Атқарылған iс те бар, жауапкершiлiк те мол

Среда, 20 Январь 2016 06:55 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3658 раз

Еңбекші - қаламыздағы іргелі, экономикасы дамып келе жатқан аудан. Жұмысы жүйелі, көрсеткіші жоғары. Әлеуметтік ахуалы да көңіл қуантады. Ғалымжан Ильясов тұрғындарға есеп беріп, 2015 жылы атқарылған жұмыстарды саралады. Аудан әкімінің кездесуі алдымен №127 мектепте, сонымен қатар №10 мектепте өтті. Аудан бойынша былтыр 35 көшенің 22 шақырым жолы орташа жөндеуден өткізілді. «Өңірлерді дамыту -2020» бағдарламасы бойынша 11 үй түбегейлі жөнделді. Биыл 17 үйді осы бағдарлама аясында жаңғырту көзделіп отыр. Еңбекші аумағында 62 мектепке дейінгі тәрбие мекемесі, 36 мектеп 8 колледж, 1 университет бар.

SAM 0215Есепті кездесуге қала әкімінің орынбасары Б. Жанбосынов, мекеме, сала басшылары және аудан тұрғындары қатысты. Есепті кездесуде Ғ. Ильясов атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– 2015 жылы ауданымызда 10 кәсіпорын іске қосылып, 1000 жұмыс орны ашылды. 9 азамат мал бордақылау мақсатында төмендетілген пайызбен несие алып, кәсіп бастады. Сондай-ақ ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы жемісті жалғасын тапты. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыздардың қатары азайды. Жыл басынан бері 3021 азамат жұмысқа орналасты. Жастар тәжірибесі бойынша 1220 маман тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алса, 1419 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, – деді Ғ. Ильясов.
Десе де ауданда әлі де атқарылатын шаруалар жетерлік. Еңбекшіде халық тығыз орналасқандықтан көкейкесті мәселелер де бар. Кездесуде тұрғындар өздерін толғандырып жүрген ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Мәселен, кейбір тұрғын үй кешендерінің талапқа сай еместігі айтылып, «құрылыс компаниялары сыналды. Бұған қоса, балалардың ойын алаңқайларын қалпына келтірудегі кейбір жүйесіздіктер, бірқатар көшелерді тиісінше жарақтандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу, үйлер арасындағы жолдарды жөндеу, кейбір қалаішілік автобустардың жүру жиілігін үйлестіру секілді мәселелер көтерілді.
Жарыссөзге шыққан қалалық мәслихаттың депутаты Еркін Сатқанбаев өз пікір ұсынысын білдірді.

SAM 0236– Бұрын әр көшенің бойындағы аяқ жолда ағын сулар ағып жататын. Асфальт та жоқ. Мектепке баратын балалар жүріп өтетін жол болмайтын. Қазір ауданда ахуал жақсарды. Көшелерге жарық беріліп, асфальт, жүргіншілердің аяқ жолдары салынды. Бірақ ішкі аулаларда жарық, асфальт жолдарда ирригациялық арықтар жоқ. Қаланың кәріз жүйелері ескірген. Жаңғыртуды талап етеді, – деді халық қалаулысы. Сондай-ақ аудан тұрғындары Құралай Андасова, Фарида Ермаханқызы жол, ирригация жүйелерінің қалыпқа келтірілуін сұрады. Ғ. Ильясов көтерілген мәселелерге жауап беріп, ойын алаңқайларының көбейтіліп, аулалар жарықтандырылып, кәріз жүйелерінің жаңғыртылатынын жеткізді. Есеп беру жиынына қатысушылар Ғ. Ильясовтың жыл көлеміндегі жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.