалыс үйі, бірнеше киіз үй және 90-ға жуық демалыс алаңқайы жұмыс істейді. Сусіңген және Мақпалкөл көлдеріне атпен бару үшін 2 туристік соқпақ ашылған.

Қошқаратаның бастауы – Сусіңген көлі

Сусіңген көлі – көпке танымал болғанымен, жету жолы қиын, Өгем тауының інжу-маржаны саналады. Теңіз деңгейінен 1907 м биіктікте, Өгем жотасының оңтүстік бөлігінде орналасқан. Аумағы - 3 500 ш.м. Жыл сайын жазда суы аздап тартылып, кейін суы қайта толады. Көлге көп бұлақтан бастау алған Сусіңген өзені келіп құйылады. Халық аузындағы кей аңыздарға сенсек, осы көлден сіңген су Шымкент қаласының ортасындағы Қошқарата өзенінен және Қазығұрт тауының етегіндегі Ақбура бұлағынан бастау болып шығады екен. Көлде дақты форель-осман балығы тіршілік етеді. Көлге ең жақын ауыл – Өгем елдімекені. Мұнда жететін тура жол жоқ, жаяу немесе атпен баруға тура келеді.
Ұлттық парктің басшылары экологиялық туризмді бұдан ары дамыту мақсатында алдағы уақытта қосымша туристік бағыттар ашуды, мініс аттарының санын көбейтіп, қысқы туризмді ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл қадамдар саябақтың туристік әлеуетін одан ары арттыра түспек. Шынында да туған өлкеміздің табиғаты әлемдегі мақтаулы елдердің ғажайыптарынан кем емес!..

Бүгінде әлеуметтік желі қолданушылардың көбісі онлайн-дүкендердің тұрақты тұтынушысы десек, артық айтпаған болармыз.

Kazpost

Кез келгеніміз әлеуметтік желілер арқылы киімнен бастап техника, азық-түлікке дейін тапсырыс беріп жатамыз. Мұның сатушыға да, сатып алушыға да өзіндік тиімді тұстары өте көп. Міне, сауданың осы бір тұсын кеңінен насихаттау үшін Шымкентте «Қазпошта» АҚ ұйымдастыруымен өткен семинарда украиндық мамандар шымкенттік кәсіпкерлерге дәріс өтті.
«Kazpost экспорттық мектебі» деп аталған семинарда Украинаның экспорттық мектебінің негізін қалаушы спикерлер интернет-дүкендер арқылы сату және сатып алудың соңғы жетістіктерін баяндап берді. Семинарға қатысқан 80-жуық кәсіпкер интернет-дүкен арқылы өз істерін дамыту мен сату жайлы кеңінен мәлімет алды.
«Укрпоштаның» экспорттық өнім маманы, «E-Экспорт мектебі» жобасының үйлестірушісі Виктория Михайлова тауарды экспорттаудағы келеңсіздіктер мен жетістіктер, бизнес-модельдің негізгі бағыттары жайлы тоқталып өтті. Алты сағаттық дәріс барысында сарапшылар негізгі бизнес-модельдің жұмыс барысы мен электрондық коммерция форматында экспортты бастайтын құралдарын ұсынды. Елімізде бизнесті дамытуға қажет жағдай бар екенін атап өтіп, Қазақстанның кедендік және салық заңнамасының ерекшеліктерін талқылады. Тағы бір сарапшы Катерина Витковская онлайнды тізімдер жасау, сауданы дамыту, тауардың айналым процесі жайлы кеңінен тоқталды. Қолдан жасалған тауарларды сату үшін «ETSY» платформасымен таныстырды.
Бүгінде елімізде отандық 150 интернет-дүкен экспорт пен импортта белсенді жұмыс істеп келеді. Сауданың бұл түріне «Қазпоштаның» алар орны бөлек. «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Ысқақ Бақытжан осынау семинар арқылы халықтың электронды бизнестегі сауатын ашып, әлемдік сауда аренасына шығуын көздедік дейді.
– Бүгінде қазақстандықтардың бірқатары Amazon, eBay, ASOS сияқты шетелдік интернет-дүкендерден зат сатып алады. Бірақ осы сайттарда сауда жасайтын отандастарымыз аз. Ал «Қазпошта» Қазақстандағы электронды коммерция нарығын дамыту үшін үлкен күш жұмсайды. Біз түрлі семинарлар өткізу арқылы үздік мамандарды даярлап, онлайн сауда дүкенінің инфрақұрылымын жасадық, – дейді Бақытжан Бекболатұлы. – Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – Елбасының жолдауына сәйкес «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрландыру бойынша бағдарлама әзірлеу, бұл семинар соның бір бөлігі боп табылады. Біздің елде де онлайн-сауданы дамыту үшін «Қазпошта» АҚ тарапынан кәсіпкерлерге сауда алаңдары мен тез арада жеткізетін логистикалық қызметтерді ұсынып отырмыз.
«Қазпошта Экспорт мектебінің» келесі семинарлары Алматы мен Қарағандыда өтеді.

Страница 22 из 24