Қариялардың қуанышы

Среда, 24 Февраль 2016 08:27 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5748 раз

«Жүз ата-апа кеші...». Шымкентте бұрын-соңды болмаған кештің атауы осылай аталды. Ұйымдастырушылар тағдырдың тауқыметімен қарттар үйінде тіршілік кешіп жатқан жүз қарияны «Оңтүстік» қабылдау үйіне дастархан жайып, тойға шақырды. Игі істің бастамашысы «Қайырымды жандар» еріктілер тобының жетекшісі Айдын Тоқсанбаева бастаған жас қыз-жігіттер.

 MG 2255 
  MG 2441
  MG 2278

– Кішкентайымнан әжемнің бауырында өстім. Әжем өзгелерге жақсылық жасауға, қуаныш сыйлауға құштар жан. Теледидардан «Қарттар үйі» жайлы бейнематериал көрсе, жылап қалатын. «Мен қамыр жайып, ет асайын. Қамкөңіл жандар үйдің тамағын сағынған шығар» деп қолындағы барын бөлісіп жүретін, – деп бастады әңгімесін Оңтүстіктің тумасы, жақсылыққа жаны құштар Айдын қыз. – Кішкентайымнан өзгелерге деген мейірімін көріп өскендіктен болар, мен де қарттар үйінің қарияларына, мейірімге мұқтаж жандарға қуаныш сыйлағым келді. Сосын «Жүз ата-апа кешін» өткізуді жөн көрдік.
Осылайша, ол өз ойымен әлеуметтік желілерде бөліседі. Айдынды қолдаушылардың қатары күн сайын артып, «Қайырымды жандар» еріктілер тобын құруға алып келді. Бүгінде осы топқа мүше алматылықтардың қатары 200 адамнан асса, шымкенттік топтағы жастардың саны 100-ге жетті. Олардың жасы, қызметі әртүрлі болғанымен ниеттері, мақсаттары – ортақ.
Хош, сонымен кештің қалай өткеніне келейік. Сәулеті келіскен тойхана табалдырығын аттаған кей қариялар «Аумағы атшаптырым болатын дәл осындай тойханаға алғаш бас сұғуымыз. Біздің халық осындай тойханада той өткізіп жүрсе, онда Шымкентке дағдарыс келмейтін шығар» деп әзіл-шыны аралас таңданыстарын жасыра алмады.
Кеш көңілді басталды. Қайрат Түнтеков, Наркенже Серікбаева, Құрманай Бақтиярқызы әннен шашу шашты. Тілек айтылды. Қариялар жастық шақтарын еске алысты.

– Жаратқанның сынағы шығар, жұбайым өмірден озғаннан кейін осы қарттар үйіне келдім. Мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетіліп жатыр. Бәрі бар, керегі көңіл ғана. Осындағы қазақтың ең соңғы қариясы мен болсам деп тілеймін, – деп Бүркітбай ақсақал көзіне жас алды.
«Жүз ата-апа кешіне» жиналғандар жастарға ақ батасын беріп, қайта-қайта құшақтарына қысты, мейірлене маңдайларынан сүйді.
– Бұл кешті бұған дейін Алматыда екі рет өткізгенбіз. Енді Астана қаласы қарттарының басын қосып, ақпанның 26-на той жасамақпыз. Шымкенттің белсенді жастарына алғысым шексіз. Енді олар бұл игілікті істі ары қарай жалғастырады деп ойлаймын. Егер біздің «Қайырымды жандар» еріктілер тобына қосылғысы келетін жандар болса WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы 8 701 066 66 55 байланыс нөміріне хат жазуына болады, – дейді Айдын.

Последнее изменение Среда, 24 Февраль 2016 12:14
Другие материалы в этой категории: « «Қазақ елi» қалай түсірілді? Иляевтiң әлемi »