2018 жыл: бейбітшілік бастамаларымыз жалғасады

Среда, 10 Январь 2018 04:32 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 499 раз

Қазақ үшін әр жылдың өз несібесі мен сыйы бар. Жаңа 2018 жыл табалдырықтан аттай салысымен-ақ елімізге жауапкершілік жүгі артылып отырғаны мәлім. Қазақ елі бұған дейін көптеген халықаралық іс-шаралардың тізгінін ұстап, төрін ұсынған еді. Биыл қандай іс-шараларды өткізу міндеті тұр?

Қазақстан – тұрақтылық мекені

Рас, 2018 жыл – маңызды оқиғаларға толы жыл. Әлемдік саясатта да, елдің ішкі саясатында да ауқымды шаралар көп-ақ. 

Негізінен, 2018 жылдың сыртқы саясаттағы басты оқиғалардың бірі – Қазақ елінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі. Қаңтардың 1-нен 31-не дейін Қазақстан тарихта тұңғыш рет әлеуетті ұйымға төрағалық етеді. 

Былтыр еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайланған-тұғын. Кеңес – Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысымен «халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің басты жауапкершілігі» жүктелген, тұрақты жұмыс жасайтын орган. 

Бүгінде Қазақ елі халықаралық аренада көптеген іс-шаралардың қатысушысы әрі төрағасы қызметін атқарып келеді. Еліміз Орталық Азиядағы көшбасшы бола отырып, өңірдегі тұрақтылықтың нығаюына үлкен үлес қосуда. 

Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының тарихи саммитін, Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитін, Сириядағы жағдайды бейбіт реттеуге арналған келіссөздерді өткізді. Қысқы Азияда ойындары, Дүниежүзілік Қысқы Универсиада, ЭКСПО көрмесін де табысты қорытындылады. 

Қазіргі кезде еліміз жаһандық антиядролық қозғалыста жалпыға мойындалған көшбасшы болып саналады. Еліміздің сыртқы саясаттағы негізгі мақсат-міндеттерінің бірі – елдің ұлттық қауіпсіздігін, қорғанысқа қабілеттілігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын жан-жақты қамтамасыз ете отырып бейбітшілікті, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту. 

Елбасының Жарлығымен «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» халықаралық сыйлығы да тағайындалған еді. Бұл сыйлық Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні – 29 тамызда әлемдік саясаттағы беделді тұлғаларға беріледі. 

Биыл да Қазақстан әлемдік саясатта өзіндік бітімгершілік, ынтымақ-бірлікке бастайтын миссиясын танытуға ұмтылады. Тағы да төрағалық ету міндеті жүктеліп отыр. Шын мәнінде, бүгінде әлем елдері Қазақстанның «Бейбітшілік аралы» деген мәртебеге лайық екенін мойындай бастады. 

Ендігі міндет – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде әлемдік саясаттағы алауыздықтарды, шиеленісті дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешу, тұрақтылықты қалпына келтіру процесіне қолдау көрсету.

 

Іс-шаралар тақырыбы ауқымды

Бұл мәртебелі органға төрағалық етудің жауапкершілігі мен міндеттері қандай? Енді осыған келейік. Төрағалық етуші ел Қауіпсіздік кеңесінің жұмысын ашады және жүргізеді. Кеңестің ресми есептеріне қол қояды. Кеңестің ресми мәлімдемелерін жасауға өкілетті. Яғни, БҰҰ Хатшылығының көмегімен Қауіпсіздік Кеңесінің күнделікті үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. 

18 қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ ҚК мүшелерінің «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенімді нығайту шаралары» тақырыбында жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірталастарын өткізу жоспарланған. 

19 қаңтарда «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру» тақырыбында БҰҰ ҚК-нің министрлік пікірталасы ұйымдастырылмақ. Оған Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінің Сыртқы істер министрлері, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қатысады деп күтілуде.

Ал 25 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде ұйымға мүше мемлекеттердің Тұрақты өкілдері деңгейінде «Таяу Шығыстағы жағдай, соның ішінде Палестина мәселесі» тақырыбында тоқсан сайынғы ашық пікірталастары өтпек.

ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, БҰҰ ҚК мүшелері қазақстандық төрағалықтың бағдарламасын бекітті. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы жұмысының алғашқы күні Қауіпсіздік Кеңестің қаңтар айындағы қызметінің бағдарламасы ұсынылды. Дипломаттар қазақстандық төрағалық бағдарламасының сапалы дайындалғанына назар аударған. Жалпы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығының бірінші жұмыс күні жемісті өтіп, еліміздің және Президент Н.Назарбаевтың халықаралық жоғарғы беделін және құрметін тағы да айғақтады.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық ету – жоғары халықаралық мәртебе. Қауіпсіздік Кеңесі мәжбүрлеу шараларына, экономикалық санкцияларға немесе ұжымдық әскери әрекеттерге қатысты шешімдер қабылдай алады. БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес Қауіпсіздік Кеңесі бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін басты жауапкершілікті өзіне жүктейді және БҰҰ-ның барлық мүшелері оның шешімдеріне бағынуға міндетті. 

