Үйiңiз жылы ма? Избранное

Пятница, 06 Ноябрь 2015 05:03 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3783 раз

Шымкентте 1762 көпқабатты үйдің 37-сі әзірге жылусыз отыр. Оның 21-інде жылу қосу кезінде жертөлелер мен пәтерлерде түрлі ақаулар орын алған. Осыған орай, «3-Энергорталық» АҚ мен «ҚуатЖылуОрталық-3» МКК туындаған мәселелерді жою жұмыстарын қолға алды. Ал қалған үйлерге жылу трассаларының жарылуы салдарынан жылу берілмеген. Алайда мамандар қарашаның 10-ына дейін бұл ақаулы үйлер жылумен қамтамасыз етілетінін айтады.


028 01-1Қалалық коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Гүлнәз Шадманованың айтуынша, тозығы жетуі салдарынан жылу трассаларының  16 жерінде құбырлар жарылған. Мәселен, 16 шағынауданы, Ж.Шаяхметов көшесіндегі 6 үйде, «Шығыс» шағынауданы, №45 үйде және тағы басқаларын қосқанда жалпы 16 көпқабатты тұрғын үй жылусыз қалған.  
«3-Энергорталық» АҚ-ның жылу жүйелерінің (232,6 шақырым) 80 пайыздан астамының тозығы жетіпті. Бұл орайда, мамандар жылу тарифі соңғы жеті жыл бойы өзгермегендіктен, құбырлардың жөндеу көрмегенін алға тартады. Естеріңізде болса, биылдан бастап жылу бағасы қымбаттаған болатын. Бұрын жылудың 1 шаршы метрі – 89 теңге болса, қазір 1 шаршы метрі – 109 теңгені құрады. Г.Шадманова бұл мекемеге қарасты жылу жүйелері қаланың коммуналдық меншігіне өтетінін жеткізді.
Қазір қалада 30 бригада жұмыс істеп жатыр. Әр бригадаға қарасты  слесарь мен сантехник мамандар  жылуды қосып, түрлі техникалық ақауларды жою жұмыстарымен айналысуда. 10 қарашаға дейін шымкенттіктер 100 пайыз жылумен қамтылатын болады. Сонымен қатар, әр ауданда диспетчерлік қызмет жұмыс істеп жатыр. Абай ауданы бойынша – 21-46-94, 21-41-71, Әл-Фараби ауданы бойынша, 54-58-46, 54-96-54, Қаратау ауданы бойынша, 42-10-21 және Еңбекші ауданы бойынша, 51-79-33, 57-45-51 телефон нөмірлеріне хабарласуға болады.
Шымкенттегі әлеуметтік мекемелер де жылумен толық қамтылған. Айта кетерлігі, барлығында дерлік жылу есептегіш құралдары орнатылған.
Нәтижесінде, жылу бағасы екі есе арзанға түспек. Ал көпқабатты тұрғын үйлердің 25-сінде ғана жылу есептегіш құралы орнатылған.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.