Шымкенттік өнімдер импорт тауарларды алмастырады

Среда, 13 Июль 2022 10:18 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4049 раз

import-tovar

Жыл басынан бері шаһар экономикасына 131,1 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы инвестицияларды тарту бөлімінің басшысы Ермек Тұрматов мәлімдеді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29,9 пайызға көп. Жауапты маманның айтуынша, Шымкентте 2022-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,6 трлн теңгеге бағаланған 242 инвестициялық жобаның базасы жасақталған. Соның нәтижесінде алдағы үш жылда 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Тарқатып айтсақ, 2022 жылы құны 159,7 млрд теңгені құрайтын 50 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында биыл қала аумағында 52,8 млрд теңгеге 1043 жұмыс орны қарастырылған 16 жоба іске қосылатын болады. Басқарма өкілінің мәлімдеуінше бүгінге дейін 26,5 млрд теңгеге 3 инвестициялық жоба іске асып үлгерді. 215 жаңа жұмыс орны құрылды. Инвестиция тарту мәселесі Шымкент қаласын дамыту жоспарында бір сәт те назардан түскен емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дайын өнім өндірісін ұлғайтуға байланысты тапсырмасы нақ осы инвестицияның арқасында жүзеге асатыны аян. Сондықтан жергілікті әкімдік осы салаға ерекше мән беріп, бұл бағытта алға қарай дамудың нақты қадамдарын үйлестіріп отыр.

Соның бір айғағы Шымкентте инвестициялық штаб жұмыс істейді. Штабтың әрбір отырысында қаланың экономикасына қаржы құя алатын қалталы азаматтардың мүмкіншіліктері қаралып, жол-жөнекей кездескен кедергілер талқыланады.

ermek-turmatovШымкенттің өсіп-өркендеуіне осы инвестициялық әлеует өзінің оңды әсерін тигізді. Жергілікті және шетелдік капиталды қаланың өндірісіне, инфрақұрылымына тарту үшін бизнес өкілдеріне барынша жайлы жағдай жасалуда. Соның ішінде мысалға «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» фронт-кеңсесін келтіруге болады. «Бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін бұл мекемеде кеңестер беріледі және құжат рәсімдеу бойынша қызметтер көрсетіліп, әкімшілік кедергілерді жою, сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін түрлі жұмыстар атқарылады.

– 2020 жылы Шымкентте 37,5 млрд теңгенің 22 инвестициялық жобасы іске асырылды. Былтыр 16 млрд теңгеге 15 жоба іске қосылды. Орталық Азияда теңдесі жоқ жобаға «Алюминий банкілерінің өндірісін» жатқызуға болады. Аталған зауыттың қуаттылығы жылына 500 млн. дана алюминий банкілерін өндіруге қауқарлы. Шығарылған тауар келешекте елге келетін осы өнімнің импорттық баламасының 60 пайызын алмастырады. Сондай-ақ қала экономикасы үшін маңызды жобалардың бірі «Standard Steel KZ» ЖШС. Бұл кәсіпорында түсті металл концентраттары (мыс, қорғасын, цинк, алтын) алынады. Осы жобаның арқасында бұрынғы қорғасын зауыты аумағындағы қорғасын қалдықтары тазартылып, қаланың экологиясын жақсартуға үлкен септігін тигізеді, - деді Ермек Тұрматов.

Инвесторларды тарту да оңай шаруа емес екені анық. Әдетте инвесторлар бүкіл тәуекелдерді есептеп барып, бір-ақ шешім қабылдайды. Соның ішінде инвестордың ойында «шикізатты қайдан алам», «өнімді қайда өткізем» деген екі сауал тұрады. Бүгінгі әлемдегі геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы логистика мен экспорт-импортты қиындатып отырған жайы бар. Сондықтан шымкенттік кәсіпкерлерге қазіргі ахуал оңай тиіп отырған жоқ.

