Шет тілдерін үйрену әр азаматтың дүниетанымын кеңейтуге көмек береді, білім тұрғысынан бәсекеге қабілетті арттырады. Қазіргі таңда, біздің жеке таңдауларымызға деген біршама шектеулер шегеріліп, азаматтық еркіндік берілді. Бұл еркіндік – сана еркіндігі, даму еркіндігі. Біз мансаптық дамудың озық перспективасын ұстана отырып, дамыған елдермен иық тіресуге барынша күш жұмсауымыз керек. Қазақстандағы шет тілі бойынша жүргізіліп отырған оқу-ағарту ісінің де негізгі мақсат, мүддесі – осы. Ағылшын тілі – шәкірттеріміздің біліктілігін арттырып, білім саласында қайталанбас жетістікке жетіп, үлкен аренадан көрінуіне септігін тигізеді деп сенеміз. Сөздік пен грамматиканы білу білім алушыларға әлемнің таңдаулы, үздік оқу орындарына жол ашады. Оны тәмәмдағаннан соң әлемнің кез келген елінде сұранысқа ие маманға айналып, жұмыс таба алады. Қарапайым аудармашы мамандығының өзі адамдарға тұрақты және лайықты табыс алып келеді. Тілді жетік меңгерген азамат кез келген халықаралық компанияда еңбек етіп, тіпті қашықтан жеке ағылшын тілі сабағын бере алады. Кез келген елде гид болуына, жеке мектептер мен университеттерде сабақ беруіне, яғни көптеген мүмкіндіктерге ие болады.
Қазіргі уақытта шет тілі барлық салаларда үлкен рөл атқарады. Онсыз өркениеттің барлық игілігін толық пайдаланып қана қоймай, лайықты білім алу, еңбек ету, қызықты қарым-қатынас жасау қиынның қиыны. Оны зерттеудің маңыздылығы мен өзектілігі жыл сайын артып, адамдар ағылшын тілін меңгеру олардың өмірлерін өзгертуге жол ашатынын түсінді.
Әр нәрсеге уақытында қол жеткізіп, ешқайда кешікпеуге тырысамыз. Қай қызметте болсын тек алға ұмтыламыз. Ал, бүгінде жұмыста табысты және сұранысқа ие болу үшін көп жерде шет тілдерін білуді талап етеді. Ең танымал және кең таралған тілдердің бірі әрі бірегейі дәл осы – ағылшын тілі.
«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деп бабаларымыз айтып кеткендей, ұлттың саналы білім алып, сапалы өмір сүруін көздесек, бүгіннен бастап ана тілімізбен қатар, шет тілін де меңгеруді қолға алғанымыз жөн. Сонда ғана кемелденген ұрпақ тәрбиелеп, келешекке нық сеніммен көз жүгірте аламыз. Тіл – ақылдың өлшемі. Біз қанша көп тілді меңгерсек, соншалықты пайым-парасатымыз толығып, дүниетанымымыз кеңейеді.
Закира ЕМКУЛОВА,
Валентина МОРОЗОВА,
М. Әуезов атындағы ОҚУ «Филология» факультеті
«Гуманитарлық мамандықтар үшін шетел тілі» кафедрасының магистр, аға оқытушылары