Қазақстанда мектеп оқушыларынан ақша жинаған мұғалімдер қатаң жауапқа тартылады. Тіпті жұмыстан қуылуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мәлім етті.

– Бізде министрдің бұйрығымен мектепте түрлі мақсаттарға ақша жинауға тыйым салу бойынша нақты қағидалар бекітілген. Ол бұрыннан бар, бұл бірінші бұйрық емес. Ол туралы барлық білім беру департаменттері мен бөлімшелеріне айтылды. Біз мектептерде ақша жинауға тыйым салуға қатысты саясатты қатаң ұстанамыз. Бірақ бұл талап жергілікті жерлерде бұзылып жатады, – деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, осы бұйрықты бұзған қызметкерлерге қатаң жаза қолданылады. Тіпті жұмыстан шығаруға дейін баруы мүмкін.

– Біз барлық оқиғаларға қатаң шаралар қолданып келеміз. Оны жіті бақылап, ата-аналармен бірге ақша жинауға мүлдем қарсы екенімізді білдіреміз. Мектепте оқушылардың ата-аналарынан ақша жинауға тыйым салу туралы министр бұйрығы барлық облыстың, Астана мен Алматы қалаларының білім беру департаменттеріне жолданған. Ақша жинауға жол берген қызметкерлерді жұмыстан шығаруға дейін барамыз, – деді Эльмира Суханбердиева.

Опубликовано в Білім

Жыл басында жарияланған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қойылатын талаптары БАҚ беттерінде біршама уақыт әңгіме арқауына айналған-ды. Жаңа оқу жылы басталысымен осы тақырыптың қайта көтеріле бастағанына куә болып отырғандықтан, сарапшылық көзқарас пен араағайындық сөзімізді қоғам назарына қайта салуды жөн көрдік.

19848-6-d n m seles ne ndyly t ruМәселеге ешбір эмоциясыз, сарабдал сана көзімен қарасақ, ашығы сол – мектеп формасына қатысты биылғы талаптарда бұрынғыдан өзгеріс болған жоқ. Өйткені ҚР Білім туралы заңының сонау 2007 жылғы 27 шілдедегі мәтінінің 49-бабының 3-тармағында «Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға міндетті» деп көрсетілген болатын. Ол қағидалардың бірі – орта мектептер жарғысындағы мектеп формасын сақтау еді. 

Осы міндеткерлікті тиянақтай түсу мақсатында 2011 жылғы 24 қазандағы № 487-ІV заңмен «Білім туралы» заңға толықтырулар енгізілді. Аталған заңның 47-бабының 15-1-тармағында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің міндеті ретінде: «Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті» деген ереже енгізілді. 

Ал 2015 жылдың 13 қарашасында ҚР Білім заңының 5-бабына білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті ретінде «орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді» (14-1) деген ереже қосылды. Оған қоса 49-бапта ата-аналар мен өзге де заңды өкілдердің, балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге, білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға, білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті екендігі тайға таңба басқандай көрсетілді.

Сондықтан мектеп формасына қатысты қағидалардың арысы он жыл, берісі бес жыл білім жүйесінде кеңінен қолданылып келе жатқанын атап айтуымыз қажет. Білім және ғылым министрлігі бар болғаны сол ережелерді айқындай түсу мақсатында бөлек құжатқа біріктіріп, талаптар ретінде жүйелеп жариялады. 

Ал мектеп формасына қойылатын талаптар мәтінінде «діни атрибутиканың қолданылмауы» деген тіркестің қамтылуына келсек, «мектеп формасын сақтау» дегеннің өзі «басқа ешбір атрибутиканы қолданбау» дегенге саятыны белгілі. Және бұл тек діни атрибуттарға ғана емес, басқа да ерекшеліктерге тыйым салынатынын білдіреді. Мәселен, бала мектепке еркін киім үлгісімен, сәнді немесе спорттық киімдермен, жарқыраған әшекей бұйымдармен келе алмайды. Өйткені «форма» ұғымы соның бәрін реттейді. 

Ендігі бір назар аударатын мәселе – жекелеген діндар азаматтар мектепте хиджабқа жол берілмеуін Конституцияға қайшылық ретінде бағалайды. Біз мұны құқықтық сауаттылықтың қарапайым деңгейін игермегеніміздің көрінісі дер едік. 

Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабына сәйкес «әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар». Бірақ дәл осы бапта жазылғандай, «ар-ождан бостандығы құ-қығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс». Яғни, сол бостандыққа қатысты құқықтық нормаларда оның шет-шегі де айқын көрсетілген. 

Ата заң ең басты құқықтық қағидаттарды айқындайды. Ал онда айтылған азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерді салалық заңдар белгілейді. Аталмыш құқықтар мен міндеттерге байланысты болатын немесе оларды шектеуі мүмкін қатынастар да сол салалық заңдарда көрсетіледі. Сондықтан конституциялық және өзге де заңнамалық нормаларға сүйене отырып, «Білім туралы» заң да өз саласындағы тиісті құқықтық қатынастарды айқындады. Оның ішінде білім алушылардың мектеп формасын сақтау міндеттілігі де бар. 

Дәл осы секілді Ата заң аясында әзірленген ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабының 5-тармағында ешкімнің өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқтығы атап көрсетілген.

Ал аталған заңның 3-бабының 8-тармағында ата-аналардың балаларды өз на-нымдарына сәйкес тәрбиелеуіне мемлекеттің араласпайтыны айтылған. Бірақ осы нормада да ескерту ретінде: «мұндай тәрбиелеу баланың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген, оның құқықтарына қысым жасаған және жауапкершілігін шектеген... жағдайларды қоспағанда» деген қағидаттың тұрғанын естен шығармау қажет. Бұл жерде де араласпау әрекетінің заңдық шектері айқын көрсетілген.

Сондықтан «Білім туралы» заңның білім мекемесінің ішкі тәртібін сақтау мақсатында мектеп формасына қойған талаптары азаматтардың ар-ождан бостандықтарын бұзбайды, керісінше, олардың заңнамалық нормаларға кең түсінікпен, ашық азаматтық тұрғыдан қарауын міндеттейді. Әрбір саналы азаматтың заң қағидалары ар-ождан бостандығын қамтамасыз етумен қатар, мемлекет алдындағы міндеттер мен жауапкершіліктерді қоса жүктейтінін есте тұтқаны абзал. 

