Өтемақы – салымшылардың соңғы мүмкiндiгi

Среда, 27 Апрель 2016 06:25 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4059 раз

31 мамыр – өтемақы төлеу үшін тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен қосымша келісім жасасудың соңғы күні. Бұл жайында әлденеше рет хабарланғанына қарамастан, облысымыздағы салымшылардың бәрі бірдей әлі де болса асығар емес. Осы орайда «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Қасымбек Бақытұлы Мәліковке көкейдегі сұрақтарымызды қойып, жауап алған едік.

F0iLdweN2Y0– Қасымбек Бақытұлы, осы уақытқа дейін неше салымшы қосымша келісімге қол қойып үлгерді?

– Оңтүстік Қазақстан облысында 23 мыңнан астам салымшы өтемақы алуы тиіс. Соның ішінде бүгінгі таңда 12 100 (он екі мың бір жүз) салым иесі қосымша келісімге қол қойды. Алайда жарияланған мерзімнің аяқталуына небәрі 41 күн қалды. Егер мамыр айындағы мерекелерді ескерсек, жұмыс күндері өте аз болмақ. Осыған орай, аймақтағы салымшыларымызға қосымша келісім жасауды кейінге қалдырмауға шақырамын.

– Электрондық-сандық қолтаңба арқылы келісімге қол қою кезінде кейде қиындық туындайды деген пікірді де естіп жүрміз. Мұндай жағдайда Банк қандай балама жол ұсына алады?

– Клиенттерімізге қолайлы болуы үшін, біз бұл рәсімді электронды түрде ғана емес, қағазда жасауға да мүмкіндік бердік. Енді жеке куәлігімен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің кез келген бөлімшесіне келіп, қосымша келісімге әрі кетсе бес минут ішінде қол қоюға болады. Бұдан бөлек, біздің филиалдың штаттан тыс агенттері Банк бөлімшесіне жетуі қиын, Интернетпен қамтылмаған шалғай аудандарға барып, салымшылардың қолдарын жинап жүр. Алайда, агенттеріміздің саны да, мүмкіндігі де шектеулі. Сондықтан салымшылардың өзі белсенділік танытуы тиіс.

– Облыс тұрғындары қосымша келісімге қол қою рәсімі жайлы қаншалықты хабардар? Салымшыларымызға құлаққағыс жасау үшін тағы қандай шаралар қолға алынып жатыр?

– Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымдарға өтемақы төлейтіні баршаға мәлім. Былтыр Елбасы халық алдында өтемақы төлеуге тапсырма берді. Бұл мәселеге қатысты Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев пен біздің Банктің топ-менеджерлері бірнеше рет мәлімдеме жасады. Бұл – бір. Екіншіден, 8 ақпанда Банк бұқаралық ақпарат құралдары арқылы рәсімдердің басталғанын ресми түрде жариялап, өтемақы төлеу тетіктерін түсіндіріп берді. Үшіншіден, Орталық аппараттың call-орталық қызметкерлері, мұны аз десеңіз, өздігінен қоңырау шалатын роботтар салымшыларға қоңырау шалып жатыр. Филиалымыздың қызметкерлері де клиенттерге күн сайын қоңырау соғады. Республикалық БАҚ-тар арқылы күн сайын келісімге қол қою барысы жайында ақпарат таратылып, аралық нәтижелері жиі жарияланып тұр. Осы тақілеттес дәстүрлі байланыс арналарынан бөлек, әлеуметтік желілерде де жұмыс жүргізілуде. Облыстық жергілікті телеарналарда және аудандық телеарналарда қосымша келісімге қол қою керектігі туралы жүгіртпе жолдар берілді.
Рас, біреулердің қосымша келісімге қол қоюға үлгермей қалуы мүмкін. Осы адамдар тарапынан наразылықтың туындауы да ықтимал. Сондықтан өтемақы төлеу рәсімінің ақпараттық саясаты мұның салдарын халыққа алдын ала ескертіп, өтемақы алу керек екенін алдын ала түсіндіретіндей етіп құрылды. Сондықтан салымшыларымыздан бұл рәсімге мұқият қарауды, баса мән беруді сұраймыз.

– Салымшыларымыздың ішінде бір күмән бар секілді. Мәселен, өтемақы көлемі бүгінгі бағам айырмашылығынан аз дегендей. Өтемақы көлемі неге басқа емес, дәл 35,5% пайыз болып белгіленді?

– Ұлттық валюта бағамы 2015 жылдың 18 тамызында түзетілгені естеріңізде болар. Ақордада Екінші деңгейлі банктердегі салымдарға өтемақы төлеу туралы сөз болған кезде, Елбасы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін ерекше атап өтіп, біздің банк салымшыларына өтемақы төлеуге тапсырма берді. Сол кезде, яғни, 188,35 теңге болатын бастапқы бағаммен салым қалдықтарын нақтылау, 2015 жылғы 20 тамыздағы мемлекет басшысының тапсырма берген және 255,26 теңге болатын бағамның нақтылану күндері арасында, бағам айырмашылығы 30-35 пайыз деңгейде белгіленген еді.
Өтемақы көлеміне қатысты, 35,5 пайыздық межені қоғам бастан-ақ сын тезіне алды. Түрлі сарапшылардың, блогерлер мен журналистердің пікірлерінен бұл анық көрінді. Бірақ тұрғын үй нарығына қараңыздаршы, баспана сатып алу үшін ақша жинап жатқан салымшылар үшін өтемақы өте тиімді ұсыныс болып отыр. Тұрғын үйдің теңгелей бағасының өсімі 19%-дан асқан жоқ. Бұл – салымшы мұны ағымдағы жылдың шілде айында бірінші транштан-ақ жабады деген сөз. Ал 16,3% көлеміндегі екінші траншты таза пайда деп атауға да болады. Сондықтан біз клиенттерімізге қосымша келісімге қол қойып, өтемақыңызды алыңыз деп қысылмай айта аламыз. Салымшы бұл үшін жақсы мүмкіндік беріп отыр. Мұны пайдаланып қалу керек. Бұл ақша, әрбір теңге, тұрғын үй алған кезде үлкен маңызға ие болмақ.

– Шынында, әрбір теңге дейсіз бе?

– Жыл басында тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің дамуында шешуші рөлге ие болатын және салымшыларымызға үлкен пайда әкелетін үлкен оқиға болды. Елбасы қолжетімді әлеуметтік тұрғын үйлер салуға қосымша 127 млрд теңге көлемінде қомақты қаржы бөлуге тапсырма берді. 22 млрд теңге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына кредит беруге бөлінді. Сондықтан осы жылдан бастап әлеуметтік тұрғын үйге деген орасан сұранысты қанағаттандыруға нақты мүмкіндік бар. Бұған қаржы да жеткілікті. Еліміздің барлық өңірлерінде пулдар көп жарияланған кезде, салымшының шотында жатқан әрбір теңге, өзіңіз айтқандай, зор маңызға ие болады. Мемлекет пен банк төлеген депозитіңіздің 35,5%-ы көлеміндегі өтемақы арманыңыздың орындалуына септігін тигізбек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Последнее изменение Среда, 27 Апрель 2016 06:41
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.