"Қазақ журналистикасының шоғыры - Шымкентте"

Пятница, 31 Октябрь 2014 08:14 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4460 раз

Қай саланы алып қарасақ та көкейтесті мәселелер баршылық. Бірақ, соған назар салып, кемшіліктерін көрсете сынаған кезде ғана дұрыс бағдарға бет бұрылатыны айдан анық. Кейбіреулер сынды жанашырлық деп қабылдаса, енді бірі теріс көреді. Қатесін бетіне басқан кезде одан сабақ алып, нәтиже шығарған азаматтар өз саласында жетістікке жетері де белгіліТелевизия саласында көп жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан  жастарға кәсібіне қатысты ақыл-кеңесін айтыпкемшіліктерін түзеуге барын салатын азаматтың бірі – «Хабар» агенттігінің продюсері Арман Сқабылұлы. Жастарға, сонымен қатар  әріптестеріне  де айтары көп маманның бірі. Жуырда  ол  «Астана» телеарнасындағы «Біздің уақыт» бағдарламасының авторы Жайна Сламбек екеуі шырайлы Шымкентке  арнайы келген едіОблыстық ішкі саясат басқармасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен БАҚ өкілдеріне арналған семинар-тренинг өтті. Олар оңтүстік журналистерімен кездесіп, тәжірибелерімен бөліскен болатын. Семинар-тренинг  барысында телевизия мен газет саласына қатысты  бірқатар мәселелер қозғалды. Мүмкіндікті пайдаланып, Арман Сқабылұлынан  БАҚ саласындағы мәселелерге  байланысты жеке  сұхбат алған едік.

 

b8afb12dfe0a5945c7193031de457531

– Арман Сқабылұлы, соңғы уақытта әсіресе, телеарна тізгінін ұстаған әншілерге  қатысты сын көп айтылуда. Өзіңіз де  Фэйсбук әлеуметтік желіңізде осы мәселе бойынша пікіріңізді ашық айтып жүрсіз. 

 

– Иә, соңғы  алты ай, бір жыл шамасында телеарналар мен газеттерді сынау жиіледі. Телеарнадағы бағдарламаларды жүргізетін  әншілер көбейді. Көрермендер «салмақты  хабарлар мен сұхбаттар жоқ» деп айтуда. Фэйсбук әлеуметтік желісі арқылы  бірқатар сыни пікірлерім мен ойларымды жарияладым. Кемшілігі көбейіп бара жатқан журналистиканың түзелгенін қалаймын. Телеарна жұмысының  дұрысталуына, өз кемшіліктерін байқауына септігім тисе деген ой. Сыннан кейін телеарнада жүрген кейбір әншілер, актерлер түзеліп жатады. Сынды дұрыс қабылдайды. Тілшілерге берген сұхбаттарында «енді жеңіл-желпі бағдарламаларда  көрінбеуге тырысамын» дегендерін  өз құлағым шалып қалды. Мәселен, Азамат Сатыбалды телеарнада көп көрінбеуге, уақытын театрға арнайтынын, салмақты киноға түскісі келетінін  айтты.  Міне, осының барлығы да біздің  сынағанымыздың нәтижесі деп білемін. Енді бірі сынды теріс қабылдайды. Мысалы, кезінде Айгүл Иманбаева  «журналистердің түрі жаман, аяқтарының  қисық болғанына кінәлі емес» екенін айтқан-ды. Осы көзқарасы арқылы ол өзінің деңгейін  көрсетіп берді. Айгүлді кеше-бүгін танып жатқаным жоқ. Оны сонау «Ұят болмасын» бағдарламасы шыға бастаған кезден –ақ жақсы білемін. Кемшілікті бетке басып айту керек, сонда олар ойланады. Телеарна басшылары рейтингті көтереміз деп шақыратын шығар. Бірақ, менің айтарым, әншілер жасайтын бағдарламаларда рейтинг жоқ.

 

– Телеарнаға қатысты айтар  сыныңыз да, айтар кеңесіңіз де көп. Әсіресе, жас мамандарға  көңіліңіз толмайтын секілді.

 

– Қазіргі тележүргізушілердің көпшілігі суфлерсіз бағдарлама жүргізе алмайтын жағдайға жеткен. Музыкалық бағдарламалардың жүргізушілерінің өзі қолындағы қағаздан оқымаса, қарамаса, сөйлей алмайды. Енді сәл шыдасақ, суфлерге қарап сұхбат беретіндерді көретін шығармыз. 1996-97 жылдары «Хабар» агенттігін Д.Назарбаева басқаруға келгенде, ол кісінің алғаш қойған талабы- телевидениені журналистер жасау керектігін айтып, талап қойған еді. Журналист өзі сараптама жазды, халыққа жеткізді. Жаңалықтарды  жылдам, әрі нақты жазу керек. Журналистер асығыс жазатындықтан, стилистік қателер көбейді. Дариға Нұрсұлтанқызы  жаңалықтар бөліміне стилист- редактор қызметін енгізді. Асылбек Ықсанов деген ағамызды тағайындады. Біраз журналистер сол кісінің қолынан өтіп, тәлімін алды.  Асылбек ағамыз орынсыз қолданылған мақалдарды, сөздерді байқап, қайта жаздырып, ақыл-кеңесін айтатын. Ал қазір керісінше, кей газеттерде  корректор да жоқ. Қателер өріп жүр. Сөз айта алатын журналистер көрінбейді, беті жылтыраған әншілер көп.  Солар арқылы «телеарнаның рейтингін көтереміз»  дейді, бұл да уақытша. 

