Бизнесті ілгерілетуде көш бастап тұрмыз Избранное

Пятница, 22 Январь 2021 04:53 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 5589 раз

«Doing Business Kazakhstan» агенттігі жасаған рейтинг қорытындысында Шымкент бизнесті оңай жүргізу индикаторы бойынша екінші орынды иеленді. Бұл туралы Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

655

 

Оның айтуынша Кәсіпкерлер палатасы 2020 жылы пандемия жағдайында бизнесті қолдауға бар күш-жігерін аямады. Расымен де өткен жылы елімізде жарияланған төтенше жағдай мен карантинге байланысты бизнес субъектілеріне қиын соқты. Палата кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарып, пандемияның салдарын жоюға атсалысты. Өңірлік палата агроөнеркәсіптік кешен мен тамақ өнеркәсібі субъектілерін блок-бекеттерден кедергісіз өткізуге, пандемия кезінде кәсіпкерлерге қатысты дағдарысқа қарсы шаралар әзірлеуге және туындаған проблемаларды дер кезінде шешуге көмектесті. Соның нәтижесінде жоспардағы меже орындалып, одан да жоғары көрсеткіштерге де қол жеткізді.
Шымкент қаласының жалпы өңірлік өнімінің көлемі 2019 жылдың 9 айында 1,5 трлн теңгені құрап, 0,8% өскен. Жалпы өңірлік өнімнің негізгі үлесін өнеркәсіп (25%), сауда (19%) және жылжымайтын мүлік (12%) құрады. Өңірлер арасында Шымкент жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика және құрылыс индустриясы бойынша көшбасшы атанды.
Дегенмен, 2020 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісі 2019 жылмен салыстырғанда 1,1%-ға төмендесе, сауда саласы керісінше 2,5%-ға өскен, инвестиция көлемі де 40,9%-ға артып, өңірлер арасында Шымкент 2-ші орынға көтерілді.
Бүгінгі таңда шағын және орта бизнестің белсенді субъектілерінің саны 69,9 мыңға жетті. Кәсіпкерлік саласында 166 мың адам жұмыс істеуде. ШОБ тарапынан 699,1 млрд теңге сомасында өнім өндірілді. Яғни, Жалпы өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін шағын және орта бизнес субъектілерінің табысы құрайды.
2020 жылы кәсіпкерлер палатасының қарауына бизнесті қорғау саласы бойынша 309 өтініш қабылданды. Оның ішінде 183 өтініш кәсіпкерлердің пайдасына шешілді. Бұл қаралған өтініштердің жалпы санының 68%-на тең.
Сондай-ақ кәсіпкерлердің құқығын қорғау нәтижесінде 3,5 млрд теңге үнемделді. Ол негізінен мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша борыштың толық алынбаған сомалары, заңсыз есептелген айыппұл санкциялары, негізсіз әкімшілік айыппұлдар, табиғи монополия субъектілері заңсыз қабылдаған бұйрықтар негізінде заңсыз өндіріп алынған сомалар мен толық алынбаған кірістер.
Былтыр санаттар бойынша мемлекеттік сатып алудағы өтініштер 30%, санитарлық нормалар 19%, жер қатынастары 14%, көлік және логистика 13%, салық салу 13%, табиғи монополиялар 3%, қаржы секторы 3% құрады.
– Өткен жылы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі Кеңестің 10 отырысы өткізілді, онда бизнес тақырыбында 15 өзекті мәселе қаралып 8-і кәсіпкерлер пайдасына қарай оң шешімін тапса, қалған өтініштер әлі қаралуда. Мәселен, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ заңсыз қабылдаған бұйрықтың күшін жойылды, яғни монополиялық жағдайды теріс пайдаланудағы кінәсі дәлелденді. Сонымен бірге тармақ иеленушілерге тепловоз қызметі үшін қосымша ақы төлеуді жүктейтін вагондарды беру-алу шарттарына қосымша келісімдер кері қайтарылды. «Болашақ инжиниринг» және «Альфа плат» ЖШС-не заңсыз есептелген өсімпұл алынып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша борыш сомасы өтелді. Қалалық жолаушы тасымалдаушылармен шарттарды бұзу туралы берілген хабарламалардың заңсыздығы анықталды. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің көлік компаниялары есебінен жүргізушілер мен кондукторларды ПЦР тесттерден өткізу туралы талаптары негізсіз деп танылды. Бұдан басқа, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың 31 нормативтік құқықтық актілерінің жобасы қаралып, 7 сараптамалық қорытындыға ескерту берілсе, 13 материал толықтыруға кері қайтарылды, – деді Н.Қабыштаев.
Кәсіпкерлер палатасы директорының айтуынша бизнес өкілдерін мемлекеттік және басқарушылық істе түрлі шешімдер қабылдау процесіне қатыстыру үшін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қарау бойынша (мәселен, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының шекті мәндерін бекіту, мал шаруашылығын субсидиялау, жолаушылар көлігінің кешенді схемасына байланысты мәселелер) 3 қоғамдық тыңдау өткізілді.