Асылбек БАЙМЫРЗАЕВ: «Шағынаудандардың жол мәселесi шешiлуде»

Пятница, 22 Июль 2016 06:18 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 2593 раз

111Шымкент қаласында жолдарды күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары қарқынды жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар, аяқжолдар салынып, қалалықтардың игілігіне берілуде. Биылдың өзінде 96 көшеге орташа жөндеу жоспарланып, қазіргі таңда құрылыс қыза түскен. Осы ретте Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Асылбек Баймырзаевпен сұхбаттасқан едік.

ЖОЛДАРДЫ КЕҢЕЙТУ – КЕЗЕК КҮТТIРМЕЙТIН МIНДЕТ

– Асылбек Қашқынбайұлы, бүгінгі таңда Шымкент қаласында жол құрылысына байланысты қандай жұмыстар атқарылуда?
– Жыл сайын жол құрылысына қатысты жоспарлар саны артып отыр. Бір жылда жол салсақ, келесі жылы көшелерді, ішкі орам жолдарын ағымдағы жөндеуден өткізу секілді жұмыстар рет-ретімен атқарылып жатыр. Мәселен, биыл Шымкент қаласында көлік кептелісін болдырмау және жол қауіпсіздігін қаматамасыз ету үшін жолдарды кеңейтіп, жаяу жүргіншілер жолын салудамыз. Бұл ретте облыстық және жергілікті бюджеттен 86,6 шақырымды құрайтын 96 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 1 миллиард 935 миллион 127 мың теңге бөлінді. Сонымен қатар, 41 көшеге 43,5 шақырымды құрайтын аяқжолдарды салуға 580 миллион 700 мың теңге қарастырылған. Қазіргі таңда 44 көшеде орташа жөндеу және 6 көшеде аяқжол салу жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Қала көшелерін ағымдағы жөндеуден өткізу үшін жергілікті бюджеттен 250 миллион теңге бөлініп, қаланың 4 ауданында да осы жұмыстар рет-ретімен жүзеге асып жатыр. Мәселен, жолдардағы ойықтар тегістеліп, шұңқырлар жабылып, қайта қалпына келтірілді. Ол ақпан айында басталып, республикалық маңызы бар деп танылған «Қазығұрт» шағынауданынан бастап, «Бекжан» базарының маңынан жалғасып, Қарабұлаққа дейінгі жол жөндеуден өтті. Оны «Лидер-НК» ЖШС атқарды. Сондай-ақ, Самара-Ташкент бағытындағы жолдың республикалық маңызы бар жол болатын. Қазір ол қала меншігіне өтіп, оның 31 шақырымына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Айта кету керек, жөнделгенге дейін ол көшенің жағдайы мүлдем нашар еді.
– Қалада аяқжол мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Осы ретте сіздердің тараптарыңыздан қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Қайнарбұлақ саяжайында ұзындығы 1,5 шақырымға аяқжол салу жұмыстарын бастадық. Ол саяжайдағы №83 мектептің жанынан өтеді. Оқушылардың да жүріп-тұруына ығайлы әрі қауіпсіз болмақ. Сондай-ақ, Қайнарбұлақтағы Дружба, Строительная, Фабричный, Транспортная, Медиков, Заводская деген көшелерде де орташа жөндеу жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, Скамейка, Автомобилист және Металлург көшелерінде жөндеу жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы шығып, оны «Север-ЮгУниверсал» ЖШС жүргізетін болды.
– Кез келген жұмыстардың ең алдымен қаланың ішінен басталатыны түсінікті. Ал Шымкенттің шет жағында орналасқан шағынаудандардың жол мәселесі қалай шешілуде?
– 2015 жылы қайта құру жұмыстары басталған 7 көшені және Қапал батыр көшесіндегі теміржол үстіндегі өткелді аяқтауға 6 миллиард 100 миллион 512 мың теңге қаралды. Аталған нысандар өткен жылдан өтпелі болып есептеледі. №1 бағыттағы автожолдардағы көшелер құрылысын жалғастыруға биылға 300 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, үш шағынауданның 13 көшесіндегі қайта құру жұмыстарын аяқтау үшін 665 миллион 377 миллион теңге қосымша қаржы беріліп отыр. Атап айтар болсақ, Оңтүстік индустриалды аймақтан Сайрам тұрғын алабына шығатын жолдың аралығы жөнделеді. «Достық-2», «Бозарық», «Академгородок», «Ақжайық», «Қайтпас», «Тараз», «Солтүстік-Шығыс», «Жайлау», «Ақниет», «Жиделі» шағынаудандарында күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Сондай-ақ, 14 шағынауданның 59 көшесіне күрделі жөндеу мен асфальттауға 2 миллиард 100 миллион 500 мың теңге бөлінді.

