Көліктерді "көгілдір отынға" көшіру тиімді ме?

Пятница, 10 Октябрь 2014 10:56 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 5695 раз

Шымкентте қоғамдық көліктер алғаш рет метан газымен жүретін болады. Дизель отынымен жүретін  автобусты арнайы қондырғымен жарақтау жұмыстары да басталып кетті. Мамандар бұл жаңалықтың қаншалықты маңызды, әрі үнемді екенін жан-жақты зерттеп, дайындыққа кірісті.  «Жеті рет өлшеп, бір рет кескен» қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, метан газына өткен жағдайда тасымалдаушы компаниялар бұрынғыдай  шығынға шаш етектен батпайды және қоршаған ортаға зиян келмейді.

«2017 жылдан бастап көліктердің басым бөлігі  газға ауыстырылады екен» деген әңгіме ара-кідік айтылып жүр. Бұған дейін де Үкімет деңгейінде  бензин тапшылығына байланысты газға көшу мәселесі көтерілген еді. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің көлік және коммуникация секторының меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев проблеманы  шешудің бірден бір жолы болғанымен де, оған алдын ала дайындықпен өту дұрыс деп есептейді.
– Қазір қоғамдық көліктерге қатысты бірқатар мәселелер шешілмей жатыр. Мәселен, автобустардың қоршаған ортаға тигізер зияны. Қара түтінін будақтатып жолаушылар тасымалдайтын көліктер аз емес. Біз олардың тізімін жасап алып, бірнеше рет жол полициясы қызметкерлерімен бірге  тексеруге де шыққанбыз. Оларға қаншама рет ескерту жасасақ та, кейбірі құлақ аспады. Талапты орындамағандарға айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Көбі, көліктерін ретке келтіріп, қоршаған ортаға залалы келмейтіндей етті. Көліктіен шығатын түтін тиісті нормадан асатын болса, онда оның қала көшелерінде жүруіне тыйым салынған. Тексеру барысында осындай 63 көлік анықталған еді. Әсіресе, қытайлық автобустардан зиянды қара түтін көп шығады. Осындай жыры таусылмайтын мәселелерден соң, оған қоса жанар-жағар май тапшылығынан кейін біз тығырықтан шығудың жолдарын іздестіре бастадық. Алдағы уақытта  муниципалды  автопарк ашып,  инвесторлардың есебінен 100 автобус сатып алуды  жоспарлап отырмыз. Олар метан газымен жүргізілмек. Ал, бізде метан газын құятын станса жоқ. Сондықтан да, алғашқы кезекте газ құю стансасын салуымыз керек. Оны «Бек сервис» ЖШС  саламыз деп отыр. Бағасы да дизельді отынға қарағанда төмен болады, – дейді Наурыз Сүгірәлиев.
Осы ретте, алматылық «Газтрэйд» компаниясы дизельмен жүретін бір автобусқа метан газымен жүруге арналған құрылғыны өз есебінен  орнатуда. Оның құны – 530 мың теңге. Бірнеше ай бойы автобус  қала халқына қызмет көрсететін болады. Содан соң, оның қаншалықты үнемді  болатыны  анықталады. Барлығы сәтті болған жағдайда, шымкенттік жолаушылар тасымалдайтын көліктер біртіндеп метан газына ауысатынын айтады мамандар. «Газтрэйд» компаниясы секілді өз қызметін  кореялық және польшалық кәсіпкерлер де ұсынуда екен. Олардың қызмет бағасы да әртүрлі. Әзірге, шенеуніктер өз отандастарымыздың қызметін пайдаланғалы отыр. Айта кетерлігі,  Астана және Алматы қалаларында  автобустардың басым бөлігі метан газымен жүреді. Шымкент үшін де газ жаңалық емес. Қазір қалада  100-ге жуық пропан газымен жүретін қоғамдық көліктер бар. Оған жеңіл көліктерді де қосыңыз.
 Бүгінде Қазақстанда барлығы 4 миллиондай көлік бар, олардың 12 мыңы ғана газбен жүреді екен.  Алайда, темір тұлпарды  бензиннен газға ауыстыру мәселесі де қомақты қаражатты талап етеді.  Орта есеппен 180 мың теңге қажет екен. Қазір жеңіл көлік иелері де газға қызығушылық танытуда. Мұның барлығы да жанар- жағар май бағасының қымбаттауынан туындап отырғаны белгілі. Биыл  21 тамыздан бастап Қазақстанда «АИ-92» маркалы бензиннің 1 литрі 128 теңгеге өсті.  ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мұнай өнімдерінің бөлшек саудасына қатысты шектік бағаны бекіткен болатын.  Қаулыға сәйкес, дизельді отынның 1 литрі 115 теңгені, «АИ-80» бензині 89 теңгені құрады. Қымбаттағаны былай тұрсын, біраз стансаларда сұранысы көп АИ-92  маркалы бензині тапшылығы байқалып, барлары «талон»  таратты. Енді бірі, тек  1000 теңгеге ғана құйып, шектеу қойды.  Жалпы, бензин бағасына, оның тапшылығына байланысты мәселе өзекті болып тұр. Өзіміздің зауыттар ішкі сұранысты қамтамасыз ете алмай отырғандықтан,  Ресей, Әзірбайжан мен Түркменстан елдерінен  көмек сұралды.  Мамандардың айтуынша, ең арзан жанар-жағар май Қазақстанда екен. Мәселен, Ресейде теңгемен шаққанда АИ-92 - 159 теңге, Украинада - 231, Арменияда - 206, Грузияда - 219, Беларусьте - 176, Өзбекстанда - 150, Әзірбайжанда - 140 теңге екен. Кейбір пысықай кәсіпкерлердің бағаны өздігінше көтеріп, пайдаға  кенелмек болғаны да қынжылтады. Ол аз десеңіз, сапасыз май құйылуы салдарынан  талай көліктің жүрісі нашарлап, темір тұлпарды тізгіндегендерді әуреге салды. Жыл сайын егін-орақ басталар кезде қымбаттап, тапшы болатын бұл мәселенің бір шешімі – газбен жүретін көліктерді көбейтуде  сияқты.  
 
