Мүмкіндігі шектеулі балаларға демеу болған ана Избранное

Пятница, 22 Июль 2022 04:28 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1533 раз

Шымкентте мүгедектігі бар 18 жастан асқан жандарды оңалтатын жалғыз ғана орталық бар екен. Ол Алмагүл Кенжетаева ашқан «Рахмет саған, Анашым!» деп аталатын мүмкіндігі шектеулі балалар аналарының қоғамдық бірлестігіне қарасты мекеме.

12

 

–18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін ұйымды ашу маған оңайға түспеді. Өзімнің екі балам да мүгедектігі бар жандар. Сондықтан олардың жанын ана ретінде менен артық ешкім түсінбес деп ойлаймын. Бүгінде қалада 18-ге дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтатын мемлекеттік, жекеменшік орталықтар жетіп артылады. Ал 18-ден кейінгі мұндай орталықтар мүлдем жоқ. Осы күнге дейін қарастырылмаған. Жарайды кішкентай кезінде мемлекеттің қамқорлығында болсын делік. Сонда жасөспірімдер 18-ден кейін не істемек? Мені осы ой қатты толғандыратын?!- дейді А.Кенжетаева.
Осылай деген кейіпкеріміз жаңа орталық ашуға көмек сұрап тиісті мекемелердің жеті жыл бойы табалдырығын тоздырған. Жалғыз үміті – ересек балаларды оңалтатын орталық ашуда мемлекет тарапынан қандай да бір жәрдемге ілігу. Алайда түрлі кедергілерден ісі нәтижесіз аяқталады. Сонда өзіне ғана сенім арту қажеттігін түсінеді. Көпқабатты үйде орналасқан пәтерін сатып, одан түскен ақшаға жер үй алады. Кейін оны шағын ғана оңалту орталығына лайықтап өзгертеді.
Кейіпкеріміз былтыр 12 мүгедек жанды тәрбиесіне алса, биыл 20 бала қамқорлығында. «Балалардың төрт қабырғаға телміріп отырғанын көргім келмейді. Қоларбаға телмірген балаларға қарап қалай жаның ашымайды?! Қай жерге көмек сұрап барсақ та, айтатын сөздері біреу ғана: «бала 18-ге толып қойған» дейді. Қазір барлық шығындарды өз қалтамнан өтеуіме тура келеді. Сондықтан бұл бастамама еш өкінбеймін. Алдағы уақытта жобамды қолдап жатса, нұр үстіне нұр болар еді, - дейді А.Кенжетаева.

10


Қоғамдық бірлестік төрайымы өз үйінің ауласында І және ІІ топ мүгедектігі бар балаларды еңбекке баулумен айналысады. Көпшілігі жұмыс істеуге деген қабілетінің барын көрсетіп жатыр. Ал еңбекке мүлдем жарамайтын балалар айналасында достары бар екенін сезініп, еш болмағанда психологиялық қолдау, демеу табуда. Соның арқасында күн сайын үйлеріне көңіл-күйлері көтеріліп қайтады. А.Кенжетаева елімізде бірінші болып инватуризм бастамасын қолға алып отыр. Сол бастаманың арқасында ата-анармен бірге балаларды кинопаркке қыдыртып, түрлі атракционда ойнатып, Біркөлік шатқалында 3 күнге демалып қайтқан.
–Ендігі мақсатым – биліктен қолдау болса 100 орындық арнайы оңалту орталығын ашу. Жеке кәсіпкерлер де өтініштерімізді жерге тастамай қолдан келгенше көмек беріп жатыр. 2017 жылы екі мүгедектігі бар баламмен республикалық телеарнаның бағдарламасына қатысып, айтыскер А.Тұрсынбаева жаңа Газель автокөлігін сыйлаған. Сол көлік бүгінде әжетімізге жарап тұр.
Жалпы елімізде 18-ге дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлық жақсы қарастырылған. Қаншама мүгедектігі бар бала асырап отырған отбасылар мемлекеттік бағдарламамен үй алып жатыр. Жәрдемақы да төленеді. Тіпті балалардың жәрдемақысына жан бағып отырған отбасылар да бар.
Енді кәмелет жастан асқан мүгедектігі бар жандарға көңіл бөлетін кез келді. Осы жанайқайымызды жергілікті билік естісе екен, - дейді кейіпкеріміз.
Рас, қазір мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған отбасыларда бір адам бала күтіміне байланған. Күндіз-түні соның жағдайын жасаумен уақытын өткізеді. Осындайда ата-аналардың шаршайтыны айтпаса да түсінікті. Ал А.Кенжетаева ашқандай үлкен жасқа арналған оңалту орталықтары ата-аналарға кішкене де болса демеу болары анық. Бірақ әзірге бұл мәселе билік пен қоғам тарапынан үлкен қозғалысты күтіп отыр.