ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: "Шымкент индустрия мен мәдениеті дамыған қала болуға лайықты"

Пятница, 05 Декабрь 2014 04:02 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5947 раз

Мемлекет басшысы жаңа орталықтағы
бірегей нысандарды ашты

otyrar kz-00005-640x360Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Елбасы сапар барысында үшінші мегаполис – Шымкентің жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында атқарылып жатқан жұмыстарға куә болып, бірқатар маңызды нысандардың ашылуына қатысты.  Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаев «Түркістан» сарайы мен облыстық қазақ драма театрын  және бес жұлдызды «Rixos» қонақүйін ашты. Сондай-ақ, Шымкент шаһарының жаңа келбетінің таныстырылымы барысында орталық маңынан 70 гектар аумақта салынған тарихи-мәдени аймақ пен облыстық тарихи-өлкетану мұражайын, әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығын іске қосты.  
 Мұндағы бірегей нысандардың бірі – «Түркістан» салтанат сарайы. Құрылыс жұмыстарына 1 млрд. 564 млн.теңге жұмсалған сарайда ең заманауи дыбыстық, жарықтық, акустикалық жабдықтар орнатылған. Жалпы алаңы - 8,5 мың шаршы метр, сыйымдылығы - 1364 орын.
Осы жерде Мемлекет басшысына жаңа әкімшілік іскерлік орталығын салу жобаларының көрмесі ұсынылды. Сондай-ақ, облыстық әкімдікке қарасты барлық басқармалар мен департаменттер, жаңа мұражай, салт-дәстүрлер орталығы көшетін 16 қабатты ғимараттың және тұрғын үй кешендерінің макеті көрсетілді.
otyrar kz-00015-640x360Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Елбасына жаңа әкімшілік-іскерлік орталығының құрылысы туралы баяндады. Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» саяси құжатында «Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары ірі қалалар – Астана мен Алматы, одан соң – Шымкент болады. Олар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталықтарына айналады, сапалы білім беру, медицина, әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсетеді» – деген болатын.
 Президенттің осы тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласының аумағы 40 мың гектардан 117 мың гектар аумаққа ұлғайып, жаңа Қаратау ауданы құрылды. Бүгінде қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде 1600 гектар аумақта жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысы қарқынды жүруде. Оның құрылысына жалпы 82,1 млрд. теңге, оның ішінде бюджеттен 18,6 млрд. теңге, жекеменшіктен 64 млрд. теңге тартылуда.
Құрылыстың І кезеңінде 284 гектар аумақта «Түркістан» сарайы, облыстық драма театры, «Отырар» кітапханасы, Көрме орталығы, жаңа алаң мен гүлзар, көпқабатты тұрғын үйлер, қалалық емхана, «Назарбаев зияткерлік мектебі», кешенді медицина және сауда орталықтары салынды. Одан бөлек мұнда облыс әкімдігінің ғимараты, «Оңтүстік» қабылдау үйі, 8 мың орындық орталық мешіт, көркем гимнастика кешені, көпсалалы кәсіби-техникалық колледж, қалалық мұрағат, балабақшалар, мектептер және 740 мың шаршы метрді құрайтын 167 көпқабатты тұрғын үйлерден тұратын жаңа шағынаудан салынуда. Бұл әлеуметтік нысандар келесі жылы пайдалануға беріле бастайды.

"Шымкент – шырайлы шаһар"

