×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Облыстық байқауда бақ сынайды Избранное

Среда, 01 Июнь 2016 09:33 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4544 раз

Өнегелі отбасы – елдің тірегі, өзгеге үлгі. 2013 жылы отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында Елбасы Н. Назарбаевтың жарлығымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жарияланған болатын. Күні кеше Шымкентте дәстүрлі «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының бірінші кезең жеңімпаздары белгілі болды. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған байқауға барлығы 23 отбасы қатысып, бақ сынауға ниет білдіріпті. Анкеталық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Әбдірахман Шалқарбеков пен Шаймерден Есенкелдиевтердің отбасылары жеңімпаз атанды.

DSC 0065

«Оқушылар сарайында» өткен салтанатты марапаттау шарасына қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков
пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Ырысбаев қатысып, қала әкімінің құттықтауын жеткізді.

Жеңімпаз атанған жарасымды жанұяның бірі Әбдірахман Шалқарбеков жұбайы Ұлбосын екеуі 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан 16 немере сүйіп отыр. Әбдірахман аға облыстық қаржы бақылау комитетінде ұзақ жылдар қызмет етіп, зейнеткерлікке шықса, Ұлбосын апай бала тәрбиесімен айналысып, балабақша меңгерушісі қызметін атқарған. ҚР «Білім беру ісінің үздігі», «ҚР Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанған. Бір шаңырақ астында жарты ғасырға жуық уақыт тату-тәтті ғұмыр кешкен Шалқарбековтердің ұл-қыздары өз орындарын тауып, немерелері өнер, спорт салаларында республикалық, халықаралық сайыстардың жеңімпазы атанып, ел намысын қорғап жүр. Ал Жанар мен Шаймерден Есенгелдиевтер 7 ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Үлгілі әке ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ИЧ-167/9 мекемесінің бастығы қызметін атқарып жүр. Еңбегі бағаланып, бірнеше орден-медальдарды кеудесіне таққан.

DSC 0084

Жұбайы Жанар болса, қалалық №6 емхананың бірінші дәрежелі терапевт дәрігері. «Күміс алқа» иегері. Бұл отбасының да ұл-қыздары талай додада топ жарған.
Марапаттау кешінде олар өз өнерлерін көрсетуден аянып қалған жоқ. Әуелете ән салды, мың бұрала биледі, көркемсөзді нақышына келтіріп мәнерлеп оқыды. Енді екі отбасы облыстық байқауда бақ сынайтын болады.