Қаратауда аз уақытта ауқымды жұмыс атқарылды

Среда, 20 Январь 2016 06:41 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5526 раз

Қаратау ауданының әкімі Ғалым Исмаиловтың  жылдық есебін тыңдап, талап-тілегін жеткізу үшін қалаға қосылған «Бозарық», «Тассай», «Таскен», «Тұран» тағы басқа тұрғын алаптың тұрғындары №72 жалпы орта мектепке көптеп жиналды. Құрылғанына бір жылдың жүзі енді болған Қаратау ауданында атқарылған жұмыстармен қатар тұрғындарды мазалаған түйткілді мәселелер де аз емес. Бүгінде ауданда 213 мыңнан астам халық тұрады. Олардың басым көпшілігін мазалайтын мәселе – ауызсу, табиғи газ, жарық, жол, қоғамдық көлік болып тұр. Басқосуда аудан әкімі Ғалым Исмаилов халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында тындырылған істерге талдау жасап, есеп берді. Кемшіліктерді саралады. Екі сағаттан астам уақытқа жалғасқан кездесуде тұрғындардың тарапынан қойылған сұрақтың 80 пайызы коммуналдық салаға қатысты болды.

Тазалық бар жерде тәртіп бар

 MG 1105Қаратау ауданына 17 шағынаудан мен 13 тұрғын алап енген. Әкімдік қызметкерлері қоқыс тастау мәселесін бірінші қолға алыпты. Әрбір тұрғынмен жеке сөйлесіп, қоқыс шығаратын мекемемен келісімшартқа тұру қажеттілігін түсіндірген.
– Сәуір айында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мекемелермен тұрғындардың келісім-шарт түзу көрсеткіші 25% ғана болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 86% жетті. Осылайша, тазалық мәселесі біршама реттеліп, тұрғындар кез келген жерге бей-берекет қоқыс шашпайтын болды. Бұдан бөлек, қоқыс полигонына 7157 шаршы метр қоқыс шығарылды, – деді Ғалым Исмаилов. 

Бүгінде ішкі орамдық жолдар мен аулаларды санитарлық тазалау мақсатында 10 аумаққа бөлініп, оған аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары бекітілген. Аудан тұрғындарының тазалық мәселесіне жауапты қарай бастағанын жеткізген Ғалым Ыбырайұлы әлі де табиғатқа жанашырлық танытуға шақырды.

Жарыққа зәру тұрғындарды қуантты

 MG 1102Басқосуда жиі көтерілген мәселенің бірі – ауызсу. Былтыр «Қайнарбұлақ» саяжайы, «Ақжайық», «Нұртас» шағынаудандарында және Сайрам тұрғын алабы тұрғындарына ауызсу берілсе, «Қайтпас» пен «Мирас» шағынаудандарында құрылыс жұмыстары жүруде. Аудан әкімі қалған ауылдарда бұл мәселе кезең-кезеңімен біртіндеп шешілетінін жеткізді. Екінші мәселе – табиғи газ. Аудан бойынша жалпы 40 мыңнан астам тұрғын үйдің 27 мыңға жуығы табиғи газбен қамтылған. 

