Туабiттi кемiстiгi бар балалар бақылаусыз қалмайды Избранное

Пятница, 15 Январь 2016 06:02 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 15243 раз

Облысымызда туылған 639 баланың біреуі бет-жақ кемістігімен туылады екен. Халық арасында оны «қоян жырық» немесе «қасқыр таңдай» деп атайды. Осындай диагнозбен туылған нәрестелер ата-анасына психологиялық салмақ салатыны сөзсіз. Өкінішке қарай, кемістігін себеп етіп, бауыр еті баласынан бас тартатын ата-аналар да жоқ емес. Бірақ, дәрігерлердің айтуынша, медицина қарыштап дамыған заманда мұндай жағдайды мәселе етіп, күйзелудің қажеті жоқ. Дер кезінде жасалған ота баланың толыққанды өмір сүруіне септігін тигізеді. Осы ретте облыстық балалар клиникалық ауруханасының нейрохирургия бөліміне қарасты жақ-бет аймағы хирургиясы бөлімшесінің жоғары санатты дәрігері Тұяқбаев Асхат Әбдіманапұлымен сұқбаттасқан едік.

76e05e5431deb79c6f– Асхат Әбдіманапұлы, жақ-бет аймағы бөлімшесіне таңдайы жарық және ерні жырық балалардан бөлек, басқа да кесел түрлерімен келетіндер бар ма?

– Жақ-бет аймағы хирургиясы 2007 жылы Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасынан бөлініп, облыстық балалар клиникалық ауруханасының құрамына берілді. Сол кезден бастап екі дәрігер жұмыс істеп келеміз. Оның бірі өзім болсам, екінші дәрігер – Ерлан Төребеков. Біздің бөлімшеде тек жақ-бет аймағында кемістігі бар балаларға ғана емес, сонымен қатар, әртүрлі іріңді қабыну процестерімен келген балалар емделеді. Мәселен, тістің іріңдеуі, абайсызда жақпен құлағандар тағы басқа.

– «Қоян жырық» немесе «қасқыр таңдай» диагнозымен туылу себептері қандай?

– 2011-2012 жылдарға дейін аурудың себептерін тұқым қуалаушылықпен байланыстырып келдік. Өйткені, оңтүстікте ағайындардың отбасын құруы жиі кездеседі. Ал бүгінгі таңда экология өзінің әсерін көптеп тигізіп отыр. Байқоңыр мен Теміртау қалаларында аурудың бұл түрі өте көп кездеседі. Мәселен, ОҚО-да 639 баланың біреуі жақ-бет аймағы кемістігімен туылса, Байқоңырда 420 баланың біреуі, ал Теміртауда 410 баланың біреуі осындай кемістікпен дүниеге келуде. Нақты себебін дөп басып айта алмаймыз. Ал «жүкті әйелдің қоян етін жегеннен баласы қоянжырық болып туылады» деген әңгіме шындыққа жанаспайды. Айта кетер жағдай, анасы жас кезінде жыныс ауруларымен ауырса, кіндігін ашып жүрсе, темекі тартып, арақ ішсе – дамуында ауытқуы бар баланың дүниеге келетіні жасырын емес.

– Бет аймағында кемістігі бар нәрестелерге туылған сәттен бастап ота жасау міндетті ме?

– Соңғы үш жылдан бері сәби дүниеге келе салысымен ата-анасының рұқсатымен ота жасап жатырмыз. Мәселен, 2014 жылы – 25, 2015 жылы – 28 балаға ота жасадық. Қаңтар айының өзінде «қоян жырық» диагнозы қойылған екі балаға ота жасалды. Тағы екеуін отаға дайындаудамыз. Айта кетерлік жағдай, балалар бірден пышаққа ілінбейді. Ең алдымен олардың ішкі құрылысы, миы тексеріледі, түрлі анализдер тапсырады. Ерте жасалған ота – отбасындағы әлеуметтік мәселені шешуге септігін тигізеді. Өйткені, шақалақ туылған сәтте оның кемістігін көрген ата-ана үшін төбеден жай түскендей болады. Соның салдарынан ата-ананың 60-70 пайызы баладан бас тартады. Біз олармен әңгімелесу, түсіндіру арқылы баладан бас тартпау қажеттігін және ота жасаған соң бала толыққанды өмір сүре алатынын түсіндіреміз. Өкінішке қарай өткен жылы түркістандық бір ата-ана өз баласын бауырына басқысы келмей, тастап кетті. Нәресте «Сәбилер үйіне» өткізілді. Көп ұзамай ол баланы шымкенттік көп балалы ана жетінші перзенті етіп, асырап алды. Төрт айға жақындағанда нәрестенің ерніне ота жасадық. Қазіргі уақытта барлық перзентханаларда біз айтып отырған кемістігі бар сәбилер бақылаусыз, емсіз қалмайды. Мұндай ақаумен туылған балалардың ақыл-ойының дамуында ауытқу жоқ. Ата-ана осыны естен шығармаған жөн.

