Соңғы кезде облысымызда жарақаттанғандар қатары артып барады. Әсіресе, өндіріс орындары мен жол-көлік апаттарынан зардап шеккендер көп. Облыстық клиникалық ауруханасының ортопедия бөлімінде қазіргі таңда 40-тан астам науқас ем алып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, бұрынғыдай аяқ-қолы сынып, жеңіл-желпі жарақаттанғандар аз. Көп ретте күрделі асқынулармен көмек сұрап келетіндер басым. Осы орайда, облыстық клиникалық ауруханасының ортопедия бөлімінің дәрігері Зафар Мырзаметовпен сұхбаттасқан едік.

20160901 103803


– Зафар Сайдахметұлы, түрлі жарақаттармен емделуге келген науқастарға көмек көрсетуде қандай технологиялар қолданылады?

– Науқастарға бізде заманауи технологияларды қолдана отырып, жаңа әдістер бойынша көмек көрсетіледі. Сынықтарды емдеу мен сынған сүйектердің асқынған түрлері қалпына келтіріліп, буынға ота жасалады. Бұрын жоғары мамандандырылған көмек тек үлкен қалаларда – Астана мен Алматыда көрсетілсе, 2010 жылдан бастап аурухананың бас дәрігері Мұқан Егізбаевтың қолдауымен біздің бөлімде жасалуда. Сол уақыттан бері 360 науқасқа ота жасалды. Оның 200-ден астамына жасанды буын қойылды. Облыстық клиникалық аурухананың ортопедия бөлімі 45 орынға арналған. Көп ретте портал арқылы және шұғыл түрде келіп түскен науқастар емделеді. Кейде науқастардың саны көп болғандықтан, олардың қатары бұдан да көп болады. Өйткені, біздің бөлім облыс бойынша жалғыз ғана ортопедия бөлімі болып есептеледі.

– Жасанды буынның табиғи буыннан айырмашылығы неде?

– Жасанды буын да табиғи буынның қызметін атқарады. Қимыл-қозғалысы нашарлаған адамдардың күнделікті жүріп-тұруына зор көмегін тигізеді. Америкалық фирманың шығарған жасанды буынын қойып жатырмыз. Оның құрамында титан қорытпасы болады. Ол желінбейді, адам ағзасына аллергия бермейді және тот баспайды. Жасанды буын қойылған соң, науқастардың дені мүгедектіктің ауыр түрінен жеңіл түріне дейін жеткізіледі. Біздің бірінші міндетіміз – науқасты орнынан тұрғызып, өзіне-өзі қызмет көрсете алатын дәрежеге жеткізу.

– Көп ретте жарақаттың қандай түрлері жиі орын алады?

– Соңғы кезде жарақаттанғандардың қатары артқан. Сонымен қатар, жарақат түрлері де күрделеніп кетті. Мәселен, бұрын бір, екі немесе үш сегмент болса, қазір сүйектің бір емес, бірнеше жері сынады. Яғни, бұрын қолы немесе аяғы сынып келсе, бүгінде бас, кеуде, ішкі құрылыс жарақаттарымен келеді. Заманауи технологиялардың дамуы, зәулім үйлердің көптеп соғылуы және құрылыс нысандарында орын алған өндірістік жарақаттар, көліктердің көбеюінен жол-көлік апаттары салдарынан болатын жарақаттардың артуына себеп болуда. Статистика бойынша, осы жарақаттардың 35 пайызы өлімге әкеп соғады.

– Өзіңіз айтқандай, құлап жарақаттанатындар көп. Солардың арасында құлау салдарынан жамбас сүйегіне зақым келетін жағдайлар да аз емес. Мұндай кезде міндетті түрде ота жасалуы тиіс пе?

– Жамбас сүйегі сынғанда немесе шыққанда өзіне тән анатомиясы бұзылады. Ондайда міндетті түрде ота жасалады. Ұршықтың басы мүжілуі, сынуы немесе езілуі мүмкін. Қазір буын сынықтары көп кездеседі. Жамбас сүйегі сынығы өте күрделі болады. Өйткені, жамбастың алдыңғы және артқы бөліктерінде нерв талшықтары мен қан тамырлары қысылуы мүмкін. Бізде жеңіл түрі жасалады. Ал ауыр түрлері Астана қаласына жіберіледі. Әрбір сүйектің анатомиясы өте күрделі. Сүйектің буын қабы болады, оны сіңір, ал сіңірді бұлшықет қаптап тұрады. Жамбас сүйектері таятын болса, буын қабын және сіңірлерді және бұлшықетті жыртуы мүмкін. Сіңір мен буынқабының жыртылуы күрделі асқынуларға алып келеді.

– Аяқ-қол сынса немесе шықса көптеген адамдар ең алдымен дәрігердің емес, сынықшының көмегіне жүгінеді. Бұл ретте не айтар едіңіз?

