Бақылаушылар сайлауға дайын

Пятница, 11 Март 2016 05:56 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3580 раз

Облысымызда 1029 бақылаушы сайлау процесіне қатысады. Олардың тізімі нақтыланып, келісім-шарт жасалды және есеп-шоттары ашылды. Бұл туралы облыс әкімдігіндегі Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінде сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссиясының мүшесі К.Бұрхановтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Жиынға сондай-ақ, облыстық сайлауды бақылау жөніндегі қоғамдық комиссияның төрағасы Д.Шерімқұлов пен облыстық сайлау комиссиясының мүшесі А.Кәттебеков қатысты.

Сайлау процесін бақылаушыларды дайындап, оқыту үшін облысымызда 400-ден астам арнайы семинарлар өткізілген. 1029 сайлау учаскесіне бекітілген әрбір бақылаушыға сайлау ережелері жазылған кітапшалар үлестіріліп, аты-жөні мен мөр басылған құжат берілді. К.Бұрханов облысымызда сайлауға қатысты жұмыстардың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Айта кетейік, облысымызда 1074 сайлау учаскесінің 45-і жабық болғандықтан, оларға бақылаушылар қатыспайды.
Облыстық сайлау комиссиясына депутаттыққа үміткерлердің біреуінен ғана ресми түрде арыз-шағым келіп түскен. Анықтай келе, ол азаматтың сайлауға қатысу үшін қажетті құжаттарды толық өткізбегендігі мәлім болған. Жалпы, бүгінгі күнде ОҚО мәслихатына берілген 50 орынға 248 үміткер өтініш білдіріп, олардың 216-сы тіркеуден өтті. Облыстық сайлау комиссиясының мүшесі А.Кәттебеков 3 наурызға дейінгі мәлімет бойынша 70 үміткер өз еркімен және басқа да себептермен тіркеуден шығарылғанын айтты. Оның 11-і облыстық, ал 11-і қалалық және 48-і аудандық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде өтініш бергендер. Атап айтқанда, бұл азаматтардың басым бөлігі кіріс декларациясы туралы мәліметті толық бермеген. Олардың қатарында Сайрам (16 үміткер) және Ордабасы (10 үміткер) аудандарынан тіркелген үміткерлердің қатары басым.Эльмира 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.