Электронды төлем: криптовалютаның қауқары қандай? Избранное

Среда, 03 Январь 2018 03:33 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 751 раз

Жаңа сандық технологиялардың дамуы нарықтық қарым-қатынастарды жеделдетті. Қазір елімізде онлайн-сауда, мобильдік банкинг қызметтерін жетілдіруге назар аударылып отыр. Онлайн интернет-төлемдер жасауға мүмкіндік туды. Электронды төлем жасау қалыпты үрдіске айналып, электронды ақшалар уақыты жақындай түсті. Жалпы, электронды төлемнің бүгіні мен болашағы қандай болмақ? Бұл орайда нені ескерген жөн?

Банктерге бақылауды күшейту керек

Қазір – нарық заманы. Сын-қатерлерге табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді. Түрлі технологиялар өмірімізге дендеп енді. Елбасы Н. Назарбаев әлемде кезекті, төртінші өнеркәсіптік революция басталғанын, көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік екенін атап өткен еді. 

– Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты, – деген еді Елбасы халыққа арнаған Жолдауында. 

Бұл орайда заңнамамызды жаңа жағдайға бейімдеу керек. Түптеп келгенде цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді. 

Рас, бүгінде көпшіліктің ақшаны ғаламторда cандық түрде сақтауға мүмкіндік беретін жүйелерді пайдалана бастағанына біршама уақыт болды. Электронды «әмиян» арқылы үйден шықпай-ақ көптеген ғаламтор дүкендерінде сауда жасап, несие төлеп, онлайн төлемдер жүргізіп келеді. Жалпы, әмиянның мүмкіндіктері көп-ақ. Сол себепті, бұған үйрене бергеніміз жөн секілді. Қазіргі кезде кең қолданылатын электронды әмияндар – Qiwi,Webmoney, т.б. 

Мұның бәрі де азаматтардың уақытын үнемдеу, көптеген қызмет түрлерін оңайлатуды көздейді. Түрлі кедергілерді жоюдың таптырмас құралы. 

Көпшілігіміз әлі де банк карточкаларын пайдаланамыз. Түрлі кедергілерге кезігіп жататынымыз да рас. Соңғы кездері банк карточкаларынан ақшаның жоғалу сынды мәселелердің барынан хабардар болдық. Бұл әсіресе, ел азаматтары шетелге барғанда кездесетін жағдай. Таяуда ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары Н. Жұмаділдаева, С. Үмбетов, П. Шарапаев, А. Мұрадов, тағы басқалар Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышевке депутаттық сауал жолдаған еді. Ұлттық банктің екінші деңгейдегі банктерді бақылауды күшейту қажеттілігіне назар аударған. Ақша ұрланған кезде клиенттің материалдық нұқсанын өтеу бойынша барлық шығыстарды банк өзіне алуға міндетті.

– Бүгінде біздің азаматтарымыз банк карточкаларынан ақша каражатының жоғалуы сияқты мәселеге тап болып отыр. Мұндай елдердің тізімі белгілі. Шетелге барған қазақстандықтардың банк карталарынан ipi ақша сомалары жоғалғаны жайлы нақты деректер бар. Алайда төлем картасын берген кезде клиентпен шарт жасаса отырып, банктер әрдайым осы «қара тізім» туралы ескерте бермейді. Банк клиенттің осы елдерге барған кезде акшасының қауіпсіздігін бақылап және карточкасын бұғаттауға тиіс екенін ескертпеген. Осы азаматтарға бірде-бір тиынын қайтарып берген жоқ. Алаяқтар белгілі бip тәсіл арқылы азаматтардың деректерін алып, оларға онлайн-кредиттер рәсімдеген жағдайлар аз емес, – дейді мәжіліс депутаттары өз сауалында. 

Мәжіліс депутаттарының айтуынша, өткен жылы Орал қаласының тұрғыны Вьетнамға сапарлап барған. Қазақстанға қайтып оралған соң картасынан 400 000 теңге жоғалғаны анықталған. Осыған ұқсас жағдай үш жыл бұрын Таиландта орын алыпты. Ол кезде басқа қазақстандық 300 000 теңгесін қолды қылған. 

Қазіргі таңда банктер өз ақпараттық жүйелерін кибершабуылдардан қорғауға қомақты қаражат жұмсайды. Дәл осылайша олар өз клиенттері төлем карталарының қазіргі заманғы сенімді қорғалуына қамтамасыз етуге тиіс. 

Сонымен қатар, азаматтардың төлем карталарынан қажетті ақпаратты оқуға және кейіннен қаражатты алуға мүмкіндік беретін скимминг сияқты алаяқтық түрі пайда болды. Қылмыстың бұл түрі әcipece, Оңтүстік Азия және Шығыс Еуропа елдерінде кеңінен таралған. Алайда, Қазақстан осындай скиммингтік шабуылдардан тиісті деңгейде қорғалмаған. Халық қалаулылары осылай дейді. 

 

Биткоин дегеніміз не?

Қазір өмірімізге түрлі технологиялар енді. Ел азаматтарының екінші деңгейлі банктердің қызметінен бөлек, электронды онлайн-төлемдер жасай бастағанын айтып өттік. Бұл – уақыттың талабы. 