Мектепте хиджабқа рұқсат етілмеуіне наразы кейбір азаматтар хиджаб киюді мұ-сылмандықтың тікелей көрінісі ретінде түсіндіруге тырысады. Бірақ ислам шариғаты бо-йынша мұсылмандықтың негізгі шарты – иман келтіру. «Лә иләһә илла Аллаһ, Мухаммад расулаллаһ» деп иман келтірген, осы кәлиманы тілмен айтып, жүрегімен сенген адамның мұсылман екеніне шүбәлануға ешкімнің құқығы жоқ. Қазақстан мұсылмандары үшін дәстүрлі болып табылатын ханафи мәзһабының негізін салған Әбу Ханифа (Имам Ағзам): «Кім Алланы және одан түсірілгендерді тілмен де, жүрекпен де мойындаса, онда ол Алланың алдында да, адамдар үшін де мұсылман» деп жазады. 

Хиджаб мәселесіне ойыссақ, мұсылман әйелдердің орамал тағуы Құранда бұйырылғандықтан, ол парыз амал болып есептеледі. Парызды мойындамау – күпірлік, ол діннен шығуға алып барады. Ал орамалдың парыз екенін мойындаса, бірақ белгілі бір себептермен (біздің мысалымызда – мектеп формасын сақтау қажеттілігінен) таға алмаса, ол әйел немесе қыз бала мұсылмандықтан шыққан болып саналмайды. Яғни, жүрегінде иманы бар болса, орамал тақпаған әйелді «мұсылман емес, кәпір» деп ешкім айта алмайды. Керісінше, бұл жағдайда Мұхаммед пайғамбардың: «Кімде-кім бауырына: «Ей, кәпір!» десе, егер ол адам шынымен кәпір болмаса, онда айтқан адамның өзі кәпір болады» деген қатаң ескертуін есте ұстау орынды. Ислам шариғаты бойынша иман келтірген мұсылман адамды «кәпір» деп айыптауға болмайды. 

Орамалдың парыз екеніне сену – иман мәселесі, ал оны тағу – амал мәселесі. Иман бөлек те, амал бөлек. Амал иманның бір бөлігі де, тікелей көрінісі де емес. Бұл жайында Әбу Ханифа Имам Ағзам былай деп жазады: «Алла Тағала иманды амалдардан артық етіп бекітті. Мүминдерді құлшылық етуге, зекет төлеуге, ораза тұтуға, қажылықты өтеуге ұмтылдыратын, Аллаға иман келтіруге шақыратын зекет, ораза немесе қажылық амалдары емес, керісінше, олардың имандары. Бұл – осылай, өйткені олар алдымен иман келтірді, содан кейін амалдарды орындауға көшті. Аллаға деген сенім оларды діни парыздарды орындауға жұмылдырды, ал керісінше (болған жоқ, яғни), діни парыздар Аллаға деген иманды олардың жүректеріне қондырған жоқ». 

Имам Ағзам әйелдердің белгілі бір жағдайларда Алла Тағаланың рұқсатымен намаз оқи алмайтынын – парыз амалды орындамайтынын айта келіп: «Егер иман мен амал бір десек, намаз оқымай жүрген кездерінде әйелді иманы жоқ деуге тура келер еді. Бірақ бұл олай емес, сондықтан иман мен амал бір емес» дейді.

Егер орамал мұсылмандықтың басты көрінісі болса, иманды жүректен бір сәт те өшіруге болмайтыны секілді, орамалды бір сәт те шешуге рұқсат берілмес еді. Бірақ ислам шариғатында олай емес – балиғатқа толған қыз бала мен әйел адам жақын туыстарының көзінше (ер адам болса да) орамалсыз, тұмшаланбай жүре алады. Бұл туралы талай дәлел-дәйектер келтіруге болады, бірақ қысқарта айтсақ – иман орамалмен бірге алынып-салынып тұратын заттық дүние емес. 

Мұхаммед пайғамбардың өз хадисінде: «Мұсылман дегеніміз – қолымен және ті-лімен мұсылманға залал келтірмеген адам» деген. «Алла Тағала сіздердің сырт көрініс-теріңізге қарамайды, жүректеріңіз бен амалдарыңызға назар салады» деген хадис те бар. Сондықтан мұсылмандықты тек формамен байланыстыруға әуестену жөн емес. 

Исламның шынайы рухын терең сезінген кешегі қазақ «иманды» деп жүрегінде берік сенімі бар, терең адамгершілік қасиетке ие, ізгі мінез-құлықты жанды айтқан. Аталарымыз қашанда жүректегі иманды басты орынға қойған, «Сырт тазасы не керек, Тазарт әуел ішіңді» деп риякерліктен тыйған. «Сыртқа қасиет бітпейді, Алла Тағала қарайтұғын қалыбыңа (жүрегіңе), боямасыз ықыласыңа бітеді» деген Абай ақын да осы қисынмен пайымдаған. «Мұсылманшылық кімде жоқ, Тілде бар да, ділде жоқ» деп назаланған Әбубәкір Кердері қазақтың болмысына біткен жүректегі иманын жоқтады. Иман мен исламды ажыратып қарамаған қазақ өз танымын осылай өрнектеген болатын.

Өткен жылы біздің орталық еліміздің барлық аймақтарында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 11000-ға жуық адамды қамтыған 200-дей іс-шара өткізді. Шаралар барысында 2105 адамнан сауалнама алынды. Оның 459-ы мектеп оқушылары болатын. Бір ерекшелігі, сауалнама алу кезінде де, фокус-топтық талдаулар барысында да оқушылардың еркін сөйлеуіне, ашық пікір білдіруіне мүмкіндік берілгеніне және сауалнамалардың анонимді түрде толтырылғанына қарамастан, оқушылар тарапынан бірде-бір рет хиджаб кию мәселесі көтерілмеді.

Сөз соңында мына мәселелерге назар аударуды жөн санар едік. Зайырлы мемлекет заңнамалары белгілі бір діни бірлестіктің мақсатын емес, тұтас азаматтық қоғамның мүддесін көздей отырып жасалады. Заң талаптары мен тыйымдары барлық дін өкілдеріне ортақ. Яғни, мектептегі зайырлылыққа қатысты ұстанымдар тек ислам дініне ғана емес, басқа діндерге де тікелей қатысты. Мектеп формасына байланысты талаптар хиджаб киюді ғана емес, өзге де діндер элементтерін пайдалануды шектейді. Өйткені кез келген атрибутика, символ, элемент белгілі бір дәрежеде өзі қатысты болып табылатын сенімді насихаттауды білдіреді. Барлық діндердің заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ететіндіктен зайырлылық қағидаттары жеке бір дінді ерекшелеуге жол бермейді.

