«Томирис» қойылымы – төл туындымыз Избранное

Пятница, 05 Январь 2018 05:46 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 766 раз

shymkala 1 3

"Ертегідегі ертегі"

2017 жыл «Оңтүстік-Цирк» мекемесі үшін жемісті болды. Біздің ұжым жылдың басында екі ірі қойылым жоспарлағанбыз. Оның алғашқысы – Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне арнайы дайындалған «Томирис» қойылымы. Өзіміздің төл туындымыз. Астана төрінде сахналанған қойылымымыз сондағы көрерменнің көңілінен шықты. Елорда тұрғындары мен қонақтары жылы қабылдады. Оған дейін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы келіп, дайындығымызды байқап, жоғары бағасын берген. Аймақ басшысының сын-ескертпесімен қажет жерін қайта өзгертіп, дайындап апардық.
Одан кейін жыл соңына қарай жаңа жылдық қойылым әзірледік. 21 желтоқсанда басталған «Ертегідегі ертегі» деп аталатын сахналық қойылымды 13 қаңтарға дейін тамашалауға болады. Оны тек балғындар ғана емес, ересектер де көре алады. Сценарийінде ертегі кейіпкерлерімен қоса қолға үйретілген аңдар мен түрлі жануарлар да бар.

shymkala 1 4

Томиристің жас кезін сахналадық

Халықаралық көрмеден келген соң «Томиристі» Оңтүстіктің көрермендері де тамашалады. Өзімізде қыркүйек айының екінші жартысынан бастап қараша айының ортасына дейін сахналадық. «Томирис» - цирктік-сахналық нөмірлері бар тарихи қойылым. Сақтардың батыл патшайымы туралы. Жалпы, Томиристің ер жігітке бергісіз ерлігі туралы естігенімізбен, оның жас кезі туралы ешқандай нақты мәлімет жоқ. Сондықтан біз өзіміз жобалап, режиссерлық-көркемдік идеямен Томиристің жас кезінен дала аңдарымен бірге өскенін, арыстандарды ертіп жүргенін сахналадық. Ержүрек қыздың жастайынан батыл өскенін, есейе келе ел басқарғанын балаларға да, үлкендерге де түсінікті түрде жеткізуге тырыстық.

 

Цирк – отбасылық орын

Негізі, цирктік қойылым жасқа бөлінбейді. Цирк – отбасымен келіп, тынығатын орын. Күрделі акробатикалық нөмірлер негізінен үлкендерге арналса, балалар сайқымазақтар мен жануарлардың өнеріне қатты қызығады. Осылайша көп болып тамашалайтын нөмірлерді біріктіруге тырысамыз әрдайым.

 

Жетістіктер жетерлік

2017 жылы Астанада жастардың халықаралық «Шабыт» шығармашылық фестивалі өтті. Оған цирк жанры бойынша Өзбекстан, Қырғызстан, Украина мен Қазақстанның түрлі өңірлерінен ұжымдар қатысты. Сол сайыстан біздің кішкентай ғана Айша Сайранбай деген қызымыз қола жүлдегер атанып келді. Жалпы, 2017 жыл біз үшін жаман жыл болған жоқ. Шетелдік әріптестермен байланыс уақыт өткен сайын нығайып келеді. Енді биылғы жоспарымыз – Наурызға дайындық. Ұлыстың ұлы күніне үлкен қойылым әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Оған қоса гастрольдік сапарлар мен қойылымдарды да ұмыт қалдырмаймыз.

 

Арман ӘЛИЕВ,
«Оңтүстік-Цирк» МКҚК директоры

Последнее изменение Четверг, 11 Январь 2018 11:47
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.