– Ең алдымен дәрігерге көріну керек. Сынған немесе шыққан кезде буынқабы жыртылып, қан жиналуы мүмкін. Ал сынықшы науқастың бұлшықетін одан сайын езіп, таңып қояды. Одан соң, қанға қан қосылып, бұлшықет істемей қалады. Бізге сынықшылардың емінен соң ауруын асқындырып келгендер көп. Сынған және шыққан сүйекті рентгенге түсірмей жатып, қалай сынықшыға баруға болады? Бірақ олардың барлығына топырақ шашпаймын. Иә, кейбірі отадан соң уқалау арқылы емдеуі мүмкін. Науқастар сынықшыға барып, 3-4 айын жоғалтып алады. Сүйек қисық біткен соң, оны емдеу қиынға соғады. Бұрынғы қалпына келтіру үшін сүйекті сындыруға, кесуге мәжбүр боламыз. Күрделі жарақаттанған науқастар ең алдымен дәрігерге келіп, қаралса деймін.

– Ересектерге қарағанда, жас балаларда кездесетін жарақаттардың тез бітетіні белгілі. Осы жайлы қысқаша айтсаңыз...

– Жас балалардың сүйек құрамы 14 жасқа дейін сынса да, өз орнынан жылжымайды. Себебі, оның сүйегі жұмсақ және үстіндегі пердесі қалың болады. Оны медицинада «көк шыбық сынығы» деп атайды. Шыбықты сындырсаңыз, іші бөлінгенімен, сыртқы қабаты оны ұстап тұрады. Жас балалардың да сүйектері сынған кезде осындай күйде болады. Оны емдеу де жеңіл. Екі-үш аптада сүйек бітіп кетеді.
Мысалы, гинекологтар жүкті әйелдерге кальций мен магний B6 препараттарын береді. Мен оған қарсымын. Ағзаға тұрақты түрде қажетті тағам жетсе, ағза өзіне керектісін алады. Ал гинеколог дәрі бергісі келсе, онда қандағы қалций құрамын анықтауы қажет. Оны анықтамай жатып, кальций ішкізеді. Одан туындайтын мәселе көп. Мәселен, жүкті әйел үшін бұл туғанға дейінгі және туғаннан кейінгі асқынуларға әкеліп соғады. Ағза босануға дайындалатын кезде әйел мен нәрестенің сүйегі қатып қалады. Бір сөзбен айтқанда, әйелдің босануы қиындайды. Мұнан соң, дүниеге келген баланың еңбегі жақсы бітпейді деп кальций ішкізеді. Ол дәрімен емес, табиғи жолмен қатаюы тиіс. Соның салдарынан гормон балансы бұзылады. Сүйек мықты болу үшін бауыр, ірімшік, балық, сүт жеу керек. Ал құртта кальций аз. Өйткені, ағзаға пайдалы сұйықтық бөлініп кетеді. Баланың сүйегі қатты болсын десеңіз, тұзды суға көптеп шомылдырыңыз және жаттығу, массаж жасаңыз.

– Көп адамдарда ары-бері қозғалғанда аяқ сүйектерінің сықырлаған дыбысын естуге болады. Бұл қаншалықты қауіпті?

– Сүйек сықырлауды артропатия деп атаймыз. Егер ол туғаннан байқалса, онда одан келер қауіп жоқ. Ал егер жүре пайда болған, яғни, 30-40 жастан соң байқалса, қауіпті. Сондықтан дер кезінде ем алған жөн. Ол үшін сүйек пен буынның құрамын анықтайтын талдау жасалынады. Мұндайда суықтан, желден сақтану керек. Кейбіреулер таңертең шомылып, жұмысқа келеді. Осындай әрекеттердің салдарынан ауру одан сайын асқынып кетуі мүмкін. Арторопатияны медицинада «баяу әсер ететін бомба» деп те атайды.

– Дәрігерлер жылына неше рет тәжірибе алмасады?

– Бізге жылына 3-4 рет шетелдік мамандар келіп, арнайы шеберлік сабақтарын өткізеді. Олар жасанды буын қою және басқа да оталардан соң асқынуларды қалай емдеу қажеттігін үйретті. Мысалы, 100 адамға ота жасалса, соның 10-да асқыну болады. Адам ағзасында жасырын инфекция болса, іріңдеуі мүмкін. Екіншіден, жасанды буын қойылған соң, ортопедиялық режим сақталмаса, салқын суға шомылса, сүйектің құрамы өзгереді де іріңдейді немесе басқа да асқынулар болады. Бізге маусым айында Германия мен Ресейден келген профессорлар жасанды буын қойылған науқастардағы асқынуларды емдеу жолдарын көрсетті. Тәжірибе алмастық. Шетелдік мамандар ауруханада ауруы асқынған науқастың жасанды буынын алып тастап, арнайы спейсер қойып берді. Оның құрамында антибиотик болады, алты ай ішінде ол ағазадағы инфекцияны жояды да жарты жылдан соң, қайтадан жасанды буын қойып береді. Оған дейін науқас үшін қимыл-қозғалыс шектелмейді. Тіпті, сүйектері қисық бітсе де, қимылдауға әрекет жасау керек, балдақпен жүрсе де қимылды тоқтатпау қажет. Ал өзім Санкт-Петербург, Мәскеу, Новосібір қалаларында болғанмын, жуырда кезекті рет Мәскеуге аттанғалы отырмын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Қала келбеті көркейе түстi