Ендігі назар аударатын мәселе – қоғамда криптовалютаның қолданысқа енуі. Соңғы кездері ел азаматтары осы бір терминді жиі айтып жүр. Криптовалюта деген не? Осы жөнінде толығырақ мәлімет берейік. 

Қысқаша айтқанда, бүгінде интернеттің өз валютасы пайда болды. Ол — Биткоин криптовалютасы деп аталады. Бұл валюта түрі әлем елдерінің қызығушылығын тудырып келеді. Криптовалюта — жаңа технологиялар мен үкіметтің бақылауынсыз жүргізуге негізделген төлемдер мен ақша аударымдарының жылдам әрі сенімді жүйесі. 

Виртуалды Биткоин ақшалары — криптовалюта түрлерінің ішіндегі ең танымал электронды құрылғы. Оның қолданылуы Киви-әмиян, интернет-банкингке ұқсайды. Бірақ, Биткоингте интернет-банкингте қолданылатын алгоритмдер жұмыс істейді. 

Бұл жаңа валюта түрін 2009 жылы ешкімге белгісіз Сатоши Накамото деген лақап атпен танымал бағдарламашы дүниеге әкелген. Ол бағдарламаны ғана жасап қоймай, арнайы компьютерге «әмиян» орнатуға болатын қосымшаны да іске қосты.

Жалпы, бұл жүйені қоланушылар криптовалютамен делдалсыз тез операциялар жүргізе алады. Банкке барып не болмаса Киви-әмиянға ақша салып жүрудің қажеті жоқ, тек Биткоиндарды жіберсеңіз болғаны. Жүйедегі монеталар — криптографикалық (математикалық) хэш-кодтар. Барлық валюталар секілді, Биткоинның да өзінің курсы бар. 

Биткоинмен интернеттегі тауарлар мен қызметтерді анонимді түрде сатып алуға болады. Сонымен қатар халықаралық төлемдер жылдам әрі оңай іске асырылады. Жүйедегі төлем комиссиялары кез келген жердікінен төмен. Ол транзакцияланатын ақша көлемінің 0,1%-ын құрайды.

Бастапқыда Биткоиндар тек математиктер, криптографтар және де компьютермен айналысатын адамдардың арасында ғана сұранысқа ие-тұғын. 2009 жылдан бастап 1 Биткоин (BTC) 0,8 центке сатыла бастады. 

Қазір әлем елдерінің криптовалютаға деген көзқарасы әр түрлі. Нидерланды, Германия, Жаңа Зеландия, Сингапур және АҚШ-тың кейбір штаттары Биткоинды ашық насихаттайды. 

Қазірдің өзінде 10-нан астам ірі криптавалюталар бар. Олардың ішінде танымалдылығы жағынан екінші орында – Лайткойн.

 

Halykcoin – валютаның жаңа түрі

Coinmarketcap биржасында 16 желтоқсанда криптовалюта өз тарихындағы максимум бағаға көтерілді. Ол 8,2%-ға өсіп, 19 мың долларға жетті.

– Әлемдік қаржы құрылымын өзгерту қажеттілігі туып отыр. Халықаралық есеп-айырысудың төлем бірлігін енгізу мәселесін қарастыратын кез келді. Криптовалюта әлемді инфляциядан және сауда қатынастарындағы қателіктерден аулақ болуға көмектеседі. Валюта қарапайым, ашық әрі тұтынушыларға бағынышты болуы керек. Цифрландыру, технологиялардың дамуын ескеретін болсақ, мұндай бірлік криптовалюта түрінде енгізілуі керек, – деген еді Елбасы Астанада өткен X экономикалық форумның пленарлық отырысында. Яғни, халықаралық есептік төлем бірлігін енгізу мәселесін байыппен қарайтын уақыт жетті. Ол әлемді валюталық соғыстардан, алаяқтықтан арылуға, сауда қарым-қатынастарында қателіктерден жалтаруға, нарықтағы құбылмалықты төмендетуге мүмкіндік бермек. Дегенмен, ол валюта қарапайым, ол пайдаланушыға ыңғайлы болуы тиіс. 

Жаһандық жаңа валюта қажет. Бүгінде елімізде жеке кәсіпкерлер осы бағытта семинар-тренингтер өткізіп, осы саладағы индустрияны зерттеуге ден қойған. 

Жуырда ғана Қазақстанда блокчейн технологиясының көмегімен жұмыс істейтін халықкоин атты жаңа криптовалюта түрі пайда болды. Ол Halykcoin деп аталады. 15 адамнан құрылған Halykcoin Foundation тобының құрамында бағдарламашылар, крипто-қаржыгерлер және маркетологтар бар. Өздерінің ресми сайындағы мәліметке сәйкес, халықкоин 21 желтоқсаннан бастап өзге валюталармен қатар биржаларда саудаланатын болады. Сондай-ақ, халықкоиндарды шетелде жүріп те иелене аласыз. 

Айта кетсек, Жапония биткойнды ресми валюта ретінде тіркеді. Ресми валюта ретінде мойындайтын жаңа заң да қабылдады. Ал Австрияда әлемдегі алғашқы биткоин-банк ашылыпты. 

Қаржы сарапшыларының айтуынша, бұл валюта түрі Қазақстанның имиджін жақсартып, шетелдік инвесторларға белгілі бір деңгейде сенім ұялатады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.