Ұстаз – ұлт болашағын тәрбиелеуші Избранное

Пятница, 26 Август 2016 09:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4283 раз

«Түркістан» сарайында «Білімді ел – мәңгі ел» тақырыбында өткен білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінде облыс педагогтары бас қосты. Алқалы жиынға облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Талғат Ешенқұлов, облыстық білім басқармасының басшысы Қуандық Құлажанов, аудан-қала әкімдері мен білім саласының қызметкерлері қатысты.
Тамыз кеңесінде алдымен сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Қуандық Құлажанов облысымызда жыл басынан бері 67 білім нысанының құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Оның 30-ы пайдалануға берілсе, тағы 9-ы жыл соңына дейін оқушыларды қабылдауға сақадай-сай болмақ. Ал қалған нысандардың құрылысы келер жылы аяқталады, – дейді облыстың бас педагогы.

25 ЖЫЛДЫҚҚА – 25 ЖАҢА МЕКТЕП

 MG 0521

Былтыр облысымыздағы 1022 мектепте 584 мыңнан астам оқушы білім алса, олардың қатары биыл 27 мыңға артқалы отыр. Оның 164 мыңы Шымкент қаласының оқушылары. Жыл өткен сайын бала санының еселеп артуына, демографиялық өсімнің көбеюіне байланысты орын тапшылығы да туындап жатқаны жасырын емес. Тамыз кеңесінде баяндама жасаған облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 жаңа мектеп оқушыларға есігін айқара ашатынын мәлімдеп, қуанышты жаңалықпен бөлісті. Бұл білім ордаларында 10 мыңға жуық оқушы білім нәрімен сусындамақ. Ал қала аумағында «Қаратөбе» шағынауданында 600 орынды, «Ынтымақ» шағынауданында 900 орынды жаңа білім ұясы пайдалануға беріледі.
– Облысымызда халықтың демографиялық өсімі жылдан-жылға жоғарылап келеді. Сол мақсатта өңірдегі үш ауысымға өту қаупі бар, тар ғимараттардың орнына 2017-2020 жылдар аралығында 205 мектеп салынуы керек, – деді облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов.

69 МЫҢ БҮЛДIРШIН БАЛАБАҚША КЕЗЕГIНДЕ ТҰР

 MG 0443

Өңірде балабақша мәселесі де өзекті болып тұр. 1500-ден астам мектепке дейінгі ұйымда 1 мен 6 жас аралығындағы 168 мың бала тәрбиеленуде. Балаларды балабақшамен қамту 82,3 пайызды құрап, республикалық көрсеткіштен 0,3 пайызға артса да, әлі 69 мың бала кезегін күтіп жүр. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов 2020 жылға дейін 177 балабақша ашылатынын жеткізді. 

– Бұл мәселені шешу үшін біз жаңа қадамдарға баруымыз қажет. Күні кеше ғана облысымызға жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен алқалы жиын өтті. Сол жиында мектепке дейінгі ұйымдар мен білім мекемелерін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесіне көшіру мәселесі көтерілді. Айта кетейін, біздің облыс бірінші болып балабақша жүйесін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде кеңейтуді қолға алды. Былтыр осындай қолдаудың нәтижесінде 70 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Жүйелі жұмыс ары қарай да өз жалғасын табатын болады, - деді облыс әкімі.
Ал Шымкентте 2015 жылы 4 мемлекеттік, 39 жекеменшік балабақша ашылған. Бұл сандардың қатары осы жылы да артары анық.

ПСИХОЛОГТАРҒА БІЛІКТІЛІК ЖЕТІСПЕЙДІ

Тамыз кеңесінде тек жетістіктер ғана жіпке тізілген жоқ, кемшіліктер де ортаға салынды. Соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында суицид оқиғалары жиілеген. Осы жылдың 7 айында 49 оқиға тіркеліп, 22 жасөспірім өмірмен қоштасқан. Бүгінде өңірдің түкпір-түкпіріндегі білім ордаларында жұмыс істеп жатқан психологтардың 66 пайызға жуығы жоғары оқу орнын сырттай бітірген мамандар екен.
– Сырттай оқып, қолына диплом алған психологтардың басым бөлігінің біліктілігі жоғары емес. Біздің психологтар суицидке бейіл балаларға алдын ала диагнозды дұрыс қоя алмайды. Әр баланың өз мінез-құлқын, табиғи болмысын, отбасылық жағдайын жете зерделемейді. Бұдан бөлек біздің облысымызда жұмыс істеп жүрген екі ғана суицидолог бар. Бұл өте аз. Егер өзіне-өзі қол жұмсау фактілері көбейіп кетсе, сол мектепке психологты жұмысқа алған директор да жауапты болуға тиіс. Әр баламен жеке дара, сондай-ақ, олардың ата-аналарымен бірлесе жұмыс атқару керек. Біз бүгін орын алып отырған кемшіліктерді де айтып өтуге тиіспіз, – деді Бейбіт Атамқұлов.

ҮШ ҰСТАЗҒА ПӘТЕР КIЛТIН ТАПСЫРДЫ

 MG 0540

Білім беру саласы қызметкерлерінің облыстық тамыз педагогикалық кеңесінде облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов үш мұғалімге пәтер кілтін тапсырды. №66 «Қазығұрт» жалпы орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Бағлан Баймаханов 3 бөлмелі пәтердің кілтін алса, №23 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі Жанар Мұстафаева мен №55 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Муккарам Тұрғынова 2 бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды. Енді олар «Нұрсәт» шағынауданындағы жаңадан салынған көпқабатты үйдің тұрғындары атанбақ.

Бұл қуанышты сәт бар уақытын сарп етіп, ел ертеңі саналатын ұл-қыздарды тәрбиелеп, аянбай тер төгіп жүрген ұстаздар қауымын бір серпілтіп тастады.
– Шынымды айтсам, ерекше толқып тұрмын. Мен үшін ерекше есте қалатын тарихи сәт. Ұстаздық атты ұлы жолды таңдағаныма өкінбеймін. Алты жылдан бері сабақ беріп келемін. Барлық мұғалімдер осындай бақытқа кенелсін деп тілеймін, – дейді Бағлан Баймаханов.
Бұдан бөлек, үздік нәтижеге қол жеткізіп, біліктілігімен көзге түскен ұстаздар Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімінің Алғыс хатымен, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталды.
Екі сағаттан астам уақыт ішінде баяндама жасаған, жарыссөзге шыққан азаматтар дарынды, білімді ұл-қыздарды тәрбиелеу әдістерімен бөлісіп, орта білімнің жаңартылған мазмұнына көшу, ұстаздың қоғамдағы рөлін көтеру жайын талқылады. Ұстаз ұлы есім, әрбір жанның өміріне жол сілтейтін шамшырақ, жарық жұлдыз секілді. Әріп танытып, өмір сүруге баулыған мұғалімге бас имейтін жан жоқ шығар, сірә. Ендеше, сөз соңын ұлағатты ұстаздарға толағай табыс тілеп, түйіндейміз.