ЖАҢА КӨПIР КӨЛIК КЕПТЕЛIСIНЕН ҚҰТҚАРАДЫ

– Қапал батыр көшесіндегі теміржол үсті өткелі қашан аяқталады?
– Ол өткелдің қайта жөндеу құрылысы 2014 жылы тамыз айында басталған. Қалалықтар мен олардың қонақтарына біраз ыңғайсыздық тудырып отырғаны рас. Биыл қараша айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Көпірдің жалпы ұзындығы 170 метрді құрайды. Ал ені бұрын 9 метр болған. Яғни, өткел 22 метрге кеңейіп отыр. Оның жанынан тағы бір өткел салу арқылы жолдың ені ұлғайды. Бұрын тар болғандықтан, көлік кептелісі көп болатын. Құрылысты «Береке-А» ЖШС жүргізуде.
– «Қайтпас-1» шағын-ауданындағы Қ.Төлеметов көшесінің кеңейтіліп әрі жөнделіп жатқанына биыл екінші жыл болды. Жергілікті тұрғындардың жүріп-тұруына едәуір қолайсыздық туғызғанымен, жаңа жолдың игілігін көретін күн алыс емес секілді. Жол құрылысы қашан аяқталады?
– Қ.Төлеметов көшесіндегі құрылыс жұмыстары өткен жылы күзде басталды. Оны жүзеге асыру барысы үш кезеңге бөлінген. Оның алғашқысы – 6,3 шақырымды құрап, биыл тапсырылды. Бүгінгі таңда екінші және үшінші кезеңдері қарқынды жүруде. Жыл соңында пайдалануға беріледі деп отырмыз. Құрылыс белгіленген жұмыс кестесіне сай жүзеге асуда. Бұрын жолдың жүріс бөлігі 6-7 метрді құраса, ал қазіргі кезде 15 метр. Екі жақтама жол төрт жолақтан тұрады. Яғни, жол жаңарып қана қоймай, кеңейді. Көлік сыйымдылығы да артады. Қалаға кіреберіс жол болғандықтан, бұрынғыдай қиындық туғызбайды деп ойлаймыз. Сосын онда аяқжолдар, ирригация, жарық шамдар болмаған. Қосымша аялдамалар да салынбақ. Жолды қайта құрудан өткізу арқылы, осындай мәселелер де өз шешімін табуда.
Қ.Төлеметов пен Жібек жолы көшесі арқылы аудандардан келетін көлік нөпірі көп болғандықтан, оларды кеңейту – басты мақсат. Жібек жолы көшесін жөндеу өткен жылы басталды. Ол 8 шақырымды құрайды. Онда да жол кеңейіп, оның ені 15 метрді құрайтын болады. Бұл жерде де аяқжолдар мәселесі өзекті болатын. Кәсіпкерлер жаяу жүргіншілер өтетін жолды жауып, кәсібін дөңгелеткен. Қазір бұл мәселе оңды шешімін тауып отыр.
– Қалаға аудандардан 114 елдімекен қосылған. Десе де, олардың әрқайсысының өзекті мәселелері бар. Ең бастысы – жол екені түсінікті. Ол елдімекендерді қандай жаңалықтар күтіп тұр?
– Қалаға қосылған елдімекендердің мәселесін шешу үшін уақыт керек. Ол бірден шешілетін жұмыс емес. Дегенмен, ол жерлерде де қарқынды жұмыстар басталып кетті. Мәселен, әлеуметтік нысандарға апаратын аяқ жолдар салу, жолдарды орташа және ағымдағы жөндеуден өткізу секілді жұмыстар қолға алынған. Мәселен, Сайрам, Өтеміс шағынаудандарында орташа жөндеу жүріп жатыр. Алдағы уақытта да шағынаудан мәртебесін алған елдімекендердің жағдайын жасау мақсатында жұмыс істейтін боламыз.
Жол салу жұмыстарында отандық өнімдерді пайдаланамыз
– Қазір қанша мердігер компаниямен келісім-шарт жасадыңыздар? Олардың арасында міндеттелген нысан құрылысын дер кезінде аяқтамай немесе жұмыс кестесінен ауытқып, «қара тізімге» енгендері бар ма?
– Бүгінгі таңда ондай жағдайлар орын алған жоқ. Өткен жылы да ешқандай кемшіліксіз тиісті жұмыстарды атқарып шықты. Біз 15-тен аса компаниямен жұмыс істейміз. Жобаға сәйкес, өз жұмыстарын атқарып жатыр. Олардың жұмысын апта сайын қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан тексеріледі. Құрылыс сапасы әрдайым бақылауда. Осы ретте тәжірибесі мол бірнеше мердігер компаниялардың атап өткім келіп отыр. Мәселен, «Береке-А» корпорациясы, «Түркістанжолсервис», «Әлемтрансжол», «Отаустрой» ЖШС-і секілді компаниялар жол салу саласына машықтанған және құрылыс нормалары мен ережелеріне сай жұмыс істейтін мекемелердің бірі.
– Соңғы кезде отандық өндірушілер қолдауға ие болуда. Жол салуда өзімізде шығарылған құрылыс материалдарының үлесі қанша?
– Жол құрылысында қолданылатын құрылыс материалдардың барлығы да отандық өнім. Асфальт, қиыршық тас, битум облысымызда өндіреді. Битуммен «Газпромнефть» мекемесі қамтып отыр. Мен атап өткен «Түркістанжолсервис», «Береке-А» корпорациясы, «Отаустрой», «Ситистрой», «Достықспецстрой» ЖШС-рі шикізат өндіріп, оны құрылыста қолданады. ОҚО-да 10-нан астам асфальт зауыты бар. «Шымкентдорстрой» мекемесінің де өз асфальт зауыты жұмыс істейді. Шикізат және материалдық техникалық база жағынан жақсы жасақталған.
– Келесі жылы қандай жұмыстар жүзеге асады?
– 2017 жылға жасаған жоспарымыз көп. Қазірдің өзінде олардың жобалық-сметалық құжаттары жасалған. Егер қолдау тауып, бюджеттен қаржы бөлінсе іске кірісеміз. Жоспарға сәйкес, бұл мақсатта «Ақжайық», «Самал-3», «Қатынкөпір», «Тассай», «Азат» және «Достық-2» шағынаудандарының көшелері қайта құрудан өтеді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.