Екіншіден, барлық дін өкілдерінің ортақ заң талаптарына бағынуын талап ету көп конфессиялы еліміздегі ішкі тұрақтылықты сақтаудың бірден-бір тетігі. Дінаралық қақ-тығыстардың орын алмауына мемлекет азаматтары да мүдделі болып, оған заң нор-маларын сақтау арқылы үлес қосуы тиіс. 

Үшіншіден, осы аталғандардың барлығы заң талабы, мемлекет басшысының шешімі. Ал ислам шариғаты тұрғысынан алғанда, заңға және басшыға мойынсыну міндетті. Оларға қарсы шығу исламда бүлік шығарушылық ретінде айыпталады. Құранның «Бақара» сүресінде «Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр күнә» деген аят бар. Бұл мұсылман үмбетінің зайырлы заңнамаға да құрметпен қарауын міндеттейді.

Қазақстан Республикасында діни сенім бостандығы қамтамасыз етілген. Өзге дін өкілдерімен қатар мұсылман азаматтар да бес парызын өтеп, діни құлшылықтарын кедергісіз жүзеге асыруда. Ал мектеп қабырғасында хиджабқа рұқсат берілмеуі білім мекемесінің ішкі тәртібін зайырлылық қағидаттарына сай сақтау мақсатында ғана жасалады. Мектептен тыс орындарда бұл мәселеге қатысты ешқандай тыйымдар көзделмеген. Сондықтан мектептегі хиджаб мәселесін көтеруші азаматтар сенім бостандығына мүмкіндік беретін заңға және басшыға бағынудың әрі азаматтық міндет, әрі мұсылмандық парыз екенін түсінгені жөн.

Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ,
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі
Дін істері 
комитеті Дін мәселелері жөніндегі
ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры

Опубликовано в Дін

Бір кездері кез келген есепті оймен шығаратын балаларды телеарнадан көретінбіз. Бірнеше секундта калькулятордан жылдам есептегеніне таңдай қаққанымыз есімізде. Сөйтсек дарынды балалар арифметика әдісімен оқыған екен. Қазір қаламызда зейінді дамыту орталықтары көбейіп келеді. Ал ата-аналар балаларының бос уақытын тиімді өткізуді ойлап, ментальды арифметика курсына апарады.

maket

«Архимедкада» 100-ден астам бала оқиды

Бүгінде арифметика баланың ойын дамытатын ерекше әдіске айналды. Ойлау дағдысын, ақпаратты жылдам қабылдау мүмкіндігін арттыратын көрінеді. Балалар математикалық тапсырмаларды есепшотпен орындайды. Кейін құралды көзге елестетіп, ойша есептейді. Әдіс он деңгейден тұрады. Сәйкесінше, деңгей жоғарылаған сайын есептер де күрделене түседі.
Деректерге сүйенсек, ментальды арифметика 5 мың жыл бұрын пайда болған. Алғаш рет арифметика саласында қытайлықтар жетістікке жеткен. Олар осыдан 5 мың жыл бұрын есепшотты (абакус) ойлап тапқан. Ал ментальды арифметика елімізде білім беру бағдарламасы ретінде 22 жыл бұрын енгізілді. Қазіргі таңда әлемнің Корея, Қытай, Малайзия, Жапония сынды 56 елінде 5 миллионнан астам бала осы әдіспен білім алатын көрінеді.
Бүгінде елімізде зейінді дамыту орталықтары көптеп ашыла бастады. Мұндай арифметиканың қыр-сырын үйрететін орталықтар Шымкентте де аз емес. Мәселен «Архимедка» биыл 17 сәуірде жұмысын бастады. Орталықтың атқарушы директоры Қуаныш Абылдаев қалалық балаларды ментальды арифметикаға баулып жүр. Ол жаңа саланың пайдалы жақтары мен оқытылу ерекшеліктерін айтып берді. Қазір мұнда 100-ден астам бала дәріс алады.
Мұғалімнің айтуынша, балаларды оқыту мерзімі олардың жас шамасына байланысты анықталады. Мәселен оқушылар бірінші деңгейді 1-2 айда үйреніп алса, 4 жастан 6 жасқа дейінгі балалар осы деңгейді 2-3 айда меңгереді екен.
– Біздің мақсатымыз – ментальды арифметика арқылы кішкентай бүлдіршіндерді білімге, ой ұшқырлығына баулу. Жалпы бұл әдістің 7 деңгейі оқытылады. Оқудың төлемақысы – 14 мың теңге. Сабақ аптасына 2 рет өткізіледі- дейді жас ұстаз. Айтқандай-ақ Қуаныш Абылдаевтың сөзінің жаны бар. «Архимедка» зейінді дамыту орталығында жоғары санатты 10 мұғалім сабақ береді.Әзірге балалар мықты деңгейге жетпесе де, 2-3 деңгейді үйреніп жатыр. Мұнда оқушыларға төлеамқыға жеңілдік те қарастырылған.

Әдістемені мұғалімдер қалай меңгерген?

Бірінші кезекте оқырмандарымызды оқудың сапасы қызықтыратыны анық. Ментальды арифметикада сабақ беретін мұғалімдердің деңгейі қандай? Баласының есепті «шемішкеше» шаққанын кім қаламайды дейсіз. Осында ментальды арифметикамен айналысып жүрген 1 сыныпта оқитын Бекзат Пернебай есеп шығаруды жақсы көретінін және есепті шешу өте қызық екенін айтады. Анасы Айманат Ізбасарова да баласына зейінді дамыту орталығының ықпалы мол екенін жасырмады.
– Ұлым да, қызым да арифметикамен айналысып жүр. Екеуіне де сабақ өте ұнайды. Бекзат бірінші сыныпта оқыса да, сандардың бәрін жатқа біледі. Екі ай ішінде нәтижесі байқала бастады. Мектептегі мұғалімдері олардың сабақ үлгерімінің айтарлықтай жақсарғанын айтады. Қазір 2-ші деңгейде. Екеуінің де он деңгейді толық меңгеріп шыққанын қалаймын. Ментальды арифметикаға аптасына бір рет барамыз. Қалған күндері есептер шығарамыз, – дейді жас ана Айманат.
Ашылғанына көп бола қоймаған орталық мұғалімдерінің деңгейі оқушылардан екі-үш деңгей ғана жоғары. Көбі (мұғалімдердің) әлі де оқуын жалғастырып жатыр. Әзірге бұл әдісті толық деңгейде меңгерген адам жоқ. Сондықтан, баласын мұндай үйірмелерге беретін ата-ананың әдістің оқытылу бағытына, оқытатын адамның тәжірибесіне мән беріп, олармен қатар баласының жетілуін бақылауда ұстағаны жөн-ақ.

