Әлеуметтiк қызметкердiң бiр күнi

Понедельник, 02 Ноябрь 2015 11:25 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5400 раз

Жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде әлеуметтік қызметкерлер күні аталып өтеді.  Олар әрқашан жалғызілікті қарттарымыздың жанынан табылады. Мүгедектердің мұңын бөліседі. Мүмкіндігі шектеулі балаларға, жүйке жүйесіне шалдыққан жандарға көмек көрсетеді. Мейірімге толы жүрегі мен жылы пейілін ұсынады.

DSC 0042

Кәсіби мереке қарсаңында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында» болып, бір күндік жұмысының куәсі болдық.
Бізді орталықтың директоры Сапарғали Ақылбеков жылы қарсы алды. Мекеме басшысы тағдырдың тауқыметін тартқан жандардың жағдайын жасап, бабын табу оңай еместігін тілге тиек етті. Мекемеде 8 бөлімше жұмыс істейді. Мұнда жалғызбасты қарттарға,  мүгедектерге, мүмкіндіктері  шектеулі балаларға және 18 жастан асқандарға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері бар.
– Жазғызілікті қарттардың өзіндік тағдыры, жазылмайтын жарасы, жанға батар жағдайы мен мұңы бар. Сондықтан да олардың жүрегі нәзік, көңілдері кірпияз. Сәл нәрсеге ренжіп, мұңайып қалады. Біз ұжымымызбен сол жарым көңілді жандардың көңілін табуға тырысамыз. Ал шындығында әлеуметтік күтушілердің атқаратын жұмысы оңай емес. Олар әртүрлі жастағы адамдарға көмек берумен ғана шектелмейді.  Бір мезетте педагогтың, дәрігердің, заңгердің, психологтың қызметін де атқарады. Қажет азық-түлігін әкеліп, құжаттарын реттейді. Адамгершілігі мол, мейірімді адам болмаса екінің бірі бұл жұмысқа шыдамайды. Сондықтан  ең үздік, ең мықты қызметкер – әлеуметтік салада, – дейді С. Ақылбеков.
Жалпы «Үйде күтім жасау әлеуметтік қызмет орталығы» мемлекеттік мекемесінде 723 адам тіркелген. Оның ішінде жалғызбасты қариялар – 464,  І,ІІ топ мүгедегі -49, 18 жастан асқан жүйке дертіне шалдыққан жандар – 47, мүмкіндігі шектеулі балалар – 163. Осы мұқтаж жандарға 100-ге жуық әлеуметтік қызметкер көмек көрсетеді екен.

Қамкөңiл қариялар...

DSC 003911

Аталған мекеменің №5 жалғызбасты қарттар бөлімшесінің меңгерушісі Ақерке Байжігітова. Ол қамқорлығындағы қарияларға ата-анасындай қарайды. Апта сайын қарияларға хабарласып, хал-жағдайын сұрауды ұмытпайды. Жүріп-тұруы қиын, өзгенің көмегіне мұқтаж жандардың жағдайын жасау – асқан шыдамдылық пен сабырлылықты талап етеді.
Біз Жангелдин көшесінде тұратын 1 топ мүгедегі Тұрғанай Айдарханованың үйіне бардық. Жалғызілікті әйелге  әлеуметтік күтуші Минавар Мусаева көмек көрсетеді. Тұрғанай апай бізді көріп балаша қуанды.
– Арнайы мекеменің көмегіне жүгінгеніме  бес жыл болды. Маған әркез қарайласатын әлеуметтік  күтуші Минавар Мусаеваға ризамын. Туысымдай тез тіл табысып кеттік.  Оның жақсылығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Аптасына  сейсенбі және жұма күндері келіп тұрады. Үйді жинап, коммуналдық төлемдерді төлейді. Ауырсам дәрігерге апарады, – дейді Тұрғанай Айдарханова.
Күтуші Минавар өз міндетіңді атқарғаныңмен, бойыңда мейірімділік болмаса бәрі бекер деп есептейді. Мұнан соң Т. Айбергенов көшесінде тұратын тыл ардагері Ұлман Қарабалаеваның пәтеріне келдік. 84 жастағы әже әлдеқайда ширақ көрінді. Жылы амандасты. Өзінің айтар әңгімесі  көп сияқты. Кірер-кірместен жаңалығымен бөлісіп жатыр.
– Балам – 56, келінім – 55 жаста. Олардың да жасы ұлғайды. Ара-тұра келіп тұрады. Жолдасым қайтқалы жалғыздықты сезінетін болдым. Бірақ күтушім  Алтынай Абеноваға алғысым шексіз. Онсыз шайымды іше алмаймын, – дейді тыл ардагері. Қарияның айтуынша, бауыр басқаны сонша, Алтынайды қызындай жақсы көреді. Ауа райы жақсы күндері әлеуметтік күтушімен бірге сыртта таза ауада серуендегенді ұнатады.
Алтынай Абенова аптасына алты қарияға қызмет көрсетеді екен. Соның бірі, тыл ардагері Ұлман Қарабалаева болса, бірі соғыс ардагері 94 жастағы Анастасия Павлова. Сүйеніш болар ешкімі жоқ кейуана  жалғыз тұрады. Мінекей, осындай қиындықтарды еңсеруде оған әлеуметтік қызметкердің көмегі мол.

«Ұлым да күтiп, елеңдеп отырады»

Мұнан соң №4 бөлімшенің жұмысымен таныстық. Педагог-психолог Азиза Ускенбаевамен бірге тірек-қимылы бұзылған Әлихан Байменовтің үйінде болдық. Мүмкіндігі шектеулі балалармен Азиза 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. 13 жастағы Әлихан әлеуметтік қызметкердің тапсырмасын бұлжытпай орындайды. Зерек. Мүмкіндігі шектеулі болса да, компьютерде жазу жазып, анасын алғырлығымен қуантады. Әсіресе, логикалық тапсырмаларды орындағанды жақсы көреді.
– Тағдырдың жазуымен перзентің шарасыз күйге түссе, ана үшін одан артық қандай қиындық бар?! Осы орайда көңіліме демеу болып, қолдан келген көмегін аямайтын әлеуметтік қызметкердің орны ерекше. Біз Азизаға отбасымыздың бір мүшесіндей бауыр басып кеттік. Ұлым да  күтіп елеңдеп отырады. Ол келген сайын Әлиханды оқытып, жаттығу жасатып, тамағын беріп көмектеседі. – дейді Әлиханның анасы  Лаура Оңалбекова.
Әлеуметтік қызметкерлермен өткізген бір күнде біз  көпшіліктің назарына іліне бермейтін, ерекше кәсіп иелерінің жұмысымен жете таныстық. Олардың жұмысының ауыр да жауапты екенін аңғардық.
Иә,  жалғызілікті қарттардың жүрегін сыздатқан мұңды сейілту, оны жұбату, көмекке мұқтаж жандардың көңілінен шығу шексіз мейірімді, кең жүректі, темірдей төзімді, үлкен жауапкершілікті қажет етеді.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.