КӨЛІКТЕР АУАНЫ
ЛАСТАУДА

Әр көлік қанша оттегіні жұтса, соның екі есе көлемінде зиянды заттар бөліп шығарады екен. Сапасыз бензиннің әсерінен ауаға уытты газдар таралады. Мәселен, бір литр бензин жанған кезде ауаға 200-ге жуық зиянды компонент  тарайды. Экологтардың айтуынша,  көліктерден шығып жатқан түтінде көмір қышқыл газы мен формальдегид  көп.  ОҚО бойынша  экология департаменті басшысының орынбасары Рахымберді Өтебаевтың айтуынша, улы газ алдымен адамның тыныс жолдары мен жүйкесін улайды, созылмалы тыныс жолы ауруларының асқынуына да алып келеді, аллергиялық аурулар пайда болады. Ауаның ластығы жағынан Шымкент – Алматы мен Өскеменнен кейінгі үшінші орында екен.
– Қоршаған ортаның ластануына ескі көліктер мен жанар-жағар майдың сапасыздығы себеп болып отыр. Біздің жүргізген тексерулеріміздің нәтижесінде,  облыста өнеркәсіп орындарына қарағанда, ауаны көліктен шыққан зиянды заттар көптеп ластайды.  (70 пайыз). Әсіресе, бағдаршамдардың алдындағы көлік кептелісі  қоршаған ортаға зиян келтіреді.  Қалада Ордабасы алаңы маңы мен Тәуке хан, Республика даңғылдарында көлік қозғалысы көп болғандықтан, ондағы ауа өте лас.  Оған қоса, бізде бөлінген улы заттарды таратып жіберетін  жел де көп соқпайды. Менің ойымша, ауаны тазарту үшін көліктер газбен жүруі керек. Егер, қауіпсіз болса және қымбат болмаса, мен де көлігімді газға өткізіп алар едім,- дейді Р.Өтебаев.

БАҒА МЕН ШАМА  

Бензин бағасы мен тапшылығына байланысты қазір автокөліктерді газға көшіру тиімді болып отыр. Егер 128 теңгеден 50 литр бензин құйсаңыз, 6400 теңге шығындайсыз. Ал оның орнына 50 литр газ құйсаңыз- 2400  теңге болады. Бірақ газ қондырғысы қымбат тұрады. Екінің бірінің мүмкіндігі жоқ.  Шымкентте көлікке газ қондырғысын орнату 100 мыңнан 170 мың теңгеге дейін жетеді. Көлік жүргізушілерінің айтуынша, оны  қоя білетін маманды да іздеп табу керек.  Құрылғының бағасы газ баллондарының көлемі мен сапасына байланысты әртүрлі болады. Көліктің от алу жүйесі (карбюратор не инжектор) мен қозғалтқыштағы цилиндр саны да бағаға әсер етеді. Өзін Оразалы деп таныстырған шымкенттік такси жүргізушісі  немістің «Volksvagen Golf-3» көлігін газбен жүретін етіпті.   Бензинмен жүрген кезде шығыны көп болғанын айтады.  Салонның ішінен аздап газдың иісі шығатынын байқадық.
– Иә, газдың иісі байқалады. Бірақ, мамандар мұның қауіпті емес екенін айтты. 130 мың теңгеге ауыстырдым. Қазір оның ақшасын шығарып алдым. Жарты жыл болды  газбен жүргеніме. Ақша әжептеуір үнемделеді екен. Бірақ, бір кемшілігі бар. Көлігіңіз бензинмен жүргендей зымырамайды. Аздап тартыншақтап, баяу жүреді. Екіншіден, суық ауа райында багыңызға бензин құйып, оталдыру қажет.  Осы көліктің арқасында  ақша тауып жүргендіктен,  басқаларға қарағанда, қызметім  арзандау. Осының нәтижесінде клиенттерім де көп, – дейді Оразалы.
Шымкентте автожүргізушілер  газбен жүруге біртіндеп бейімделіп келеді. Көлiктi газға көшiргеннен кейiн қайта жабдықтауға кеткен шығынды шығарып алуға болады екен. Себебi, көлiк иесi көлiгiн газ отынына  көшiргеннен кейiн жанар-жағармайға кеткен шығын 2,5 есе төмендейдi.

