×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Елбасы ашқан нысандар Избранное

Пятница, 12 Декабрь 2014 11:23 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4505 раз

халыққа қызмет көрсете бастады

DSC 0105Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың өткен аптада Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында Шымкент шаһарының жаңа келбетін танытатын бірқатар нысандар ашылып, ел игілігіне берілген еді. Елбасы ашқан нысандардың өңір тұрғындары үшін өзіндік мән-маңызы мен құндылықтарын дәріптеп, көпшілік оқырманға кеңінен таныстыру мақсатында облыстық мәдениет басқармасының басшылығы БАҚ өкілдерінің қатысуымен арнайы пресс-тур ұйымдастырды.

Тілшілер қауымы тоқтаған алғашқы нысан - Шымкенттің тарихи-мәдени аймағында орналасқан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы болды. Тарихи жәдігерлермен танысу мүмкіндігіне ие болған балалар үйінің тәрбиеленушілері де адамзат тарихындағы алғашқы дәуірлерден бастап күні бүгінге дейінгі тіршіліктің сан қырынан  сыр тартатын жауһар мұрағаттарды тамашалады. Мұражай директоры Гүлнар Саматқызының айтуынша, жинақталған дерек қоры қазақ жерінде қоныстанған ежелгі тайпа адамдарының күнделікті тыныс-тіршілігін толығымен зерделеуге жеткілікті. Қос қабатты ғимаратқа орналасқан мұражай негізінен, 4 залдан тұрады. Жоғары қабатта ежелгі дәуірлерден сыр шертетін құнды әшекей бұйымдар мен көне ыдыс-аяқ сынықтары, адамдардың жеке қорғанысы мен қауіпсіздігі үшін қажетті қару-жарақ заттары қойылған. Мұражай ғимаратының төменгі қабаты қазақ хандығының құрылу кезеңінен бастап, бірнеше ғасырлар бойын қамтыған өзіндік тыныс-тіршілігін сипаттаған жәдігерлер, сонымен қатар, қазақ елінің бүгінгі тәуелсіздік жылдарындағы теңдессіз бағаға ие құнды дүниелермен өрнектелген.
– Қазақ хандығы кезеңіндегі жылдардың өзіндік бейнесін сипаттайтын мұражай залында еліміздің ешбір бұрышынан кезіктіре алмайтын жәдігерлерді келуші көпшіліктің назарына ұсынуға мүмкіндігіміз бар, – дейді мұражай директоры Гүлнар Аренова. – Атап айтқанда, мұндағы Кенесары ханның қылышы мен қынап қабы талай жанның қызығушылығын оятары сөзсіз. Бұл жәдігерді 1936 жылы ханның немересі, Сыздық сұлтанның баласы Әлібек ақсақал өз қолымен мұражайға әкеп табыстаған. Міне, бүгінде, осы асыл дүние жаңа ғимараттың келбетін айшықтай түсуде.
DSC 0944Тек бұл ғана емес, сол кезеңдердегі қазақ жауынгерлері қолданған ұрыс қарулары мен киімдері, ат әбзелдері, тостаған-табақтары бүгінде мұражайдың төрінде орналастырылған. Тіпті, күрес әлемінде қарсылас шыдатпай, жауырыны жерге тимей өткен қазақтың атақты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының ұзақ жылдар тұрақ еткен киіз үйі де бүгінде осы мұражайдың негізгі экспонаты ретінде аталады.
–Шын мәнінде, облыс орталығында қоныс тепкен аса жоғары мән-маңызға ие осындай орталықтардың болуы, сөз жоқ, қала тұрғындары мен қонақтарына үлкен әсер сыйлары анық, - дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова. – Шымкент қаласының еліміздегі үшінші қала мәртебесіне лайық болуы үшін шаһардың туристік мүмкіндіктерін де қолға алу бүгінгі таңда басты назардағы дүние. Осы орайда, шаһардың тарихи-мәдени аймағындағы «Наурыз» алаңы, Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, демалыс орындары пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Бәйдібек би ескерткіші бой түзеп, қалаға келетін меймандар үшін заманауи қонақүй ашылды. Бүгінде этнобақтың құрылысы қарқынды жүргізілуде.
–Өңірдің шежірелі тарихы мен көркем табиғатынан сыр шертетін рухани құндылықтар келушілер үшін жан-жақты қамтылып, дәріптелетін болады, – дейді орталық директоры Қайырғали Медет. – Сонымен қатар, түрлі ұлт өкілдерінің құт мекені болған өңіріміздегі өзге халықтың да рухани-мәдени ғұрпы жинақталып, зерделенеді.
Осы кеште өздерінің таңғажайып әсерлерімен бөліскен бүлдіршіндер мүмкіндік болса, аталмыш орындарға қайта келгісі келетінін айтып жатты. Мұнан әрі жасөспірімдер осы аймақтағы «Наурыз» алаңы мен көл аумағындағы демалыс орындарын да тамашалады.
Иә, мемлекет басшысы алдындағы таныстырылым кезінде ашылған бұл нысандарға алғашқы көрермендер де қадам басты. Өз кезегінде, бұл аумақ тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының бірі болып, туристерді тартуға жаңа серпін бермек.