Облыс әкімі 12 ардагерге пәтер кiлтiн тапсырды
Жеңіс күні қарсаңында облыс, қала аумағында игі бастамалар жүзеге асырылуда. Соғыс және тыл ардагерлеріне жыл басынан бері сый-құрмет көрсетілуде.
Жеңіс күніне арналған шара облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен соғыс ардагерлерінің Кеңес Одағының Батырлары, қазақтың біртуар қаһарман ұлдары Бауыржан Момышұлы мен Сабыр Рақымовтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, тағзым етуімен басталды. Бұдан кейін қонақтар «Жеңіс» саябағы алаңында ОҚО тарихи-өлкетану мұражайының қорынан жасақталған «Оңтүстік өлкесі қаһарлы жылдарда», «Соғыстың қатыгез бейнесі», «Азат етуші майдангерлер» атты үш бөлімнен тұратын көрмемен танысты. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов соғыс ардагерлерін мерекемен құттықтап, болашақ ұрпаққа сыйлаған бейбіт заман, ерен ерліктері үшін алғысын білдірді.
– Қадірлі соғыс және тыл ардагерлері! Жеңістің 70 жылдық мерейлі мерекесі еліміздің тарихынан ерекше орын алады. Біз алдыңғы толқын ардагер ағаларымыздың, батыр жауынгерлеріміздің ерліктеріне әрқашан бас иіп, тағзым етеміз. Сіздерді мерекемен құттықтай отырып, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін! – деді облыс басшысы.
Мұнан соң, А. Мырзахметов 28 ардагерді мемлекеттік наградалармен марапаттап, 12 ардагерге пәтер кілтін табыс етті.
Мерекелік шарада облыстық қазақ драма театрының, әзіл-сықақ және сатира, опера және балет театры актерлерінің қатысуымен «Соғыс оты тұтанды», «Әскерге алыну», «Баласын күткен аналар», «Майдан даласы» атты далалық қойылым көрсетілді. Бір сәт шығарма арқылы майдангерлер өткен күннің өшпес іздерін еске алды.