Пятница, 02 Сентябрь 2016 06:45

Биыл Шымкентте жол жөндеу, абаттандыру мен көріктендіру жұмыстары қарқын алған. Әсіресе, қаланың орталық көшелері мен шағынаудандардағы жолдарды жөндеу мен кеңейту секілді бірқатар ауқымды тірліктер жүзеге асуда. Осыған орай, бірнеше нысандағы қарбалас жұмыс жайлы арнайы фоторепортажды ұсынамыз.

АЙНАЛМА ЖОЛ

20160824 122958

Шымкентте Жібек жолы даңғылынан бастап, қоқыс полигонына дейінгі аралықта кіші айналма жолының жөндеу жұмыстары жүруде. Оның екінші кезеңімен «ТүркістанЖолСервис» ЖШС айналысып жатыр. Айналма жолдың ұзындығы – төрт жарым шақырымға жуық. Құрылысқа 1 миллиард 370 миллион теңге бөлінген. Ал жөндеу жұмыстарының үшінші кезеңі – «Отау строй» ЖШС-не тиесілі. Ұзындығы 4,5 шақырымды құрайтын жол құрылысына 1 миллиард 287 миллион теңге қаралған.

АСТАНА ДАҢҒЫЛЫНДАҒЫ АЯҚЖОЛ

20160824 123359

Астана даңғылында аяқжол салынуда. Бұл жұмыстарды «Теміртас» ЖШС жүзеге асыруда. Нысан басына 28 адам мен 8 техника жұмылдырылған. Аяқжолдың ұзындығы – 1, 5 шақырымнан асады. Ал ені – 3 метрді құрайды. 10 шілдеде басталған жол салу жұмыстары осы аптаның соңына қарай аяқталады.

ҚОНАЕВ ГҮЛЗАРЫ

20160824 143037

Қаланың орталық көшелерінің бірі – Қонаев гүлзарында Шымкенттің коммуналдық қызметтері абаттандыру мен көріктендіруге үлесін қосты.

«БОЗАРЫҚТА» IШКI ОРАМ КӨШЕЛЕР ЖӨНДЕЛУДЕ

20160628 112333

«Бозарық» шағынауданында №1, 2, 3, 4, 5, 6 көшелерде қайта құру жұмыстары жүруде. Олардың жалпы ұзындығы – 4 км 850 метрді құрайды. Бұл жұмыстарға қазынадан 254 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Мердігер – «ШымкентДорстрой» компаниясы. Жұмыс басында 25 адам еңбектенуде.

Бала асырап аламын десеңіз...

Пятница, 19 Август 2016 09:30

Шымкентте «Бала асырап алуға қолдау көрсету орталығы» өз жұмысын бастады. Ол «Ана Үйі» Қоғамдық әрі қайырымдылық қоры жобасы жанынан ашылып отыр. Оның мақсаты – балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің қатарын азайту және балалардың мүддесін қорғайтын мемлекеттік саясатты жүзеге асыру. Бүгінгі күнге дейін орталыққа 70-тен астам ата-анаға заң жүзінде кеңестер берілген.

GennadyGolovkin Modul A4 landscape 3

Енді бала асырап алғысы келетін отбасы бірден осы орталыққа барып, қажетті мәліметтер мен ақпараттарды алуына болады. Орталық қызметкерлері оларға баланы қалай асырап алуға болатынын түсіндіре отырып, психологиялық көмек беруге де дайын. Онда келген әрбір ата-анамен жеке дара жұмыс жасайды. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып, тиісті құжаттарды заңды түрде рәсімдеуге көмек көрсетеді. 

Бұл игі бастаманы ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдап, соның нәтижесінде биыл 1 маусымда министрлік пен «Ана Үйі» қайырымдылық қоры арасында екі жақты меморандумға қол қойылды. Бұл – еліміздегі балалар үйлерін азайту, ал болашақта мүлдем жабу жолындағы мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың бірлесе жасаған алғашқы қадамы. 

Сонымен қатар, орталықта «Бала асырап алушы ата-аналар мектебі» де жұмыс істейді. «Ана үйі» қоғамдық қоры жанындағы «Бала асырап алуға қолдау көрсету орталығының» ОҚО бойынша үйлестіруші-маманы Ғалия Жұмабайқызының айтуынша, осы уақытқа дейін екі дәріс өткізілген. 

