Озғандардың бірі – Финляндия

Среда, 21 Февраль 2018 04:47 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 1435 раз

Бүгінде «Дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу» деген сөзді жиі айтамыз. Дегенмен, көпшілігіміз осы 30 елдің қатарына қандай мемлекеттер кіретінін біле бермейміз. Олардың қатарына мына мемлекеттер жатады: АҚШ, БАӘ, Сингапур, Канада, Германия, Австралия, Ұлыбритания, Норвегия, Финляндия, Австрия, Швейцария, Бельгия, Швеция, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея, Италия, Грекия, Дания, Исландия, Ирландия, Израиль, Испания, Жаңа Зеландия, Лихтенштейн, Люксембург, Нидерланды, Португалия, Сан-Марино, Тайван. Ал Қытайдың бұл тізімге енгізілмеуі, табыс көлемін адам басына есептегенде дамыған елдердің негізгі талаптарына жауап бере алмағандығында.
Бұдан былай газетімізде «Oзат отыздық» тізімінде жүрген мемлекеттерге кеңінен тоқталатын боламыз. Осы нөмірімізде «Мыңдаған көлдер мемлекеті», «Европаның орман цехы», «Дүниедегі тұрақты ел» атанып жүрген – Финляндия жайлы сөз болмақ.

 

Финляндияға – 100 жыл

shymkala-14-3Ежелде Финляндия территориясын Саамдар (лапарлар – лапландиялықтар) мекендеген. Кейіннен Балтық бойындағы Фин тайпалары көшіп келіп, жергілікті тұрғындармен араласып кетеді. Нәтижесінде Финляндия мемлекеті құрылады. 12-13 ғасырлардан бастап тұмса табиғаты тамылжыған мекенге шведтер те қол сала бастайды. Ақыр аяғында 19 ғасырда толықтай швед халқының иелігіне өтеді. 1808-1809 жылдардағы орыс-швед соғысынан кейін ұлы Финляндия княздігі болып, Ресей құрамына қосылады. Осы кезден бастап Ресей патшасы тағайындаған генералгубернаторлар басқара бастайды. Оларға Фин елінің ішкі істерімен қоса, өнеркәсіп саласына да еркіндік беріледі. 19 ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап өнеркәсіп қарқынды жүре бастайды. Атап айтқанда, ағаш өңдеу мен ауылшаруашылығы кең өріс алды. Ресей мен бастыс Европа арасындағы сауда-саттық жандана түседі. Финдіктердің әл-ауқаты жақсара бастайды. Бұны байқаған патша үкіметі 80-ші жылдардың орталарынан бастап өктемдігін күшейте түседі. Осыдан соң Фин халқының азаттық үшін күресі басталады. Алғашқы саяси ұйымдар мен партиялар құрылады. 1916 жылғы сайлауда Финляндия социал Демократиялық партиясы жеңіске жетеді. 1917 жылы ресми түрде тәуелсіздік декларациясын қабылдайды. Алайда осымен бейбіт өмір аяқталмайды. 1939-40 жылдары көршісі КСРО-ның шабуылы басталады. Нәтижесінде жерінің бірқатар бөлігінен мақрұм қалады. Екінші дүние жүзілік соғыста фашистер тарапында болып, 1944 жылы одан шығады. 1952 жылы Хельсинкиде жазғы Олимпиада ойындарын өткізеді. Ал бұл Финляндияның жаңа даму жолына түсуіне өз септігін тигізген бірден-бір алғышарт еді.

Ағаш, қағаз, «Нокиа»...

Финляндия экономикасының негізгі табыс көзі – орман. 70-80 жылдардан бастап ағаш өңдеу мен қағаз өнеркәсібі жақсы жолға қойылды. Бүгінде аталған салада дүние жүзі бойынша алдыңғы қатарда. Целлюлоза мен тілінген тақтай шығарудан 4-орында, қатты қағаз бен қағаз экспорты жөнінен 2-орында тұр. «UPM-Kymmene», «Stora Enso», «Metsä Group» компаниялары әлемнің ең ірі орман өңдеп шығарушы компанияларының тізімінде. Естеріңізде болса, Финдіктер Астанадағы ЭКСПО көрмесіндегі павильонының құрылысына 600 тонна қарағай жұмсаған болатын.

Фин халқы сонымен қатар, атақты «Nokia» өнімдерімен де мақтана алады. Оның негізін қалаушы Оңтүстік Финляндия тұрғыны – Фредрик Идестам. 1992 жылдан бастап сатылымға шыққан «Nokia» 2000 жылдардың басында коммуникация саласында әлемдегі ірі трансұлттық корпорацияға айналды. 120 елде өкілдіктер ашып, 130 000-ға жуық адамды жұмыспен қамтыған. Дегенмен, қазіргі таңдағы смартфондар «Нокианың», ал, электронды жүйе қағаз өндірісінің құлдырауына алып келіп, Финляндия экономикасына айтарлықтай салмақ түсірді. 

Алайда Финляндияда бұлардан бөлек, қайық-кемелерге құрылғылар шығару, қара және түсті металлургия, электроника, мұнай өңдеу, тоқыма-тоқу, азық-түлік (балық) салалары жақсы дамыған. Ірі компаниялар Финляндия экономикасында жетекші рөл атқарады. Мәселен, «First Quantum Minerals» ең көлемді никель өндіруші компания. Бұдан басқа, «Sisu Auto» компаниясы негізінен әскери бағыттағы жүк таситын көліктерді, спецтехникаларды шығарады. «Valio» компаниясы сүт өнімдерінің көшбасшысы саналады. «Fazer» шоколад, «Paulig Group» компаниясы кофе өндірісінде танымалдылыққа ие. 