Газ құю стансалары жеткiлiктi ме?

Көлiктердi газға көшiру үшiн, әуелгi кезекте газ құю стансаларын салу керек. Алматының өзінде газбен қамтитын бір ғана станса бар екен. Алдағы уақытта тағы бесеуін салу жоспарлануда.  Бұл мақсатта таяуда Алматы қаласы әкiмдiгi мен «КазТрансГаз» АҚ өзара әрiптестiк туралы меморандумға қол қойды.  Оған қоса, Қазақстанның автокөлік өндірушілері отандық автоиндустрияның газ баллон жабдығы (ГБЖ) орнатылған машиналар шығаруға ниет білдіріп отырған жоқ. Олардың пікірінше,  көлікті сатып алған адамның  газ баллонын орнату- орнатпау өз еркінде.  Ол- қолжетімді. Тек, мамандандырылған компанияға барып орнатса болды. ГБЖ орнату - лицензиялауды және сертификаттауды қажет ететін қызмет түрі, ол технологиялық, рәсімдік іс-әрекеттерді талап етеді, газбен жүретін көліктердің саны әлемдік автопарктің 1,5 пайызына тең екен. Газ балон жабдығы сұранысқа ие болуы үшін  - тиісті инфрақұрылым, яғни газ құю бекеттері болуы тиіс. Осыған орай, «ҚазТрансГаз»  компаниясы  автокөлікке газ толтыру компрессор станциялары желісін республика бойынша дамытуды жоспарлап отыр екен. Жекелей алғанда Ақтөбе, Қызылорда және Шымкент қалаларында компрессор станцияларын жоспарлау ойдағыдай іске асуда, сондай-ақ, аймақтарда жергілікті атқарушы органдармен автокөліктерге табиғи газды отын ретінде пайдалануға көшіру бойынша келіссөздер жүргізілуде. «ҚазТрансГазАймақ» пен «Шымкентгаз» компанияларына хабарласқанымызда, ешқайсысынан мардымды жауап ала алмадық. Екеуінің де қызметкерлері бұл мәселенің құзырларында емес екендігін айтты. Шымкентте неше газ құю стансасы бар екені ресми түрде әлі де нақтыланбаған.
Елімізде газ қондырғылы көліктерді экологиялық тазалығы жағынан қолайлы көретіндер бар.  Бұл туралы наурыз айында  Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева қатардағы жүргізушілерден бөлек, мемлекеттік органдар көліктерінің де газбен жүру қажеттігін айтқан болатын. Бірақ бұл үкіметке тек ұсыныс ретінде айтылғанымен, нақты бір шара ретінде қолға алынған жоқ. Алматы қаласында депутаттар 2013 жылдан бастап қоғамдық көліктерді газбен жүретін көліктерге ауыстыра бастаған.
Осы аптада Энергетика министрі Владимир Школьник Мәжіліс комитетінің кеңейтілген отырысында елімізге осы айда Ресейден 70 мың тонна жанармай әкелінетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай шешім елдегі бензин тапшылығын азайтады. Өткен айдың өзінде Ресей Федерациясынан Қазақстанға 35 мың тонна жанармай тасымалданған болатын. Бізде жылына 2,8 миллион тонна бензин тұтынылады екен. Отандық мұнай өңдеу зауыттарының жүктемесі 105 пайызды құрап отыр. Соның өзінде елімізде жанармайдың тек 1,8 милллион тоннасы өндіріледі. Отандық бизнесмендерге бензинді сырттан тасып, бекітілген бағаға сату тиімсіз болғандықтан, бұл міндет «ҚазМұнайГаз» компаниясына жүктелді.

    Э. Мықтыбаева.

Последнее изменение Пятница, 10 Октябрь 2014 11:06
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.