Данияр Ақышев: Банктер дағдарысқа қарсы тұра алады

Пятница, 05 Февраль 2016 08:51 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 3976 раз

Алдағы уақытта доллар бағамы көтеріледі ме, ақшаны қай валютада сақтаған жөн және банктерде несиені қайта қаржыландыру жұмыстары қалай жүзеге асады? Бұл сұрақтарға Қазақстан Республикасы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Оңтүстікке келген арнайы жұмыс сапары барысында толыққанды мәлімет берді. Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер мен банк қызметкерлерін доллар бағамының ертеңгі жайы қызықтырды.

daniarrДанияр Ақышевтің айтуынша, банктерде ақшаның доллар күйінде сақталуы басым. Мәселен, депозиттердің долларлану деңгейі 69 пайызға жеткен. Оның 80 пайызға жуығы жеке тұлғалардың салымы. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша, депозиттердің жалпы көлемі бір жылда 22,2 пайызға ұлғайып, биылғы жылдың бірінші қаңтарында 315,1 млрд теңгені құраған.
– Ұлттық валютадағы салымдар 98,6 миллиард теңгеге дейін, яғни, 4,7 пайызға өсті. Ал шетел валютасындағы салымдар 216,5 миллиард теңгеге дейін өсті. Салымдардың долларлану дәрежесі 68,6 пайыз болды, – деді Д.Ақышев.
Үшінші ақпандағы мәлімет бойынша Қазақстанның қор биржасында АҚШ долларының бағамы 377 теңге 96 тиынды құрап отыр. Банк төрағасының айтуынша, Ұлттық банк валюта нарығына қатысуын барынша азайтты. Доллар бағамына ішкі және сыртқы факторлар өз ықпалын тигізбей қоймайтыны белгілі. Мысалы, жыл басынан бері мұнайдың әлемдік бағасы 8,2 пайызға төмендесе, Ресей рублі 6,6 пайызға әлсіреген. Өткен жылдың соңында Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері 28,1 миллиард АҚШ долларын, ал Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда елдің халықаралық резерві 91,6 миллиард АҚШ долларын құрады. Салыстыру үшін айта кетейік, 2007 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы алдында елдің жалпы резерві 38,6 миллиард АҚШ долларын құраған.
Тағы бір жаңалық – екінші деңгейлі банктерде жеке тұлғалар депозиттері бойынша жаңа мөлшерлемелер белгіленді. Егер салымшылар депозиттеріндегі ақшаны ұлттық валютада сақтайтын болса, онда оларға 10 пайыздан 14 пайызға дейін сыйақы белгіленеді. Ал шетел валютасында сақтайтындар үшін сыйақы мөлшерлемесі 3 пайыздан 2 пайызға дейін төмендеген.
– Бұл өзгерістер теңгемен ашылған депозиттерді арттыруға және азаматтардың жинақ ақшасының қорғалуына мүмкіндік береді, – деді Ұлттық банк төрағасы. – Сонымен қатар, біз АҚШ долларындағы депозиттер бойынша мөлшерлемелердің жаңа деңгейін тең және қажетті кірісті қамтамасыз ететін деңгей ретінде бағалаймыз. Доллармен ашылған депозиттердің мөлшерлемесі Ресейдегімен пара-пар. Тіпті, дамыған елдердегі мөлшерлемелерден бірнеше есе жоғары. Айта кететін мәселе, долларлық депозиттер теңгелік депозиттерге мәжбүрлеп аударылмайды. Оны салымшының өзі шешеді. Қаржы және валюта нарығындағы тұрақтандыру мәселелері азаматтарымыздың есебінен шешілмеуі тиіс.
Биыл 2 ақпаннан бастап ҚР Ұлттық банкі базалық пайыздық мөлшерлемені белгіледі. Енді ол 2 пайыздық ауытқумен 17 пайыз деңгейінде тұрақтады. Бұл Ұлттық банктің өзге банктерге өтімділікті кез келген көлемде 19 пайызға жуық мөлшерлеме бойынша беретінін және банктерден өтімділікті 15 пайыздық мөлшерлеме бойынша алатынын білдіреді.
Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы доллар бағамының жуық арада өзгермейтінін атап өтті. Төрағаның мәлімдеуінше, теңгенің әлсіреуі өзінің шегіне жетті. Мұнай бағасының 110 доллардан 30 долларға төмендеуі валюта бағамына кері әсерін тигізбей қоймады. Алайда, қазір мұнай нарығында қара алтынның бағасы баяу болса да көтеріліп келеді. Бар мәселе мұнайдың нарқына байланысты болып отырғанын банк төрағасы ашық айтты.
– Қазір еліміздегі барлық банктер дағдарысқа қарсы тұра алады. Менің айтарым, халық өз салымдары үшін уайымдамасын. Олар сақтандырылған. Ақшаны әртүрлі банктерде ұлттық және шетел валютасымен сақтаған жөн, – деді Д.Ақышев.
Екінші деңгейлі банктерге несиесін қайта қаржыландыру үшін 15 мың 810 адам өтініш беріпті. Оның 10 мыңнан астамы банктер тарапынан мақұлданған. Ал Оңтүстікте 1408 адам өтініш берген. Соның 1000-ы өз шешімін тауыпты. Айта кетейік, өтініштер қайта қаржыландыру бағдарламасына енгізілген толықтырулар мен өзгерістер негізінде қаралады.
Баспасөз мәслихаты соңында сөзін түйіндеген Д.Ақышев АҚШ валютасы тағы өседі деген қауесетке сеніп, қолда бар ақшаны долларға айырбастамау қажеттігін айтты. Сондай-ақ, ұлттық банк төрағасы елімізде доллардан теңгеге өту жұмыстары қарқынды екенін және халық арасында есеп айырысу ұлттық валюта түрінде көптеп жүзеге асып жатқанын жеткізді.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.