Дей тұрғанмен, маманның сөзінше, республиканың үшінші мегаполисінде кәсібін дөңгелетіп отырған инвесторларға барынша жеңілдіктер қарастырылған. Айталық, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында кәсіпорындар әлеуметтіктен басқа мүлік, жер, корпоративтік табыс секілді салықтың барлық түрлерінен босатылған. Зауыт құрылысына жер учаскесі арендаға арзан бағада немесе кейбір өміршең жобаларға тегін беріледі. Сонымен бірге, барлық кәсіпкерлер мен әлеуетті инвесторлар «Бизнестің жол картасы–2025», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қатысып 6 пайыздық жеңілдікпен несие ала алады. Инвестициялық келісімшарт құжатының көмегімен түрлі жеңілдіктерге қол жеткізеді. Мәселен, сырттан әкелінетін қондырғы ақысының 30 пайызы сатып алған кәсіпкердің өзіне қайтарылады. Сондай-ақ ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қарасты «QazTrade», «Қазақ экспорт» АҚ ұлттық компаниялары сақтандыру, дайын өнім тасымалына кеткен шығынның өтемақысын төлеу, жарнамалау, шетелде қоймада тұрған отандық тауардың жалдау ақысын өтеп беру секілді мәселелер бойынша кәсіпкерлерге көмек қолдарын созуда.

Мегаполисте 4 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Ол «Оңтүстік ИА», «Оңтүстік» АЭА», «Тассай» ИА және жаңадан ашылып жатқан «Жұлдыз» ИА. Негізгі өндіріс ошақтары алғашқы үш индустриалды аймақта орналасқан. Жалпы кәсіпорындарды бір алаңға шоғырландыру бұл әлемдік үрдіс, дүние жүзінде бар тәжірибе. Батыстың дамыған елдері де Түркия секілді экономикалық динамикасы қарқын алып келе жатқан дамушы мемлекеттер осы тәжірибеден өткен. Сондықтан әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі саналатын Қазақстан үшін индустриалды-инновациялық дамуды дәл осындай тәсілмен жолға қою жаңалық емес. Жоғарыда аталған 4 индустриалды аймақтың инфрақұырылымын жүргізуге мемлекеттік бюджеттен 17,8 млрд теңге қаражат жұмсалса, қазынаға ондағы кәсіпорындардан түскен салық табысы бүгінге дейін 36,5 млрд теңгеге жеткен.

Тәуелсіздік жылдар бедерінде инвесторлар өнімінің арқасында шымкенттік өзіндік брендтер қалыптасты. Олардың қатарына «Бал текстильдің» кілемдерін, «Рахат-Шымкент», «Нұртаудың» кәмпиттерін, «Люкс шуз», «Заряның» аяқ киімдерін, «Әлем-БТ-ның» шұлықтарын, «Азала текстиль», «АГФ груптің» төсек-орын жабдықтарын жатқызуға болады. Жүздеген кәсіпорынның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 20 жоба іске асырылуда. 3 жоба Қытай елінің еншісінде болса, оншақтысы Түркияға тиесілі, қалғаны әртүрлі елдердің үлесінде.

Тоғыз жолдың торабында тұрған Шымкент іргесіндегі көрші ел астанасы Ташкентпен сауда-экономикалық байланысты жылдан-жылға күшейтіліп келеді. Оған Қазақстан-Өзбекстан арасындағы соңғы жылдары қол жеткізілген бауырластық және әріптестік тығыз қарым-қатынастардың жандануы да түрткі болды. Соның арқасында қос мемлекетпен арада сауда айналымы күшейіп, экономикалық белсенділік арта түсті. Әсіресе алыс-беріс мәселесінде Шымкенттің алар үлесі ауқымды. Өзбекстандық инвесторлар бүгінгі таңда қала экономикасына қаржы салуға әзір. Екіжақты байланыстың беки түскеніне өзбек ағайындардың мегаполисте керамикалық тақталар шығаруға қатысты жоспарлары мен металургиялық зауыт салуға тыңғылықты кірісіп жатуы дәлел.

Айта кету керек, бүгінде «Оңтүстік» индустриалды аймағында 89.3 млрд теңгеге 92 жоба іске асырылып, оның 77-і нақты іске қосылса, «Тассай» индустриалды аймағында 20 жоба қолға алынып, оған жұмсалған қаржы 28 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда мұнда 1 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Последнее изменение Среда, 13 Июль 2022 10:57