– Мектепте психолог-мамандар бала асырап алғысы келетін ата-аналарға, жетім немесе олардың қамқорлығынсыз қалған балалармен қарым-қатынас жасау, ата-аналар мен отбасы мүшелерін бала асырап алуға дайындау бойынша арнайы дәрістер өткізеді. Мұндай психологиялық сабақтар аптасына үш сағаттан өтіп, жалпы 12 дәрісті құрайды. Бұл – тілек білдіруші ата-аналарға көрсетілетін көмектің ең негізгісі. Өйткені, бала асырап алу үшін шешім қабылдау оңай емес екені белгілі. Жауапты қадам жасаған азаматтарға ата-анасыз өскен және отбасы жылуын көрмеген балалардың өздеріне тән психологиялық ерекшеліктері болатынын түсіндіреміз. Олардың мүлдем танымайтын отбасына бірден бейімделіп кетуі қиынға соғады. Өкінішке қарай, асырап алған балаларды кері қайтарған жағдайлар да кездесті. Сондықтан, осындай мәселелерге қатысты ата-аналарға көптеген кеңестер беріледі, – дейді Ғалия Төнтекова. 

Орталықтың тағы бір мақсаты – түрлі дерттерден айығып, денсаулығы жақсарған жетім балаларды отбасына орналастыру. Ал оларды емдеумен Астана қаласындағы «BI Жұлдызай» медициналық оңалту орталығының дәрігерлері айналысады. Бұл ретте мамандар жоспар бойынша, еліміздің барлық қалаларына іссапарға шығып, науқас балаларға ем-домын жасайды. Мәселен, биыл мамыр айында Шымкенттегі «Бөбектер Үйі» мен «Ана Үйіндегі» сәбилерді тексеріп, қажетті кеңестерін айтты. Болашақта науқас баларды емдеу үшін шетелден мамандар шақырту немесе шетелге ем қабылдауға жіберуге де жағдай жасалады. 

Бұл бастаманы жергілікті билік өкілдері де қолдап, қаланың орталық көшелерінде және облысымыздың аудан орталықтарында билбордтар орналастырылды және әлеуметтік бейнероликтер жасалып, телеарналардан көрсетілді. Сонымен қатар, есімі елге белгілі кәсіпкерлер, өнер қайраткерлері мен спорт саңлақтары да жобаны көпшілікке хабардар ету үшін қолдау көрсетуде. Соның нәтижесінде, бүгінгі таңда 70-тен астам азамат орталыққа келіп, сондай-ақ, телефон арқылы хабарласып, қажетті ақпараттарын алды. Бала асырап алғысы келетіндер 1422 нөмірлі республикалық call орталығына тегін қоңырау соға алады. Ал ОҚО бойынша, 8-7252-97-51-99 және 8-747-311-97-82 телефон нөмірлері арқылы хабарласа алады. Орталықтың мекен-жайы: Шымкент қаласы, Желтоқсан көшесі, №20Б үй, 2 қабат, №208 кеңсе.

Көрікті аулалармен танысты

Пятница, 19 Август 2016 08:44

Әл-Фараби ауданы бойынша «Таза қала» акциясына қатысуға өтініш білдірген аулалар мен көшелерді комиссия құрамы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері аралап шықты. Акцияға қатысуға аудан бойынша барлығы 89 өтініш келіп түскен.

WhatsApp Image 2016-08-18 at 18.14.14

«Таза қала» акциясына Әл-Фараби ауданына қарасты 61 ауланың тұрғындары қатысуға бел буыпты. Комиссия мүшелері көріктендірілген және абаттандырылған аулаларды аралау барысында шымкенттіктердің ұйымшылдығы пен ауызбіршілігінің жоғары екенін байқады. Айта кетерлігі, аулаларына аса мән беріп, айнала-төңірегін таза ұстап және көгалдандырып отырғандардың басым бөлігі – зейнеткерлер. Мәселен, Қалдаяқов көшесі, №1/5 үйдің төрағасы Сейдахмет Ходжаев өткен жылдан бастап ауланы көріктендіруге белсене кіріскен. Қарияның бұл бастамасын көрген көршісі Фархат Исмаилов та қолдап, аулаға ескірген доңғалақтардан аққудың бейнесін ойып, жасапты. Сонымен қатар, пластикалық құтыдан жасалған түрлі заттарды көруге болады. Аула тұрғындары биыл 47 ағаш көшетін де отырғызыпты.

WhatsApp Image 2016-08-16 at 15.50.02

Ал Жангельдин көшесі, №22А үйінің тұрғындары биыл екінші рет «Таза қала» акциясына қатыспақ. Өткен жылы тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы бойынша көпқабатты үй жөндеуден өткен. Онда тазалық пен әдемілікті тек ауладан ғана емес, кіре беріс жерден де байқауға болады. Оның іші сырланып, әктелген. Тіпті қабырғаға картиналар, ал терезелерге перде ілінсе, ыдыстағы гүлдер үйдің шырайын аша түскен.

