Қазақтың мейірбандығын паш еткен мереке Избранное

Среда, 02 Март 2016 05:06 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4618 раз

Әкімшілік-іскерлік орталығы алаңына жиналған көпшіліктің көңілі шат-шадыман. Облыс тұрғындары мен түрлі ұлт өкілдері елімізде тұңғыш рет аталып өтіп жатқан 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесін тойлауда.

 MG 3774   MG 3766 

 Жиналғандар алдымен әр ұлттың ән-жырына құлақ түріп, көрмені тамашалады. Көрмеде 20 этномәдени бірлестік өздерінің салт-дәстүрін дәріптейтін ұлттық бұйымдары мен тағамдарын ұсынды. Одан кейін мерекелік іс-шара «Түркістан» сарайында «Қазақ еліне мың алғыс» атты салтанатты жиынмен жалғасты. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов бұл атаулы күн бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесіне айналатынын, өзге ұлт өкілдерінің бірлігі мен ынтымағын нығайтатынын атап өтті. 

– Алғыс айту күні бірлігімізді бекемдеп, шынайы ықыласымыз арқылы сыйластығымызды одан әрі нығайтуымыз қажет. Бұл тұрғыда ұлтымыздың ұйытқысы атанған қасиетті оңтүстік өңірінің тұрғындары барлық өзге өңірлерге өнеге болуы тиіс – деді өңір басшысы. Салтанатты шара М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері әзірлеген «Мың алғыс» флешмобы мен концерттік бағдарламаға ұласты. Тағдыр тәлкегімен жер аударып келгенде жатсынбай құшағын ашқан қазақ халқына алғыстарын өзге ұлт өкілдері ән-биімен, өлең-жырымен жеткізді.
– Сталиннің солақай саясатының себебінен бір күннің ішінде біздерді пойызға артты да, жөнелтіп жіберді. Аш-жалаңаш жылаған балаға, еңіреген анаға қараған жоқ. 1944 жылы Түлкібас ауданына қиналып келгеніміз әлі есімде. Сонда Ханшайым есімді ана екі бөлмелі үйінің бір бөлмесін босатып беріп, ұл-қызының тамағынан жырып, бізге үлестірген. Біз осы елде өсіп-өндік. Білім алдық, қызмет еттік. Қиын-қыстау кезеңде дархандық танытқан қазақ еліне, халқына мың алғыс айтамын, – деді Төлеби ауданы түрік этномәдени бірлестігі ақсақалдар алқасының төрағасы Аңсар Досжанов.