Меншiгiңiзде не бар?

Пятница, 19 Сентябрь 2014 09:04 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4075 раз

1-ші қыркүйектен бастап Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елімізде мүлікті жария ету  науқаны басталғаны белгілі. Осыған орай, жер-жерлерде түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде. Айта кетейік, заңнамада мүлік жөнінде ұсынылатын мәліметтердің толықтығы мен анықтығы үшін азаматтардың жауапкершілігіне басымдық берілген. Мамандар осыған дейінгі мүлікті жария ету шарасында жіберілген олқылықтарды қайталамау үшін халықты мүлікті жария етуге мүмкіндік беретін заңнамалық талаптарды тыңғылықты түсініп алуға шақырады.

Жария етілген мүлікті рәсімдеу қызметіне қатысты барлық шығынды жария етуші төлейді. Алайда, мүлікті жария ету шарасына қатысушылар мұндай міндеттемелерге әлі де түсіністік таныта алмай отыр. Заңға сәйкес, мүлікті жария ету үшін 2 дана өтініш, жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi, түпнұсқасын көрсету қажет, ғимараттар мен құрылыстарға техникалық тексеру жүргізген аттестатталған сарапшының қорытындысы, жылжымайтын мүлік объектісінің техникалық паспорты комиссияға тапсырылады. Осындай комиссиялар Шымкент қаласы бойынша Абай, Әл-Фараби және Еңбекші аудандары әкімдіктерінде жұмыс істей бастады. Қала әкімі аппаратының заң бөлімінің басшысы Асқар Қайыповтың айтуынша, аудан әкімдіктерінде  құрылған комиссиялармен  мынадай  жылжымайтын мүліктер жария етілетін болады:  
–  Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын, басқа адамға ресімделген жылжымайтын мүлік жатады. Оған ғарыш объектілері және магистральдық құбырлардың желілік бөлігі кірмейді. Сонымен қатар, құрылыс нормалары мен қағидаларына сондай-ақ, өздері орналасқан, жария ету субъектісіне меншік құқығында тиесілі жер учаскесінің нысаналы мақсатына сәйкес келетін, Қазақстан Республикасының аумағында тұрған үйлер (құрылыстар, ғимараттар) жария етіледі. Өтінішті комиссиялар өтініш берілген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды. Бұл тұрғыда, жария етiлетiн мүлiк жөнiнде ұсынылатын мәлiметтердiң толықтығы мен анықтығы үшiн жария ету субъектілері жауапты болатынын ескеру қажет, – дейді Асқар Қайыпов.
 Қазіргі таңда, қала әкімдігі мен аудан әкімдері тарапынан халық арасында түсіндіру, насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда комиссияларға келген 200-ге жуық жеке және заңды тұлғаларға рақымшылық жасаудың тәртібі түсіндірілді, жария етуге 5 мүлікке қатысты құжаттар қабылданған. Әкімдіктер жанынан құрылған  комиссияларға құжаттарды қабылдау Абай ауданы бойынша – Республика даңғылы, 6А, тел: 21-48-74, Әл-Фараби ауданы бойынша - Тоқаев көшесі, 14Б, тел:53-79-08 және Еңбекші ауданы бойынша – Сайрам көшесі, 190, тел:57-10-36, мекен-жайлары бойынша аудан әкімдері аппараты орналасқан ғимараттарда жүргізіледі. Бұл комиссия қаржыны жариялай алмайды, тек мүлікті жария етуге құжат қабылдайды. Қабылданған құжаттарды тәуелсіз сарапшылар тексеріп, қорытынды жасайды. Комиссиядан мүлікті жария ету турасында кеңес алуға болады. Сондай-ақ, жеріңіздің және үйіңіздің құжаттарын тексерте аласыз. Айта кетейік, мүлікті жария ету мерзiмi ағымдағы жылдың бірінші қыркүйегінен 2015 жылдың 31-ші желтоқсанына дейін жалғасады.


                                                                               Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.