Партияға артылған міндет салмақты

Пятница, 21 Ноябрь 2014 05:02 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5193 раз

Жамбыл ҚАЛАУОВ – Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі. Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы бойынша сайланған халық қалаулысы. Бүгінде қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып жүрген азамат көшбасшы партияның атқарып жатқан жұмыстарына да белсенді түрде қолдау танытып келеді. Біз Ж.Қалауовты осы мәселелер төңірегінде әңгімеге тартқан едік.

kalauovoo– Жамбыл Мұратұлы, кеше ғана Елбасының халыққа арнаған Жолдауында әлемдік дағдарыс алдындағы елдің әл-ауқатын көтеру үшін бірқатар нақты іс-шаралар қабылданғаны белгілі. Осы ретте «Нұр Отан» партиясының алдына қойған міндеттер де салмақты сияқты, Сіз қалай ойлайсыз?
– Елбасы кезекті Жолдауында мемлекеттің саяси-экономикалық даму бағытын айқындайтын «Нұр жол» бағдарламасын жариялады. Жаңа экономикалық саясатты жаңғырту бойынша жасалынып жатқан жаңа қадамдар еліміздің болашақтағы жарқын даму жолын көрсетеді. Бұл бүкіл қазақстандықтардың жұмыла жұдырық болып, осы мақсатта бірлесе атсалысуын қажет етеді. Мемлекет басшысы әр Жолдауында елдің даму бағытын айқындайтын байыпты бағдарламалар қабылдайды. Ал оны жүзеге асыратын Үкіметтің алдында тұрған міндеттер де маңызды болмақ. Әсіресе жергілікті атқарушы билік органдары бұл істе нақты жұмыс істеп, бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Елбасы өз сөзінде «әр теңге үшін сұрау болады» деді ғой. Ұлттық қордан 2015-2017 жылдарға арналған 3 миллиард доллар қаражат бөлінетін болды. Демек, осы миллиардтаған қаржы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпес үшін бұл жұмысты қатаң бақылауды «Нұр Отан» партиясына тапсырып отыр. Бұл «Нұр Отанға» үлкен жауапкершілік жүктейді және оның үдесінен шығатынына кәміл сенейік.
– Ал партия фракциясының мүшесі ретінде қалада атқарылған жұмыстарына тоқталып кетсеңіз...
– Жуырда ғана «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының ХХІІ конференциясы өтті. Атқарылған жұмыстарға есеп берілді. Бүгінде «Нұр Отан» халықтың партиясы ретінде ел арасында танымалдылыққа ие. Сондықтан да, партия мүшесі болатын азаматтардың міндеттері де ескерілген. Партияның Көшбасшысы Президентіміз болғандықтан, бұл бағыттағы әрбір іске жауапкершілік пен ашықтық қажет. Халықтың көбінесе арыз-шағыммен партияға келетіні белгілі. Не үшін келеді деп ойлайсыз? Өйткені, партияға деген үлкен сенім мен үміт бар. Нәтиже бар. Жергілікті билік орындарына, мемлекеттік мекемелерге ықпалы болғандықтан, партия оларға ұсыныспен шығады. Мәселенің барынша оң шешілуіне ықпал етеді. Мәселен Қоғамдық қабылдауға 10 айдың ішінде 400-ге жуық арыз-шағым түсіпті. Бұл дегеніміз халықтың партияға деген сенімділігінің артқанын көрсетеді.
– Партияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы кеңінен талқыланып, қабылданғаны белгілі. Ел бұл бағдарламадан не күтеді деп ойлайсыз?
– Иә, шынында да бұл бағдарламаның маңызы зор. Бұл жайдан-жай назарға алынып отырған нәрсе емес. Қазір сыбайлас жемқорлық деген біздің қоғамға төнген қауіп болып отыр. Мұнымен бүкіл әлем елдері күресуде. Ал ТМД-да Қазақ-стан бірінші болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңды қабылдағанын білесіздер. Заңның жөні бөлек, бірақ бағдарлама бұл, қоғамды осы қауіптен сақтаудың, қатердің алдын алудың жолын көрсететін негізгі механизм болып отыр. 2015-2025 жылдарға арналған  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткен партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қабылданды. Елбасы бір ай мерзім ішінде «Жол картасын» іске асыруды Саяси кеңестің бюросына енгізуге тапсырма берді. Өздеріңізге белгілі бағдарлама жобасы көп уақыт бойы талқыланды. Жобаға қатысты партия мүшелерінен, сарапшылық қауымдастығынан және интернет қолданушылардан 900-ден астам ұсыныс пен толықтыру келіп түсіп, осының арқасында Бағдарлама жобасының мәтіні 40 пайызға өзгертілді. Жаңа Бағдарламада негізгі екпін сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы мәдениет қалыптастыруға, сонымен қатар, мемлекет пен азаматтардың және бизнестің өзара қарым-қатынасын сапалық тұрғыдан теңдей және жауапты серіктестер ретіндегі жаңа сипатта қалыптастыру үшін түрлі мақсатты топтармен, азаматтық сектормен, бизнес қауымдастықпен әріптестік орнатуға аударып отыр. Қауіпті көрініс болып табылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қимылдаудың жаңа бағыты болған Бағдарлама толығымен жүзеге асатын болса, біз біршама жетістіктерге кедергісіз жететін болар едік.  
