Өзбекстан еңбек мигранттарын елге қайтармақ

Пятница, 07 Ноябрь 2014 03:46 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4522 раз

Өзбекстан билігі шетте жүрген еңбек мигранттарын елге қайтармақшы... Өзбек жұмысшыларының көпшілігі шет елдерде жалдамалы жұмысқа жегіліп күн көретінін көбіміз білеміз. Бүгінде дәл осындай мигранттар саны 4-6 миллион аралығын құрайды екен. Бұл 30 миллионға жуық халқы бар Өзбекстанның жұмысқа жарамды тұрғындарының үштен бірі деген сөз.

76678-700x336Рас, әлемдік қаржы дағдарысы шарпыған тұста Өзбекстан басына да бұлт үйірілген. Әлеуметтік-экономикалық дамуы құлдырап, халқы жан-жаққа жұмыс іздеп, босып кетті. Соның бір парасы Қазақстанда да жүр. Оларды құрылыс, ауылшаруашылық. өндіріс саласындағы түрлі жұмыстардың басынан кездестіресіз. Тіпті, өзбексіз ісіміз бітпейтіндей болып қалған. Қазір үй тұрғызып, қора салатын адам алдымен арзан жұмыс күшін іздейді. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысы Өзбекстан аумағына ең жақын өңір болғандықтан өзбек мигранттарының көбірек тұрақтайтын жері де осы.
ОҚО ІІД Көші-қон полиция басқармасының мәліметі бойынша 2014 жылдың сәуір айынан бері көші-қон полициясы бөліністеріне 15 мың 66 шетелдік өтініш білдірсе, соның 15 мыңнан астамын өзбек мигранттары құрайды. Қазекеңнің құрылысын жүргізіп, шаруасын жайғап, дәмханаларда қазанын қайнатып жүрген өзбек ағайындардың өз еңбегімен ақша тауып жүргенін ешкім жоққа шығара қоймас.
Солайы солай, бірақ Өзбекстан мигранттар мәселесін шешуге дендеп кірісе бастаған сияқты. Осы жылдың шілде айында Өзбекстан Премьер-министрі сырттағы жұмыс күшінің тізімін жасап, олардың елде жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету туралы бұйрық шығарған болатын. Алайда, бұл бұйрық өздігінен шыға қойған жоқ. Есімізде болса, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов өзбектердің шеттен жұмыс іздейтінін «ұлттың абыройын төгу» деп атаған еді. Кедейшілік пен жұмыссыздық жайлаған елдің жанына бататын тұсы - мигранттар мәселесіне «тәкәппар» президент осылай пікір білдірген.
Иә, Өзбекстан экономикасының біраз бөлігі мигранттардың Ресейден аударатын қаржысына тәуелді екенін баса айту керек. Алайда бұл тәуелділікті Өзбекстан президенті жақтыра бермейді. Ол мұнысын әсіресе, Өзбекстан мен Ресейдің қарым-қатынасы шиеленісіп тұрған шақта байқатқан. Тек ресми банк аударымдарын ғана тіркейтін Ресей орталық банкінің дерегі бойынша, 2012 жылы мигранттар Өзбекстанға 5,7 миллиард АҚШ доллары шамасында қаржы аударыпты. Бұл – Өзбекстан экономикасының 16,3 пайызын құрайтын сома. Осы көрсеткішке еңбек мигранттарының өздерімен бірге апаратын сомасы кірмейтіндіктен, нақтысы әлдеқайда жоғары болуы да мүмкін. Бұған Ресейде еңбек ететін 10-12 миллионға жуық мигранттың көбі заңсыз жолмен ақша тауып жүргенін қосыңыз.
Енді 2015 жылы Үндістанның кәсіпкерлік институты жұмыспен қамту орталықтарын ашу арқылы Өзбекстандағы жұмыссыздық деңгейін азайтуға көмектеспек. Бұл туралы РИА Новости агенттігі хабарлайды. Мұндай кәсіпкерлік институттары Лаоста, Камбоджада, Вьетнамда және Мьянмада табысты жұмыс атқарыпты. «Өзбектер тарапынан келісім алдық, енді орталықтың ашылуы үшін жұмыстар жүргізілуде. Орталықта жаңа кәсіпорындар ашып, бизнес жүргізудің жаңа мүмкіндіктері үйретіледі. Азаматтар жаңа жұмыс орындарын ашуға арналған бағдарламаға оқытылады», – деп мәлімдейді Үндістан кәсіпкерлік институтының өкілі. Орталық алдымен Ташкентте, содан соң Самарқанд, Ферғана мен Сырдария облыстарында ашылмақ.
Ал, Өзбекстан мигрант мәселесін осылай шеше алар ма екен?!

К. ЕРАЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.