Басты міндет – отандық өнімді өркендету Избранное

Среда, 27 Апрель 2016 05:41 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4678 раз

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ОҚО-ға жұмыс сапарымен келдi

Сапар аясында Елбасы бірқатар өндірістік нысандарды аралады. Әуелі облыс орталығы Шымкенттегі «Azala Тextile» ЖШС толық циклды өндіріс тоқыма кешеніне барды. Ашылғанына жарты жылдай уақыт өтсе де, мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне үлес қосып отырған фабрика жұмысына Президент оң бағасын берді.


DSC 0463

– Ел аумағында өндірілетін мақтаның жалпы көлемі екі жүз мың тоннаны құрайды. Өз кезегінде, аталмыш өндіріс Қазақстанның мақта кластерін дамытуға қосымша стимул болуда. Мұнда тек өзімізде өскен мақта әкелінеді, өңделеді, жіп иіріледі, ол түрлі түске боялып, одан мата дайындалады. Бұл қызметтің барлығын атқаратын техника да заманауи үлгіде. Швейцария, Германия, Австрия, Италия елдерінен жеткізілген, – деп атап өтті ҚР Президенті.
«Azala Тextile» Индустрияландыру картасына 2013 жылы Қазақстан инновациялық даму индустрияландыруды мемлекеттік қолдаудың қорына енгізілген. Жалпы экспорт көлемі жағынан алыс-жақын шетелдерге нарыққа шығады. Зауыт басшылығы Қорғаныс министрлігімен алдағы 5 жылға келісім жасап, әскери киімдер тігуге тапсырыс алған. Қазір өндірісте 500-ге жуық адам жұмыс істейді.

– Мұнан бұрын барлық мата өнімдері шетелден келетін. Енді барлығын өзімізде, осында дайындаймыз. Қажетті шикізат – мақтаның да көлемі жеткілікті. Мемлекет әрқашан кәсіпорындар қызметін жандандыруды қолдайды. Әлемдік кеңістікте алып кәсіпорындардың өзі бәсекелестікке төтеп бере алмай, жұмысын тоқтатуда. Сол себептен де, еліміз үшін маңызды орта кәсіпорындарға қолдау білдіріп, қызметін дамытуға күш салатын боламыз, – деп атап өтті Елбасы.

DSC 0526 copy

Мұнан кейін Мемлекет басшысы «Химфарм» АҚ-да болып, кәсіпорынның жаңа цехының жұмысымен және өндіретін өнімдерімен танысты.
Оңтүстік Қазақстан облысында фармацевтикалық кластер құру туралы бастаманы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған. Бүгінде елімізде өндіріліп жатқан препараттардың жартысына жуығы оңтүстік өңірінің үлесінде. Жылына мұнда жалпы сомасы 16,5 миллиард теңге тұратын таблеткалар мен капсулалар шығады. Дәрі-дәрмектің 200-ден астам түрін өндіреді.

Мемлекет басшысы еңбек ұжымы өкілдерімен әңгімелесіп, цехтың ашылуымен құттықтады және оның табысты дамуына, бәсекеге қабілеттілігінің жоғары болуына тілектестігін білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде дәрілік препараттар нарығы перспективалы бағыттардың бірі болып отырғанын, сондықтан отандық фармацевтика саласының көшбасшысы ретінде кәсіпорын мен қала үшін зор мүмкіндіктерге жол ашылатынын айтты. Өз кезегінде, цех қызметкерлері Қазақстан Президентіне осы салаға көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс сезімін жеткізді.

DSC 0464

Айта кетейік, «Химфарм» АҚ жобасы жалпы құны 14 миллиард теңге болатын 4 кезеңнен тұрады. Бүгінде құны 5,8 миллиард теңге болатын бірінші кезеңі жүзеге асырылған. Жоба 350 миллион ампула инъекциялық ерітінді, 4 миллион пакет инфузионды ерітінді, 40 миллион флакон антибиотик және 1 миллиард таблетка шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын елдің жалпы дәрі-дәрмек нарығының 5 пайыздан астамын қамтиды және дәрілік заттардың ішкі өндірісінің 50 пайыздан астамын қамтамасыз етеді.

Бүгінде «Химфарм» АҚ – ел аумағындағы ең ірі фармацевтикалық кәсіпорын болып табылады. Мұнда тұмауға ем болатын мукалтиннен бастап, ауыр ауруға шалдыққан кезде тағайындалатын дәрі-дәрмектерге дейін шығарылады. Кәсіпорын бүгінде халықаралық GNP лицензиясын алып, еуроапалық фармацевтикалық компаниялармен бәсекелесетіндей, қиын оталарда қолданатын сұйықтықтар шығару ісін де қолға алып отыр.
Бүгінгі таңда кәсіпорын өнімдері Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдеріне экспортталады. Өткен жылы кәсіпорын жалпы құны 1,3 миллиард теңгеден астам қаржы болатын дәрі-дәрмекті экспорттапты. Ендігі жоспар – Еуропа нарығына кеңінен жол тарту болып табылады. Осы бағытта Елбасы өңір кәсіпкерлерін ұстанған бағыттан тайынбай, еңбек етуге шақырып, жемісті қызметіне сәттілік тіледі.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.