Мұнан соң, комиссия мүшелері Рашидов көшесі, №25 үйдің ауласына да барды. Ондағы шырайлылықты сөзбен айтып жеткізу қиын. Осы бастамаға ұйытқы болып жүрген Наталья Фролова мұның барлығы да көршілердің көмегі арқасында жүзеге асқанын айтады. Комиссия мүшесі, Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Омаров разылығын білдіріп, мұндай игі істердің тәрбиелік мәні зор екенін жеткізді.

«Таза қала» акциясының қорытындысы 19 қыркүйекте қала күні мерекесі қарсаңында белгілі болады. Айта кетейік, Әл-Фараби ауданы бойынша «Үздік аула» номинациясына 61 аула және «Үздік көше» номинациясы бойынша 28 көше тұрғындарынан өтініш түскен.

Балаңыз мектепке дайын ба?

Пятница, 19 Август 2016 08:30

Қыркүйек айы жақындағанда жаңа оқу жылы қарсаңындағы қарбалас басталады. Өйткені, ата-ана балаларын жаңа оқу жылына дайындауға аз ақша жұмсамайтыны түсінікті. Оңтүстікте бір отбасында кем дегенде үш-төрт бала бар. Сондықтан, олардың барлығын мұнтаздай етіп киіндіріп, керек-жарақтарын алып беру ата-ананың қалтасына әжептеуір  ауырлық етеді. Осыған орай, жаңа оқу жылы қарсаңында баланы мектепке дайындау қанша тұратынын анықтап қайттық.

Әрбір ата-ана өз баласын қатарынан қалдырғысы келмейді. Әсіресе, 1 қыркүйекте перзентінің мектепке жаңа киіммен жарқырап барғанын кім қаламайды дейсіз? Мектепке дайындық – қызығы мен шыжығы көп шаруа. Өйткені, мектеп формасы мен құрал-жабдықтардың бағасы күн санап өсіп жатыр. Біз қаладағы базарлардың біріне барып, мектепке қажетті заттар мен форманың бағасын білмек болдық. Ең алдымен сабаққа қажетті кеңсе тауарларын сататын дүңгіршекке бас сұқтық. Базар сатушысы көздің жауын алатын заттарды рет-ретімен орналастырып жатыр екен. Онда өшіргіштен бастап, дәптерлер мен бояулардың неше түрін таңдап алуға болады. Олардың қай елде шығарылғанына қарай, бағасын сатушы түгілі сатып алушының өзі-ақ шамамен бағамдай алады. Базарда бірнеше жылдан бері саудамен айналысып жүрген Бекзат Шекербековтің айтуынша, ата-аналар тамыз айынан бастап, балаларын мектепке дайындауға қамдана бастайды. Ал қыркүйек айына бірнеше күн қалғанда сауда әдеттегіден де қыза түседі.

– Менің ойымша, базарға бірнеше баласы бар және табысы орта азаматтар келеді. Кейбір отбасылар жоспарлаған ақшасын жеткізе алмай, кеңсе тауарларының арзанын алуға мәжбүр. Мәселен, Қытайдың кейбір заттары сапасыз. Атап айтар болсам, қаламдары жақсы жазылмайды, ұштаған кезде сынып, тез таусылады. Ал ермексаз баланың қолына жағылып, киімін былғайды. Ал ресейлік тауарлардың сапасы жақсы. Сатылымда әртүрлі бағадағы мектепке қажетті заттар бар. Әрине, сапалысын ұсынуға, олардың арзан тауардан артықшылықтарын айтып түсіндіруге тырысамын. Бірақ әркім өз қалтасына қарай көсіледі, – дейді сатушы.
Қазірдің өзінде базар іші ығы-жығы халыққа толы. Бір емес, бірнеше баласын ерткен қара құрым халық. Солардың арасында Динара Ізтілеуова да бар. Төрт баласына мектепке қажет заттарды алу үшін бас-аяғы 100 мың теңге жұмсапты. Қалтасындағы бар қаражаты таусылған соң, үйіне қайтып жатқан беті екен.

– Балаларымның үлкені тоғызыншы сыныпқа өтті. Ал кенже қызым биыл бірінші сыныптың табалдырығын аттамақ. Жүз мың теңгеге төртеуіне ең қажеттілерін ғана алып бердім. Спорт киімдері мен аяқ-киімдері алынбады. Әдетте, ауыстырып киетін екі-үш көйлектен алатын едім. Киімнің бағасы өткен жылға қарағанда 300-500 теңгеге қымбаттаған. Мәселен, ақ жейденің бағасы 2500-3000 теңге аралығында. Одан да арзанын табуға болады. Бірақ матасы өте нашар. Баланың денесіне жабысып, терлетеді. Шалбарды 2000-3000-нан саудалап жатыр. Ал костюм мен шалбарды бірге алсаңыз, 7,5 мыңнан 12 000 теңгеге дейін жетеді. Ел мақтаған Түркияның емес, Қытай мен көрші Қырғыз елінде шығарылған киімдердің сапалысын таңдап алдым. Керек-жарақтың бірқатарын түгелдей алмай қалдым. Ұсақ-түйек заттарды алуға келесі айда тағы келемін. Оған дейін күн салқындап қалады. Сосын жылы киімдерін түгелдеу керек, – дейді көпбалалы ана.
Динара Ізтілеуова оқу құралдарының өзіне 20 мыңнан астам теңге жұмсапты. Оның өзі бір оқу жылына жетпейді. Таусылған соң, оқу жылының ортасында тағы да жаңалау қажеттігін айтты.