Сондай-ақ, балық аулап, мал шаруашылығымен айналысады. Сүтті ірі-қара, қой мен бұғы өсіру басым. Хельсинки, Турку, Котка, Пори ірі теңіз порттары, Шельдвиг, Нантали мұнай порттары бар. Германия, Польша, Швеция, Эстония секілді мемлекеттерге паром қатынайды. 

Финляндияда табиғи газ, сұйық отын, ядролық жанармай, көмір жеткіліксіз. Шетелден алады. Сауда-саттықтағы негізгі серіктестері Жапония, АҚШ, Норвегия, Ресей және Еуро Одаққа мүше елдер.

Лапландия, Санта-Клаус, сауна...

Финляндия экономикасының негізгі тіректерінің бірі – туризм. Табиғат ана Фин халқынан жер асты мен үстіндегі байлықтарды аямаған. Норвегия, Швеция және Финляндияның солтүстігінде орналасқан Лапландияны өз көзімен көру үшін жыл сайын дүниенің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам ағылады. Ол жердегі саамдар мен лапарлардың бұғы өсіріп, балық аулауын және аңшылықпен айналысқанын тамашалайды. Сонымен қатар, Аяз ата мен қар ханшайымы да осы жерді мекендейді деген аңыз бар. Сондықтан да, дүние жүзінің балалары осы жаққа хат жолдап, ерекше әсер алуға келеді. 

Фин территориясының 10 пайызын өзен-көлдер алып жатыр. Онда шамамен 50 000 көл бар. Сауда-саттықтың бірқатар бөлігі осы өзен-көлдер арқылы өтеді. Қыста су беті қатқанымен мұз жарғыш кемелер сауда кеме-қайықтарына жол ашады. 

Бұл өлкеге келушілердің тағы бір сыпырасы поляр күні мен түнін, солтүстік шұғыласын көруге келеді. Жазда қиыр солтүстікте күн жылына 73 күн ұясына батпай, тәулік бойы сәуле шашып тұрады. Ал қыс мезгілінде күн шуағы жылына 51 күн көкжиектен көтерілмейді. 

Финдер саунаны жақсы көреді. Ағаштан жасалған, ыстық пешті монша әр үйде бар. Құрғақ және ылғалды буда отырып, қайың бұталарымен ұрғылап алуды әдетке айналдырған. Бұл дәстүр ерте ғасырлардан бері жалғасып келеді. Әсіресе, қатал қыста ыстық саунаға түсіп, қар мен мұзға шомылу ерекше әсер сыйлайды. 

Коли ұлттық паркі де Финляндияның негізі туристік орны. Солтүстік Карелияда орналасқан паркте 2 млрд жыл бұрын пайда болған тау тізбегінің қалдықтары бар. Сонымен қатар, демалыстың түрлі нұсқалары қарастырылған. Жыл сайын бұл саябақта серуендеу үшін 120 000-нан астам турист келеді.

 

5 күндік оқу, қосымша сабақтар, үй тапсырмасы...

Финляндияның тағы бір ерекше атап өтер тұсы – білім жүйесі. Фин оқушылары мектепке қыркүйекте емес тамызда барады. Сенбі, жексенбі демалады. Жұма қысқартылған күн. Қысқы, күзгі каникулдары бар. Үй тапсырмалары өте сирек беріледі. Үйде ата-анасымен мұражай аралағанды, саяхаттағанды, отбасымен бірге болғанды құп көреді. Ауа-райы қолайлы кездерде сабақ аулада, саябақта өтеді. Бастауыш сыныптарда барлық сабақтарды 1 ғана мұғалім береді. Жоғарғы сыныптарда лицей-гимназияға көшуіне болады. Ойнау, сергіту арқылы оқытуды тиімді санайды. Барлық жүйе үлкен өмірге дайындыққа құрылады. Ұстаздарды тексерулермен, қағаз-құжаттармен мазаламайды. Оқушыларға болашақ өмірде қажет болатын нәрселерді ғана үйретеді. (Мұғалімдердің жалақысы 5000 еуро). Оқу құралдары, көлік тасымалы, тамақ тегін. Арнайы тест кезінде сүрініп қалған оқушы келесі сыныпқа өткізілмейді. Бірақ, бұл қалыпты жағдай. Балаларды жетерліктей білім алғанша оқытады. «Болашаққа жауапкершілікпен, тыңғылықты дайындалу керек» деп үйретеді. Оқушылардың проблемаларына көп араласпайды. Өзі шешуіне мүмкіндік жасайды. Мектеп формасы деген болмайды. Балалар партада отыруға міндетті емес. Сыныптағы диванда немесе жердегі кілемде отыруына болады. Дәптерге қарандашпен жазып, қалағаныша өшіре алады. Компьютерге жазуына да болады. Қосымша сабақтар, үйірмелер міндетті түрде өткізіледі. Мектептен соң арнайы емтихан, тесттер арқылы ЖОО-на түсе алады.

Қазіргі таңда осындай жүйемен Финляндия оқушылары әлемдегі ең көп кітап оқитын елдердің қатарында. Балалар кішкентайынан кітап оқып қана қоймай, оның мән-мағынасын түсініп, өмірде қалай дұрыс пайдалануын үйренеді.

Последнее изменение Среда, 21 Февраль 2018 05:32
Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.