×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

«Бала дауысы» жас таланттарды iздейдi

Среда, 01 Июнь 2016 10:08 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6243 раз

Елімізде «Бала дауысы» кәсіби ән байқауы басталды. Әлия Назарбаева жетекшілік ететін «Жандану әлемі» қоры мен жоба мамандары бастамасымен қолға алынған бұл байқауға 7-13 жас аралығындағы кез келген өнерлі бала қатысып, бақ сынай алады. Талантты балаларды іздеу үшін жобаның ұйымдастырушылары Шымкентке келді.

 MG 1333

– 23 мамыр мен 10 тамыз аралығында белгілі музыкалық продюсерлерден, композиторлар мен танымал орындаушылардан тұратын «Жандану әлемі» қорының шығармашылық ұжымы іріктеу өткізу үшін барлық облыс орталықтарына, сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларына барамыз. Біздің басты мақсатымыз жоба аясында жаңадан балалар әндерін жарыққа шығару, оларды кеңінен тарату, балалардың музыкалық шығармашылдығын дамыту, – дейді «Жандану әлемі» қорының басқарма төрағасы Мұрат Исаханов.
Сонымен «Оңтүстік циркке» өз өнерлерін көрсету үшін 200-ден астам бала жиналды. Белгілі әнші Маржан Арапбаева бастаған әділқазы алқасы екі күн бойы олардың өнерлерін тамашалап, үздіктерді іріктеді.
– Шыны керек, кішкентай кезімде балалар ән байқауына қатысып көрмеппін. Ал «Бала дауысына» қатысушылар арасында өнерлі, талантты балалар өте көп. Олардың ішінен оқ бойы озық шыққанын таңдау қиын соғар түрі бар. Біз жеңімпаз баланы дауыс ырғағына, сахнада өзін-өзі ұстауына, әртістік шеберлігіне қарай таңдаймыз, – дейді Маржан Арапбаева.
Алдымен 30, кейін 10, олардың ішінен суырылып алға шыққан 3 баланың ішінен жеңімпазды таңдау әділқазыларға оңайға соқпады. Әр балаға жеке-жеке, сосын хормен ән айтқызып, түрлі сынақтардан өткізді. Сосын үшеуін де бірдей республикалық кезеңге жолдама беруге шешім қабылдады. Олар – Шымкенттегі Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның оқушылары Диас Жорабек, Садраддин Болат, Мағжан Абдухамид.
Балалар мен ата-аналарының, ұстаздарының қуанышында шек жоқ.
– Мен былтыр «Бала Түрквижн» ән байқауына қатысып, іріктеу кезеңінен өте алмадым. Сосын іштей өз-өзіме келесі жылы қалайда жеңімпаз боламын деп уәде бердім. Музыкалық жетекшіммен бірге ән таңдап, бірге дайындалдық. Қобалжығаныммен, үздік үштікке кіргенімде қатты қуандым. Ал біздің арамыздан жеңімпазды анықтау үшін әділқазылар ұзақ ойланды. Сосын сендерді бөлмей-ақ қояйық, «13-ші трио» болып ән салыңдар деп сәттілік тіледі. Біз енді жаз бойы бос жүрмей, байқауға ұстазымызбен бірге дайындаламыз дейді, – 6 сыныпты аяқтаған Мағжан Абдухамид.
Оңтүстіктің намысын қорғау үшін олар 15-30 тамыз аралығында өзге облыстан озып шыққан балалармен бірге Алматыдағы «Бөбек» Ұлттық орталығында «Бала дауысы» Жазғы музыка мектебінде сольфеджио, хореография, әртістік шеберлік сияқты бағыттар бойынша тәлім алады. Содан кейін Астанада «Бала дауысы» І Ұлттық балалар ән байқауының финалында бақ сынап, танымал орындаушылармен бірге ән орындайды. Айта кетейік, «Бала дауысы» байқауының жеңімпазын қазылар алқасы мен көпшілік таңдайды.