Сонымен, базар нарқына тоқтала кетсек. Дәптер бағасы 5 теңгеден 7 теңгеге дейін. Түрлі-түсті қаламдар 150 теңгеден басталып, 800 теңгеге дейін барады. Ал сурет салатын альбом – 150-300 теңге. Қалың дәптерлерді 50-130 теңгеге алуға болады. Қалам салатын пенал 250-1800 теңгеге дейін жетеді. Бұдан бөлек бұл тізімнің қатарына өшіргіш, қайшы, ермексаз, фломастер, бояу, қалам ұштағыш, желім секілді заттарды да түгелдеу қажет. Сөмкелердің ең арзаны – 1,5 мың теңгеден 5000-ға дейінгі аралықта. Сапасы бұдан да жақсысын әпергіңіз келсе, 10 мың теңгеден асатындары да бар.

Жалпы айтқанда, қала базарларында Ресей, Қытай және Қырғызстан тауарларының бағасы қолжетімді болған соң, сұраныс та көп. Жалпы, баланы мектепке дайындау үшін әрбір ата-ана талғамы мен қалтасына қарай жоспар жасайтыны белгілі. Статистика бойынша, шымкенттіктердің орташа айлық жалақысы – 84 179 теңге екен. Арамызда 30-40 мың теңге үшін де таң атқаннан, күн батқанға дейін еңбек етіп, балаларын асырап жүргендер қаншама? Сонымен, бір баланы киіндіріп, ең қажетті ғана заттарын алып беру үшін кемінде 50-60 мың теңгеге шығындалу қажет. Ал бір отбасында бір емес, бірнеше баланың барын ескерсек, оларды жаңа оқу жылына дайындау қыркүйек айы жақындаған сайын өзекті бола түседі. Тек, көңілге медеу болары, ата-аналар оқулықтарды сатып алмайтын болды. Өйткені, қалалық білім бөлімінің басшысы барлық мектептерде оқулықтар жеткілікті екенін мәлімдеген болатын.

Қыстың қамы – қазірден

Пятница, 19 Август 2016 08:17

Шымкент қаласында 6,5 шақырымды құрайтын жылу магистралі қайта жаңартылып жатыр. Бұл  жұмыстарға бюджет есебінен 1 миллиард 68 миллион теңге бөлініп, мердігер компания «Казойлсервис» ЖШС құбырларды ауыстырумен айналысуда.

ҚҰБЫРЛАР СЫНАҚТАН ӨТТI

DSC 6010

Өткен жылдың қараша айына дейін қаланы «Энергорталық-3» және «Қуатжылуорталық-3» мекемелері жылумен қамтып келді. Қазіргі таңда «Энергорталық-3» мекемесі өздеріне қарасты 383 шақырым жылу жүйелерін толығымен мемлекеттің меншігіне өткізіп, тек жылу өндіруші ретінде ғана қызмет көрсететін болды. Ал «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық мекемесі жылу таратушы қызметін атқарып отыр. Осыған дейін «Қуатжылуорталық-3» мекемесі қаланың Оңтүстік бөлігіне жылу беріп келген. Ондағы жылу құбырларының 90 пайызы жергілікті бюджет есебінен жөнделіп, жаңартылған. Қазіргі кезде «Энергорталық-3» мекемесінен өткен жылу жүйелері толығымен ауыстырылуда. «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Қайрат Досжановтың айтуынша, ондағы құбырлардың әбден тозығы жеткен.

– Ұзақ жылдар бойы «Энергорталық-3» мекемесі тарапынан жылу құбырлары жөндеу көрмеген. Осы ретте жергілікті бюджеттен қаланың ішкі орамдық жылу жүйелерін жөндеуге 127 миллион теңге бөлінсе, ал шаһардың Солтүстік бөлігіндегі ескі құбырларды ауыстыруға облыстық бюджеттен 613 миллион теңге қаралды. Қазіргі кезде бұл жұмыстар қарқын алған. Қаланың ішкі орамдық жылу жүйелерін жаңалауға 34 нысанда барлығы 185 адам жұмылдырылған. Жалпы, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 1 миллиард 212 миллион теңге қаражат бөлінді, – дейді Қ.Досжанов.