«Ақжайық» шағынауданында ішкі орамдық газ жүйелерін жүргізуге бюджеттен қаржы бөлініп, бұл мәселе шешімін тапты, ал Таскен тұрғын алабы мен «Мирас» шағынауданын табиғи газбен қамту үшін жұмыстар атқарылуда. «Осы жылы тұрғындар көмір тасып, күл шығарудан құтылады», – дейді әкім.
Ал үшінші мәселе – электр жарығы. «Ақжайық», «Қайтпас», «Достық-2» шағынаудандарды электр жүйесімен қамту үшін қазынадан қаржы бөлініп, бүгінде жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін тұрғындар қазіргі сығырайған жарықпен қош айтысады. Сондай-ақ, Қайнарбұлақ тұрғын алабы Жаңақұрылыс аумағына демеушілер есебінен электр трансформаторлары орнатылып, бағаналар мен электр сымдары тартылса, Қайнарбұлақ саяжайының тұрғындары сапалы жарыққа қол жеткізген.
– Аудан тұрғындарын электр жарығымен қамтамасыз етіп отырған 500-ге жуық трансформатордың 200-ден астамы жекеменшік иелігінде. Біраз уақыт бұрын «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің басшысы Мұрат Ибрагимовке өтініш айттық. Ол халықтың мұқтажын түсініп, жеке өзінің есебінен Қайнарбұлақ тұрғын алабының жаңа құрылысына екі трансформаторды апарып қойды. Сондай-ақ басқа жекеменшік трасформаторлар бұзылып қалған жағдайда қолдау танытуда, – деді аудан әкімі.
«Қайнарбұлақтан» босаған трансформатор жарыққа зәру өзге ауылға орнатылатынын айтып, тұрғындарды қуантты.

Демеушілер 15 көшеге тас төседі 

2015 жылы ауданның 32 көшесіне күрделі және орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 40 шақырым асфальт жол жөнделген. Мәртөбе тұрғын алабында 3 көше, «Тассай» шағынауданда 11 көше, Сайрам тұрғын алабында 11 көше, «Достық» шағынауданында 3 көше, Қызылсай тұрғын алабында 3 көше, Таскен тұрғын алабында – 1 көшеге асфальт төселіп, тұрғындар тақтайдай тегіс жолдармен жүріп өтеді. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің қолдауымен 15 көшеге шағал тас төселген. 

Осылайша аудан әкімі
Ғалым Исмаилов алғаш рет берген жылдық есебінде атқарылған жетістіктер мен кемшіліктерді тізіп шықты. Одан кейін кезек жарыссөзге келіп, қалалық мәслихат депутаты Төреайым Сұлтанова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтжан Шоланов, «Шымкент тас» ЖШС-нің басшысы Мұхиддин Абдуллаев, «СпецКомплектСервис» ЖШС-нің басшысы Жұмабек Исмаилов, т.б. азаматтар аудан әкімі Ғалым Ыбырайұлы мен қызметкерлерінің жұмысына оң баға берді.

Тұрғындардың талабы жоғары

Сұрақ-жауап бөліміне ойысқанда, Тассай тұрғын алабының орам басқарушысы Т. Мәдібеков 16 көшеге асфальт жол салынып, тазалық жұмыстарының қалыпқа келгеніне алғыс айтып, енді емдеу орталығы мен спорт кешені бой көтерсе екен деген тілегін жеткізді. Ал Т. Досжанов жақында ғана әкімшілік-іскерлік орталықтан жаңадан берілген баспаналардың бірінен пәтер кілті бұйырғанын, десе де тұрғындардың толық көшіп келмеуіне байланысты табиғи газ берілмегенін, суық үйде бүрсеңдеп отырғандарын тілге тиек етті. Сондай-ақ, қоғамдық көлік мәселесін шешіп, қоқыс жәшігін орнатып беруін сұранды. 

Бұдан бөлек басқосуда тұрғындар мектеп, балабақша, қоғамдық көлік, жер дауы, ретсіз сауда мәселесін алға тартты. Әр сұраққа жеке-жеке тоқталған аудан әкімі күрмеуі қиын мәселелердің барлығы 2018 жылға дейін ретке келеді деп жоспарлап отырғанын жеткізді. Екі сағаттан астам уақытқа созылған басқосуды қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов қорытындылап, құрылғанына бар-жоғы бір жыл болған ауданда шатқаяқтап тұрған біраз шаруа шешіліп, аудан әкімдігі қызметкерлері халықтың сеніміне ие болып үлгергендіктерін айтты. Ал жиналған көпшілік болса ауданның жағдайы әлдеқайда жақсарғанына ризашылықтарын білдірді.