«Сәбидiң тұрақты тiстерiн жұлмай, емдеуге болады»

Пятница, 08 Апрель 2016 04:49 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 27235 раз

«Шіркін-ай, әппақ, маржандай тістерім болса ғой!» деп армандайтын адам аз емес шығар. Түп-түзу, әдемі болып тізілген тістер денсаулықтың кепілі екені де белгілі. Барлығымыздың да «голливудтық жымиыстың» иесі болуға талпынатынымыз жасырын емес. Ал тіс күтімінің бала кезден басталатыны әмбеге аян. Сәбидің алғашқы сүт тістері шыға бастаған сәтте-ақ, ата-ана оның дұрыс шығуын дәрігердің көмегімен бақылағаны жөн. Баланың тіс күтімі қандай болу керек? Осы ретте облыстық балалар стоматологиялық емханасының бөлім меңгерушісі Гүлбахар Рүзденовамен сұхбаттасқан едік.

IMG-20160406-WA0009– Гүлбахар Сапарқызы, сәбидің алғашқы сүт тістері қашан шығады және оларды жұлдырту қаншалықты зиян?

– Сәбидің сүт тістерінің ұрықтары ананың құрсағында жатқан кезде-ақ пайда болады. Мұнан соң, 5-6 айға толған шағында сүт тістері шыға бастайды. 2-3 жасқа келгенше жоғарғы және төменгі иекте барлығы 20 тіс шығып үлгереді. Сүт тістер 5-6 айында шықса, 6 жасқа келгенде олар түсе бастайды. 2-3 жасқа келген бүлдіршіндерде де тіс жегісі болады. Оның асқынған түрін пульпит, периодонтит деп атаймыз. Ата-ана баласының тісін дер кезінде емдетпеген жағдайда осындай асқынуларға әкеп соғады. Түнімен жылап, бет-аузы ісіп кеткен баласын емханаға әкелген кезде оның тістерін емдеткеннен, тезірек жұлып тастағанды құп көреді. Ал мұның дұрыс емес екендігін біз жан-жақты түсіндіруге тырысамыз. Жұлынған тістің баланың болашағына да, денсаулығына да қаншалықты кері әсер ететінін түсіндіреміз. Мәселен, тіс ауруы асқынып, периостит болған жағдайда, амалсыздан оны жұлуға мәжбүрміз. Тістер ерте жұлынатын болса, бала жағының дамуына және ас қорытуына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар, алдыңғы тістері ерте жұлынса бүлдіршін сақауланып, тілін төсеп сөйлеуді әдетке айналдырады. Балада 10 сүт тіс, 28 тұрақты тіс және кейінірек қосымша 4 ақыл тіс шығуы мүмкін. Олардың әрқайсысының өз орны бар. Ерте жұлынған тістің әсерінен 32 тіс жаққа симай, тұрақты тістер бір-бірінің үстіне шығып өседі және қисық бітеді. Ата-аналарға айтарым, баланың тұрақты тістерін жұлуға болмайды, тек емдеткен жөн. Ол үшін асқындырмай, дер кезінде тіс дәрігеріне қаралу қажет.

– Сүт тістері жұлынған бүлдіршіндердің жақ-беті дұрыс дамуы және тістерінің өз орнында шығуы үшін емханада заманауи әдіс-тәсілдер қолданылатын шығар?

– Біздің емханада дәрігер-терапевт, дәрігер-хирург және дәрігер-ортадонт жұмыс істейді. Мәселен, дәрігер-ортадонт қисық біткен тістерді орнына келтіру үшін пластинка жасап, бала таңдайына қояды. Ол алмалы-салмалы болады. Ал баланың сүт тістері ерте бастан жұлынған болса, тістері қисаймас үшін микро-протез жасалынады. Сонда бос тұрған тістің орнына басқа тістер қисаймай, түзу өседі. Тістерді ұстап тұру үшін пластмассадан жасалынған коронкаларды да қойып береді. Брекет (тіреуіш) 12 жастан бастап қойылады. Дәрігерлік қызметтің бұл түрлері ақылы түрде жүргізіледі. Аса қымбат емес. Кез келген ата-ана баласының осындай күрделі процедуралардан өтпегенін қаласа, жылына екі рет тіс дәрігеріне көрінгені абзал. Әсіресе, сәбилердің тістері жарып шыға бастаған кезде, мазасызданып, дене қызуы көтеріледі. Сол кезде «ештеңе етпейді» деп бей-жай қарамай, дәрігерге әкелген дұрыс. Біздің емханамызға облысымыздың барлық аудандарынан түрлі диагнозбен балалар келеді. Күніне 150-200 балаға дейін қабылдаймыз. Ал жазғы демалыс кезінде тіс ауруымен келетін балалардың қатары арта түседі.

0ea3aa8504– Қазір ел арасында «баласы тіспен туылыпты» деген жаңалықты жиі еститін болдық. Оның себебі неде?