Арифметика маркетинг емес пе?

Жаңа әдіс жөнінде жұрттың пікірі әралуан. Бірі балаға қажет десе, бірі бүлдіршіннің жүйкесіне салмақ салатынын алға тартады. Шындығында балалар күні бойы компьютердің алдында отырады. Ұялы телефоны тағы бар. Одан қалса, теледидар көріп, сабақ оқиды. Ал ментальды арифметика туралы жарнамаларға келсек, мұны маркетингтік қадам деп бағалауға болатын сияқты. Себебі, ғалымдардың пікірінше, балалардың 5 пайызы ғана тумысынан дарынды болып келеді. Ал ментальды арифметика – бұл есептеудің тәсілі ғана. Мұндай әдісті кез келген бала меңгере алады. Бұл туралы белгілі физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚҰҒА-ның академигі Асқар Жұмаділдаев басылымдарға берген сұхбатында айтқан болатын.
– Біреу шойын темірді майыстырса, келесісі биік өкшемен жүгіріп жарысады. Бірақ оны спорт деуге келмейді. Сол сияқты, менталды арифметика да ғылым емес. Ол математикалық тәсіл, –деп академик өз пікірін білдірген еді. Дегенмен А.Жұмаділдаев бұл әдісті меңгеру миды шынықтыруға, есте сақтау қабілетін арттыруға мүмкіндік беретінін жоққа шығармайды.
Осы орайда жаңа әдістемені ұстаздар да қолдайды. Әсіресе, ментальды арифметиканы бастауыш сыныпта меңгеру балалардың қабілетін арттырып, ойын дамытады екен.
– Өзім математика маманы ретінде, балалардың кішкентайынан есепке жүйрік болуын дұрыс деп ойлаймын. Оның пайдасы өте көп. Бұл халықаралық деңгейде расталған бағдарлама. Менің ұлым Нұрсұлтан бірінші сыныпта оқиды. Жазғы демалыстан бері ментальды арифметикаға барып жүр. Бұрын есептің шешілу жолдарын білмейтін. Қазір зейіні жаман емес. Берілген тапсырмаларды мұқият орындайды. Ата-аналарға балаларын зейінді дамыту орталықтарына баруға кеңес беремін және бұл әдістемені қолдаймын, – дейді №10 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Эльмира Шекербекова.
Сонымен, ментальды арифметика мамандардың айтуынша, ғылым емес, математикалық тәсіл. Жаңа әдістеме ойды дамытады. Жылдам шешім қабылдауға үйретеді. Мұндай нәтижеге жұмбақ шешу арқылы да қол жеткізуге болады. Өйткені бүгінге дейін ауыз әдебиеті, ертегі, аңыз-дастандардың таралуы халқымыздың есте сақтау қабілетінің жоғары деңгейде қалыптасқанын көрсетеді. Десе де, ментальды арифметиканың пайдасы бар. Бірақ оны меңгеруге 3-4 жыл уақыт кетеді. Төлемақысының ата-анаға жеңіл болмайтыны да түсінікті. Балаңызды қоғамға қажетті ментальды арифметикадан қалдырмаймын десеңіз, таңдау құқығы өзіңізде.

Опубликовано в Әлеумет
Среда, 05 Октябрь 2016 04:27

Бәсеке басы – білім

Ұрпақ тағдырына атүсті қарамайтын ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегі елімізде лайықты бағаланады. Соның бір дәлелі ретінде «Мұғалімдер күні» мерекесіне орай, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңында өз саласында елеулі еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаздарды марапаттады. «Rіхоs Kһadisһа» қонақүйіндегі салтанатты жиынға облыстық білім басқармасының, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, ардагер ұстаздар, қаладағы 129 жалпы орта білім беру, 88 мектепке дейінгі және 8 қосымша білім беру мекемелерінің басшылары қатысты.

Жиынға қатысушыларға алдымен, LED-экран арқылы арнайы дайындалған фильм және облыстық драма театры ұжымының орындауында көрініс ұсынылды. Мерекелік шарада саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған 6 мұғалім Шымкент қаласы әкімінің «Алғыс хатымен» және арнайы сыйлығымен марапатталды.

– Шәкірттерге білім беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын және алдағы жарқын өміріне бағыт-бағдар көрсететін ол, ең алдымен – мұғалім. Сол себептен де, ұрпақ тәрбиесі жолында қызмет етіп келе жатқан ұстаздардың атқарар рөлі ерекше. Бүгінгі қоғамда, ұстаздар күні – орны бөлек, дәрежесі биік, ең ұлық та ұлағатты мереке. Ұлт болашағын қалыптастыруда уақытпен санаспай атқарған қажырлы еңбектеріңіз үшін ұстаздар, сіздерге алғыс білдіремін, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Сондай-ақ, салтанатты жиында шәкірттеріне тәрбие тағылымын дарыта білген ұстаздар қауымына облыстық білім басқармасының, Шымкент қалалық мәслихатының және «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының «Алғыс хаттары» табыс етілді. Айта кетейік, қазіргі таңда, Шымкент қаласындағы барлық педагогтар саны – 16 мыңнан асады.

Арнайы тағайындалған марапат пен сый-сияпатты қабыл алған ұстаздар өз өнерін ұсынған шәкірттерімен қосыла ән шырқады.

Опубликовано в Білім
Пятница, 30 Сентябрь 2016 08:33

Ұрпақ тәрбиелеу – өнегелі іс

Мектеп табалдырығын имене аттап, айналасына тосырқай қарайтын бүлдіршіндерді анасындай құшағына тартатын бастауыш сынып мұғалімінің еңбегі ұшан-теңіз... Кітап бетіндегі бейтаныс суреттер мен жыбырлаған жазуды еркетотай баланың санасына құйып үйрету, сөйтіп білімнің шыңына қарай сүйрелеу тау қопарғанмен бірдей жұмыс. Баланың білімді болмағы ұстазына байланысты. Ертең есейгенде ол өзіне әліппиді үйреткен алғашқы мұғалімін өмірлік үлгі тұтып, мақтан етеді. Ұстаз еңбегінің ақталғаны да осы...

