Заңсыздыққа тексерiс күшейедi Избранное

Среда, 20 Апрель 2016 05:50 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 5240 раз

ОҚО-да 5,4 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған

Шымкентте 39 гектарды құрайтын 452 жер учаскесін тұрғындар заңсыз иеленген. Мұндай деректерді облыс прокурорлары арнайы жүргізілген тексеру нәтижесінде анықтап отыр. Жер заңнамасын қадағалау жөніндегі өзге де мәселелер облыс әкімдігінің орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Оған ОҚО прокуратурасының басқарма бастығы Рүстем Дүйсенбаев, ОҚО жер инспекциясының басқарма басшысы Марат Әлібеков, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров және БАҚ өкілдері қатысты.

12987141 957127614403578 2724788149069994187 nБрифингте мәлім болғандай, прокуратураға жер телімдеріне қатысты мәселелер бойынша арыз-шағымдар көп. Мәселен, өткен жылы облыстық прокуратураға 1300 арыз келіп түскен. Биыл осы салада 6 тексеру жүргізіліп, 177 заң бұзушылық анықталды. Оның 170-і жойылып, 11 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Прокурорлық актілердің қаралу нәтижесімен бюджетке 21,6 млн теңге өндіріліп, кадастрлық құны 102 млн теңгені құрайтын 5,4 мың гектар жер учаскесі мемлекетке қайтарылған.
Айта кетерлігі, ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жер телімдеріне заңсыз тұрғын үй салып алған азаматтар да жоқ емес. Шымкент қаласында 452 жер телімінің тұрғындар тарапынан өз бетінше иеленгені анықталды. Мысалы, мұндай жайттар «Құрсай», «Сайрам», «Тассай», «Исфиджаб», «Абдулабад», «Базарқақпа», «Тұрдыабад», «Бадам-2», «Қарабастау», «Жалын», «Бадам-1» және «Азат» тұрғын үй алаптарында орын алған. Осының салдарынан бұл аумақтарда инфрақұрылым мәселесі өзекті және жергілікті халық баспаналарын заңдастыра алмай жүр. Осындай мәселелерді шешу үшін облыстық прокуратура қызметкерлері Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, арнайы жұмыс тобын құрды. Облыстық прокуратураның басқарма бастығы Рүстем Дүйсенбаев жұмысшы тобының жер телімін заңсыз иеленгендерді тек жауапкершілікке тартып қана қоймай, құжат рәсімдеу бойынша да көмегін тигізетінін айтты. Өткен жылы прокуратура тарапынан жүргізілген тексеру нәтижесінде Шымкент қаласының аумағына Сайрам ауданынан өткен бірқатар ауылшаруашылық жер телімдері (4900) тұрғын үй салуға ыңғайластырылып берілген. Нәтижесінде 1000-ға жуық тұрғын үйлер және заңсыз құрылыстар анықталған.
Бүгінгі таңда Шымкентте жер телімін алу үшін 65 мыңға жуық адам кезекте тұр. Алайда қазір тұрғын үй салу үшін жер учаскесі беріліп жатқан жоқ. Қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Нариман Қасымбеков жер учаскелерін үйлестіру мәселесі өткен жылы қабылданған Шымкент қаласының даму тұжырымдамасында айтылғанын тілге тиек етті. Осы ретте, халыққа жер үлестіру мәселесі біртіндеп шешіледі деген үміт бар.
– Қалада жер кезегіне тұрғандардың саны күннен-күнге өсіп келеді. Алдағы бес жылда кезекте тұрған 65 мыңға жуық халықтың 20 мыңын жер телімімен қамтамасыз етеміз деген жоспар бар, – дейді Н.Қасымбеков.
Кезінде жер телімдері бей-берекет бөлінгендіктен, тұрғындар соның зардабын тартып жүр. Бірі – ауылшаруашылық мақсатта берілген жер теліміне үй салып, жерге берілетін құжатын ала алмаса, ал енді бірі – жер теліміне таласып, соттасып жүр. Мәселен, ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жер теліміне салынған үйлердің иелері жол, ауыз су, газ және көлік мәселелерін көтеруде. Мамандардың айтуынша, инфрақұрылым шешілмеген және мақсатсыз игерілген аумақтарда осындай мәселелер бар. Шымкент қаласы әкімдігі мен прокуратура қызметкерлері тарапынан арнайы жұмыс тобының құрылуы да осы себепті. Олар апта сайын осындай мәселелері бар шағынаудандарды аралап, танысуда.
– Ауыл шаруашылығы үшін берілген «Азат», «Қайнар», «Жаңаталап» елді мекендеріндегі жер телімдерін зерделеу жұмыстары аяқталуға жақын, – дейді
Н.Қасымбеков. – Онда жер учаскесі иелерінің аты-жөндері анықталды. Ал үйдің іргетасын құйып немесе қабырғасын көтеріп қойғандарды табу оңай болып жатқан жоқ. Бұл ретте жергілікті полиция қызметкерлерін де жұмылдырудамыз. Ал құрылыс жұмыстарын енді бастап жатқан азаматтардың құжаттары тексерілуде. Егер заңсыздық анықталса, оларға түсіндіріп, құрылысты тоқтатып жатқан жайымыз бар. Заңды білсін деген мақсатта құрылыс жүргізуге болмайтын аумаққа билбордтар орнаттық. Бұдан бөлек, қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровпен бірге халықпен кездесіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Мәселен, «Қайнарбұлақ», «Қарабастау», «Жаңаталап», «Жұлдыз», «Бозарық», «Сәуле» шағынаудандарында жергілікті тұрғындармен кездесіп, мән-жайды түсіндірдік.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жұмысшы тобы тек заңсыздықты анықтап қана қоймай, жер телімін тартып алу немесе құрылысты сүруді мақсат етіп отырған жоқ. Керісінше, барынша халыққа көмектесу үшін, тығырықтан шығудың жолдарын қарастыру үшін күш жұмсамақ. Айта кетейік, Шымкентте құрылыс салуға ешқандай рұқсаты мен жер телімінің құжаты жоқ 400-ге жуық үй бар.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.