 

– Айтпақшы, Фэйсбукте неше досыңыз бар?

 

–Қазір шегіне жетіп қалды. Достарымның саны -4995. Қалған бес орынды  әдейі қалдырып қойдым. Қазір достық қабылдамаймын. Өз ойын   жеткізе алатын, тұшымды пікір жаза алатын  кісілер, ағалар болса достығын қабылдармын деген оймен сақтап отырмын.

 

– Телеарналарда аутсорцингтік бағдарламалар қаптап кетті. Олардың сапасы көңіл көншітпейді. Ресейлік бағдарламалардың көшірмесі көп. Бұған не айтасыз?

 

–Сенің жұмысыңды біреу істеп берсе, дайын бағдарламаларды алып отырсаң, тиімді емес пе? Бір бағдарламаны түсіру, кейіпкер іздеу, оны монтаждау секілді жұмыстардың барлығы да аутсорцингтік компаниялардың мойнында. Сапасына да солар жауапты. Телеарна қызметкерлерінің оған қатысы жоқ, ақша да төленбейді. Тіпті, жұмысынан қысқарып та кетуі мүмкін. Жұмыс беруші журналистердің еңбекақысына, оның әлеуметтік жағдайын шешуге бас қатырмайды. Өкінішке орай, ол бағдарламалардың барлығы дерлік сапасыз дайындалуда. Тек он бағдарламаның біреуі ғана сапалы шығуы мүмкін. «Аутсорцинг» терминін ағылшын экономистері енгізген.  Егер біреудің  жұмысты сенен жақсы орындайтынына көзің жетсе ғана тапсырыс беруге болады деген аутсорцингтің ең басты принципі. Ал бізде керісінше. Ақша көбірек жұмсалады, бірақ сапасыз.  Қазір бірінен-бірі аумайтын бағдарламалар көп. Қазақстандық телеарналардағы бағдарламалардың 70 пайызы аутсорцингтік компаниялардың өнімдері. Оның басым  бөлігін қазақша қақпайтын, ақшаны жақсы көретін адамдар жасайды. Олардың атын атап айтуға болады. Мәселен, Баян Есентаева мен Нұрлан Қоянбаевтың бағдарламалары шетелдік нұсқадан алынған. Телевидениеден хабары бар адам болса,  оны қазақи менталитетке жақындатып жасауға болар еді. Олар сол күйінде көшіреді. Урганттың орнына Қоянбаевты отырғыза салады. Есентаеваның «Жұлдызды додасын» жасауға қырауар ақша қажет. Ресейліктер бұл жоба үшін қажет гримге, костюмге көп ақша жұмсайды. Соңғы кезде бұл мәселеге өзіміздің агенттік  көңіл бөле бастады.  Мен білетін бір аутсорцингтік компания бар. Онда отыз шақты адам жұмыс істейді. Бір ғана адам қазақшаға аударады. «Астана» телеарнасындағы «Бірегей» бағдарламасының атауына және оның кейіпкерлеріне таң қаламын. Бірегей сөзі –қайталанбайтын тұлға дегенді білдіреді. Ерболат деген әншіні көрсетті. Ол - бірегей ме? Бұл бағдарламаны жасаған орыстар мен «шала» қазақтар. Әншіні таңдап алған да солар. Ол- бірегей емес, шүрегей. Бұдан арнаның рейтингі көтерілген жоқ, керісінше, телеарна кері кетуде. Аутсорцингтік компаниялар  бюджеттің ақшасына  сондай бағдарламаларды жасап жатыр. Біздің агенттік (бұрынғы министрлік) тарапынан берілген тапсырма бойынша жыл соңына дейін  мұндай компаниялардың өнімі 70 пайызды құрауы керек. Қазір «Хабар» агенттігінде 50 пайыз қысқарту болып жатыр. Журналистер жұмыссыз қалуда. «Қазақстан» арнасында да осындай жағдай. Мемлекеттік арналарда  жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламалар және бір-екі сұхбат жанры болуы мүмкін.

 

– Қазір, әсіресе жастар газеттен гөрі интернетке бет бұруда. «Газеттің болашағы жоқ, сайттардың дәуірі басталады» деген әңгімелер жиі айтылуда. Сіздің пікіріңіз қандай?