DSC 6023

Айта кететін жағдай, өткен жылы жылуды бойында сақтап тұратын құбырлар қойылды. Оның негізі темір, ал сырты полиэтиленмен қапталған және ортасы құрылыста қолданылатын көбікпен толтырылған. Қ.Досжанов өткен жылы мұндай құбырлардың сынақтан сәтті өткендігін және жылудың сыртқа кетіп, ысырап болмағанын айтты. Ал ішкі орамдық жылу жүйелерін ауыстыруда мұндай құбырлар әзірге қолданылмайды. Өйткені, оның тарифке әсер етуі мүмкін екен. Сондықтан, қазіргі кезде ескі әдіс бойынша, яғни бұрынғыдай магистраль құбырларының сырты цементтеліп, мұнан соң сырты мырыш жабындымен қапталып жатыр.

ЕСЕПТЕГIШ ҚҰРАЛЫ ЖЫЛУДЫ ҮНЕМДЕЙДI

 MG 5674

Жылуды үнемдеудің тағы бір жолы – жылу есептегіш құралдарын орнату. Өткен жылдан бері Шымкентте 260 көпқабатты тұрғын үйге жылу есептегіш құралдары орнатылыпты. Биыл да «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша, Астана қаласындағы «Қазцентр ЖКХ» мекемесімен келісім жасалып, тағы да 200 жылу есептегіш құралдары әкелінбек. Есептегіш құралдарының басты ерекшелегі – жылуды 50 пайызға дейін үнемдейді.
– Жылу есептегіш құралдары 5 жылға несиеге беріледі. Оның бағасы – 750 мың теңге. Мәселен, 3 бөлмелі 80 шаршы метрлік пәтер тұрғындары ай сайын 12-13 мың теңге төлеп келсе, жылу есептегіш құралдары орнатылған соң 6-7 мың теңге төлейтін болды. Бұл – берілген жылу мен жылу есептегіш құралы үшін төленетін несиені қосқанда шығатын сома. Қазіргі кезде қаладағы төрт аудан әкімдіктері тарапынан халықпен кездесіп, жылу есептегіш құралдарының тиімділігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – дейді Қ.Досжанов.

ТАРИФ КӨТЕРIЛУI МҮМКIН

Өткен жылы көрсеткен қызметі үшін «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік мекемесі қарыздардың 94 пайызын жинап үлгерді. Бүгінгі таңда халықтың мекеме алдында 157 миллион теңге берешегі бар екен. Қарызы көп абоненттердің ісі сотқа жолданыпты.
Биыл жылу бағасы көтерілуі мүмкін. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау Комитетінің ОҚО бойынша департаментінде жылу тарифіне қатысты алдын ала тыңдау барысында айтылған еді. «3-Энергоорталық» АҚ-ның мамандары тарифті көтерудің басты себебі – көгілдір отын бағасының 14,25 пайызға өсуі және суды тарату мен оны тұтыну бағасының қымбаттауы деп отыр. Сондай-ақ, жылу энергиясын сату шарттарының өзгеруі және «3-Энергоорталық» АҚ-ның 2016-2021 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаны орындау мақсатында қаржыландыру көздерін бекіту және жылу энергиясын сату көлемінің өзгеруі де тарифтің көтерілуіне өз әсерін тигізуде. Соның нәтижесінде жылу бағасы 21 пайызға өсуі мүмкін. Тарифке қатысты нақты шешім биылғы жаңа жылу маусымы басталғанға дейін қабылданады. Өткен жылы жылудың бір шаршы метріне 109 теңге төленсе, биыл 11 теңгеге артық болуы мүмкін деп болжануда.

ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ 15-ШI ҚАЗАНДА АЯҚТАЛАДЫ

DSC 6009Қалада жаңа жылу маусымына дайындық жұмыстары салдарынан кейбір көшелерде көліктердің жүруіне едәуір қолайсыздық туғызуда. Атап айтар болсақ, Желтоқсан көшесінде «Мұз сарайы» маңы, Ш.Уəлиханов көшесінде орналасқан №40 мектептің тұсы тамыздың 18-не дейін жөнделіп бітеді. Ал Ғ.Іляев пен Ә.Тыныбаев көшелерінің қиылысында және Толстой көшесінің Ж.Адырбеков пен Ж.Тәшенов көшелерімен қиылысатын бөлігінде жөндеу жұмыстары тамыз айының соңына дейін жалғасады. Сондай-ақ, «Салтанат» сауда орталығынан 16 шағынауданға дейінгі жол бөлігінде және 14 орам аумағында да жылу құбырларын ауыстыру осы айдың соңында аяқталады деп жоспарланған. Айта кетейік, кей көшелерде, нақтырақ айтқанда, «Шығыс» шағынауданындағы Қ.Қазиев және 3 шағынаудандағы «Жаңа шахар» базары жанында құбыр тарту жұмыстары қыркүйек айының ортасына дейін жалғасады. Жалпы, жылу құбырларын жөндеу, құбырларды ауыстыру және сығымдау жұмыстары 15-ші қазанға дейін толық аяқталады. Мұнан соң мамандар жылу беруге кіріспек.