– Ондай жағдайлар жиі кездеседі. Негізінде сәбидің тісі 6 айында шығуы тиіс болса, кейбір нәрестелердің туылған сәтте-ақ тістерінің бар екенін байқауға болады. Көп жағдайда екі жақ тісімен туылады. Олар сүт тістеріне ұқсамайды. Қызыл иекте тек орны ғана ағарып тұрады. Тістің сауытына ұқсамайды. Егер баланың денсаулығына кері әсері болмаса, оған залал келтірмейміз. Ал зиянын тигізетінін анықтасақ, тісті жұламыз. Соңғы кездері 2-3 жастағы сәбилердің 90 пайызынан тіс жегісін анықтап отырмыз. Кем дегенде 2-3 тісінде тіс жегісі болады. Бала тісінің сау болуы ата-ананың денсаулығына да байланысты. Нәрестенің тісі ана құрсағында жатқан кезде-ақ пайда болады. Сондықтан, әйел жүкті кезінде көптеген дәрі-дәрмектер пайдаланса, ауыр жеріктікті өткерсе, дұрыс тамақтанбаса және ағзаға кальций жетпесе сәбидің тістерінде кемшіліктердің болары анық. Мен бұл емханада 30 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Осы уақыт аралығында тістерінің сауыты мүлдем жоқ сәбилерді де көрдім. Жасына толса да, бірде-бір тісі шықпаған бүлдіршіндер де кездеседі. Иектерінде тіске ұқсаған қара өскіндер ғана болады.

– Тістің дұрыс қалыптасуы күнделікті азық-түлік құрамына да байланысты. Осыған орай, қандай тағам түрлерін жиі тұтынған жөн?

– Газды сусындар, чипсылар мен кириешки сынды тағамдар өте зиян. Олар тістің кіреукесіне (эмаль) кері әсерін тигізіп, тіске ғана емес, ағзаға да қауіп тудырады. Бала тісінің түбірі мықты болып өсуі үшін жеміс-жидектер мен көкөністерді өзі шайнап жеу керек. Қазіргі кезде кейбір ата-аналар алма мен сәбізді үккіштен өткізіп немесе езіп береді. Мұндай жағдайда бала тісінің кіреукесі жұмсара түседі немесе шіруі де мүмкін. Менің қабылдауыма бір ата-ана 7 жасар баласын алып келді. Ауыз қуысында бірде-бір тісі жоқ. Оны рентген аппаратына түсіріп анықтаған кезде, тұрақты тістерінің ұрығы жоқ болып шықты. Біздің тарапымыздан жақ-беті толық дамып, 18 жасқа келген кезде ғана тіс протезін салып береміз. Қазіргі уақытта неше түрлі заманауи әдістерді қолдануға болады. Ондай процедуралар қомақты қаражатты талап етеді.

– Балаға қанша жасында тісін тазалауды үйрету керек?

– Негізінде тіс тазалауды 1 жастан бастау керек. Ғалымдар бұл мәселені әбден зерттеген. Ал 3 жасқа келген сәтте бала тісін өзі тазалап үйренгені абзал. Біздің емханада гигиенист маман жұмыс істейді. Ол арнайы модельдің көмегімен тісті қалай тазалау қажеттігін балақайларға оңай әрі ойын түрінде үйретеді. Тұрақты емес тiстер үшiн, тiстер ауысып жатқанда, балаларға арналған тiс пастасы болу керек, бала ересектерге арналған тiс пастасына біртіндеп ауысуы тиiс. Өйткенi бұл пасталарда әр түрлi тiстерге бейiмделген түрлi, минерлды құрам бар. Бала 3 жасқа келгенше тіс пастасын қолдануды енгiзбеу керек, себебi балада жұту рефлексi әлi толығымен қалыптаспағандықтан, ол аузын шая алмай, пастаны өте көп мөлшерде жұтып қоюуы мүмкін. Әрбiр тiс пастасының құрамында кальций мен фтордың минералдары бар және олар қауіпті. Тістің сау болуы ауыз қуысының тазалығына да байланысты. Жалпы айтқанда, өмір бойы тіс тазалығына мән бергені жөн.

– Стоматологиялық жабдықтар бала түгілі, ересектердің де бойында қорқыныш тудырады. Осы ретте сіз кішкентай пациенттеріңізді емдемес бұрын олардың үрейін қалай сейілтесіз?

– Дәрігерге кіру үшін кезек күтіп отырған балалар тісті тазалап үйренуге қатысты неше түрлі мультфильмдер көреді. Дәрігерге кіргенге дейін үрейі аздап басылады. Емдеуге кіріспей тұрып, баланың сеніміне кіріп, әңгімелесеміз, ауыз қуысын тексереміз. Әрі қарай қажетінше емін жасаймыз.

– Жас балаларды жекеменшік емханаларда емдетуге бола ма?

– Жоқ. Өйткені, ересектер мен балалардың тіс құрылысының айырмашылығы болады. Кейбір стоматологтар балалар тіс дәрігерлері секілді сүт тістерінің пішінін айыра алмауы мүмкін. Байқасаңыз, жекеменшік емханаларда жұмыс істейтін дәрігерлер мұндай тәуекелге бара бермейді. Олардың балаларды емдеуге берілетін лицензиясы жоқ. Біздің салада стоматолог-терапевт, стоматолог-хирург, стоматолог-ортопед және балалар тіс дәрігері деп бөлінеді. Жоғарғы оқу орнын бітірер кезде бір бағытын ғана таңдаймыз. Осы кезде балалар тіс дәрігері болуға құлшыныс танытатындардың қатары сирек. Өйткені, олармен жұмыс істеу өте қиын. Төзімділік пен сабырлылық қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.