Сән бе, әлде сенiм бе?

Пятница, 08 Апрель 2016 05:07 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4230 раз

Қазіргі таңда көптеген жастарымыз әлемдік геосаяси ықпалдардың тоғысы кезеңінде шетелдердің, соның ішінде батыс елдерінің өмір сүру салтын өз бойларына сіңіріп жатыр десек, артық айтқандығымыз емес. Қаптаған мәдениеттердің өз арнасынан асып, бөгде ортаға шақырусыз килігуі көптеген әлеуметтік-рухани түйткілдер тудырып отыр.

12-1-325x180

Соның бір көрінісі ретінде жастарымыздың киіну әдебі ұлттық нақышты былай қойғанда елімізде көптің ықыласымен қалыптасып, орныққан қалыптан тіпті бөлек арнада, күн санап құбылып келеді. Әрине қыздардың киіну мәдениеті мен ерекшелігі бөлек тақырып, ал сол нәзік жандыларымыздан қалыспай, заман ағымы деп түрлі киімдерді өзіне сән етіп киетін ер азаматтар болса, қайтесіз? Бұл, әрине, әдет-ғұрып, салт-сана, мәдени орта талабына ғана емес, жалпы адамзаттық, ұлттық таным-түйсікке, пайым-парасатқа, айта берсе қоғамдық бірлік-ынтымақты қалыптастырып сақтап отырған дінімізге томпақ түсінік.
Киім мәселесінде жалпы білім беру мекемелерінде де оқушылардың арасында ала-құлалыққа жол беріліп келді. Осының нәтижесінде білім ордасы, бейне бір сән орталығына айналды. Осы сиырқұйымшақталған мәселені еліміздің Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына сәйкес «білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған» негізде жаңа заң жобасы бекітілген болатын.
Бұл заң жобасы біраз ата-аналардың көңіліндегі күмәнін сейілтті. Бұлай дейтініміз жоғарыдағы заң аясында мектеп жасындағы оқушылардың киімінің үлгісіне біраз нақтылық беріп, мектеп қабырғасындағы жастарға мұның тәрбиелік мәні бар іс деп санаған сыңайлы. Байқап қарасаңыз бұл бүгінгі нарықтық экономика жемісі – әлеуметтік теңсіздіктерден жасөспірімнің жан дүниесінің психикалық теріс зардаптардан қорғай отырып, заңда көрсетілгендей адам еркіне, қалауына еріктіліктің де әділетті үлгісіне лайық шешім боларына күмән болмаса керек. Сонымен қатар осы ережеде «Мектеп формасына түрлі конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды», – делінген хабарламада. Яғни бұл еліміздің зайырлы ұстанымдарын тағы бір рет негіздей түсті деген сөз. Бұл да өз кезегінде түрлі сенім өкілдерінің ортақ үйіміз Тәуелсіз Қазақстанымыздың көк байрағының астында бейбіт өмірге деген талпынысы деп білеміз.

Г. ҚОЖАБЕКОВА,
«Әлеуметтік бастамалар орталығы» МКМ-нің бөлім басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.