15shkola

Ал 24 жылдан бері бастауыш сынып балаларына білім беріп келе жатқан қаладағы №15 мектеп-лицейдің мұғалімі Ақмарал Сарсеқұлова осындай ерен еңбектің иесі.
– Білімнің бастауы саналатын бастауыш сыныптың мұғалімдеріне артылар міндет пен жауапкершілік қазір жоғары. Еліміздің білім саласына жасалып жатқан реформалар бастауыш сыныптан басталады. Бүгінде балаларды жаңа бағдарлама бойынша оқытудамыз. Бұл бір жағынан мұғалімдерге жеңілдеу тиіп жатыр. Өйткені, оқулықтар түгелденіп қалды, тілі де жеңілдеу. Сондықтан балаларға толыққанды білім беруге мүмкіндік бар. Оның үстіне 1 сынып оқушылары бес күндік оқу бағдарламасына көшті. Қазір суреттермен жұмыс істеп жатырмыз. Енді әріптермен таныстыруды бастаймыз, – дейді А.Ордалықызы.

Баланың сауатын ашу, дүниетанымын кеңейту күнделікті атқарылатын жұмыс. Осылайша бала төрт жыл бойы бір ғана мұғалімнен білім нәрін алады. Ақмарал Сәрсеқұлованың оқыту әдістемесі баланың білімін ғана емес оның шығармашылық ой-қиялын, тіл байлығын шыңдауға бағытталған.

– Баланы сағаттап кітапқа шұқшитып, еңсесін басып тастауға болмайды. Бала не нәрсеге қабілетті екенін білу үшін түрлі сайыстарға, жарыстарға қатыстыру арқылы да анықтауға болады, – дейді ол. – Мен көбінесе балаларды түрлі үйірмелерге қатыстырып, жарыстарға жіберіп отырамын. 2-3 сынып оқушыларына ғылыми жұмыс жасатамыз. Балалар жыл сайын «Жас ғалым», «Ақбота» фестивальдеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болады. Сондай-ақ, қосымша білімін толықтыру үшін кітапханаларға жиі барып тұрамыз.

Ақмарал Ордалықызы осы жылдар ішінде атқарған жұмысы мен іс-тәжірибесі бойынша мектеп мұғалімдері арасында үлгілі саналады.

Қалалық білім бөлімі тарапынан берілген Алғыс хаттарға ие болса, «Жас ғалым» журналының «Үлгілі ұстаз» төсбелгісімен марапатталған.

Иә, мұғалім мәртебелі мамандық. Ұрпақ тәрбиелеу – өнегелі іс. Бұл мамандықты өзіне қасиет тұтқандар ғана үдесінен шығып, биік шыңынан көріне алатынына, сүйіспеншілікпен атқарылған жұмыс қашанда өз жемісін бермей қоймайтынына кәміл сеніңіз. Өйткені ұлы ғұлама Лев Толстойдың «Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз» деуі де бекер емес шығар.

Опубликовано в Білім

Сапалы білім алу – еліміздегі әрбір азаматтың құқығы. Осыған орай ҚР Президенті білім саласына ерекше көңіл аударып, мектеп, балабақша және басқа да білім нысандарының саны жылдан-жылға артуда.

 MG 1673

Мәселен, 2015 жылы Шымкентте 84 қоғамдық балабақша, 208 жеке және 35 шағын орталық, 127 мектептер мен 327 балабақша ел игілігі үшін пайдалануға берілген.

Ағымдағы жылы бұл көрсеткіш мемлекеттің қолдауымен айтарлықтай өсті. «Ұлттық қор», облыстық және қалалық бюджеттер «Балапан» бағдарламасы аясында 2 мектеп, 4 мемлекеттік және 39 жекеменшік балабақша салынды. Жалпы осы жылы білім беру саласын дамыту үшін 40,3 млрд теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 8,7 млрд теңгеге артты.

Шымкент қаласы бойынша орташа балл 82,6 болып ( 2015 жылы – 81,8), «Алтын белгі» белгісіне үміткерлер саны өткен жылғыдан артқан. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқандар саны 16 278-ге дейін өсті. Ал, осы жылы «Алтын белгі» иегерлерінің саны 94 болды.

Білім мекемелеріндегі жөндеу жұмыстары күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Осы орайда тұрғындар жаңа жұмыс орындары мен тұрақты жұмыс жасау бағытына ие болды.

2015 жылдың 8 айында жұмыспен қамту бойынша 11 523 азамат өтініш білдірсе, нақты 7899 азамат жұмыспен қамтылды. Яғни бұл көрсеткіш 68,5 пайызды құрап отыр. Ал, 2016 жылдың 8 айында жұмыспен қамту бойынша 16 557 азамат өтініш білдіріп, нақты 12 415 азамат жұмыспен қамтылды. Яғни 75 пайызды құраған.

Өткен жылы «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Шымкентте 510 жаңа жұмыс орындары берілсе, қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 1522-ге өсті. Оған еңбек қабілетіне белсенді және мүмкіндігі шектеулі азаматтар қатысты. Өткен жылы мүмкіндігі шектеулі 350 адам жұмыспен қамтылып, 424 өтініш жолданды.

Сонымен қатар, Шымкентте 2015 жылы 387 жұмыс орны ашылып, соңғы 7 айда шағын және орта бизнес жобаларын іске асыру белсенді жүргізілуде. Ал сол кезеңде бұл 448 жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етті.

Опубликовано в Білім
Пятница, 02 Сентябрь 2016 05:42

Жаңа оқу жылында – жаңа мектеп

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ 25 
БІЛІМ ШАҢЫРАҒЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Көзді ашып-жұмғанша үш айлық жазғы демалыс та өте шықты. Қолдарына гүл алып, жүздері бал-бұл жанған оқушылар алтын ұяларына асықты.
Білім күні Оңтүстік Қазақстан облысында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 жаңа мектеп ғимараттары шәкірттерге есігін айқара ашты. Соның бірі – Шымкентте бой көтерген №54 жалпы орта мектебі. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов  ашылу салтанатына қатысып, жаңа мектептің лентасын қиды.

 MG 1389

«Ынтымақ» шағынауданында орын тепкен бұл мектептің қабырғасы 50 жыл бұрын қаланған. Енді міне, жаңа оқу жылында оқушылар үшқабатты еңселі ғимараттың табалдырығынан аттады. Салтанатты рәсімде сөз алған облыс əкімі Бейбіт Атамқұлов мектеп ұжымына сәттілік тілеп, білім ошағының кілтін жаңа мектептің директоры Ұлған Мамешоваға тапсырды.

– Жаңа оқу жылымен барша шəкірттерді, ата-аналарды, ұстаздарды шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн жаңа оқу жылында жаңа жетістіктер мен белестерге бастайтын күн. Биыл біздің өңірімізде 74 мыңнан астам бүлдіршін 1-сыныпқа барады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 мыңға жуық астам балаға артып отыр, – деді өңір басшысы.

