Соғыстың құны Избранное

Пятница, 08 Май 2015 04:07 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5782 раз

Соғыстың құны – кесілген білек...
Соғыстың құны – тесілген жүрек...
Соғыстың құны – өртенген аспан...
Соғыстың құны – төгілген жас қан...
Соғыстың құны – күйреген орман...
Соғыстың құны – уланған арман...
Ақын Қадыр Мырза Әлінің осы бір шумақтарында адамзат тарихындағы алапат соғыстардың жиынтық бейнесі айтылғандай.


60A05569-C483-455C-B7DD-212E4D037C5B cx0 cy16 cw0 mw1024 s n r1Адам баласы жаратылғалы бері соғыс дертінен айықпай келеді. Тарихи деректер арқылы өткен ғасырларға көз жүгіртсеңіз соғыссыз өткен ғасырдың болмағанын аңғарасыз. Әрбірінің түпкі мақсаты бір, бірақ бағыты бөлек. Десек те, өткен ғасырдағы екінші дүниежүзілік соғыстың залалы басқаша. Иә, сол соғыста шайқасқан жауынгерлердің алдында бүгінгі бейбіт күн, жарқын өмір үшін қарыздармыз. Олар ат төбеліндей аз қалса да, олардың ерлігі, олар көрсеткен үлгі, олар төккен мейірім оты ешқашан сөнбек емес. Оларды құрметтеу, ардақтау бүгінгі буынға серт.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тойлануда. Кең көлемде және жоғары деңгейде аталып өтуі тиіс те. Дегенмен, сол сұрапыл жылдардың залалы мен зардабын саралау да артық болмас. Екінші дүниежүзілік соғыс­тың құны адамзат үшін қаншаға түсті? Тарихшы­ла­р мен сарапшылар зерттеп, есеп-қисап жүргізіп жатқан-ақ секілді. Бірақ, әзірге нақты мәліметті кездестіре алмадық. Десек те, 1941-45-жылдардағы шайқас 50 миллионға жуық адам­ның басын жұтқаны – ащы да болса ақи­қат. Мұншама адам шығыны орын алған соғыс еш уақытта болмапты.
Адам­зат тарихын­да Екінші дүние­жү­зілік соғыс 40-50 мил­­­лион адамды жұтқан соғыс ретінде тарихта қалмақ. «Соғыс­тың құны – қираған жамбас, со­ғыстың құны – қураған мың бас» деп ақындар жырлағандай, шейіт болғандардың орнын еш нәрсе тол­тыра алмасы анық. Талай ша­ңырақ күйреп, ортаға түсті, талай боздақ қыршын қиылды...
Жалпы, соғыстың құны еш ­нәр­­семен өлшенуі тиіс емес... Төрт жылға, яғни 1418 күнге созылған майданға өзгеше баға беретін, жаңа көзқа­растағы тарихшылар, сарапшылар бұл соғыстың қазақ халқы үшін өшпес із, жазылмас жара қалдырғанын айтуда. Белгілі тарихшы, профессор М.Асылбековтың сөзімен айтсақ: «Осынау даңқты Жеңісіміздің құны аса жоғары болды. Отан қорғау үшін қару астына шақырылғандардың (1,3 млн.) жартысынан астамы отбасыларына оралмай кетті. Бұлардың жартысынан астамы – 350 мыңы қазақтар еді». Сондай-ақ, тарихшылар қазақтарды «соғыстың ең ауыр деген ұрыстарында жаппай пайдалану тəжірибесі жүргізілгенін» айтады. Қазақстанда майданға халықтың 25 пайызы жасақталған.  Көптеген қазақстандықтар ұрыстың қайнаған ортасына жіберілген. Орталық Азиядан жасақталған əскери құрамалар ең жойқын, қиын жерлерде шайқасқа қатысқан. Мəселен, Калинин шайқасында қазақтың 12  мың азаматы алдыңғы шептен көрініпті. Калинин майданының қолбасшысы генерал А. Еременко 1965 жылы Мəскеуде Жеңістің 20 жылдығына орай өткен үлкен жиында былай деп ақиқатты айтқан: «Иə, бiз шынында қазақтың екi ұлттық бригадасын ең қиын жерге, яғни фашистердiң аузына тастадық. Бiз кінəлімiз». Мəскеу түбіндегі шайқаста ерлік көрсеткен 316-шы атқыштар дивизиясының құрамы да негізінен қазақ пен қырғыз ұлттарынан жасақталған.
Соғыс халқымызға өте ауыр тиді. Қазақстаннан барған 1 миллион 366 мың әскердің  жарты миллионға жуығы жат жерде шейіт болды. Соғыстан оралған талай қандастарымыздың лагерлер қыспағына іліккендері қаншама?! Дегенмен, бұл соғыста 11 600-ден астам адам ерлігі үшін Кеңес одағының батыры атанса, соның 497-сі қазақстандықтар. Ал, қазақтардың саны 97-і еді. Бауыржан Момышұлы соғыс аяқталғаннан 45 жылдан кейін, 1990 жылы Кеңес одағының батыры атағын алды. Ұшқыштар Н. Əбдіров пен Т. Бигелдиновтың аттары əлемге танылды. Б. Момышұлы туралы сол соғыстың басында-ақ кітап жазылды. Əлия мен Мəншүгіміз тек қазақ қана емес, бүкіл шығыс əйелдерінің атын бұрын – соңды болмаған биікке көтеріп тастады. Қазақтың ұлы Р.Қошқарбаев Рейхстагқа алғаш болып ту тіккендердің қатарынан көрінді.
Сол жылдары елдегі барлық өндіріс орындары соғыс мұқтаждықтары үшін қызмет етті. Жаудан азат етілген аудандарға көмек Қорғаныс қорының қоймаларын толтырды. Соғыс жылдарында Қазақстанда барлығы 480 зауыт, фабрика, кеніш, шахта бой көтеріп, өнеркәсіп өндірісі 37 пайызға өскен. Бес жыл ішінде қазақстандықтар 5829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет, тағы басқа азық-түлік, өндіріске керекті шикізат жіберді. Осы соғыс кезінде әрбір атылған он оқтың тоғызы қазақ қорғасынынан өндірілген.
Иә, бұл соғыс рухани соққысын немесе экономикалық-әлеуметтік зардабын алыңыз ХХ ғасырдың ғана емес, тұтас адамзат тарихының қанды кезеңі болып тарихта қалды.

Диас НҰРКЕНҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.