– Партияның «Жас Отан» Жастар қанаты бүгінде табысты жобаларды жүзеге асыруда. Мұны жастарға жасалған мүмкіндік деуге бола ма? Әлде науқандық шара ретінде қабылдау керек пе?
– Меніңше науқандық шаралардың жастарға берер тәрбиесі болса, одан қашқақтаудың қажеті жоқ. Расында да, партия тарапынан жастарға қолдау көп. Бұған бүгінгі жасотандықтардың жұмысы дәлел. Мәселен, «Сәтті қадам» жобасын айтуға болады. Яғни бұл жоба арқылы жоғары оқу орнын бітіретін жастар өз қызметтік сатысын  үлкен компанияларда тағылымдамадан өту арқылы бастай алады. Күні ертең ел тұтқасын ұстайтын жастарға осындай мүмкіндік беріп, олардың қарым-қабілетін көтерген дұрыс. Өйткені болашақта билікке келетін жастар білімді, білікті, өз ұлтын сүйетін патриот ұрпақ болуы тиіс. Тек атақ-мансапты, атақ-даңқты ойлайтын жастан ештеңе шықпайды. Біз осыны жастарға ұғындыра алуымыз керек.
– Жамбыл Мұратұлы, қаладағы тазалық мекемесінің бірін басқарасыз. Жалпы қала тазалығы басты назарда тұрған мәселе ғой. Бұған қаншалықты үлес қосып жатырсыздар?
– Қалада тазалық жұмыстарымен айналысатын бірнеше мекеме бар. Соның бірі «ОрионНовТех» ЖШС-і қаладағы тазалық жұмыстарымен айналысады. Көпқабатты тұрғын үйлерден шығатын қоқыстарды шығару, аулаларды тазалу жұмыстарын жүргіземіз. Жалпы, тазалық мәселесі бір ғана әкімдіктің немесе бір мекеменің жұмысы болмауы керек. Қала тұрғындарының бұл жерде атқаратын рөлі зор. Біз қанша жерден тазартып, қоқыс шығаруды ойдағыдай атқардық дегенімізбен, оған тұрғындардың тарапынан қосатын үлесі болмайынша бұл жұмыстардың да ешбір нәтижесі көрінбейді. Көктемде, күзде қала аумағында сенбілік өтеді. Бірақ, осындай шараларға тұрғындар белсене қатысып, атсалысуы, өз аумағын таза ұстауы бұл да болса бізге көмек. Өздеріңіз де білесіздер, Қала күні қарсаңында «Таза ниетпен таза қалаға!» деген акция өткізіліп, үздік аулалар, көшелер анықталды. Тұрғындарды осындай шаралармен ынталандырып отырсақ, бәлкім, тазалық мәдениетін қалыптастыруға болатын шығар деп ойлаймын.
– Сізге сайлаушыларыңыз көбінесе қандай өтініштерімен келеді? Жалпы сондай өтініштер шешімін табады ма?
– Иә, Әл-Фараби ауданы бойынша 16 округтен сайланғанмын. Өз сайлаушыларымның маған деген сенімін ақтау үшін, қолымнан келгенше көмек көрсетіп, ұсыныстарымызды билікке айтып жүрміз. Әл-Фараби ауданы қаланың орталық аумағын қамтитындықтан, мұнда көбінесе жаңағы біз айтып отырған санитарлық-тазалық мәселесі алдымыздан шығады. Тұрғындардың да шағымы сол. Көшелерді жаңарту, жарықтандыру, алаңшалар салу жұмыстары бойынша да бірнеше ұсыныстар айтылды. Аудандағы Әлімбетов, Перов, Шолохов көшелерін жөндеу бойынша ұсыныстар енгізілді. Бекет батыр, Асанов, Ватутина, Лихачева, Орынбаев, Біржанов көшелеріне жобалық-сметалық жұмыстарын жасауға екінші жарты жылдықта ұсынылатын болады. Қазіргі таңда аудан бойынша 24 спорт алаңшасы мен 52 балалар алаңшасы пайдалануға берілген. Абаттандыру жұмыстары да ойдағыдай жүріп жатыр. Қаламызда тұрғындар демалысын тиімді өткізетін  көрікті орындар көп. Мәселен Бадам, Қошқарата өзендері маңы абаттандырылып, жаңғыртылып,  пайдалануға берілгені халықтың ойынан шықты. Бұл облыс әкімінің тікелей бастамасымен жүзеге асқан жұмыс екенін айта кету керек. Сондықтан, туған қаламыздың көрікті, әсем болғаны бәріміздің абыройымыз. Әрбір көшесін, үй ауласын, орнын таза ұстауға үйренуіміз керек. Бүгін жаңартып, ертең қиратып жатса, мұны не деп түсіндіруге болады? Мемлекет қыруар қаржы бөліп, мәдени, демалыс орындар салып, халық игілігіне беріп жатса, бұған есесіне қуануымыз керек. Үшінші мегаполис болуға ұмтылып жатқан Шымкент бәрімізге ортақ қала. Оның дамуы, өркендеуі баршамыз үшін қуаныш. Қала дамыса халықтың да тұрмысы түзеліп, өркениетке қол жеткізеді. Сондықтан, бүгін атқарылып жатқан жұмыстар ертеңгі келешегіміздің көрінісі деп ұғыну керек.
– Рахмет!

Сұхбаттасқан
Р. ҚОНАРБЕКҚЫЗЫ.

Последнее изменение Пятница, 21 Ноябрь 2014 11:08
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.