Облыста сайлаушылардың сайлауға қатысу белсенділігі 97,78 пайызды көрсетті
«Ең бірінші алғысым халқыма
«Ел барда, ер қор болмас, Ер барда, ел қор болмас» дейді қазақ даналығы. Айтпағымыз, биылғы 26 сәуір күнгі Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына ел халқы жұдырықтай жұмыла қатысып, өз таңдауларын жасады.
Сайлау нәтижесінде президенттікке үміткер Н.Ә. Назарбаев айқын басымдықпен жеңіске жетіп, халықтың сенімі мен қолдауына ие болды. Осы тарихи күнге орай, Шымкенттегі «Наурыз» алаңында Жеңімпаздар форумы өтті. Жиынға 10 мыңнан астам оңтүстікқазақ-стандық қатысты.
Форум барысында көпшілік тікелей эфирден Елбасы
Н. Назарбаевтың қатысуымен елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде өткен іс-шараны тамашалады. Онда Елбасы өзіне сенім артқан жақтастары мен халқына шексіз алғысын білдірді. «Ең бірінші алғысым – халқыма. Осы жылдардың барлығында қолдап, менің артымнан еріп, шылбыр мен тізгінді ұстатып, сеніп келе жатқан отандастарымның жаппай сенімін орындау қадірменді міндет. Халықтың таң атпастан, кезекке тұрып, бала-шағасымен келіп дауыс бергісі келген ынтасын мен көрдім. Ол зор сенім. Мұндай сенім әр мемлекетте бола бермейді. Осы арқылы Қазақстан өзінің бірлігін, болашаққа деген сенімін, Отанына деген сүйіспеншілігін, «Мәңгілік ел» құра алатын күш-қуатын көрсетті. Біз дүниежүзінің алдында тағы да бір өзіміздің демократиялық тұғырымызды, саяси мәдениетімізді көрсеттік», – деді ҚР Президенті
Н.Назарбаев.
«Наурыз» алаңындағы мерекелік шараға облыс басшылығы мен мемлекет, қоғам, өнер және спорт қайраткерлері, «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшелері, зиялы қауым, Президент сайлауындағы Елбасының сенімді өкілдері, облыс тұрғындары қатысты. Форумда сөз алған облыс әкімі
А.Мырзахметов жиналған тұрғындарды тарихи жеңіспен құттықтап, 1 миллион 260 мыңға жуық сайлаушылары бар Оңтүстік Қазақстандағы 1 миллион 230 мыңнан астам азаматтың саяси науқанға қатысқанына ерекше тоқталды.
‒ Бұл 97,78 пайызды құрап отыр. Оңтүстікқазақстандықтар тек қана өзінің сол сайлауға қатысуда белсенділігі емес, ең бастысы – атқарылып жатқан саясатқа, атқарылар саясатқа берілетін бағада өздерінің әділ екендігін көрсетті. Елбасының елдің алдына қойып отырған ұлы мақсаттары орындала берсін! Қазақстан халқымен бірге Оңтүстік Қазақстан тұрғындары да Ұлт көшбасшысының қойып отырған ұлы мақсаттарды орындауда аянбай еңбек ететініне біз сенімдіміз! Жеңісіміз де, жемісімізде көп болсын! ‒ деді А.Мырзахметов.