 MG 1677

Алғашқы қоңырау салтанатынан кейін облыс, қала басшылары алтын ұяның ішін аралап көрді.

Екі ауысымда 1300 шəкіртке арналған мектепте балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, 56 бейнебақылау оқушылардың қауіпсіздігін, тәртібін қадағалайтын болады. 

14203279 1781562995423393 3409374786696459532 nАл «Сайрам» тұрғын алабында салынған №111 М. Мәметова атындағы жалпы орта мектебінің ашылу салтанатына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. 1966 жылы салынған бұл мектепте соңғы жылдары оқушы саны артып, олар үш ауысымда білім алуға мәжбүр еді. Енді бұл мәселе шешімін тауып, жаңа оқу ордасы пайдалануға берілді. 300 балаға лайықталған мектепте 23 оқу сыныбы бар. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін қала әкімі мектептің сынып бөлмелері, спортзал мен асханасын аралап көрді. 

  

 

– Қазір біз мектептің құрылысына ерекше назар аударып жатырмыз. Биылдан бастап, құрылыс жұмыстарына қажетті материалдарды, басқа керек-жарақтарды қатаң сүзгіден өткізіледі. Ал мына мектептің сапасын өте жақсы деп айтсақ болады, – деді Ғабидолла Әбдірахымов. 

Айта кетейік, жаңа білім ошағының физика, химия, мультимедиялық-лингафонды, компьютер кабинеттері соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Оқушылардың қолөнермен, тігін тігумен айналысуына, түрлі өнер үйірмелері мен спорттық шараларға қатысуына мүмкіндігі бар. 

 MG 1611

– Мектебімізде 680 оқушы бар. Ал бірінші сыныптың табалдырығын 78 оқушы аттап отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 482 миллион 700 мың теңге қаржы бөлініп, бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде жаңа мектеп бой көтерді. Бұл жаңалық осы аумақтағы тұрғындарды шексіз қуанышқа бөлеп отыр, – дейді мектеп директоры Ахматвай Ниязов.

Айта кетейік, Білім күнінде өңірдегі 1022 мектепте алғашқы қоңырау сыңғыры естілді. Енді оларда 611 мыңнан астам оқушы білім нәрімен сусындайтын болады.

infograph

Опубликовано в Білім

«Түркістан» сарайында «Білімді ел – мәңгі ел» тақырыбында өткен білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінде облыс педагогтары бас қосты. Алқалы жиынға облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Талғат Ешенқұлов, облыстық білім басқармасының басшысы Қуандық Құлажанов, аудан-қала әкімдері мен білім саласының қызметкерлері қатысты.
Тамыз кеңесінде алдымен сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Қуандық Құлажанов облысымызда жыл басынан бері 67 білім нысанының құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Оның 30-ы пайдалануға берілсе, тағы 9-ы жыл соңына дейін оқушыларды қабылдауға сақадай-сай болмақ. Ал қалған нысандардың құрылысы келер жылы аяқталады, – дейді облыстың бас педагогы.

25 ЖЫЛДЫҚҚА – 25 ЖАҢА МЕКТЕП

 MG 0521

Былтыр облысымыздағы 1022 мектепте 584 мыңнан астам оқушы білім алса, олардың қатары биыл 27 мыңға артқалы отыр. Оның 164 мыңы Шымкент қаласының оқушылары. Жыл өткен сайын бала санының еселеп артуына, демографиялық өсімнің көбеюіне байланысты орын тапшылығы да туындап жатқаны жасырын емес. Тамыз кеңесінде баяндама жасаған облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашатынын мәлімдеп, қуанышты жаңалықпен бөлісті. Бұл білім ордаларында 10 мыңға жуық оқушы білім нәрімен сусындамақ. Ал қала аумағында «Қаратөбе» шағынауданында 600 орынды, «Ынтымақ» шағынауданында 900 орынды жаңа білім ұясы пайдалануға беріледі.
– Облысымызда халықтың демографиялық өсімі жылдан-жылға жоғарылап келеді. Сол мақсатта өңірдегі үш ауысымға өту қаупі бар, тар ғимараттардың орнына 2017-2020 жылдар аралығында 205 мектеп салынуы керек, – деді облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов.

69 МЫҢ БҮЛДIРШIН БАЛАБАҚША КЕЗЕГIНДЕ ТҰР

 MG 0443

Өңірде балабақша мәселесі де өзекті болып тұр. 1500-ден астам мектепке дейінгі ұйымда 1 мен 6 жас аралығындағы 168 мың бала тәрбиеленуде. Балаларды балабақшамен қамту 82,3 пайызды құрап, республикалық көрсеткіштен 0,3 пайызға артса да, әлі 69 мың бала кезегін күтіп жүр. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов 2020 жылға дейін 177 балабақша ашылатынын жеткізді. 

– Бұл мәселені шешу үшін біз жаңа қадамдарға баруымыз қажет. Күні кеше ғана облысымызға жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен алқалы жиын өтті. Сол жиында мектепке дейінгі ұйымдар мен білім мекемелерін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесіне көшіру мәселесі көтерілді. Айта кетейін, біздің облыс бірінші болып балабақша жүйесін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде кеңейтуді қолға алды. Былтыр осындай қолдаудың нәтижесінде 70 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Жүйелі жұмыс ары қарай да өз жалғасын табатын болады, - деді облыс әкімі.
Ал Шымкентте 2015 жылы 4 мемлекеттік, 39 жекеменшік балабақша ашылған. Бұл сандардың қатары осы жылы да артары анық.

ПСИХОЛОГТАРҒА БІЛІКТІЛІК ЖЕТІСПЕЙДІ

Тамыз кеңесінде тек жетістіктер ғана жіпке тізілген жоқ, кемшіліктер де ортаға салынды. Соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында суицид оқиғалары жиілеген. Осы жылдың 7 айында 49 оқиға тіркеліп, 22 жасөспірім өмірмен қоштасқан. Бүгінде өңірдің түкпір-түкпіріндегі білім ордаларында жұмыс істеп жатқан психологтардың 66 пайызға жуығы жоғары оқу орнын сырттай бітірген мамандар екен.
– Сырттай оқып, қолына диплом алған психологтардың басым бөлігінің біліктілігі жоғары емес. Біздің психологтар суицидке бейіл балаларға алдын ала диагнозды дұрыс қоя алмайды. Әр баланың өз мінез-құлқын, табиғи болмысын, отбасылық жағдайын жете зерделемейді. Бұдан бөлек біздің облысымызда жұмыс істеп жүрген екі ғана суицидолог бар. Бұл өте аз. Егер өзіне-өзі қол жұмсау фактілері көбейіп кетсе, сол мектепке психологты жұмысқа алған директор да жауапты болуға тиіс. Әр баламен жеке дара, сондай-ақ, олардың ата-аналарымен бірлесе жұмыс атқару керек. Біз бүгін орын алып отырған кемшіліктерді де айтып өтуге тиіспіз, – деді Бейбіт Атамқұлов.