Қала тұрғындары Мырзабек және Роза Шымырбековтер көпқабатты үйде тұрса да, шағын ауласында алма, жүзім, жаңғақ және өрік секілді ағаштарды өсіріп, жемісін көріп отыр. Сондай-ақ, айналасын көріктендіріп, үлкендерге қаланың қым-қуыт тірлігінен бір сәт болса да демалуына және балақайлардың жаздың аптап ыстығында көлеңкеде ойнауы үшін ыңғайластырған.

WhatsApp Image 2016-08-16 at 15.50.04

Қос зейнеткер «Нұрсәт» шағынауданындағы №101 үйде тұрады. Олар мұнда осыдан тоғыз жыл бұрын көшіп келіпті. Алғашында құрылыс қарқынды жүріп жатқандықтан, айналада бірде-бір жасыл желек болмаған екен. Содан, ауласына раушан гүл отырғызып, ағаш екті. Сондай-ақ, Мырзабек Шымырбеков өз қолымен еккен жүзім ағаштары үйдің кіре берісіне күннен қорғайтын пана болумен қатар, жемісін де бере бастады.

– Қол қусырып отырмай, үйдің айналасына бір сәт көңіл бөлуге ден қойдым. Алдымен ауланы реттеп, гүл ектік. Ағаштан жасалған үлкен үстел қойдық. Онда осы үйдің тұрғындары, әсіресе өзіміз секілді зейнеткерлер шахмат пен нарды ойнайды. Мақтан тұтар көршіміздің бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов. Жаздыгүні жүзім керемет көлеңке беріп тұрады. Айналамызды жасыл желекпен көмкерейік деген мақсатта жоспарлаған ойларымыз біртіндеп жүзеге аса бастады. Қазір аулаға үш түп жаңғақ ағашын ектім. Күн сайын таңертең тұрып, оларды шелектеп суарамын. Ал үйдің артында үш түп алма мен өрік әжептеуір сая. Олардың жеміс бергеніне үш жыл болды. Дәл қазіргі уақытта алма уылжып пісіп тұр, – дейді зейнеткер.

WhatsApp Image 2016-08-16 at 15.49.39

Шымырбековтер отбасы ауласын көріктендіріп қана қоймай, оның тазалығына да аса мән береді. Үйдің айналасын таза ұстау туралы көршілеріне үнемі ескерту жасап отырады. Олар мұны тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де көрсете білді. Мәселен, үйдің кіре берісіне қоқыс тастайтын жәшік орнатып қойған. Тіпті жас балаға дейін қоқысты сонда тастау керектігін жақсы түсінеді. Қазіргі кезде көпқабатты үйлердің есіктері еріксіз жарнама орнына айналған. Түрлі-түсті қағаздар жабыстырылып, кіре берістің ажарын кетіріп тұр. Ал бұл үйдің есігінен ондай бірде-бір жарнама қағазын көрмейсіз. Бұл мәселені шешу үшін

Мырзабек Шымырбеков есіктің екі жанына арнайы тақта іліп қойған. Жұмыс ұсынып, хабарландыру ілгісі келгендер үшін тақталар керемет мүмкіндік болды.
Мырзабек аға мен Роза апай алдағы уақытта балалар ойнайтын алаңшаны көріктендірсек деп отыр.

Партия қатарына қабылданды

Среда, 17 Август 2016 06:54

Құрылысшылар күні мерекесіне орай, 30-дан астам азамат партия қатарына өтті. Шымкент қалалық «Нұр Отан» партиясы ғимаратында өткен салтанатты іс-шарада құрылыс саласының үздік қызметкерлеріне алғыс хаттар табысталып, партия куәліктері берілді.


Іс-шарада «Нұр Отан» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының төрағасы Саттар Қуашбаев құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, осы саладағы жетістіктерге қысқаша тоқталды.
– Құрылыс – экономиканың маңызды саласы. «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамту – 2020» және «Қолжетімді баспана – 2020» сынды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда құрылысшылардың қосар үлесі мол. Олардың өз ісін жетік меңгеруі мен еңбексүйгіштігі арқасында елімізде әсем ғимараттар бой көтеріп, инфрақұрылым дамып, азаматтардың жақсы өмір сүруі үшін бар мүмкіндік жасалуда, – деді С.Қуашбаев.
Партия қатарына «Арт Құрылыс» компаниясына жаңадан жұмысқа тұрған 12 қызметкер де қабылданды. Қазіргі таңда компанияның бастауыш партия ұйымында 50 мүше бар. «Арт Құрылыс» ЖШС-нің директоры Бекжігіт Төлендиевтің айтуынша, компания «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша екі мектеп салып жатыр. Оның алғашқысы Шымкент қаласында болса, екіншісі Сарыағаш ауданында. Құрылыс маусымы басталған кезде 1000-нан астам адам жұмыспен қамтылады. Айта кетейік, қалада «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 21 нысанның 16-да құрылыс қарқын алған. 

Страница 3 из 27