– Қазіргі таңда медицинаның мүмкіндігі мол. Осыған орай, бұрынғы және қазіргі ота түрлерінде қандай айырмашылықтарды атап өтер едіңіз?

– Өз басым осыдан 10 жыл бұрын жасалған оталарды еске алып «қарным ашады», ал ота орнында қалған тыртықтарды көрген сайын жүрегім ауырады. Сол уақытта қолда бар әдіспен жасадық қой отаны. Бар білгенімізбен ұштастырып. Ал қазір мүлдем басқа. Медициналық құрал-жабдықтардың өзі бөлек әңгіме. Отадан соң баланың бетіндегі тыртық көзге көрінер-көрінбес қана болады. Бүгінгі таңда шетелдік дәрігерлермен тәжірибе алмасып жатырмыз. Соңғы жылдары Литва мен Украина мамандарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедік. Өзім 2011 жылы Беларуське барып, оқып келдім.

– Туабітті кемістігі бар сәбилерге отаны қай кезде жасаған дұрыс?

– Ерні жырық болып туылған сәбилерге отаны 3-4 айдан соң жасаймыз. Ал таңдайы жарық болып болып туылғандарға бір жастан соң жасалынады. Өйткені, бұл өте күрделі ота саналады. Баланың неғұрлым үлкен болғаны бізге де жақсы, ота сәтті өтеді. Ал бір жасқа дейін балалар стоматологы нәрестенің таңдайын тіккенше, ас-ауқатын дұрыс ішу үшін пластинка салып береді. Өткен жылы жақ-бет аймағында кемістігі бар және басқа да диагнозбен келген 300-дей балаға жоспарлы түрде ота жасалды. Бөлімшеміз 15 орынға шақталған. Қазір 5 бала жатыр. Жыл он екі ай пациенттеріміз үзілмейді. Күні кеше ғана ауыр халде 12 жасар бала келіп түсті. Тістің түбірі іріңдеп, сүйекке, одан жұмсақ тінге өткен. Ірің қанға да өткендіктен, бала екі күннен бері тамақ ішпеген. Шұғыл түрде күрделі ота жасалынады. Бетінің сырт жағы кесіледі, соның салдарынан өкінішке қарай, бетінде үлкен тыртық қалады.

– Қазіргі уақытта жағы ассиметрия болып туылатын балалар жоқ емес. Бұл – эстетика жағынан оғаш көрінері даусыз. Бала денсаулығына қаншалықты кері әсері бар? Оны емдеу жолдары қандай?

– Жақ сүйегі ассиметрия болып туылатын балалардың беті қисық болады. Жоғарғы немесе төменгі жақ жетілмеуі мүмкін. Ол –баланың демалуына, жұтынуына кедергі келтіріп, өміріне қауіп төндіріп жатқан жағдайда ота шұғыл түрде жасалынады. Негізінде сүйек өсіп-жетіліп, бала 14-15 жасқа келген кезде ғана ота жасалынады. Бұл жағдайда да неғұрлым кейінірек жасалса, соғұрлым нәтиже жақсы болады. Төменгі жақтың жетілмеуін Пьер Робин синдромы деп аталады. Яғни, тілдің түбірін кері қарай жылжытып, баланың тыныс алуына кедергі жасайды. Кей жағдайда төменгі жақ уақыты келе дамиды. Бұл кемістікті емдеу үшін баланың жағын сындырып, арнайы аппаратпен күніне 1 мм алға қарай тартып отырамыз. Жақтың сынған орны қалпына келіп, сүйек біткенше бала аппаратпен жүреді.

– Дені сау бала туылу үшін ананың бала көтерген сәтінен бастап күтіну қажеттігін білеміз. Тіпті тұрмыс құрғанға дейін салауатты өмір салтын ұстанғаны жөн екені мәлім. Ал сіз қандай кеңес берер едіңіз?

– Оңтүстікте, әсіресе, ауылдарда жаңадан түскен келін күтінбейді. Таңертең сағат алтыда тұрып аула сыпырады, сиыр сауады, суық сумен жуына салуы мүмкін және тағы басқа себептерді келтіруге болады. Жас келін тұрмысқа шыққан соң ағзасында өзгерістер орын алады. Ал бойына бала біткен кезде алғашқы екі айда шарананың ішкі органдары мен нерв жүйесі қалыптасып, дами бастайды. Міне, ең қауіпті және күтімді қажет ететін осы кез. Олай етпеген жағдайда, баланың бойында түрлі патология пайда болады. Оны ультрадыбыстық зерттеу нәтижесінде білеміз. Тіпті, жақ-бет аймағында кемістігі бар екенін көруге мүмкіндік бар. Бірақ, жатыр ішінде жатқан балаға көмек бере алмаймыз. Тек туылған соң ғана ота арқылы кемістікті түзеуге мүмкіндік бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.