ҮШ ҰСТАЗҒА ПӘТЕР КIЛТIН ТАПСЫРДЫ

 MG 0540

Білім беру саласы қызметкерлерінің облыстық тамыз педагогикалық кеңесінде облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов үш мұғалімге пәтер кілтін тапсырды. №66 «Қазығұрт» жалпы орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Бағлан Баймаханов 3 бөлмелі пәтердің кілтін алса, №23 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі Жанар Мұстафаева мен №55 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Муккарам Тұрғынова 2 бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды. Енді олар «Нұрсәт» шағынауданындағы жаңадан салынған көпқабатты үйдің тұрғындары атанбақ.

Бұл қуанышты сәт бар уақытын сарп етіп, ел ертеңі саналатын ұл-қыздарды тәрбиелеп, аянбай тер төгіп жүрген ұстаздар қауымын бір серпілтіп тастады.
– Шынымды айтсам, ерекше толқып тұрмын. Мен үшін ерекше есте қалатын тарихи сәт. Ұстаздық атты ұлы жолды таңдағаныма өкінбеймін. Алты жылдан бері сабақ беріп келемін. Барлық мұғалімдер осындай бақытқа кенелсін деп тілеймін, – дейді Бағлан Баймаханов.
Бұдан бөлек, үздік нәтижеге қол жеткізіп, біліктілігімен көзге түскен ұстаздар Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімінің Алғыс хатымен, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталды.
Екі сағаттан астам уақыт ішінде баяндама жасаған, жарыссөзге шыққан азаматтар дарынды, білімді ұл-қыздарды тәрбиелеу әдістерімен бөлісіп, орта білімнің жаңартылған мазмұнына көшу, ұстаздың қоғамдағы рөлін көтеру жайын талқылады. Ұстаз ұлы есім, әрбір жанның өміріне жол сілтейтін шамшырақ, жарық жұлдыз секілді. Әріп танытып, өмір сүруге баулыған мұғалімге бас имейтін жан жоқ шығар, сірә. Ендеше, сөз соңын ұлағатты ұстаздарға толағай табыс тілеп, түйіндейміз.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 26 Август 2016 09:03

Мектептер жаңа оқу жылына дайын

Шымкент қалалық әкімдігінің кезекті мәжілісі өтті. Күн тәртібінде негізінен екі мәселе – қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы және қаладағы жастар саясатын дамытуда атқарылып жатқан жұмыстар жайы талқыланды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тиісті сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді.

Алдымен қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева білім орындарының дайындығы жөнінде баяндады. Жанат Арысбекқызының мәлімдеуінше, жаңа оқу жылында 4 мектеп, 1 балабақша пайдалануға беріледі. «Қаратөбе» елдімекеніндегі жаңа мектептің құрылысы аяқталған. Бұдан бөлек, бүгінде 3 мектеп пен 3 балабақшаның күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, 127 мектеп, 87 балабақша жаңа оқу жылына дайын.

– Оқу жылының басталуына бір апта қалды. Жұмысты тездетіп бітіруді қадағалаңыздар. Жасөспірімдердің қауіпсіздігі басты назарда тұр. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен жергілікті полиция қызметімен бірлесе қай жерлерге жол өткелдері қажеттігін зерделеңіздер. Сіздерде әлі уақыт бар. Бітпеген қауіпсіздік нысандарын тезірек аяқтау керек, – деді қала әкімі.

Екінші мәселе бойынша қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Сәрсеева атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырды. Қала әкімі қаладағы жастар саясатын дамытуда үш негізгі бағытқа назар аударуды тапсырды. Бірінші, жастарға дұрыс білім берілуі тиіс. Одан кейін жұмыспен қамтуды үйлестіріп және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға көңіл бөлу қажет.

Опубликовано в Білім

«Балауса қыз едің бір кезде
Шашыңа ақ бантик байлаған
Өзгеріп кетіпсің бұл күнде
Көркіңе көз тастап ойланам...»
Ақын М.Шаханов пен композитор Ш.Қалдаяқовқа шабыт берген оқушы қыздың бүгінгі бейнесі қандай? Ол – мектеп формасына байланысты екені анық.

КИIМ ҮЛГIЛЕРI: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГIН

mektep

Қазақ мектептеріндегі оқушының киім үлгісі қай жылдары пайда болғанын ата-әжелеріміздің әбден сарғайған фото альбомын ақтармасақ, біле бермейміз-ау. Тарих тереңіне бойласақ, алғаш рет мектепте тәлім алатын ұл қыздардың оқушы екенін білдіретін киім үлгісі 1918 жылы қолға алынғанын білеміз. Тіпті, 20-жылдары арнайы бекітілген мектеп формасын кию қатаң талап етілді.
Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» туындысы бойынша 1963 жылы түсірілген фильмнен сол жылдардағы мектеп формасын көреміз. Ал 1980-90-шы жылдары мектепте ата-анамыздың және өзіміздің киген мектеп формасы жадымызда әлі де әдемі естеліктермен қылаң береді. Мектеп жасына қарай оқушылардың мәртебесін киім үлгісіне қарап білуге болатын. Кеудесіне қызыл жұлдыз тағынып, мойнына қызыл галстук байлайтын күнге жеткен балалар өзін ересек адамдай сезініп, үлкендерге қолқанат болғанына мақтанатын. Қоңыр түсті көйлектің жағасы мен жеңін әдемі ақ түсті тормен қаптап, алдына ақ фартук байлайтын оқушы қыздың киім үлгісі қазірге дейін тартымдылығын жоғалтпаған. Мұны 11-сынып оқушыларының біразы соңғы қоңырауға арнайы тіктіріп киетін салтынан байқауға болады.


Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін де мектеп оқушыларының киім үлгісі бірнеше рет өзгерді. Көк туымыз желбіреген тұста, мектепке көк түсті бас киім мен галстук тағып баратын оқушыларға қарап, «шіркін-ай, мына балалардың арманы жоқ шығар» деп талай қызыға тамсандық. Үстіңгі жағына ақ, төменгі жағына қара түсті киінген оқушыларды бір жылдары әр мектеп өз бетінше бір үлгіде киіндіруге де тырысты. Жалпы, оқушының киімі қанша өзгерсе де, қыз балалардың ақ бантик тағу тәртібі сол қалпында келеді.

Иә, мектеп формасы – бұл тек оқушының талапқа сай киетін киім үлгісі ғана емес, балалық шақтың тәтті естеліктері, мөлдір келбетінің әдемі жиынтығы іспетті. Мектеп жасын еске алсақ, «Ақ бантик» әнінің ойға оралатыны да сондықтан болар.
Жыл басынан бері «бірыңғай мектеп формасы» туралы сөз қозғанымен, әлі күнге ата-аналар тарапынан түрлі пікір-ұсыныстар айтылуда. Ал білім саласының мамандары нақты талап қойған жоқ, ұсыныс жасаумен шектелді. Ол ұсыныс туралы «Шымкент келбеті» газетінің №66 санында айтқан болатынбыз.

ҚАЙДАН САТЫП АЛУҒА БОЛАДЫ?

Жаңа 2016-2017 оқу жылының қарсаңында отандық тігін фабрикалары оқушыларға бірыңғай киім үлгісін дайындап, сатылымға шығарды. «Шымкент мектебі» деген таңбасы бар, қою көк түсті мектеп формасын «Гауһар» және «Алтын адам» фирмалық дүкендер желісінен сатып алуға асыққан шымқалалықтардың санында шек жоқ. Тауардың сапасымен, үлгісімен танысу үшін арнайы ат басын бұрған едік.

       20160824 154434

«Алтын адам» өнімдерін сататын дүкендер желісіне киім алуға келушілердің саны көп-ақ. Олардың біразы балаларымен келген ата-аналар, көбі әртүрлі жағдайда демеушілікке ілінген оқушылар. «Алтын адам» бренді ұсынған киімдерді алуға мектеп оқушылары ғана емес, ересек жастағы әйелдер мен ерлер де кезекте тұр.
– Қазіргі таңда мектеп формасына сұраныс жоғары. Сатудан бөлек, қайырымдылық іс-шаралары да өтіп жатыр. Соның бірі – облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Мектепке жол» акциясы аясындағы қайырымдылық шарасы. Акцияға біз де өз тарапымыздан үлес қосып, Арыс қаласының Т. Тәжібаев атындағы балалар ауылының 10 баласына мектеп формасын тарту еттік, – дейді «Алтын адам» тігін фабрикасының өкілі Анатолий Ким.

«Алтын адам» бренді ұсынған мектеп формасының маталары Түркиядан алынады. Құрамында жасанды жібек (вискоз), мұнай өнімдерін өңдеуден алынатын синтетикалық талшық (лавсан), жүн (шерсть) бар мата жылтырап кетпейді. Сондай-ақ, тартылып немесе созылып, түтілмейді және өңін бермейді. Мұнда мектеп формасы қыз балаға жакет, костюм, белдемше, ер балаға жакет, костюм, шалбар бірге жүреді. Өлшеміне қарай, 26-36 аралығындағы форма жинағының құны – 9000 теңге, 38-48 аралығында 13 000 мың теңге. Қыз балаларға арналған шалбар бұл жинаққа енбейді, бағасы 2000-нан 2600 теңгеге дейін. Жейденің ақ және көк түстісі бар. Ақ түстісін мерекелік шараларда, көк түстісін күнделікті сабаққа киюге арналған. Бағасы 2000-3000 теңге аралығында. «Алтын адам» фирмалық дүкендері «Баян сұлу», «Күншығыс» аялдамалары маңайында, «Автонұр» базарында орналасқан.

БIР ФАБРИКА 40 МЫҢ ДАНА ДАЙЫНДАҒАН

20160824 151323«Гауһар» тігін фабрикасында да мектеп формасының науқаны жүріп тұр. Бұл жақтың ерекшелігі, ата-аналар баласына киімді өзі таңдау арқылы жинақтайды. Жакет, белдемше, жейде, шалбар, сарафан, костюм әрқайсысын бөлек таңдауға болады. Әрбірінің өз бағасы бекітілген. Мысалы, қыз балаға 28-34 аралығындағы өлшем бойынша костюм бағасы – 4000 тг, белдемше – 3000 тг, жакет 2000-3900 тг, жейде – 2600-3000 тг, галстук – 500 теңге. Ал 36-48 өлшем бойынша бұл киімдер 6400-ден басталып, 500 теңгеге дейін төмендейді.
«Гауһар» тігін-фабрикасының директоры Әнипа Қалбаева өз сөзінде:

– Костюм тігуге арналған қою көк түсті матаны сатып алу үшін 572 мың доллар, ал жейденің матасына 150 мың доллар қаражат жұмсадық. Жыл басынан бері қарай оқушыларға 40 мың дана мектеп формасын дайындадық. Айтпағым, мектеп формасын дайындау оңай шаруа емес және оны зор пайда табу үшін жасамадық. Мұндай жұмыстар үлкен тәуекелмен кірісуді қажет етеді, – деді.

Жалпы, оқушылар бірыңғай формаға өтсе, ең алдымен тігін фабрикаларының жұмысы жеңілдемек. Өйткені, түрлі үлгіні аздан тігу бөлек-бөлек жұмысты қажет етеді. Ал кез келген бірыңғай форма (мысал үшін әскери болуы мүмкін) тігу бірқатар істі жеңілдетеді. Тіпті, Әнипа Лесбекқызының ойынша, «Шымкент мектебі» деген жазудың орнына «Қазақстан мектебі» деп жазылса, бала бір облыстан екінші бір облысқа немесе қалаға ауысқан жағдайда сол киімін өзгертудің қажеті жоқ.
«Гауһар» тігін фабрикасының дүкендер желісі «Рахима Плаза», «Гипер Хаус», «Әл-Фараби» сауда орталықтарында және Қ.Қазиев пен Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысында орналасқан.
Дүкендердің талабына сай, ата-аналар мектеп жасындағы ұл-қызын ертіп бармаған жағдайда мектеп формасын сатып ала алмайды. Тігін фабрикаларының фирмалық дүкендер желісіне барғанда байқағанымыз, отандық өнімге сұраныс жоғары. Тіпті, есте қалатын қызықты науқан деуге болады.

 

Опубликовано в Білім
Страница 5 из 6