Елбасы Н. Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс екендігін айтқан болатын. Осы орайда облысымызда мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары өз қызметтерін ұсынуда.
Енді олар үйден шықпастан құжат толтырып, орталық қызметіне жүгіне алады. Ол үшін «1414» бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалулары қажет. Орталықта мүгедектердің компьютерлік сауатын ашып, көрсетілетін қызметті өз ыңғайына қарай пайдалануы үшін «Электронды үкімет порталымен жұмыс істеу» сабақтары өтуде.
– Осылайша олар қажетті қызметтер туралы кеңес алып, өзіне керекті мемлекеттік қызметке тапсырыс бере алады. Осыдан кейін ХҚКО қызметкерлері хабарласып, мемлекеттік көрсетілген қызметті алу үшін қажетті құжаттар тізбесін ұсынады және бару үшін қолайлы уақытты белгілейді. Бұл 72 жұмыс сағаты ішінде жүзеге асырылады, – дейді ХҚКО мониторинг бөлімінің маманы Дәурен Мәуленов.
Еске сала кетсек, облыста І және ІІ топтағы 52 260 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Жыл басынан бері олардың 230-ы мемлекеттік қызметтерді үйлерінен шықпастан пайдаланған. Өтінімдердің басым бөлігі Түркістан, Кентау және Шымкент қалаларынан келіп түсіпті.
Тағы бір атап кетерлігі, ХҚКО-ға келуге мүмкіндігі жоқ зейнеткерлердің туыстары немесе жақындары осы орталыққа өтініш қалдыру арқылы жеңілдетілген қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болады.