2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі Қазақстанның басымдықтары Президент Н.Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне арналған «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты саяси жолдауында көрсетілген еді. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі басымдықтары мыналар: 

Біріншіден, ядролық қарусыз әлемді жақындату. Екіншіден, жаһандық соғыс қатерін болдырмау және жергілікті жанжалдарды реттеу. Үшіншіден, өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуда Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету. Төртіншіден, терроризмге қарсы күрес. Бесіншіден, Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері. Сондай-ақ, қауіпсіздік пен орнықты дамудың арасындағы ажырамас байланыстарды қамтамасыз ету арқылы Қауіпсіздік Кеңесі мен бүкіл БҰҰ жүйесін XXI ғасырдың қауіп-қатерлеріне бейімдеуге назар аудармақ. 

2017 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің пікірталастарында Қазақстан Президентінің саяси жолдауы таныстырылған-тын. Сыртқы істер министрі

Қ.Әбдірахманов бұл Жолдаудың Мемлекет басшысының 2016 жылғы 31 наурыздағы «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің қағидаттарына негізделетінін және оны шығармашылық тұрғыдан дамытатынын атап көрсетті.

 

Жауапкершілік жүгі ауыр

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануына байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев үндеу жариялаған-тын. Елбасы Қазақстанның тұрақты емес мүшелігіне сайлануы – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен еңбегінің мойындалуы екенін атап өтті. 

– Біздің еліміз бейбітшілікті, қауіпсіздікті және орнықты дамуды жақтайтынын өзінің нақты істерімен дәлелдеп келеді. Оны баршаңыз білесіздер. Семей ядролық полигонын жабу және қуаты жөнінен төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешімімізді бүкіл Жер шары біледі және қолдайды. Бізге әлемдік қоғамдастықтың мұндай сенім көрсетуі мемлекетіміздің қарқынды дамуына және береке-бірлігімізге де байланысты. Бұл тек біздің еліміздің ғана емес, сондай-ақ, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауап беретін органда бұған дейін ешқашан өкілеттілік етпеген бүкіл Орталық Азия субөңірінің де табысы. Бұл халықаралық қатынастардағы күрделі кезең болмақ. Дүние созылмалы жанжалдармен қатар, қауіпсіздікке төнген қатердің бұрын-соңды болып көрмеген кең ауқымымен бетпе-бет келіп отыр. Біз жаһандық проблемаларды шешудің жолдарын іздестіруге сүбелі үлес қосатын боламыз, – деген еді Елбасы. 

Сол себепті де елімізге жүктеліп отырған жауапкершілік жүгі ауыр. Бұл миссия өткен жылы тәуелсіздігінің 26 жылдығын атап өткен ел үшін елеулі оқиға екені сөзсіз.

 

P.S. Өткен жылы Астанада Сирия мәселесін талқылау шеңберінде халықаралық кездесу өтті. Сирия үкіметі, Ресей Федерациясы, Түркия Республикасы мен Иран Ислам Республикасының делегациялары, Америка Құрама Штаттарының және т.б. мемлекеттің өкілдері қатысқан жиын оң нәтижемен аяқталғаны мәлім. ҚР Сыртқы істер министрі Қ. Әбдірахманов «Астана процесіне қатысушылардың мақсатты әрекеттері бірте-бірте маңызды прогреске жол ашуда. Қазақстан елордасындағы келіссөздердің әр раунды жүздеген мың сириялықтардың өмірлеріндегі игі өзгерістермен ұштасатын нақты нәтижелер беріп жатқаны даусыз» деген еді. Отандық дипломаттың айтуынша, жанжалдың ауқымы мен қарқыны едәуір азайды, Сириядағы қажет еткен жандардың барлығына гуманитарлық жәрдем жеткізу үшін жағдайлар жасалды.
Дүние дүрбелеңге толы. Жаңа жыл қарсаңында Иран Ислам республикасында наразылық шерулері басталып кетті. Онда адам өлімі де тіркелген. Негізінен, жанжалдың басты себебі – бағаның өсуі мен тұрмыс деңгейінің төмендеуі. Жиналғандардың айтуынша, бір аптаның ішінде азық-түлік бағасы екі есе өскен. Сонымен қатар шеруге қатысушылар Иранның халықаралық жанжалдарға араласуына қарсы екенін білдіруде.
Мінекей, еліміздің әлемдік аренадағы абыройын асқақтататын төрағалық та басталып кетті. Рас, диалог – бейбітшілікке бастайтын жол. Еліміз осынау мәртебелі төрағалықты абыроймен атқарып, өзінің миссиясының үдесінен шығу міндеті тұр. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі талқылаулар арқылы да Қазақстан кешенді шаралар қабылдап, кесімді сөз айтарына сенеміз.

Последнее изменение Среда, 10 Январь 2018 04:39
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.