Жергілікті биліктің жұмысын жетілдіреді

Среда, 16 Март 2016 05:40 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4504 раз

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысына қатысып, Шымкент қаласының 2015 жылы әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты есеп беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Мәжілісті Қоғамдық кеңес төрағасы Мұхтар Битеміров жүргізіп отырды.

IMG 8136-2Айта кетейік, Қоғамдық кеңес – еліміздегі жаңа құрылым. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылғы 2 қарашада «Қоғамдық кеңестер туралы» заңы жарияланып, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап заң өз күшіне енген болатын. Шымкент қаласы әкімдігінің жанынан құрылған Қоғамдық кеңесте 27 мүше бар.
– Қоғамдық кеңес ерекше мәнге ие. Негізгі мақсаты – маңызды әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, қоғамдық-саяси мәселелерді талқылау үшін азаматтық қоғам институттарын кеңінен дамыту. Өткен жыл қаламыз үшін табысты болды. Қаланың бюджеті де, тұрғындар саны да айтарлықтай өсті. Алда экономикалық өсімді тұрақты ұстау, қоғамдық тәртіпті орнату, қала тұрғындарын мәдениет саласына назар аударту – осы үш бағыт бойынша жұмыстар атқарамыз, – деді Ғ. Әбдірахымов.
Сондай-ақ, қала басшысы өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, абаттандыру, қоғамдық көлік, тұрғын үй, тағы басқа салалар бойынша атқарылған жұмыстарды баян етті.
Бұдан кейін Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Нұрлан Бекназаров пен Кеңес төрағасы Мұхтар Құралұлы қосымша баяндама жасады. Сондай-ақ, кеңес отырысында сәулет, қала құрылысы, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөнінде; білім беру, медицина, мәдениет, тілдерді дамыту, спорт, әлеуметтік және құқық қорғау мәселелері жөнінде; туризм, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлікті дамыту, нормативтік-құқықтық бағыттар мен экономикалық даму мәселелері жөнінде комиссиялар құрылып, олардың төрағалары мен мүшелері бекітілді.
Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлт жоспары 100 нақты қадам» бағдарламасында нақтылағандай, Қоғамдық кеңес жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жетілдіріп, әрі халық пен билік арасын жақындастырып, мемлекеттік шешімдерді қабылдау ашықтығын арттыра түседі.