Жер-анаға жанашыр азамат

Пятница, 12 Август 2016 09:23 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4132 раз

DSC 4792-1Асылхан Ағмановты «Ұлағат» шағынауданындағы Айдын көшесінің тұрғындары мақтан етеді. Олар үшін зейнеткер нағыз еңбек адамы. Жердің жайын білетін жанға көгалдандыру дегеніңіз таңсық емес. Өз күшімен көшені көркейтіп, жолаушылар аялдамасын салыпты. Қазір көшедегі жас көшеттер көгеріп тұр. Ал Айдындағы талдар мен гүлдерге көз салмайтын адам жоқ. Тұрғындарға да ерекше жайлылық сыйлайды.

– Қариялар мен балалардың тік тұрып, автобус күтетінін көріп, жаным ашитын. Теледидардан Голландиядағы гүл егілген аялдамаларды жиі көретін едім. Сосын аялдама салу ойыма келді, – дейді зейнеткер. 

Қазір Асылхан Ағманов күн сайын көшені қоқыстан тазалап, тал-теректерін суарады. Өкінішке қарай, бағбанға көше бойынан өтетін ағын су арман. Жасыл желек ыстықтан шөліркеп тұр. Кейбір ағаштар шөлден қурай бастапты. Көршісі Әмірбек Өтембаевтың айтуынша, Асылхан аға көп адамның қолынан келмейтін істі атқарып жүр.

DSC 4765-1

– Мың шыбық шаншып өсірсең, халқыңа орман салғаның. Өзіңе қорған салғаның» деген бабалар. Әр тұрғын туған қаласына жаны ашыса, көшет әкеліп отырғызуы тиіс. Жасыл желек бізге өте қажет. Түрлі кеселден аулақ болу үшін ағаш санын арттырып, аулаларды абаттандыру керек,-дейді бағбан. Енді, ол жолдың екінші бетін көгалдандыруды қолға алмақ ниетте. Көршілері бағбанның ісін қолдап, құптап отыр. Өкініштісі, Асылхан Ағманов «Таза қала» байқауының өтіп жатқанынан хабарсыз болып шықты. Туған қалаға жанашыр, көше, ауланы көркейтетін тұрғындардың бары рас. Бірақ аз. Асылхан ағадай жандардың еңбегін бағаласақ, қолдау көрсетсек, шағынаудан көркейе түсер еді.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.