10172622 776698469043512 7385090716155145712 nНұрсұлтан Назарбаев Шымкентке келген сайын қаланың шырайланып келе жатқанын үнемі айтады. Бұл жолғы сапарында да Елбасы Шымқаланың шырайлы көрінісін назарынан тыс қалдырған жоқ.  
Облыстың зиялы қауымы мен ұлттық мәдени орталық өкілдерімен кездесуінде осыны нықтап жеткізді.  
– Мінекей, мынадай салтанат сарайы қайда бар? – деді Н. Әбішұлы нысанның құрылысы туралы. – Елордамен бірге біз республиканың өзге қалаларын да дамытуымыз керек. Ірі қалаларда ғана ғылым мен техниканы, мәдениетті дамыта аламыз. Осы бағытта Шымкент инновация мен индустрия мамандары мекендейтін орталыққа, мәдениет жақсы дамыған қалаға айналуы тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін көп жұмыс атқарылды. Бес жылдың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасы екі есеге өсті, 300-ден астам мектептер пен 280 медициналық нысандар іске қосылды. Оңтүстікте өндіріс те, халықтың тұрмысы да, жастардың білім деңгейі де өсіп келе жатыр. Шымкент қаласындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы құрылысын үнемі бақылауда ұстап келемін. Енді мұнда зәулім салтанат сарайы мен кітапхана ашылып, әкімдіктің жаңа ғимараты салынып отыр. Мұражайлар мен өзге де мәдени нысандардың құрылысы жүргізілді. Осының барлығы халықтың игілігі үшін жасалған жұмыстар», ‒ деді Н. Назарбаев.
Әкімшілік-іскерлік орталығы аумағынан орын тепкен мәдени ғимараттардың бірі – облыстық қазақ драма театры. Жалпы аумағы 8 мың шаршы метрді құрайтын театр құрылысына 1,5 млрд. қаржы жұмсалыпты. Елбасы Н.Назарбаев қазақ драма театрында болып, ұжым жұмысымен танысты. Құрылысы жақында аяқталған театр қазір Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығына арналған «Ұлы көш» премьералық спектакльіне қызу дайындыққа кіріскен. Бұдан кейін Елбасы аралаған нысанның бірі – Rixsos қонақүйі болды. 12 қабатты заманауи сәулеттік келбетке ие нысанның құрылыс жұмыстарына 9 млрд. теңге жеке инвестиция тартылған. Бүгінде  бұл қонақ үйі Астана мен Алматыдан кейін Шымкентте ашылған көрікті нысандардың қатарына еніп отыр.  
Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған сапарында өңірде атқарылған жұмыстарға оң баға берді.

Сіз не ой түйдіңіз?

marhabat baigutМархабат БАЙҒҰТ,
жазушы-журналист:

– Елбасының елдің ертеңі үшін күні-түні тыным таппай еңбек етіп жүргенін бәріміз білеміз. Президент кешегі Түрікменстанға жасаған ресми сапарынан соң уақытының тығыздығына қарамай шырайлы Шымқаламызға аялдап, өңіріміздің қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты. Кездесуде облыс әкімі өңірдің экономикалық хал-ахуалы төңірегінде байыпты баяндама жасады. Бізбен пікірлесуі кезінде Елбасы республикамыздағы үшінші қала атанған Шымкент қаласының жаңарып, жасарып жатқанын ерекше атап өтті. Шуақты өлкемізде игілікті істердің молайып жатқанына ризашылығын білдірген Президент Шымкенттің бұдан да қарқынды түрде дами беретініне сенім білдірді. Сөзінің соңында Елбасы: «Мақсатымыз анық, бағдарымыз белгілі. Енді жұдырықтай жұмылып жұмыс істеу керек», деп, еңбектің елдік мұратқа жетелейтінін жеткізді.

baidulla konysbekБайдулла ҚОНЫСБЕК,
Қазақстанның Құрметті журналисті:

– Елбасы бұл сапарында облыстың зиялы қауым өкілдері мен мәдени орталықтардың жетекшілерімен кездесіп, бір сағатқа жуық әңгіме дүкен құрды. Елбасы елдің бүгінгі жағдайын сөз ете келе, халыққа арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауға тоқталды. Жолдаудағы өзекті мәселелердің бәрі де елдің әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын айтып, ел мүддесі жолында халықты тізе қоса еңбектенуге шақырды. Елбасы, сондай-ақ Шымкент қаласының зор қарқынмен өсіп-өркендеп келе жатқанын өз әңгімесіне арқау етті. «Қазір қаланың халқы 800 мыңнан асады. Таяу болашақта қаланың халқы бір миллионға жетуі керек», – деді Елбасы.

20120428154628Икрамжан ХАШИМЖАНОВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек мәдени орталығының төрағасы:

– Халықта «Қашанда дана адам ел билейді, басшысы дана болса ел гүлдейді» деген сөз бар. Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың ынтымағын жарастырып, елдің экономикалық жағдайын көтеруге зор үлес қосуда. Президент бізбен кездесуінде өте көтеріңкі көңіл күйде болды. Өңіріміздегі атқарылып жатқан жұмыстарға риза болып, айрықша алғысын жеткізді. Кездесу кезінде «Кәне, айтарларыңыз бар ма?» деп, бәріміздің пікірімізді мұқият тыңдады. Президент басқосуда ең алдымен халықтың тыныштықта, ынтымақта болуы керек екендігін баса айтты.

Последнее изменение Пятница, 12 Декабрь 2014 14:57
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Елбасы есiмi ұлықталды Елбасы ашқан нысандар »