 

– Сонау 50-жылдары алғаш телевидение пайда болған кезде, газет қолданыстан қалады деген әңгіме жиі айтылған екен. Ол әңгіме бос болып шықты. Соған қарағанда, газеттің өмірі әлі де ұзақ болады. Халыққа керек газет  өміршеңдігін жоғалтпайды. Тек бағытты дұрыс таңдай білуіміз керек. Ақпаратты ғана жазып отыратын басылымды ешкім оқымайды. Соның негізінде сараптама жазатын, апталық газеттерге күш салу қажет. Салалық газеттерді де күшейткен жөн. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, интернетке 95 пайыз қолы жеткен Жапония, АҚШ мен Ұлыбритания секілді елдерде газет шығарылады, ол сұранысқа  ие.  Ал бізде бәрі шатасып жатыр. «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» сияқты газеттерді облыстарда да шығарса жақсы.  Қазір журналистер интернетте отырады да, сондағы ақпаратты айна-қатесіз жариялай салады. Кезінде «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газеттерінің  өзіндік стилі болатын. Қазір ажырата алмайсыз. Өзгертіп, сөзді бұрмалап жазу, грамматикалық қателер көп. Оған интернет ресурстар ықпал етіп жатыр деп ойлаймын. Газетте қолға түскен материалды өңдеуді қойдық. Жуырда шыққан  «Заман Қазақстан» газетінің бірінші бетінде «Бас прокуратураның зерттеуі бойынша шетелде 100 мыңнан астам террорист жүр» деп жазыпты. Оның  ішінде демалуға, оқуға, жұмыс істеуге кеткендері де  бар ғой. Ақпараттың нақтылығын ешкім тексермеген. Соны аймақтық газеттер көшіріп басты.

 

Жекенменшік газеттер де өздерін сақтап қалу үшін  көп жұмыс істеген жөн. Халыққа әлі газет керек. Стилистикаға мән беру қажет.  Кейде интернеттің, әсіресе әлеуметтік желілердің де пайдасы тиеді. Онда аналитикалық еңбектер жарияланып жатады. Ізденістен туындаған ойлар өз оқырмандары тарапынан бағаланады. Бірақ, ішінде бірде-бір журналист жоқ. Барлығы да өзге қызметте жүрген азаматтар. Мәселен, соның бірі бизнесмен Айдан Кәрібжанов. Жанар-жағар  май тапшылығын бірде-бір маман түсіндіріп бере алмаған кезде, әлеуметтік желі  арқылы ол жанар-жағармай қымбаттаса жақсы екенін, яғни, біздің де айлығымыздың жоғарылайтынын айтып, түсіндірген еді. Келесі жылы  Қазақстандағы жалақы Ресейдегімен теңесетінін Денсаулық және даму министрі  Т. Дүйсенованың өзі де мәлімдеді. Біз әріптен, стилистикадан кеткен қатені айтып сынап қоямыз. Ал осындай аналитикалық ой айтатын адам жоқ. Сосын, салалық журналистиканы да мықтап қолға алу керек. Бір бағытты әбден зерттеу керек деп ойлаймын.

 

– Журналистерге амбиция қажет пе?

 

– Амбиция- білімді адамдарға жарасады. Жазуы нашар, жасаған сюжеттері нашар амбициясы жоғары журналистер баршылық. Білімі жоғары болса мен қарсы емеспін. Білімі мен тәжірибесін жинақтап, беделі көтерілген кезде керек шығар. Ал жас журналистерге келер болсақ, оларға амбицияның қажеті жоқ.

 

– Оңтүстіктің журналистеріне айтар тілегіңіз қандай?

 

– Өз басым  бұл сапарға риза болып отырмын. Оңтүстік-қызыға қарайтын өңір. Қазір бұрынғыдан да түрленгеніне куә болдым. Бүгінгі семинар Астана-Алматы-Шымкенттің арасын жақындатты. Осындай семинар-тренинг ұйымдастыруға ұйытқы болған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғалиге алғысым мол. Фэйсбукте  біреулер «газет өледі» деп жазыпты. Осыған қатысты бір блогердің жазған жауабы ұнады. Ол: «Шымкентте  он газет қалған кезде ғана «газет өледі» деп айтуға болады» депті. Мұнда 250-ге жуық газет бар болғандықтан, оларды  «өлтіргенше» біраз уақыт өтеді. Оқырманы көп  газет ұзақ жасайды. Мейлі ол саяси, сарыжағал тағы да басқа басылымдар болсын. Оқырманын жоғалтпай, таралымын өсіріп отырған газеттердің еңбегі орасан. Үлкен жұмыс.  Қазақ журналистикасының шоғыры-Шымкентте деп есептеймін. Шымкенттің журналистері бар кезде Шымкенттің  басылымдары бар кезде- газет жұмысын тоқтатады деп айта алмаймын.

 

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

 

 

 

 

Последнее изменение Пятница, 31 Октябрь 2014 11:35
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.